Accessibility links

Инвесторлар Каспий мұнайына селқос тартты ма?


Қашаған кен орнының D аралы. 2009 жыл.

Қашаған кен орнының D аралы. 2009 жыл.

«Келісім-шарттардағы талаптарын қайта қарамаса, Қазақстан мұнай саласындағы шетелдік серіктестерінен айырылуы мүмкін» дейді сарапшылардың бірі. Ал Астана мұндай қауіпке негіз жоқ деп санайды.

1990 жылдардың ортасына қарай Қазақстан экономикасына инвестор ретінде келген батыстық ірі мұнай компаниялары Каспийдегі бірлескен жобалардан бас тарта бастады. Алғаш рет, яғни 2009 жылы ұлыбританиялық Britsh Petroleum кетсе, 2012 жылы америкалық ConocoPhillips компаниясы кері қайтатынын хабарлады.

Ал биыл норвегиялық StatOil компаниясының кететіні мәлім болды. Ақпанның 13-і күні Bloomberg сайты таратқан ақпаратқа қарағанда StatOil компанияcы 387 миллион тонна қоры бар «Абай» кенішінен мұнай өндіру үшін «ҚазМұнайГаз» компаниясымен 7 жыл бойы, яғни 2005 жылдан бері келіссөз жүргізіп, нәтиже шығара алмаған.

Өткен жылдың соңында Shell және ExxonMobil компаниялары да Қашаған кенішін игерудің шығыны көптігіне байланысты келісім-шарт мерзімі ұзартылмаса, жобадан шығуы мүмкін деген ақпарат тарады.

«Қашаған» кенішін игерудің қиындығына орай осыған дейін жасалған келісім-шарттар бірнеше рет өзгертілген еді. Бастапқы келісім бойынша «Қашағанда» мұнай өндіру 2005 жылы басталуы тиіс болса, одан соң 2012 жылдың аяғына, кейін 2013 жылдың көктеміне қалдырылған болатын.

Ал наурыздың 4-інде сaspianbarrel.org сайты Agip KCO компаниясының басқарушы директоры Умберто Каррара Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамедовпен кездесіп, «Қашағаннан» мұнай өндіру ісінің жазда басталатыны жөнінде мәлімдегенін» хабарлады.
Agip KCO атқарушы директоры Умберто Каррара. Атырау, 20 наурыз 2013 жыл

Agip KCO атқарушы директоры Умберто Каррара. Атырау, 20 наурыз 2013 жыл


«ҚАЗМҰНАЙГАЗ» «НҰРСҰЛТАНДЫ» САТЫП АЛДЫ

2009 жылы Қазақстаннан кететінін мәлімдеген Britsh Petroleum компаниясы мұндағы активтерін 2 миллиард АҚШ долларына бағалаған еді. Қазақстан «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы арқылы 250 миллион доллар төлеп, BP-дің Каспий құбыр желісі консорциуымында (КТК) 1,75%-дық үлесін сатып алды. Қазақстан Қара теңіз жағалауындағы Новороссийск қаласына дейін созылатын, ұзындығы 1850 шақырым құбыр желісіндегі үлесін осылайша 20,75%-ға жеткізіп, мұнай айдау құқығын ұлғайтуын үлкен жетістік ретінде сипаттады.

2012 жылы қарашаның 24-інде америкалық ConocoPhillips компаниясы да Қашаған жобасындағы 8,4% үлесі 5,5 миллиард долларға сатылатынын жариялап, жобадағы басқа серіктестеріне «ойлануға» 60 күн мүмкіндік берген еді.

Жер иесі ретінде Қазақстанның бұл үлесті сатып алу құқығының басқалардан жоғары тұратынын мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев бірнеше рет мәлімдесе де, Қазақстан тарапы түбегейлі шешім қабылдаған жоқ. Әзірге тек ConocoPhillips-тің «Н» («Нұрсұлтан») жобасындағы 24,5% үлесін 32 миллион долларға сатып алып, «ҚазМұнайГаздың» үлесін 75,5%-ға жеткізумен шектелді.

Бұған қатысты «Қазмұнайгаз» компаниясы «Нұрсұлтандағы» өз үлесін ұлғайту - Каспий теңізінің қазақстандық секторында ұлттық компанияның рөлін күшейту үшін жасалған жоспарлы қадам» деп түсінік берді.

​«Қазмұнайгаздың» Қашағандағы үлесін үндістандық ONGC Videsh Limited компаниясының 5 миллиард долларға сатып алатыны жөнінде келісім жасалып қойғаны да мәлім болды.

Ақпарат құралдарының жазуынша, ConocoPhillips компаниясы «Нұрсұлтан» жобасы үшін 150 миллион доллар жұмсап, небәрі 32 миллионын ғана қайтарып алған.

Ал оның «Қашаған» жобасындағы шығынын қоса есептегенде, Қазақстаннан кетерде америкалық компания барлығы 620 миллион доллар шығын шеккен.

«КЕТУГЕ НЕГІЗ ЖОҚ»

«Шетелдік инвесторларға қолайлы климат орнатқан» Қазақстаннан Батыстың ірі мұнай компанияларының біртіндеп кете бастауына не түрткі болды?» деген сауалды Азаттық радиосы ұлттық «Қазмұнайгаз» компаниясының бұрынғы жетекшісі Ұзақбай Қарабалин басқаратын «Қазақ мұнай және газ институтына» қойып көрген еді, бірақ бұл институт «мұндай саяси сұраққа жауап беруден» бас тартты.

Азаттық сауалына жауап қайтарған Қазақстан мұнай және газ министрлігі болса, ірі мұнай компанияларының жаппай кетуіне ешқандай негіз жоқ екенін және кете де алмайтынын жазады.

Министрліктің жазуынша, Солтүстік Каспийде жұмыс істеп жатқан компаниялар қазіргі уақытта күрделі жағдайда жұмыс істеп айтарлықтай тәжірибе жинақтаған және қыруар қаржы жұмсаған. Оның үстіне Қашаған жобасын игерудің бірінші кезеңі биыл жүзеге асырылып, кіріс түсіре бастайды.
Жобаға қатысушылар бас тартса, Қазақстан басқа инвесторлар іздестіреді, не «Қазмұнайгаздың» үлесін ұлғайту мәселесін қарастырады.

«ConocoPhilips-тің жобадан шығуы команияның өз ішіндегі ұзақ мерзімді стратегияға байланысты. StatOil мол қаржыны керек ететін геологиялық зерттеулер үшін тәуекел еткісі келмеді. Ал ExxonMobil мен Shell компанияларынан келісімшарт мерзімін ұзарту жөнінде ұсыныс болған жоқ. Жобаға қатысушылар бас тартқан жағдайда Қазақстан басқа инвесторлар іздестіреді, не болмаса «Қазмұнайгаздың» үлесін ұлғайту мәселесін қарастырады» деп жауап берді Қазақстан мұнай және газ министрлігі.

«САЯСИ АСТАРЫ БАР»

Осы сауал бойынша пікір айтқан бірқатар сарапшылар бұл мәселенің экономикалық түйткілімен қатар, саяси себебі де бар дейді. Мәселен америкалық журналист, мұнай саясатын зерттеуші Стив Левин Азаттыққа «Shell мен ExxonMobil компаниялары мұнай қоры жеткілікті бола тұра Қашағандағы үлестерін көбейтпей отыруының саяси себебі бар» деді.
Foreign Policy журналының редакторы, журналист Стив Левин.

Foreign Policy журналының редакторы, журналист Стив Левин.


Алайда мұнай туралы қазақстандық басылымның бас редакторы Олег Червинскийдің пікірінше, «шетелдік инвесторларды Қазақстандағы келешек билік ауысымы біршама алаңдататыны рас, бірақ оны негізгі себеп деуге болмайды». Ал Каспий теңізінің экологиялық мәселелерімен шұғылданушы Серікжан Мәмбетәлин болса «саяси себептердің бар екеніне күмәнсіз» сенеді.

- Қазақстанда билік өзгерісінің ықтималдығы мен қазіргі биліктің мұнайшылармен өркениетті диалог жасауға қабілетсіздігі инвесторларды сескендіреді. Мәселен, Маңғыстау өңіріндегі наразылық соңы «мұнайдан азат ету қозғалысын» құрып, құбыр жарып, шетелдік мамандарды кепілге алған Нигерияның ахуалына жеткізуі мүмкін. Мұны сезетін батыстық компаниялар әлі де кете береді, - дейді Серікжан Мәмбетәлин.

«ЕҢ ШЫҒЫНЫ КӨП КЕНІШТЕРДІҢ БІРІ»

Сарапшы Стив Левин «Қазақстан мен шетелдік компаниялар арасындағы келісімшарттар қайта жасалуы тиіс» дейтін қазақстандық қоғамдық белсенділер тарапынан аракідік көтеріліп жүрген жайтқа ұқсас пікірдің шетін шығарды. Айта кетерлігі, қоғамдық белсенділердің мұндай пікірлері «Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы кезеңінде шетелдік компаниялармен әділетсіз жасалған келісімшарттарды жариялап, қайта жасау керек» дегенге саятын еді.

«Қайта қарау мәселесіне» Стив Левин де қарсы емес. Бірақ оның пайымдауынша, «Қазақстан келісім-шарттардағы талап-тілектерін қайта қарамаса, мұнай саласындағы шетелдік серіктестерін айырылып қалуы мүмкін. Өйткені Солтүстік Каспийдің мұнайлы орындары әлемдегі ең шығыны көп кеніштер қатарына жатады».
Қашаған кен орнының "Д" аралындағы жұмысшылар ереуілге шығып тұр. 3 тамыз 2010 жыл. Фотоны Азаттыққа жұмысшылар жіберген.

Қашаған кен орнының "Д" аралындағы жұмысшылар ереуілге шығып тұр. 3 тамыз 2010 жыл. Фотоны Азаттыққа жұмысшылар жіберген.


Ал Олег Червинскийдің айтуынша, инвесторлардың тартынуына Қазақстанның мұнай саласындағы заңнамасына соңғы жылдары енгізілген өзгерістер зор ықпал еткен.

- Оның үстіне үкімет инвесторларға қатысты талапты күшейтіп, бұрынғы келісім-шарттарды жалпыға ортақ салық режиміне көшіруді талап ете бастады. Сонымен қатар шикі мұнайға салынатын экспорттық баж салығы мен экологиялық талаптар да инвесторларға ұнаған жоқ, - дейді ол.

Қашаған жобасын игерудің шектен тыс қымбаттап, өндіру мерзімінің шегерілуі де инвесторларды ойлантып қойды. "Соңғы жылдары Каспийдегі бірнеше жобаны барлау кезінде үкімет жарнамалағандай мұнай қорының табылмауы да күмәнді қоюлатып жіберді" дейді Олег Червинский.

Червинскийдің пікірінше, басты себеп - трансұлттық корпорациялардың түрлі өңірлердегі стратегиялық белсенділігі.

- Мәселен, BP кезінде Әзербайжанды таңдап алған. Chevron мен ExxonMobil керісінше күшін Қазақстанға жұмылдырған. Ал СonocoPhillips болса Қазақстаннан да, тіпті одан да көбірек активін салып отырған Ресейден де кетіп қалған, - дейді ол.

Серікжан Мәмбетәлин болса «Қашаған» мәселесі күрделірек екенін, бұл жобаның операторы ExxonMobil келісімшарт мерзімін 40-тан 60 жылға ұзартуды көздеп Қазақстан үкіметін түрлі жолдармен бопсалап отырғанын» айтады.

МӘСЕЛЕНІҢ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ҚЫРЫ

Тағы бір қазақстандық сарапшы Алексей Банцикин «шетелдік инвесторлардың кетуіне Қазақстан қойып отырған жоғары экологиялық талаптар ықпал етті» деп санайды.

Мәселен, теңізден мұнайды танкермен тасымалдау да қауіпті. Каспий жылына 40 күн ғана тынық. Қалған уақытта айтарлықтай жел, дауыл тұрады. Танкер аударылса экологиялық айыппұлы оңай болмайды. Менің ойымша, дәл осы жайт та инвесторлардың көңіл-күйін түсіріп жіберген секілді, - дейді Алексей Банцикин.

Бірақ Серікжан Мәмбеталин инвесторлардың барлығы бірдей экологиялық айыппұл төлей қоятынына күмәнмен қарайды.

- Шетелдік компаниялармен арада жасалған кейбір келісім-шарттарды өз көзіммен көрдім. Мені таңғалдырғаны, егер осы операторлардың кесірінен Каспийде апат бола қалса, олар мойнына ешбір жауапкершілік алмайды. Экологиялық зардаптың миллиардтаған доллар шығынын Қазақстан төлейді. Ал, жалпы алғанда, шетелдік мұнай компаниялармен қандай келісім-шарттар жасалғаны қоғамға құпия. Өйткені мұндай келісім-шарттарға Африканың ең кедей елі де қол қоймайды, - дейді Серікжан Мәмбетәлин.
Серікжан Мәмбеталин. Алматы, 28 сәуір 2012 жыл.

Серікжан Мәмбеталин. Алматы, 28 сәуір 2012 жыл.


Айта кетерлігі, 2010 жылы Мексика шығанағында болған апаттан кейін ұлыбританиялық Britsh Petroleum компаниясына таяуда 4,5 миллиардтан 17 миллиард АҚШ доллары арасында айып салынатыны хабарланған еді.

Саяси және экологиялық талап-тілектермен келіспейтін Батыс инвесторлары Солтүстік Каспийдегі мұнай кеніштерінен бас тарта берсе, олардың орнын кім басуы мүмкін? Бұл сауалға қатысты жергілікті БАҚ-тарда жарияланып жатқан қазақстандық сарапшылардың жауабы бір жерден шығады. Олардың сөзінше, "Қазақстан қалай болғанда да, инвестордан тапшылық көрмейді. Өйткені қытайлық, үндістандық, пәкістандық және малайзиялық бәсекелестер дайын тұр". Бірақ сарапшылар "дайын тұрған" болашақ инвесторлардың да экологиялық нормаларды оңайлатуды талап етуі мүмкін екенін және мойындайды.
  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG