Accessibility links

Билік уәде еткенімен, мақта теруге мәжбүрлеу тыйылған жоқ


Мақта алқабындағы жұмыс.
Мақта алқабындағы жұмыс.

Қыркүйектің ортасында Өзбекстанның кей аймағында мақта терімі басталды. Өзбек шенеуніктерінің ешкім еркінен тыс еңбекке жегілмейтіні туралы берген уәделеріне қарамастан, кей бюджеттік мекеме қызметкерлері жұмыстан шығып қалмас үшін мақта теруге баруға мәжбүр екендерін айтады.

Өзбекстанда Ферғана алқабында орналасқан Әндіжан облысындағы бірқатар бюджеттік мекемелердің қызметкерлері өздерін қыркүйектің 14-інен бастап мақта теруге жібергені туралы Азаттықтың Өзбек қызметіне (Озодлик радиосы) жазған. Хатпен қоса келген бірнеше суретте жолда кетіп бара жатқан бірнеше автобусты байқауға болады. Ол автобустарда мақта теруге бара жатқандар отырған болуы мүмкін деп хабарлайды Озодлик.

Бұл автобустар мақта теруге жіберілген адамдарды апара жатқан болуы ықтимал. Әндіжан, Өзбекстан, 14 қыркүйек 2019 жыл.
Бұл автобустар мақта теруге жіберілген адамдарды апара жатқан болуы ықтимал. Әндіжан, Өзбекстан, 14 қыркүйек 2019 жыл.

Әндіжан аймақтық электр желісі кәсіпорны қызметкерлерінің айтуынша, олардан "мақта теріміне ерікті түрде баратындары" туралы қолхат алған.

- Бізді мақта теруге өз еркімізбен барамыз деп қолхат жазуға мәжбүрледі, - деді өз аты-жөнін атамауды өтінген кәсіпорын қызметкерлерінің бірі. Сөзіне дәлел ретінде ол кәсіпорын басшылығынан келген хаттың скриншотын салып жіберген.

"Құрметті әріптестер, бүгін жұмысқа келіңіздер және 2019 жылы мақта теріміне ерікті түрде баратындарыңыз туралы қолхат жазыңыздар" делінген Әндіжан аймақтық электр желісі кәсіпорыны қызметкерлеріне жіберілген хатта.

"Мәжбүрлеп жұмысқа салмайды деп айтқан еді ғой. Бірақ бізге мақта теруге баруға міндеттісіңдер деп мәлімдеді. Ер адамдар бұл істі бірдеңе қылып атқарар, ал әйелдерімізді отбасын қалдырып, 15 күндік жұмысқа баруға мәжбүрлеп жатқанын айтсаңшы. Бұл қалай? Сонда әйелдер балаларын үйіне тастап, мақтау теруге бара ма? Бізге: ""Мақта жина әйтпесе 500 мың сумнан (50 доллар) 1 миллион сумға дейін ақша төле дейді. Енді не істейміз, біздің ай сайын алатын еңбекақымыздың өзі бар болғаны 1 миллион сум ғой? Мұңымызды кім тыңдайды?" деп жазды Озодлик редакциясына кәсіпорын жұмысшылары.

"Фаргонаазот" кәсіпорыны қызметкерлерінің сөзінше, басшылық мақта теріміне барудан бас тартқандар жұмыстан шығарылады деп қорқытқан.

"Кәсіпорын басшылары бізге: "Мақта теруге өз еркіңмен барамын деп жазасың, әйтпесе жұмыспен қоштасасың" деді. Өздері жақсы тамақ ішеді. Ал бізге Жизақтағы сиыр қорада тұрып, макарон мен быламықты талғажау етуге тура келеді. Бұған тоқтау бола ма? Төзіміміз таусылуға шақ тұр" деп жазды Озодлик редакциясына "Фаргонаазот" қызметкерлері.

Халық банкінің Наманғандағы филиалының қызметкерлері де өздерін мақта теріміне мәжбүрлеп жіберіп жатқанын хабарлады.

"Қызметкерлердің бір бөлігі мақта теруге кетті. Мақта теруге бармағандарға күн сайын 50 мың сум (бес долларға жуық – ред.) төлеуге туралы келеді" деп жазды жұмыстан қуып шыға ма деген қауіппен аты-жөнін көрсетпеуді өтінген банк филиалының қызметкері.

Өзбекстанда еркінен тыс жұмысқа жегуге тыйым салатын бірнеше заң қабылданғанымен азаматтарды мақта теруге мәжбүрлеп жіберу жалғасып келеді.

Өткен аптада Өзбекстан ұлттық гвардиясы әскери-техникалық институтының, ішкі істер министрлігі академиясының және әскери кеден институтының курсанттары өздерін мақта теруге "ерікті түрде баратыны" туралы қолхат жазуға мәжбүрлеп жатқаны туралы Озодлик радиосына хабарлаған.

Әндіжан облысының Боз ауданына қатардағы азаматтардан ондай қолхатты шілде айында жинай бастаған.

Қазіргі кезде Өзбекстан жастар одағының қызметкерлері мақта теріміне баратын "Қайсар жастар топтарын" жасақтаумен айналысып жатыр.

Тамыздың 12-і күні видео байланысы арқылы өткен селекторлық кеңесте Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев мектеп оқушылары, студенттер мен бюджеттік ұйым қызметкерлерін мақтау теруге мәжбүрлеуге тыйым салатыны туралы мәлімдеген. Биылғы наурыз айында АҚШ еңбек министрлігі Өзбекстанды бала еңбегін немесе мәжбүрлі жұмыс күшін пайдаланып тауар өндіретін елдер тізімінен алып тастаған.

Мақта терушілерге арнайы тігілген тәжірибелік қалашы. Баяут ауданы, Сырдария облысы, Өзбекстан.
Мақта терушілерге арнайы тігілген тәжірибелік қалашы. Баяут ауданы, Сырдария облысы, Өзбекстан.

Мирзияевтің әлгі сөзінен кейін Сырдария облысының хокимі (әкімі) Гафуржон Мирзаев биыл мақта теруге тек "еріктілер" ғана баратыны, оларды орналастыру үшін тігілген "тәжірибелік шатырлы қалашық" әзір тұрғаны туралы мәлімдеген.

Әндіжан облысының басшысы Шухрат Абдурахманов болса "бюджеттік ұйымдардың бір де бір қызметкерін мақта теріміне тартпауға" сөз берген.

Ал жақында Ташкент облысының басшысы міндетін атқарушы Рустам Холматов "тіпті биыл мақтаны уақытынан 10 күн кешіктіріп жинауға тура келсе де, әлеуметтік сала қызметкерлерін мақта теруге жібермеуге" уәде еткен.

Құқық қорғаушы ұйымдар көптеген жылдар бойы Өзбекстан билігін мақта терімі кезінде бала еңбегін немесе мәжбүрлі жұмыс күшін пайдаланады деп айыптап келген. Өзбекстан мақта шикізатын өндіруден әлемде бесінші орында тұр. Мемлекеттің жалпы ішкі өнімінің ширек бөлігін мақта экспортынан түскен кіріс құрайды.

2016 жылы елді ширек ғасыр бойы басқарған бірінші президент автократ Ислам Каримов қайтыс болған соң билікке келген Шавкат Мирзияев бірқатар реформалар бастаған. Өткен жылы ол мәжбүрлі жұмыс күшін пайдаланудың түп-тамырын жоюға бағытталған жарлыққа қол қойған. Алайда, Озодлик радиосына келген хат-хабарламаларда Өзбекстанда бюджет қызметкерлерін мақта теріміне мәжбүрлеп жіберу тыйылмай келе жатқаны айтылады.

Азаттықтың Өзбек қызметінің (Озодлик) материалынан аударылды.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG