Accessibility links

Шымкентте тәуелсіз кәсіподақ жетекшісі жеті жылға сотталды


Қолына кісен салынған "Лайықты еңбек" кәсіподағы мен отын-энергетика кешенінің салалық кәсіподақ төрағасы Ерлан Балтабай сотта отыр. Шымкент, 17 шілде 2019 жыл.
Қолына кісен салынған "Лайықты еңбек" кәсіподағы мен отын-энергетика кешенінің салалық кәсіподақ төрағасы Ерлан Балтабай сотта отыр. Шымкент, 17 шілде 2019 жыл.

Шілденің 17-сі күні Шымкенттегі Еңбекші аудандық соты тәуелсіз кәсіподақ ұйымдарының жетекшісі Ерлан Балтабайды жеті жылға бас бостандығынан айырды. Істің саяси астары барын айтқан айыпталушы үкіммен келіспейді.

"Лайықты еңбек" кәсіподағы мен отын-энергетика кешенінің салалық кәсіподақ төрағасы Ерлан Балтабайға шығарылған сот үкімін тыңдауға екі тарапты қоса есептегенде барлығы он шақты адам келді. Олардың арасында Балтабайдың екі адвокаты, жәбірленуші мен адвокаты болды.

Сот залына кіріп, бірден сот үкімін оқуға кіріскен судья Айнель Орақбаева Ерлан Балтабай "қызметін пайдаланды", "кәсіподақ жарғысының талаптарын бұзды" "кәсіподақ ақшасын есепсіз жұмсады" және "кәсіподақ ақшасын иемдене отырып жәбірленушіге аса ірі көлемде залал келтірді" деп таныды.

"Ерлан Балтабай Қылмыстық кодекстің 189-бабымен ("Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу") кінәлі деп танылып, жеті жылға бас бостандығынан айрылсын. Қоғамдық бірлестіктер мен басқа да коммерциялық емес ұйымдарға басшылық ету құқығынан жеті жылға айрылсын" деді судья.

Судья сотталушының әрекетін "ауыр қылмыс" санатына жататынын жеткізді. "Тергеу кезінде Балтабай кәсіподақтың 10 миллион 800 мың теңгесін иеленіп алғаны дәлелденгенін" айтты. Үкімге сәйкес, ол жазасын жалпы тәртіптегі колонияда өтейді.

"СОТ ҮКІМІН МОЙЫНДАМАЙМЫН"

Сот үкімін оқып болған соң судья сотталушыдан "үкім түсінікті ме?" деп сұрады. Балтабай "мойындамаймын" деп жауап берді.

Судья үкімді түсіндіре бастап еді, сотталушы "сіздің түсіндірмеңізді тыңдағым келмейді, соттың тәртібіне бағынбаймын, мойындамаймын" деді дауыстап.

- Өтірік! Прокуратура мен тергеушінің ешбір дәлелі жоқ. Бұл мемлекеттің емес, кәсіподақтың ақшасы. Прокуратура да, тергеуші де, соттың да бұл ақшаны талап етуге хақысы жоқ. Үкім дейсіз бе, бұл үкімге түкіргенім бар, - деді Балтабай орнынан тұрып.

"Лайықты еңбек" кәсіподағы мен отын-энергетика кешенінің салалық кәсіподақ төрағасы Ерлан Балтабай (сол жақта) және оның қорғаушылары сот үкімін тыңдап тұр. Шымкент, 17 шілде 2019 жыл.
"Лайықты еңбек" кәсіподағы мен отын-энергетика кешенінің салалық кәсіподақ төрағасы Ерлан Балтабай (сол жақта) және оның қорғаушылары сот үкімін тыңдап тұр. Шымкент, 17 шілде 2019 жыл.

Судья үкіммен келіспеген жағдайда шағым түсіруге құқылы екенін ескертті. Осы кезде полиция сотталушының қолына кісен салды. "Алып кетіңіздер мені" деді Балтабай полицейлерге.

Полицейлер сотталушыны алып кеткен соң адвокат Илья Погребняк сотта жәбірленуші ретінде танылған, өзі қорғаған азамат Роза Нұрекееваны құттықтады. Ол іс пен үкімге байланысты Азаттыққа қандай да бір түсініктеме беруден бас тартты. Ал адвокаты Илья Погребняк одан жауап алу үшін ресми хат жіберуді сұрады.

Ал Балтабайдың адвокаты Тахир Ерданов Азаттыққа үкімге қарсылық білдіріп апелляциялық шағым түсіретінін жеткізді.

"ІСТІҢ САЯСИ АСТАРЫ БАР"

"Лайықты еңбек" кәсіподағы мен отын-энергетика кешенінің салалық кәсіподақ төрағасы Ерлан Балтабайдың үстінен "Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу" бабы (189-бап) бойынша қылмыстық іс былтыр қыркүйек айында қозғалған. Істің қозғалуына "Лайықты еңбек" кәсіподағының мүшесі Роза Нұрекееваның кәсіподақ жетекшісі "ұйым ақшасын ұрлады" деп сотқа шағым түсіруі негіз болған. Сол шағым негізінде өткен жылы қыркүйек айында полиция қызметкерлері кәсіподақ кеңсесіне тінту жүргізіп, құжаттарды тәркілеген.

Ал өзіне тағылған айыпты жоққа шығарған Ерлан Балтабай істің саяси астары барын айтып, "мұның бәрі тәуелсіз кәсіподақ жұмысына кедергі жасау үшін ұйымдастырылып отыр" деген.

Ол бұған дейін шағымда көрсетілген қаражаттың кәсіподақ туралы жаңа заңға байланысты жұмысы тоқтап қалған "Лайықты еңбек" кәсіподағының жеке меншігі екенін айтып, Нұрекееваның оны талап етуге хақысы жоқ екенін айтқан.

- Заң бойынша, кәсіподақ мүшесі емес, жаңадан сайланған төраға ғана менен есепті талап етіп, сотқа бере алады. Меніңше, бұл жерде мәселе менде емес, кәсіподақтың ісін тоқтату мақсаты тұр, - деген еді Балтабай сот отырыстарының бірінде.

Шілденің 15-і күнгі жарыссөзде прокурор Бағлан Әли Балтабайдың кінәсі толық дәлелденгенін айтып, оны сегіз жылға соттауды сұраған еді. Ал қорғау тарабы Балтабайдың еш кінәсі жоғын айтып, істі тоқтатуды сұраған. Соңғы сөзінде Балтабай прокурор мен тергеуші қылмысты ашу үшін бірде-бір дәлел келтіре алмағанын айтқан.

Ерлан Балтабайдың үстінен қозғалған қылмыстық іс сәуір айында басталған.

Сот үкіміне байланысты шілденің 17-сі күні жазба жариялаған Адам құқығын сақтау жөніндегі қазақстандық бюро былай деп жазды:

"Барлық жағдайды "зерттеген" судья Балтабайды жеті жылға соттады. Осылайша Халықаралық еңбек ұйымының Қазақстанға байланысты шығарған шешімі орынды болғаны тағы бір мәрте дәлелденді. Бұл ұйым мемлекеттің тәуелсіз кәсіподақтарға қысым көрсетіп, кәсіподақ белсенділерін жүйелі түрде соттағаны үшін және олардың қысым жайлы арызын қараусыз қалдырғаны үшін арнайы шешім шығарған еді. Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы қатарынан екі жыл бойы Қазақстанды кәсіподақ қызметінің жағдайы ең нашар он ел қатарына кіргізіп келеді" делінген бюро жазбасында.

Бюро өкілдері Ерлан Балтабайдың ісін билік шешімімен жабылған Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясының (ҚТКФ) бұрынғы жетекшісі Лариса Харькова мен Oil Construction Company кәсіпорнының төрағасы Әмин Елеусіновтің ісіне ұқсас деп санайды. Бұл екі белсендіге де бұрын "кәсіподақ ақшасын жымқырды" деген айып тағылған еді.

Қазақстан билігі "билік тәуелсіз кәсіподақтар жұмысына кедергі келтіреді" деген пікірді жоққа шығарып келеді. Бұған дейін Қазақстанның кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары, парламенттің бұрынғы депутаты Мұхтар Тінекеев халықаралық ұйымдардың "тек жекелеген жайттарға сүйене отырып" қорытынды жасайтынын, батыс елдеріндегі "кәсіподақтардың деңгейін енді ғана даму жолына түскен Қазақстандағы кәсіподақтармен салыстыруға келмейтінін" айтқан.

Маусым айында HRW ұйымы "кәсіподақ жетекшісі абақтыға жабылса, бұл Халықаралық еңбек ұйымының Қазақстандағы тәуелсіз кәсіподақтарға қатысты алаңдаушылығын күшейте түседі" деп мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG