Accessibility links

Түркімен "дәрігерлері елде COVID-19 індеті ушығып тұр" дейді. Билік вирустың жайылғанын терістеп әлек


Ат жарысын тамашалауға жиналған халық. Ашхабад. 2020 жылдың сәуірі.
Ат жарысын тамашалауға жиналған халық. Ашхабад. 2020 жылдың сәуірі.

Түркіменстанның билігі COVID-19 індетінің елге келгенін мойындамай отыр. Бірақ жергілікті дәрігерлер Азаттықтың Түркімен қызметіне елде коронавирус жұқтырғандардың саны артып жатқанын айтты.

“Өткен аптада қала сыртындағы Чоганлы ауылында орналасқан инфекциялық ауруханада коронавирус жұқтырды деген екі дәрігер қайтыс болды” деді денсаулық сақтау мемлекеттік мекемесінің аты-жөнін көрсетпеуді сұраған өкілдері.

Азаттық радиосы Түркімен қызметінің тілшісімен сөйлескен шенеуніктер дәрігерлердің 15 және 16 маусым күндері қайтыс болғанын, оған дейін олардың бірнеше күн бойы карантинде жатқанын айтты.

Түркіменстан Солтүстік Корея мен Тынық мұхитындағы бір топ арал-мемлекеттер сияқты елде бірде-бір адам коронавирус жұқтырмаған деп отыр.

Ресми Ашхабадтың коронавирустың барын қашанға дейін жоққа шығаратыны белгісіз.

Мәлімдеме жасауға рұқсаты жоқ дәрігерлер Азаттық радиосына “Түркіменстанда COVID-19 індетінің тарауы бақылаудан шығып” барады дейді. Олардың айтуынша, вирусты жұқтырғандар барлық өңірден анықталып жатыр.

Чоганлыдағы инфекциялық аурухана. Түркіменстан
Чоганлыдағы инфекциялық аурухана. Түркіменстан

Лебап облысы денсаулық сақтау басқармасы қызметкерінің айтуынша, 18-19 маусым күндері өңірдегі орталық ауруханаға COVID-19 симптомдары бар бірнеше адам түскен.

“Олардың бәрінен коронавирус анықталды. Арасында жергілікті дәрігер де бар” деді аты-жөнін атамауды сұраған қызметкер.

Азаттықтың Лебаптағы тағы бір дереккөзі аурухана 8 маусым күні медбикеден коронавирус анықталған соң карантинге жабылды деп хабарлады.

“Қазір аурухана қызметкерлері [коронавирусқа] анализ тапсыруға міндетті, бірақ билік тест нәтижесін оларға айтпай отыр” деді дереккөз.

Азаттық радиосы бұл хабардың ешқайсысын өз бетінше тексере алмады. Себебі Түркіменстанда сенімді ақпарат алу қиын. Елде сөз бостандығы жоқ, ал билік тәуелсіз баспасөзбен жұмыс істемейді.

18 маусымда денсаулық сақтау министрлігі Азаттыққа “Ресми бізде коронавирус жоқ. Одан басқа ақпарат бере алмаймыз” деді.

21 маусымда, коронавирустың тарауы жөніндегі қауесет күшейген тұста, АҚШ-тың Түркіменстандағы елшілігі Мары, Түркіменабат және Дашоғыз қалаларындағы Америка орталығы мен Америка бұрыштарын (ресурс орталықтары - ред) уақытша жабатынын мәлімдеді.

Мәлімдемеде бұл шараның “Америка орталықтарына келушілердің денсаулығы мен қауіпсіздігін қорғау үшін” қабылданғаны айтылып, коронавирус туралы сөз қозғалмаған.

ХАЗМАТ КИГЕН ДӘРІГЕРЛЕР

Еуропадан ақпар тарататын Turkmen.news агенттігі Ашхабадтағы Гаудан шағын ауданының №9 емханасында нақты саны белгісіз бір топ адамнан коронавирус анықталғанын хабарлады. Олардың арасында дәрігерлер мен медбикелер болған. Вирус қалай және қайдан пайда болғаны белгісіз. Ал агенттік ақпаратын жеке тексеру мүмкін болмады.

Азаттық тілшісі 19 маусымда қаладағы бірқатар денсаулық сақтау мекемесі карантинге жабылды деп хабарлаған болатын. Олардың арасында Әйел денсаулығының орталығы да бар.

Атауына қарамай ер мен әйелді қатар қабылдайтын бұл орталық науқас ер кісіден коронавирус анықталған соң, “бірден” жабылған. Мұны Азаттыққа орталық қызметкерлері айтты. Олардың сөзінше, әлгі ер кісі өзін жайсыз сезініп, тексерілу үшін туысының жетектеуімен орталыққа келген.

“Дашоғыз облысы Сапармұрат Түркіменбасы ауданының карантин госпиталінде сегіз адамда COVID-19 инфекциясы болуы мүмкін деген күдік бар” деді жергілікті дерекөз Азаттыққа.

Дереккөз мән-жайды толық бермеді, ал Азаттық айтылған мәліметтің рас-өтірігін тексере алмады.

Мары облысында мемлекеттік қызметкерлерге медициналық тексеруден өту бұйырылған. Билік мұның себебін түсіндірмеген. Қызметкерлер тексерудің ақысын өз қалтасынан төлеуі тиіс.

Азаттықтың Марыдағы тілшісі мемлекеттік қызметкерлер медициналық мекемелерге ағылып, үзынсонар кезек пайда болғанын хабарлады. Мары ауруханаларынан Хазмат киімін киген (Химиялық және биологиялық қауіпті заттардан қорғайтын, адам денесін тұтастай жабатын киім – ред.) дәрігерлерді көру қалыпты жағдайға айналды. Өзге өңірлерде де осы жағдай.

Мары облысы орталығының маңындағы Байрамәлі қаласында дәрігерлер 45 доллар тұратын жеке қорғаныс жабдығын сатып алуға мәжбүр. Мұны жергілікті дәрігерлерге сілтей отырып Азаттықтың Марыдағы тілшісі айтты. Бұл – Түркіменстандағы орташа жалақының 10 пайызын құрайтын қаржы.

ҚҰПИЯ САҚТАУ

Чоганлыдағы аурухана қызметкерлері коронавирус жұқтырған адамдар ақпан айынан түсе бастағанын айтады. Ақпанда ауруханаға ауру белгілері бар екі науқас түсіп, “қатаң оқшауда” емделген.

Дәл сол кезде Азаттыққа пікір берген аурухана қызметкерлері екі науқасқа қатысты дерек құпия ұсталғанын, тіпті дәрігерлердің өзі бейхабар болғанын айтқан еді.

Осы оқиғадан кейін үкімет коронавирустың тарауына қарсы дереу шара қабылдағанға ұқсайды. Шекара жабылды, халыққа аты жоқ респираторлық аурудан сақ болу туралы үнпарақ таратылды, қоғамдық орындарды залалсыздандыру жұмыстары басталды.

Елде 3 сәуірге дейін “коронавирус” сөзін айтуға тыйым салынған еді. Тек сол күні ғана ел президенті Гурбангулы Бердімұхамедов аурудан атын бұқараға алғаш атады. Мемлекеттік телеарнадан сөйлеген Бердімұхамедов “коронавирус әлемде өршіп жатыр” деген.

Ол коронавирус Түркіменстанда тарап жатыр демей, вирустың ел экономикасына теріс әсері барын ғана айтты.

Үкімет қоғамдық шараларды, мерекелерді әлі өткізіп келеді. Мәселен, 26 сәуірде жылқы күні аталса, 1 маусымда балалар күні тойланды.

Халықаралық балалар күніне орай ұйымдастырылған мерекелік іс-шара кезінде билеп жатқан қыздар. Түркіменстан, 1 маусым 2020 жыл.
Халықаралық балалар күніне орай ұйымдастырылған мерекелік іс-шара кезінде билеп жатқан қыздар. Түркіменстан, 1 маусым 2020 жыл.

Түркіменстанның пост-советтік көршілері – Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан – вирустың тарап жатқанын түгел мойындады. Бұл ретте Тәжікстанның індеттің елге тарауын өзгелерден бірнеше апта кеш мойындағанын атап өткен жөн.

Вирус жұқтырғандар саны төрт елде де артып келеді. Ал Қазақстанда коронавирус күніне мыңнан аса адамнан анықталып жатыр.

Азаттықтың Түркімен қызметінің деректері негізінде жазылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG