Accessibility links

"Бәрін желкесінен атқан". Советтік террор құрбандары


Совет билігі тұсында атып өлтірілгендердің сүйектерін жер қазып жүрген жұмысшылар кездейсоқ тапқан. Архангельск, 1989 жыл.
Совет билігі тұсында атып өлтірілгендердің сүйектерін жер қазып жүрген жұмысшылар кездейсоқ тапқан. Архангельск, 1989 жыл.

Архангельск қаласында 1920-1930 жылдары атылған қуғын-сүргін құрбандарына арналған жаңартылған мемориал ашылды. Бастамашыл топ өз қаржысына ескі зиратты екі жылға жуық уақыт жөндеп, қалпына келтірген.

Қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориалдың ашылу рәсіміне қатысушылар. Вологодский зираты, Архангельск, Ресей, 21 қыркүйек 2019 жыл.
Қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориалдың ашылу рәсіміне қатысушылар. Вологодский зираты, Архангельск, Ресей, 21 қыркүйек 2019 жыл.

- Бүгін мен енді еске алуға келіп тұратын жаңа орын пайда болды. Зиратты қалпына келтіру және оның тарихын зерттеумен айналысқан адамдардың барлығына басымды иіп, алғыс білдіремін, - деді қыркүйектің 21-і күні Архангельскідегі Вологодский зиратында қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориалдың ашылу рәсіміне қатысқан Архангельск қаласының тұрғыны Сергей Чичагов.

Сергей Чичагов.
Сергей Чичагов.

Оның атасы Василий Чичагов 1931 жылы Архангельск түрмесінде қаза тапқан. Туыстары оның қайда жерленгенін әлі күнге білмейді. Сергей Чичагов енді Вологодский зиратындағы мемориалды совет билігі кезінде құрбан болған атасының моласы деп санайтынын айтады.

- Архангельскіде атылған азаматтар жерленген орын бар деп естігем, бірақ қайда екенін білмеуші едім. Осы ақпаратты іздеп, сұрағанымда журналист, зерттеуші Алексей Сухановский Вологодский зиратындағы бір жағына қисайған ағаш крестің маңындағы осы жерді көрсетті. Крест сәл арырақ жерде тұрды, ал адамдар көмілген жер аяқ астында қалып, үстінен жол түскен. Жерлеу орнының жанында қақпа болған жоқ, оның орнына қоршауға қолдан жасалған тесік болды, - дейді зиратқа алғаш барған күнін еске алған САФУ Еуропаның солтүстіктің дәстүрлі мәдениетін зерттеу орталығының директоры Наталья Дранникова зиратқа алғаш барған күнін еске алып.

Наталья Дранникова.
Наталья Дранникова.

Наталья соңғы жылдары Архангельск облысында қуғын-сүргінге ұшырағандардың тарихын зерттеумен айналысқан. 2017 жылы ол қараусыз қалған мемориалды қалпына келтіруді қолға алған.

ОҚ ТЕСКЕН СҮЙЕКТЕР

1989 жылы Архангельскінің орталығында жұмысшылар кәріз құбырын жүргізу үшін жер қазып жүргенде топырақ арасынан адам сүйектерін тауып алған. Табылған бас сүйектердің желке, самай және маңдай тұсында екі-екіден оқ ізі қалған.

- Сүйектердің жақсы сақталғанын байқадық. Өйткені олар Мхи батпағындағы шымтезектің астында, 180 сантиметр тереңдіктегі саз топырақ қабатында жатқан. Ол жерде соғысқа дейін әскери автобөлім болған, сол себепті шымтезек, саз пен сүйектерге мазут әбден сіңген. Біз бір ғана шұңқырдың өзінен жүз адамның сүйегін таптық… Бәрінің бас сүйектерін оқ тескен, барлығын бір әдіспен өлтіргені көрініп тұр: шамамен 45 градус бұрышпен желкесінен тиген... Соған қарап, адамдарды осында әкеліп, атып өлтірген деп топшыладық. Оларды тірідей осынде жеткізіп, шұңқырға бір-біріне жақын жатуға мәжбүрлеген. Солайша жатқан адамдарды бір-бірлеп атқан, - дейді адам сүйектері қалай қазып алынғанын еске алған зерттеуші Алексей Сухановский.

Бұрын бұл батпақ жерді қалада Мхи деп атаған. Мұнда 1920 жылдары Лениннің тұсында басталып, 1930 жылдары Сталин билікте болғанда жалғасқан қуғын-сүргінге ұшырағандарды атқан. Коммуналдық шаруашылық қызметкерлері адам сүйегі табылғаны туралы құқық қорғау және мемлекеттік қауіпсіздік органдарына хабарлаған. Ал олар зерттеу жұмыстарына Алексей Сухановский басқаратын "Имени павших" іздестіру тобын шақырған.

- Ені 2,5, ұзындығы 7 метр болатын екі жырадан 127 кісінің – 14-75 жас аралығындағы әйел және ер адамдардың сүйектерін таптық. Олар шамамен 1920 жылдың күзінде немесе одан сәл кейінірек (1920 жылдары болған интервенциядан кейінгі қуғын-сүргін кезінде) атылғанға ұқсайды, - дейді Сухановский.

1989 жылы Архангельскіде жер қазу жұмыстары кезінде адам сүйектерімен бірге құрбан болғандардың жеке заттары да табылған.
1989 жылы Архангельскіде жер қазу жұмыстары кезінде адам сүйектерімен бірге құрбан болғандардың жеке заттары да табылған.

Тұрғын үйлерді жобалаумен айналысатын "Беломорский лес" компаниясының атқарушы директоры Антонина Драчева 2017 жылы қараусыз қалған мемориалды қалпына келтіруді қолға алған Наталья Дранниковаға көмектесуді ұйғарған. Олар "1989 жылы адам сүйектеріне сараптама жасалды ма, оның қорытындысын қайдан көруге болады?" деген сұраққа жауап іздеген.

Антонина Драчева.
Антонина Драчева.

Сондай зерттеу жүргізілгенін 1990 жылдың басында архивтен табылған "сараптамаға 383 рубль төленді" деген жазуы бар бір жапырақ қағаз ғана растайды. Бірақ нақты қандай сараптама жүргізілгені және қандай қорытынды жасалғаны белгісіз. Мхи батпағынан табылып, Вологодский зиратына жерленген сүйектердің кімге тиесілі екенін әлі күнге ешкім білмейді. Бұлар тұтқындалған Архангельск тұтқындары немесе өлтірілген я қайтыс болған жер аударылған азаматтар болуы да мүмкін.

Табылған сүйектерді 1992 жылы қайта жерлеген. Қазіргі ақпарат бойынша, Вологодский зиратында 152 адам: Мхи батпағында атылғандар мен Выучейский көшесіндегі қазба жұмыстары кезінде табылғандар жатыр. Бұл жерге ағаш кресті шіркеу өкілі Петр Мушкет орнатқан.

ҚУҒЫН-СҮРГІН ҚҰРБАНДАРЫНЫҢ ҰРПАҚТАРЫ

2017 жылы Наталья Дранникова Архангельск қаласының мэрі Игорь Годзишке хат жазып, құрбандар жатқан зиратты қалпына келтіруге атсалысуға шақырған. Әкімдік бастаманы қолдап, рұқсат бергенімен, ақша бөлген жоқ.

Бастамашыл топ қажет қаржыны "Гарант" қайырымдылық қоры арқылы краудфандинг жариялап жинаған. Дранникованың сөзінше, краудфандингке қатысқандардың арасында қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары көп болған. Жобаны 300 адам қолдап, ақша аударған.

1920-1930 жылдары атылған қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориалдағы тақта. Архангельск, Ресей, 21 қыркүйек 2019 жыл.
1920-1930 жылдары атылған қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориалдағы тақта. Архангельск, Ресей, 21 қыркүйек 2019 жыл.

Антонина Драчеваның айтуынша, жоба мерзімі қаржы тапшылығынан емес, зираттың федералдық маңызы бар ескерткішті қорғау аймағында орналасуына байланысты бір жарым жылға созылған. Зираттан 70 сантиметр жерде 1918-1920 жылдары болған интервенция құрбандарына орнатылған ескерткіш – Коммунарлар қабырғасы тұр.

- Мемориалды қалпына келтіру жұмыстарын бастау үшін Мәдени мұра нысанының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жобасы қажет болды. Одан кейін мемориал құрылысының Коммунарлар қабырғасына зардабы тимейтінін дәлелдейтін сараптамадан өту керек болды. Ешқандай техника кіргізуге рұқсат болмағандықтан бәрін қолмен жасауға тура келді. Бастамамыздың маңызын барша жұрт түсініп, тексеру жұмыстары қиындықсыз өткенімен, көп уақыт алды, - дейді Антонина Драчева.

Екі мемориалдың қоршауының арасы небәрі 70 сантиметр.
Екі мемориалдың қоршауының арасы небәрі 70 сантиметр.

"ЕСТЕЛІК КЕРЕК БОЛМАЙ ҚАЛДЫ"

2019 жылы қыркүйектің 21-і күні Вологодский зиратында өткен жаңартылған мемориалдың ашылу рәсіміне 15 адам қатысты. Зиратқа қарай жаяу жүргінші жолы салынып, жан-жағы қоршалып, естелік тақта ілінген. Бұрынғы қисайған крестің айналасына тас қаланған.

Совет кезіндегі қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориал. Архангельск, 21 қыркүйек 2019 жыл.
Совет кезіндегі қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориал. Архангельск, 21 қыркүйек 2019 жыл.

Архангельск мэрі Игорь Годзиш жергілікті билік мемориалды жедел және техникалық есепке алып, мәдени нысан ретінде тіркеп, өз қамқорлығына алады деп мәлімдеді.

Архангельск мэрі Игорь Годзиш.
Архангельск мэрі Игорь Годзиш.

- Қазір біз бір-біріне қарсы екі жақта [мемориал жанында интервенция құрбандарына арналған ескерткіш бар] болғандардың бір жерде жатқанын көріп тұрмыз. Бұл жобаны қолдауыма аса маңызды бір себеп болды: адамдар өткен сұмдықты ұмытса, ол түбінде қайта оралатынын білемін. Әзірге біз жадымызда қалған жайтты жұртқа айтып, түсіндіре аламыз. Бұл сол сұмдықтың қайталанбауына кепілдік береді, - деді Годзиш.

Адамдар өткен сұмдықты ұмытса, ол түбінде қайта оралатынын білемін.

Наталья Дранникованың пікірінше, бір кездері Архангельск өңірінде қуғын-сүргін жүйесінің моделі қалыптасқандығына қарамастан, қоғамда оны ой елегінен өткізіп, терең түсіну жетіспейді.

- Алғашқы концентрациялық лагерлер осы жерде – Пертоминск, Шенкурск, Соловки және Холмогорыда пайда болды. Қуғын-сүргінге ұшыраған миллионнан астам адам: кулактар, депортацияланған және "қызыл қырғын" мен сталиндік террор кезінде қудалауға түскендер біздің өңіріміз арқылы өтті. Бізде жеті лагерь, олардың қаншама бөлімшелері мен арнаулы қоныстары болды. Адамдар кеткен соң, өткен заман жайлы естеліктің керегі болмай қалды. Әйтеуір, көңілге медеу болатын бір жайты, аудандарда бұл тақырыпты зерттеу жалғасып жатыр, - дейді Наталья Дранникова.

Мемориалдағы крестің түбіндегі тас пен гүл. Архангельск, 21 қыркүйек 2019 жыл.
Мемориалдағы крестің түбіндегі тас пен гүл. Архангельск, 21 қыркүйек 2019 жыл.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG