Accessibility links

Орталық Азия Жеңіс күнін ресейлік реңктен арылта алмай келеді


Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңіс күні ұйымдастырылған "Мәңгілік полк" шеруіне қатысушылар. Алматы, 9 мамыр 2017 жыл.
Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңіс күні ұйымдастырылған "Мәңгілік полк" шеруіне қатысушылар. Алматы, 9 мамыр 2017 жыл.

Орталық Азиядағы кейбір елде атауы өзгергенімен, 9 мамыр Жеңіс күні ретінде Ресейдегіге ұқсас атап өтіледі. Ал кей елдердің күнтізбесінде Совет армиясы құрылған 23 ақпан сәл ғана өзгеріспен әлі де "қызыл дата" күйінде қалған.

Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңіс күнін Батыс елдері уақыт айырмашылығына байланысты әдетте 8 мамырда парадсыз-ақ атап өтсе, соғыстың "бас жеңімпазы" СССР оны 9 мамырда тойлап, әскери парад өткізіп тұратын. Әскери парад өткізу рәсімін Ресей әлі де жалғастырып келеді. Совет Одағы құлағанымен, кейбір постсоветтік елдерде осы күні мәңгілік алауға гүл шоғын қойып, соғыс құрбандарын еске алады. Соңғы жылдары "Мәңгілік полк" шеру-акциясы өткізіліп келеді.

Орталық Азиядан Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқандар саны шамамен 3 миллион 600 мың адамнан асады. Шамамен 1 миллион 310 мың адам – қаза тапқандар қатарында. Әдетте тұтқынға түскендер саны нақты айтылмайды. Сондықтан ондайларды кейде қаза тапқандар санына қосып "майданнан қайтпай қалғандар" немесе "хабар-ошарсыз кеткендер" деп көрсетеді.

РЕСЕЙ ӘСКЕРІМЕН БІРГЕ ТОЙЛАЙТЫН ТӘЖІКСТАН

Тәжікстанда өткен жылы ресми билік рұқсат бермесе де әскери парад соңынан "Мәңгілік полк" шеруі өткізілді. Билік оған рұқсат берілмеу себебін қауіпсіздік шарасымен түсіндірген. Қайтыс болған адамдардың портреттерін көшеде алып жүру ислам құндылықтарына қайшы екендігі де айтылған. Былтыр Жеңіс күніне арналған әскери парадқа осы елдегі Ресей әскери базасының құрамы мен ресейлік төрт әскери ұшақ қатысты.

Осының бәріне қарамастан Ресейдің Тәжікстандағы елшісі Игорь Лякин-Фролов елде "Мәңгілік полк" шеруінің ресми түрде өтпей қалғанына өкініш білдірген.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон соғыс ардагерлерін Жеңіс күні мерекесімен құттықтап тұр. Душанбе, мамыр 2014 жыл.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон соғыс ардагерлерін Жеңіс күні мерекесімен құттықтап тұр. Душанбе, мамыр 2014 жыл.

Ал биыл осы шеруді өткізу үшін Соғыс және еңбек ардагерлері одағы Душанбе мэриясынан рұқсат сұрап отыр. Әзірге қала билігі бұл мәселенің талқыланып жатқанын ғана хабарлаған. Азаттықтың Тәжік қызметінің хабарлауынша, рұқсат берілмей қалған күннің өзінде ардагерлер одағы соғыс ардагерлерін ретрокөліктермен алып жүретін шеру ұйымдастырмақшы. Ал әлемде орыс мәдениетін насихаттаумен айналысатын "Россотрудничество" ұйымының осы елдегі өкілдігі "Мәңгілік полк" шеруі өте қалса, соғыс ардагерлерінің суреттері мен 9 мамырға арналған транспаранттарды тегін әзірлеуге дайындығын білдірген.

Тәжікстанда Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан ардагерлер саны 300-ден асады. Былтыр олардың мамыр айындағы саны 447 болатын. Өткен жылы соғыс ардагерлеріне Жеңіс күніне орай 3 мың сомони (350 доллар) шамасында біржолғы көмек көрсетілген.

Тәжікстаннан соғысқа кеткендер саны 270 мың адамнан асып жығылады. Оның 90 мыңнан астамы қаза тапты, немесе соғыстан қайтпай қалды. 54 тәжікстандыққа Совет Одағының батыры атағы берілген.

Совет одағы тұсында "Қызыл әскер күні" болған 23 ақпан Тәжікстанда қазір Отан қорғаушылар және жергілікті армияның құрылған күні ретінде аталып өтіледі.

ӨЗБЕКСТАНДАҒЫ ИДЕОЛОГИЯЛЫҚ ӨЗГЕРІС

Ислам Каримов басқарып тұрғанда Өзбекстанда Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысты көзқарасты өзгертуге бағытталған әрекеттер байқалды. Өзбекстанда соңғы бірнеше жылда ресми түрде бұрынғы совет кезіндегідей "Ұлы Отан соғысы" тіркесі айтылмайтын болған.

Самарқанда Жеңіс күні ескерткішке гүл қойып жатқан жұрт. Өзбекстан, 9 мамыр 2015 жыл.
Самарқанда Жеңіс күні ескерткішке гүл қойып жатқан жұрт. Өзбекстан, 9 мамыр 2015 жыл.

Бұл соғысты өзбектер "Екінші жаһан ұрысы" деп атай бастады. Өзбекстанда 9 мамыр соғыс құрбандары мен ардагерлерін Еске алу және құрметтеу күні ретінде атап өтіледі. Каримов билігі кезінде осылай деп атауы өзгергенімен қоса, соғысқа қатысты ескерткіштер қала орталығынан тысқары көшірілген. Алайда таяуда Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев осыдан бірнеше жыл бұрын Каримов тұсында басқа жерге көшірілген совет генералы Сабыр Рахимовтің ескерткіші бұрынғы орнына қайтарылатынын айтты.

Оқи отырыңыз: Сабыр Рахимовтің ескерткішін орнына қайтармақ

Өзбекстанда әр айдың ортасында бір соғыс ардагеріне - 3 килограмм ұн, 1 килограмм күріш, 500 грамм қарақұмық, 500 грамм макарон өнімі, 1 килограмм сиырдың сүйексіз еті, 1 килограмм құс еті, 15 жұмыртқа, 200 грамм шайға қоса май, қант, сабын және кір жуатын ұнтақ беріліп тұрмақ. Бұған қоса жыл мезгілдеріне сай киім-кешек те үлестірілмек. Биылға әр ардагерге бір жолы берілетін қаржылай көмек 5 миллион сомды (620 доллар шамасы) құрайды. Мұның үстіне жергілікті хокимияттар тағы да қосып қаржылай көмек беріп отыр.

Ислам Каримов тұсында "Мәңгілік полк" шеруін өткізуге ресми рұқсат берілмеді. Былтыр да Ташкент қалалық әкімдігі жиынға рұқсат бермесе де, шеру өткізгендерге кедергі жасаған жоқ. Ал биыл метрода, ардагерлер үйінде "Катюша" әні шырқалған флешмобтар өткізіліп, Ташкент көшесінде ретрокөліктер шеруі өтті.

ВИДЕО: Ташкенттегі флешмоб.

Өзбекстанда соғысқа қатысқандардың дерек базасы жұмыс істейді. Елден соғысқа аттанғандар саны 1 миллион 500 адам деп есептеледі. Қаза тапқандар саны 400 мыңнан асады. "Хабар-ошарсыз кеткендер" деп көрсетілгендер саны 130 мың адамды шамалайды. Елде қазір көзі тірі 1173 соғыс ардагері бар.

ТҮРКІМЕНСТАНДАҒЫ КӨМЕК

Түркіменстанда да соңғы жылдары ресми түрде "Ұлы Отан соғысы" тіркесі аз қолданылады. Түркімендер қазір Екінші дүниежүзілік соғысты "1941-1945 жылдардағы соғыс" деп атай бастаған. Түркіменстанда "Мәңгілік полк" акциясына ресми түрде тыйым да салынбаған, бірақ рұқсат та берілмеген. Алайда осы шараның Ресейден басқа да елдерде соңғы екі жылда кеңінен ұйымдастырылуына байланысты Түркіменстанда да шектеулі мөлшерде өткізіліп келеді. Әдетте, бұл шараны Ашғабаттағы Түркімен-Ресей мектебі ұйымдастырады.

Екінші дүниежүзілік соғыс құрбандарына арналған мәңгілік алау, Ашғабат.
Екінші дүниежүзілік соғыс құрбандарына арналған мәңгілік алау, Ашғабат.

Түркіменстанда соғыс ардагерлері мен олардың жесірлеріне салтанатты түрде ел президенті атынан бағалы сыйлықтар мен қаржылай көмек табыс етіледі. Ардагерлерге жыл сайын 200 манат (ресми бағам бойынша 57 доллар) шамасында көмек беріледі. Бұл сома былтырғы бейресми ақша бағамы бойынша 28 долларды құраса, биылғы курс бойынша 12,5 долларды шамалайды.

Түркіменстаннан соғысқа аттанғандар саны 300 мың деп шамаланады. Қайтпай қалғандар саны – 86 мыңның шамасында. 100-ден аса түркіменстандық Совет одағының батыры атағына ие болған.

ҚАЗАҚСТАН МЕН ҚЫРҒЫЗСТАНДАҒЫ ЖАҒДАЙ

Қазақстан мен Қырғызстанда Екінші дүниежүзілік соғыс Ресейдегідей "Ұлы Отан соғысы" деп аталады. 9 мамыр - Жеңіс күні өткізілетін шеру, шараларға бұл екі елде кедергі жасалмаған. Осы екі елде "Мәңгілік полк" шеруі 2013 жылдан бері өткізіледі.

Қазақстанда қазір соғыс тұтқындарына арналған электронды база жұмыс істей бастады. Бірнеше күн бұрын Ішкі істер министрлігінің ресми сайтының базасында "Ұлы Отан соғысы әскери тұтқындары" сервисінің ашылғаны хабарланды. Бұл базаға соғыс тұтқындары және Германиядан қайта оралғандар туралы мәліметтер қамтылған.

Жеңіс күні мерекесінде Алматыдағы 28 панфиловшы атындағы саябақта жүрген халық.
Жеңіс күні мерекесінде Алматыдағы 28 панфиловшы атындағы саябақта жүрген халық.

Қазақстан соғысқа 1 миллион 200 мыңдай адам аттандырған. Оның 420 мыңдайы майданнан қайтпай қалған. Қазақстаннан соғысқа қатысқан 497 адамға Совет одағының батыры атағы берілген. Соның ішінде төрт әскери ұшқыш бұл атаққа екі мәрте ие болған. Соңғы ресми дерек бойынша, қазір елде көзі тірі 2067 соғыс ардагері бар. Оларға әлеуметтік жеңілдіктермен қоса әр облыста әртүрлі мөлшерде бір жолғы көмек ақы беріледі. Ең аз дегенде 100 мың теңгеден (300 доллар) басталатын бір жолғы жәрдемақының ең жоғары мөлшері 540 мың теңгені (1640 доллар) құрайды.

Қырғызстаннан соғысқа аттанғандар саны 360 мыңнан асады. Оның 80 мыңнан астамы соғыстан қайтпай қалған. 74 қырғызстандыққа Совет одағы батыры атағы берілген. Қазір 470 шамалы соғыс ардагерінің көзі тірі. Оларға ай сайынғы үстемесіне қоса биыл 15 мың сом (220 доллар шамасында) бір жолғы көмек ақша беріледі. Қырғызстанда соғыс тарихына арналған электронды архив жұмыс істейді.

Қырғызстан да Тәжікстандағыдай әуелде "қызыл әскер әскер күні" аталған 23 ақпанды Отан қорғаушы күні ретінде атап өтеді.

Оқи отырыңыз: Жеңіс күнінің жаңа символдары

Соңғы кезде әлемнің ондаған елінде Жеңіс күніне орай "Мәңгілік полк" шеруі өтеді. Бұл акцияны алғаш рет 2012 жылы Ресейдің Томск қаласындағы журналистер бастаған. Шара 2015 жылы жалпыресейлік сипатқа ие болды. Шеруде соғысқа қатысқан адамдардың ұрпақтары олардың портретін ұстап, өңірлеріне Георгий лентасын тағып шығады. Алайда 2014 жылы Ресей Қырымды аннексиялап алғаннан кейін лентаға наразылық күшейіп, кейбір елдерде оны жергілікті белгімен алмастырды. Солардың арасында Орталық Азия елдері де бар.

(Мақала авторының пікірі Азаттық радиосының ұстанымын білдірмейді.)

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

XS
SM
MD
LG