Accessibility links

"Жұмыс істеңдер!" Назарбаев биліктен көмек сұраған әйелдер мен оралмандарды сынады


"Екі сиыр сатып ал да, өзіңді асыра". Назарбаевтың сөзіне аналардың реакциясы
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:03 0:00

Қазақстанның бұрынғы президенті, биліктегі "Нұр Отан" партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев 21 тамызда Нұр-Сұлтанда өткен партияның саяси кеңесінің жиынында биліктен көмек сұраған отбасыларды, "Нұр Отан" туын жыққандарды сөкті. Ол Батыс пен Қазақстандағы демократияны тағы салыстырып, билікке жала жапқандарға жазаны күшейтуді тапсырды.

"ҚАЗАҚСТАНҒА АМЕРИКАЛЫҚ ҚАЛПАҚ СЫЙМАЙДЫ"

Қазақстанды соңғы отыз жылға жуық уақыт үздіксіз басқарып, биыл наурыз айында президенттік өкілетін мерзімінен бұрын кенеттен доғарған 79 жастағы Назарбаев өзі әлі басқарып отырған партияның саяси алаңда басымдығын сақтап қалуын маңызды деп санайтынын аңғартты. Қазақстанда билікке қарсы наразылық күшейіп тұрған тұста ол қоғам үшін тұрақтылық пен тыныштық маңызды екенін бірнеше рет айтты.

"Нұр Отан" партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев партия жиынында отыр. Нұр-Сұлтан, 21 тамыз 2019 жыл.
"Нұр Отан" партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев партия жиынында отыр. Нұр-Сұлтан, 21 тамыз 2019 жыл.

"Мемлекет саяси тұрақтылық пен қоғамдағы келісім арқылы дамиды. Дағдарыс кезеңінде жүйені шайқалтпай, қайта нығайту керек. Ол үшін бізге қоғамды дамытатын, жұрттың айтқанына құлақ түретін мықты көшбасшылар мен мықты партия керек... Біреулер келіп, біреулер кетіп жатса не болатын айналамыздан, постсоветтік кеңістіктен көріп отырмыз" деді ол.

Назарбаев нақты қай елдерді меңзегені белгісіз. Ол "Қазақстан сияқты жас елге америкалық қалпақты киюге келмейді" деп тағы Батыс пен Қазақстан демократиясын салыстырды.

"Кейбіреулер айғайлап айтып жүрген Еуропадағы демократияға келу үшін уақыт керек. Алдымен – экономика" деді ол.

Назарбаев бұрын ел президенті болып тұрғанда да бірнеше рет Батыс демократиясы жайлы айтқан. 2018 жылы сәуірде Нұр-Сұлтанда өткен "Рухани жаңғыру" бағдарламасына арналған жиында Назарбаев: "Қанша рет Батыстан келіп "біз сияқты демократия болыңдар" дейді. "Америкадағы сияқты, батыс сияқты [демократия] болыңдар" дейді. Біз – қазақпыз. Біз - америкалық, неміс, ағылшын емеспіз ғой. Онда тұрған не бар? Біздің өзіміздің санамыз, тіліміз, дініміз, тарихымыз, дәстүріміз бар. Бір күннің ішінде мыңжылдық шаруаны аттап кетпейміз" деген.

Батыс елдері мен халықаралық ұйымдар Қазақстан билігінен елде демократия құндылықтарын дамытуды, халықтың ойын еркін айтуға мүмкіндік беруге шақырып келеді.

"СЕН МЕМЛЕКЕТПЕН АҚЫЛДАСПАДЫҢ ҒОЙ"

Назарбаев "Нұр Отан" жиынында биліктен көмек сұрап жүрген көп балалы және тұрмысы төмен отбасыларды мінеді.

"Тәуелсіздік алған жылдары күн сайын жүздеген мәлімдеме жасап, ел ішінде мыңдаған сапар жасадым. Себебі жұмыс та, айлық та жоқ еді. Дүкен сөрелері бос тұратын. Сол кезде бәрі ақша бер дейтін. Мемлекетте ақша жоқ болса нені береді? Қазір сол отыз жыл бұрынғы лозунгіні көтеріп, "маған бер, менің балам көп, айлығым аз" дейді. Сен не ойладың? Бұл – сенің мәселең ғой, сен бұрын мемлекетпен ақылдаспадың ғой" деді ол.

Биыл ақпанда Нұр-Сұлтанда уақытша баспанада шыққан өрттен бір отбасының бес қызы қаза тапқан. Осыдан кейін елде көп балалы әйелдер биліктен жәрдемақыны өсіріп, баспана мәселесін шешуді талап ете бастады.

Билікке талаппен келіп тұрған әйелдер. Нұр-Сұлтан, 6 тамыз 2019 жыл.
Билікке талаппен келіп тұрған әйелдер. Нұр-Сұлтан, 6 тамыз 2019 жыл.

Назарбаев биыл сайлау алдында, керісінше бірнеше рет көп балалы және жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсету жайлы айтқан. Ол президент болып тұрғанда, яғни ақпанда үкіметті "тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсетпеді" деп отставкаға жіберген. Кейін наурызда жаңа тағайындалған үкімет мүшелерін қабылдағанда Назарбаев "мемлекет көмекке мұқтаж отбасыларға әрқашан көмек көрсетеді. Тұрмысы төмен және көп балалы отбасылар қашанда мемлекеттің қолдауын сезінуі тиіс" деген.

21 тамыздағы "Нұр Отан" жиынында Назарбаев "мемлекеттен көмек сұрайтын" оралмандарды да сынап, үкіметке шетелден келетін қазақтарға түсіндіру жұмысын жүргізу керегін айтты.

"1 миллион [шетел қазағын] шақырдық. Бұлай бірде-бір ел жасамады. Оларға балаларың үйленсін, өссін десек, [оралмандар] маған бер деп ақша сұрайды. Жұмыс істеңдер! Жұмыс істемесе ештеңе болмайды" деді ол.

Назарбаев елде биліктің жұмысына жала жапқандарды жазалауды күшейту керегін айтып, ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевқа тапсырма берді. Ол елдегі "барлық сайлау" конституцияда көрсетілген мерзімінде өтетінін мәлімдеп, парламент сайлауын ерте өткізуді ұсынып "шулап жүргендердің" сөзіне жауап беруге шақырды.

"Жекелеген оппоненттеріміз немесе блогерлер және тағы басқалар мажоритарлық жүйеге оралуды, кезектен тыс парламент сайлау өткізуді ұсынады. Бұл сөздерге қазір жауап беру керек. Ешқандай негізді дәйегі жоқ. Әдеттегідей құр пайым ғана" деді Назарбаев.

Бұған қоса ол сын айтушылардың өзін "бос сөз айтады" деп сөкті.

ЖЕМҚОРЛЫҚ ЖӘНЕ "НҰР ОТАННЫҢ" ТУЫ

Назарбаев "Нұр Отан" партиясы парламент сайлауы алдында халыққа берген уәдесінің 70 пайызын орындады" деп мақтанды. Бірақ партия жемқорлықпен күрес бойынша берілген уәдесін әлі толық орындамағанын айтты.

"Жемқорлық жайлы жиі айтып жүрміз. Жаңадан сайланған президент (Қасым-Жомарт Тоқаев – ред.) те айтып келеді. Жұмыс істеп жатырмыз, әрине. Жемқорлықпен күрес агенттігі жұмыс істеп жатыр. Басшылығын жиі ауыстырамыз. Бірақ мәселе әлі бар. Неге? Себебі бұл күреске халықтың өзін қосқан жоқпыз. Халық жемқорлықты көре тұра хабарламайды" деді ол.

Назарбаев елдегі университеттерде студенттер сессияны жабу үшін, жатақханадан орын алу үшін пара беретінін де жеткізді. Нұр-Сұлтандағы өзінің атындағы Назарбаев университетінде парақорлық жоғын айтып, мысал келтірді. Ол қауіпсіздік кеңес төрағасы ретінде құзырлы органдарға Қазақстандағы жоғарғы оқу орындарын тексеруді тапсырды.

Ел билігі парақорлықпен күресу мақсатында көптеген бағдарлама ұсынса да, Қазақстан әлемдік жемқорлық индексінде "парақорлық жайлаған елдердің" қатарында тұр. Елдің жемқорлыққа қарсы агенттігі аптасына билік тармақтарында жұмыс істейтін шенеуніктердің жемқорлықпен ұсталғанын хабарлайды. Үкіметте жұмыс істеген ондаған шенеунік пара алды деп айыпталып, жазаланған.

Назарбаев партия саяси кеңесінің жиынында Шымкентте "Нұр Отан" туын құлатқандарды да сынға алды.

"Бізде 800 мың партия мүшесі бар. Кім белсенділік танытты? Шымкентте партияның туын жұлып алғанда, бәрі үнсіз қалды. Партия қайда қарап отырды? Кейін туды қайта тікті. Үндемей қорқып отырамыз, бірдеңе деуге жасқанамыз" деді ол.

24 маусымда Арыс қаласында әскери қойма жарылып, төрт адам қаза тапқан. Жарылыстан қаладағы тұрғын үйлердің басым бөлігі бүлінген. Арыстықтар бас сауғалап Шымкентке қашқан. 27 маусымда Шымкентте шеруге шыққан жүздеген арыстық соңғы он жыл ішінде төрт рет жарылыс болған Арыс қаласына бармайтынын айтып, биліктен өздерін басқа жаққа көшіруді талап еткен. Олар Шымкенттегі "Нұр Отан" ғимаратына барып, партияның туын жұлып алған.

Видео: Арыстағы жарылыстың хроникасы

Арыстағы алты күн
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:16:36 0:00

Қазақстанды отыз жылға жуық басқарған кезде Батыс елдері азаматтық құқықтар мен бостандықтарды тұншықтырғаны үшін талай рет сынаған Нұрсұлтан Назарбаев биыл 19 наурызда президенттік өкілетін доғаратынын кенеттен мәлімдеп, орнына сол кезде парламент сенатының төрағасы болған Қасым-Жомарт Тоқаевты қалдырған. Тоқаев жаңа қызметке кірісе сала Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаеваны парламент сенатының төрағалығына ұсынып, сенат мүшелері оны бірауыздан мақұлдады.

Назарбаев президенттік өкілетін мерзімінен бұрын доғарған кезде елде биліктің саясатына наразылық күшейіп келе жатқан болатын. Үкіметке наразылық Тоқаев билікке келгеннен кейін де жалғасты.

9 маусымда өткен кезектен тыс президент сайлауының ресми қорытындысы бойынша, Тоқаев Қазақстан президенті болып сайланды. Батыс бақылаушылары сайлау кезінде көптеген заңбұзушылық тіркеліп, үкіметке қарсы акцияға шыққан азаматтар жаппай ұсталғанын айтқан.

Халықаралық ұйымдар "Қазақстан билігі өзің сынаушыларды, қоғамдық белсенділерді қудалап қамайды" деп жиі сынайды.

"Нұр Отан" - 1999 жылы құрылған партия. Сол уақыттан бері партияны Нұрсұлтан Назарбаев басқарады. Мәжілістегі 98 орынның 84-ін "Нұр Отан" иеленген. Елдегі министрлер, әкімдер, мемлекеттік қызметкерлердің барлығы осы партияға мүше. Сыншылар "Нұр Отанды" елдегі билікті уысына ұстап отырған партия" дейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG