Accessibility links

"Қиын кезде әркім мүмкіндігінше әрекет етуі керек". Індетпен күресіп жүрген ақтөбелік еріктілер


"AntiCovid-19" бірлестігінің еріктілері.
"AntiCovid-19" бірлестігінің еріктілері.

Қазақстанда коронавирус пен пневмония өршіген тұста елде еріктілер тобы көбейіп, жұрт бір-біріне көмектесе бастады. Қазақстанның батысындағы Ақтөбеде де ахуал күрделі. Аймақтың екі мыңға жуық тұрғыны COVID-19 инфекциясын жұқтырып, үш мыңдай адам пневмонияға шалдыққан. Осыдан кейін Ақтөбедегі бірнеше қозғалыс күш біріктіріп, “AntiCovid-19” деп аталатын еріктілер бірлестігін құрды. Азаттық осы топтың мүшелерімен тілдесті.

“БІЗ СЫЙЛАҒАН АППАРАТ БІР АДАМДЫ АЖАЛДАН ҚҰТҚАРСА, КҮЛЛІ ӘЛЕМ ІНДЕТТЕН АРЫЛҒАНДАЙ ҚУАНАМЫЗ”

Екатерина Голотина, 33 жаста, мейрамхана, қонақ үй саласының маманы. “AntiCovid-19” еріктілер бірлестігінің жетекшісі:

Екатерина Голотина, “AntiCovid-19” еріктілер бірлестігінің жетекшісі.
Екатерина Голотина, “AntiCovid-19” еріктілер бірлестігінің жетекшісі.

Наурызда Ақтөбеде коронавирус жұқтырғандар анықтала бастады. Сол кезде “еріктілер бірігуі керек” деп шештік. Жоғалған адамдарды іздейтін, ауыр науқастардың отасына қаржы жинайтын және тағы басқа еріктілер тобы бірігіп “AntiCovid-19” деп аталған бірлестік құрдық. “AntiCovid-19” бірінші карантин кезінде (16 наурыз – 11 мамыр) табысынан айырылып, мұқтаждық көрген екі мың отбасына қолдау көрсетті. Азық-түлік жеткізді, пәтер ақысын төлей алмай отырған мұқтаж адамдарға қаржы бөлді. Оңтүстіктегі Мақтааралды су басқанда гуманитарлық көмек жіберді.

Маусым айында дәрігерлерді қолдауға кірістік. Қазір Ақтөбенің ауруханаларында оттегі толтыратын қапшықтар мен концентраторлар жетіспейді. Сондықтан қала тұрғындарынан қаржы жинап, оны үнемдеп жұмсауға тырысамыз. “AntiCovid-19” бірлестігінің бір мүшесіне интернеттен концентратор өндірушілерді іздеп, өнім бағасын салыстыру жүктелген. Осы кезге дейін 6 концентраторға тапсырыс бердік. Әрқайсы 400 мың теңге тұрады. Одан бөлек ауруханаларға 20-дан астам оттегі қапшығын сатып әпердік. Дәрігерлер “Сіздер сыйлаған аппарат бір адамды ажалдан арашалап қалды” деп хабарласқанда күллі әлем індеттен арылғандай қуанамыз.

Бір аптадан бері менің де мұрным иіс сезуден қалды. Денемнің қызуы да түспей тұр. Сондықтан еріктілер тобынан оқшауланып, үйде жұмыс істеп отырмын. Сын сағатта көмектің кез келген түрі маңызды.

Ақтөбеде ерікті болғысы келетіндер көп. “Жалақысы қанша? Көлігіме бензин құясыздар ма?” деп хабарласатындар да бар. Нағыз волонтер еткен еңбегі үшін ешкімнен ақы да, мақтан да күтпейді. Қазір “AntiCovid-19” бірлестігінің 70-ке жуық белсенді мүшесі бар.

“МЕДИЦИНАЛЫҚ БІЛІМІМІЗ ЖОҚ. ЕСЕСІНЕ ДӘРІГЕРЛЕРГЕ КӨМЕКТЕСІП, БЕЙНЕТІН ЖЕҢІЛДЕТЕ АЛАМЫЗ”

Бақытқали Оразғалиев, 34 жаста, жеке кәсіпкер, ерікті

Бақытқали Оразғалиев, ерікті.
Бақытқали Оразғалиев, ерікті.


Әлемді індет жайлағанға дейін біздің тобымыз із-түссіз жоғалған адамдарды іздейтін. Төтенше жағдайлар департаменті, полициямен меморандум жасап, дайындық курстарынан өтіп жүрдік. Наурызда Ақтөбе еріктілері күш біріктіріп, коронавируспен күресе бастады.

Мысалы, бүгін (9 шілде) еріктілердің бір тобы инфекциялық ауруханаға оттегі баллондарын түсіріп бердік. Күн сайын әрқайсы 70-80 келілік баллондарды жүк көлігінен түсіріп, “қызыл зонаға” дейін жеткізіп береміз. Әрине, көмек қажет болса, ол жаққа барудан да бас тартпас едік. Бірақ еріктілерді “қызыл зонаға” өткізбейді.

Біздің медициналық біліміміз жоқ. Есесіне дәрігерлерге көмектесіп, бейнеттерін жеңілдете аламыз. Олар “оттегі таусылып қалды”, “ас әзірлеуім керек” деп алаңдамауы тиіс.

Ауруханаларда ер адамдар аз. Техникалық персоналдың басым көпшілігі қыз-келіншектер. Талдырмаш қызға 70-80 келілік оттегі баллондарын тасу оңай емес. Індетпен күресуші медицина мекемелерінің бәріне қол көмегі керек. Оларға қол ұшын беру еріктілерге зор мәртебе. Мен бұрын мұндай сезімдерді із-түссіз жоғалған жасөспірімдерді тауып алған кезде басымнан өткеретінмін. Еріктілердің бәрі – альтруист. Ал альтруистер өзгеге бақыт сыйлайтын, өздері де өте бақытты адамдар.

“КӨМЕГІҢ ТИГЕН НАУҚАС АЛҒЫСЫН ЖАУДЫРАДЫ”

Мәдина Сабыр, 25 жаста, медицина академиясының резиденті, ерікті

Мәдина Сабыр, ерікті.
Мәдина Сабыр, ерікті.

Волонтерлікпен студент кезімнен айналысамын. Биыл Ақтөбе медицина академиясының интернатурасын аяқтадым. Қазір резидентпін. Өз тәжірбиемнен байқағаным, волонтерлік адамға күш-жігер, мотивация береді. Көмегің тиген науқас батасын беріп, алғысын жаудырады. Сол шынайы эмоциялар сені одан әрі де жақсылық жасауға итермелейді.

Мен дәрігер-резидент болғандықтан қай емханада қандай проблема барын жақсы білемін. Қай жерде оттегі таусылуға жақын, қай жерде науқас көбейіп кетті осының бәрін еріктілерге хабарлап отырамын. Менің міндетім – үйлестіру. Жұмыстан бос уақытта жалғызілікті қарттарға дәрі жеткізіп беріп, ауыр науқастарға укол саламын.

Өз басым еріктілерді мүмкіндігі шектеулі супер қаhарман санаймын. Қолымыздан әлемді құтқару келе қоймас, біз жай ғана дәнекерміз. Қолдаушымыз – қарапайым әрі қайырымды халық. Ақтөбенің ақжүрек адамдардың қаласы екенін бұрыннан білетінмін. Пікірімнің дұрыстығына пандемия кезінде еш күмәнім қалмады.

“ҚАЗІР ӘРКІМ МҮМКІНДІГІНШЕ ӘРЕКЕТ ЕТУІ КЕРЕК”

Алексей Крамарь, 34 жаста, инженер-құрылысшы, ерікті

Алексей Крамарь, ерікті.
Алексей Крамарь, ерікті.

Еріктілер супермен емес. Сіз бен біз сияқты қарапайым адамдар. Олардың ең басты айырмашылығы, өзі тұратын қаланың, ондағы адамдардың тағдырына бей-жай қарай алмайды. Білесіз бе, диванда жатып алып, жұртты сынау оп-оңай. Одан түк те шықпайды. Сондықтан дәл қазір әркім мүмкіндігінше әрекет етуі керек.

Мен еріктілер тобына осыдан екі ай бұрын қосылдым. Бастапқыда әлеуметтік желіден сырттай бақылап қана отыратынмын. Қазір жергілікті кафелер демеуші ретінде дайындаған ыстық тамақты күніне екі мәрте түсте және кешке ауруханаларға жеткізіп беріп жүрмін.

Әрине, волонтерлік қызмет көп уақытты, күш-жігерді талап етеді. Саған берері де аз емес. Ең алдымен өзіңе деген құрметің артады. Рухани тұрғыдан дами түсесің. Ақтөбенің ауруханаларында маман тапшы екенін білетін боларсыздар? Дәрігер, медбике, санитарлардың бәрі бірнеше маманның жүктемесімен жүр. Қауіп-қатерге қарамастан олар алдыңғы шепте. Меніңше, дәрігерлерге көмектесу, олардың ыстық тамағын дер кезінде жеткізіп беру адамзатты ажалдан арашалағанмен пара-пар.

“ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСАҒАН КҮНІ СӘБИ СИЯҚТЫ ТӘТТІ ҰЙЫҚТАЙМЫН”

София Молодоженя, 26 жаста, сатушы, ерікті

София Молодоженя, ерікті.
София Молодоженя, ерікті.

Волонтерлікке ешкімді мәжбүрлеуге болмайды. Әр адам жүрек қалауымен келуі тиіс. Біреудің кішкентай баласы бар, біреу жұмысбасты болуы мүмкін. Ал енді біреу мораль тұрғысынан дайын емес шығар. Ол үшін ешкімді жазғыра алмайсың. Бұл нағыз еріктіні табу қиын деген сөз емес. Еріктілер санатына енбесе де, қаржылай қолдау көрсететін азаматтар өте көп. Олар болмаса, біз түк тындыра алмас едік.

Мен еріктілер қатарына осыдан екі жыл бұрын қосылдым. “AntiCovid-19” бірлестігіне қала тұрғындары аударған қаржыға жауаптымын. Бір тиынды ысырап қылған кезіміз жоқ. Ревизиялық комиссияға жүйелі түрде есеп береміз. Одан қалды әлеуметтік желі көмегімен демеушілерге де тындырған шаруаларымызды хабарлап отырамыз.

Волонтерлік менің өмірлік ұстанымыма айналды. Жақсылық жасаған күні сәби сияқты тәтті ұйықтаймын. Кейбір мемлекеттік органдар әрекетсіз отырған кезде адамдарға көмектесудің ләззаты мүлдем бөлек.

Қазір декреттемін. Жалғызбасты анамын. Еріктілер қатарына қосылғанға дейін өзімді қорғансыз сезінетінмін. Кейінгі кездері ол үрейден толық арылдым. Өйткені басыма қандай қиындық түссе де, командамның мені далаға тастамасына көзім әбден жетті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG