Парламент Мәжілісінің депутаты Тито Сыздықов қыс мезгілінде тұрғындарды жылумен қамтамасыз ете алмай отырған жылу электр станциясының иелерін жауапқа тартатындай арнайы заң қабылдау қажет, дейді. Өйткені, оның сөзіне қарағанда, жылу беретін монополиялық компаниялар тек өздерінің мүдделерін ғана көздейтін заң жобаларын парламент арқылы өткізіп алады да, ал қытымыр аяз кезінде жылусыз қалған үйлерге мойын бұрып та қарамайды деп отыр. Ал бүгінде ауа-райын болжаушылардың айтуынша, Қазақстанның солтүстік өңірлерінде ауа-райы 45 градустан төмен болып тұр және бұл суық ақпан айының басына дейін созылады дейді. Ал Қазақстанда соңғы 10-15 жылда болмаған мұндай суықты жұлдызшы Назарбек Қожамсейіт табиғат күрделі өзгерістерге ұшырап жатыр, соның әсері деп түсіндіреді.