Тәуелсіз бақылаушылардың республикалық жүйесі Қазақстан Парламенті Мәжілісіне сайлау алдындағы сайлау комиссияларының жұмысы мен үміткерлерді тіркеу үрдісіне қатысты есеп берді. Олардың есебі бойынша, Қазақстанның барлық аймағында сайлау заңын бұзушылықтар көп орын алып отыр. Жергілікті атқарушы биліктің ықпалы күшеймесе азайып отырған жоқ. Сондықтан Тәуелсіз бақылаушылардың республикалық жүйесі қолданыстағы жаңадан қабылданған «Сайлау туралы» Конституциялық заң әлі шикі, өзгерістер қажет етеді деген пікірлерін білдіріп отыр. Ал кейбір қазақстандық сарапшылардың пікірінше, керісінше сайлау туралы жаңадан қабылданған заң демократиялық заң болып табылады.