Тамыздың 5-күні Астанада, Қазақстан Республикасының экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыспен күрес агенттігінің (Қаржы полициясы) төраға орынбасары Рүстем Ыбырайымов, оппозициялық «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының мүшесі, бұрынғы кәсіпкер Болат Әбіловке қатысты және аталған қозғалыстың тағы бір мүшесі Асылбек Қожахметовтің туған бауыры, «Әсем» фирмасының директоры Талғат Қожахметовке қарсы бірнеше істер бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын баяндады. Рүстем Ыбырайымовтың айтуынша, қаржы полициясы Болат Әбілов кәсіпкерлікпен шұғылданып жүргенде бірнеше алаяқтық әрекетке барып, мемлекетке млн.даған шығын әкелген деп тауып отыр. Ал, бұл іске қатысты «Азаттық» радиосына берген сұхбатында Болат Әбілов бұл істің саяси сипаты барын айтып, «менің ешқандай қылмысым жоқ, мен ешнәрседен қорықпаймын», деп жауап берді.