Accessibility links

Назарбаев Қазақстанда өмір неге өзгеше екенін түсіндірді


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Нұр Отан" партиясы съезінде. Астана, 11 наурыз 2015 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Нұр Отан" партиясы съезінде. Астана, 11 наурыз 2015 жыл.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев жастарға Қазақстан халқы неліктен АҚШ, Еуропа немесе БАӘ-дегідей өмір сүрмейтінін түсіндірді.

Астанадағы Тәуелсіздік сарайында сәуірдің 10-ы күні өткен «Елбасымен жаңа жеңістерге» атты жастар форумына Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, «Нұр Отан» партиясының жастар қанаты – «Жас Отан» белсенділері, түрлі деңгейдегі мәслихаттардың жас депутаттары, жас кәсіпкерлер мен ғалымдар, спортшылар және жастар ұйымының жетекшілерінен құралған екі мыңнан аса адам қатысқан.

Кездесуде Назарбаев өзінен кейбіреулер «біз неге Батыс Еуропа немесе Араб әмірліктері, АҚШ-тағыдай өмір сүрмейміз» деп сұрайтынын айтқан.

Бұл сұраққа жауабында Қазақстан президенті «ел экономикасына ерекше ықпал ететін қарапайым факторлар бар, мәселен, дамыған елдерде біздегідей нағыз қыс жоқ. Ал олардың теңіз бен мұхитқа шығатын жолдары да бар» деп түсіндірген.

Оның айтуынша, әлемдегі 30 үздік ел қатарындағы мемлекеттерде өндіріс орнын салуға «құрал-жабдық пен картон қабырға қойса» жеткілікті.

«Ал біз күрделі ғимараттар салып, оларды сапалы, қымбат материалдармен қаптаймыз. Біздің барлық елді мекендер жылына жеті ай бойы жылытылады. Бұған қоса, адамдар жылы киім сатып алып, баспанасын жылыту, калориялы тамақ ішуге ақша жұмсайды» деген Қазақстан президенті.

Бірақ, Назарбаевтың айтуынша, «Қазақстан көптеген параметрлер бойынша қазірдің өзінде әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кірген».

Қазақстан көптеген параметрлер бойынша қазірдің өзінде әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кірген

«Қысқа уақыт ішінде, тарих үшін қас-қағым 20 жылда біз өнеркәсіп өндірісі, ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау және басқа да факторлар бойынша экономикасы қарқынды дамыған елдердің қатарына кірдік» деген Назарбаевтың сөзін келтіреді Қазақпарат мемлекеттік агенттігі.

Президент алдағы уақытта қазақстандықтар өмір сапасының шынайы деңгейі бойынша әлемнің жетекші экономикаларымен теңесуі қажеттігін айтқан.

«Ол үшін әрбір қазақстандыққа шаққандағы ішкі жалпы өнім көлемін дамыған елдердегі көрсеткіштен екі есеге арттыру қажет. Егер біз бір тұрғынға 13 мың доллардың өнімін өндіреміз десек, бұл орташа дамыған мемлекеттің деңгейі. Мәселен, Сингапур жан басына шаққанда 80 мың, Еуропаның өзге елдері 60 мың доллар өнім өндіреді» деген Назарбаев.

Сонымен бірге жастар форумында елдегі демократия жайын сөз еткенде президент «Қазақстанда демократия Азияның басқа мемлекеттеріндегідей, халықтың дәстүрі мен ерекшелігін ескере отырып дамуы тиіс» деп мәлімдеген. Бұл орайда ол Сингапур, Жапония сияқты елдерді мысалға келтірген.

«Ли Куан Юді - автократ, Сингапурда демократия жоқ, тағы басқа деп өмір бойы сынап келді. Ол азиялық қоғамның өзіндік ерекшеліктері, моралі, дәстүрі мен мәдениеті барына сендірді. Демократия жолында барлығымен бірге жүргенде біз бұл ерекшеліктерді ескеруге тиіспіз. Сонда ғана бұл құндылық бізге жерсінеді» деген Назарбаев.

Қазақстанда демократия Азияның басқа мемлекеттеріндегідей, халықтың дәстүрі мен ерекшелігін ескере отырып дамуы тиіс

Қазақстан президенті Шығыс Азия елдерінде «демократия Конфуций ілімі негізінде орныққанын, жетістіккке жеткен елдердің көпшілігі абсолюттік монархиялық елдер» екенін айтып, мысалға араб елдерін келтірген.

«Олардың экономикасы дамып, халқы ауқатты тұрады. Бұл біреуге ұнамайды. Бірақ, сол елдердің халқына ұнайды» деген Назарбаев.

Сәуірдің 26-сы күні өтетін мерзімінен бұрынғы президент сайлауына кандидат Нұрсұлтан Назарбаев осыған дейін бірнеше облыстарда жұртшылықпен кездескен.

Сәрсенбі күні Семей қаласындағы Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығына барып, шығармашылық адамдарымен кездескенде ол «Көптеген елдер 100 жылда да жетпеген нәрсеге Қазақстан небәрі 23 жылда қол жеткізгенін» айтқан.

Осы кезге дейін Қазақстанның әр аймағында Нұрсұлтан Назарбаевты қолдауға арналған түрлі форумдар мен жиындар, акциялар өткізілген.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG