Accessibility links

"Сандж" зерттеуі: Қазақстанда Covid-ке шалдыққандар ресми деректен 37 есе көп


Коронавирустан қайтыс болғандарды жерлеуге арналған зират. Қараой ауылының маңы, Алматы облысы, 25 мамыр 2020 жыл. Азаттық зерттеуі зиратта ресми деректегіден көп адам жерленгенін көрсетті.
Коронавирустан қайтыс болғандарды жерлеуге арналған зират. Қараой ауылының маңы, Алматы облысы, 25 мамыр 2020 жыл. Азаттық зерттеуі зиратта ресми деректегіден көп адам жерленгенін көрсетті.

"Сандж" зерттеу орталығы Қазақстанда коронавирусқа шалдыққандардың шынайы санын зерттеу мақсатында сауалнама жүргізіп, Covid жұқтырғандар билік статистикасындағы науқас санынан 37 есе көп екенін анықтаған. Елдің барлық аймағынан іріктелген 9 282 адамды қамтыған сауалнама 1 қыркүйекке дейін халықтың 20 пайызы немесе 3,8 миллион адам коронавирус ауруына шалдыққанын көрсетіп отыр. Сарапшылар сондай-ақ пандемияның тұрмыстық салдарын да назарда ұстаған. Азаттық зерттеуді шолып, оны жүргізген орталықтың жетекшісі Жанар Жандосовадан сұхбат алды.

"ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНЫҢ 20 ПАЙЫЗДАЙЫ, АСТАНАНЫҢ ЖАРТЫСЫНА ЖУЫҒЫ АУЫРҒАН"

Зерттеудің басты цифры: биылғы қыркүйекке дейінгі жағдай бойынша Қазақстан халқының 19,2 пайызы, яғни 3 млн 757 мыңдай адам Covid не симптомдары соған ұқсас аурулармен ауырып шыққан. Бұл Қазақстандағы ресми статистика көрсеткішінен 37 еседей көп. Ауырғандардың көбі түрлі себептермен ресми түрде диагноз қойғыза алмаған. Оның басты себебі – денсаулық сақтау мекемелеріне тым көп салмақ түсуі және диагностика мүмкіндіктерінің шектеулілігі.

Қазақстанның ресми органдары 1 тамызға дейін пневмонияның түсініксіз түрімен ауырғандарды коронавирус статистикасының қатарына қоспай келді. Қазақстаннан шыққан "қауіпті пневмония" туралы әлемдік ақпарат құралдары, тіпті Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы айтқаннан кейін ғана коронавирусқа ұқсас пневмонияның бөлек статистикасы пайда болды.

"Сандж" сауалнамасы бойынша, Қазақстан халқының 4,6 пайызы, яғни 865 мыңдай адам Covid симптомдарымен, 3,8 пайызы (718 мыңдай адам) пневмония симптомдарымен, ал қалғаны симптомдары коронавирусқа ұқсас жедел респираторлық вирустық инфекция жұқтырып ауырған. Бұл үшін зерттеушілер сұралғандардың отбасындағы ауырған адамдар санын жалпы Қазақстан халқына шағып, орташа шаманы есептеп шығарған.

Зерттеу қорытындысына сенсек, Қазақстанда 1 млн 666 мың адам аурудың орташа және ауыр түрімен ауырған. Соның ішінде 318 мың адам қатты ауырған.

"Тек ауыр науқастарды есептесек, бір сәтте бізге стационарларда шамамен 146 мың орын керек болады. Қазір мұндай орындар саны – 49 мың, ал ресми статистика республикадағы барлық төсек саны 90 мың екенін айтып отыр. Демек, бізге кемінде тағы 96 мың орын керек болады. Сондықтан 2700 орынды қамтитытын 13 жаңа аурухана модулін салу шешімі орынды, дегенмен Covid-пен түскен науқастарды қабылдайтын ауруханаларды неғұрлым көп жабдықтаған тиімді болар" деп жазады сарапшылар.

Пандемия кезінде соғылып жатқан модульдік аурухана. Қазақстан, сәуір 2020 жыл.
Пандемия кезінде соғылып жатқан модульдік аурухана. Қазақстан, сәуір 2020 жыл.

Коронавирус симпомдары бар дертке шалдыққандар әсіресе астанада көп болған. Мамандардың қорытындысы бойынша, Нұр-Сұлтан тұрғындарының 44,6 пайызы осы індетті жұқтырған. Одан кейінгі орындарда Ақтөбе (34,2%) және Алматы облыстары тұр. Алматы мен Шымкентте, Павлодар, Жамбыл, Қарағанды облыстарында ауырған орташа деңгейден көп болған.

Наурыз-тамыз айларында, әсіресе жазда, орташа және қатты ауырған 1,6 млн адам нақты диагностикаға негізделген лайықты дәрігерлік көмекке мұқтаж болған. Өкінішке қарай, түрлі себептермен олар диагноз да қойғызбаған, медициналық көмек те ала алмаған.

Сауалнама қорытындысына қарасақ, әсіресе пневмониямен ауырғандар арасында ауыр науқас көп болған. Оның үстіне, пневмониядан айығу да Covid-ке қарағанда ұзақ жүрген. Науқастар көбіне екі аптадан екі айға дейін төсек тартып жатқан.

"АУЫРҒАНДАРДЫҢ 40 ПАЙЫЗЫ ӨЗІНЕ ӨЗІ ДИАГНОЗ ҚОЙҒАН"

"Сандж" зерттеу орталығының сараптамасына сенсек, әсіресе аймақтардағы тұрғындардың ауруы ұзаққа созылған, ал Алматы мен Нұр-Сұлтанда ұзақ ауырғандар аз. Мұны аймақтарда дәрі-дәрмектің, медициналық көмектің тапшылығымен және оның сапасымен түсіндіруге болатын шығар. Дегенмен, осы сараптама нәтижесі бойынша, әсіресе ірі қалаларда медицина қызметкерлерінің тапшы болғаны байқалады. "[Қалаларда] ауру көп болғандықтан, дәрігерлер мен медбикелер жетіспеді. Басқа елдімекендерге қарағанда, ауылдардағы [дәрігерлердің жетіспеуіне қатысты] жағдайды респонденттер анағұрлым жақсы бағалады" деп жазылған ғылыми зерттеуде.

Дәріхана алдында кезекте тұрған адамдар. Алматы, 29 маусым 2020 жыл.
Дәріхана алдында кезекте тұрған адамдар. Алматы, 29 маусым 2020 жыл.

Бұл зерттеу дәрігерден көмек алу мүмкін болмаған соң ауырғандардың көбі өз бетінше емделді деген пікірді қуаттай түседі. Сауалнама қорытындысы бойынша, диагноздың 28 пайызын учаскелік дәрігер, 14 пайызын жедел жәрдем дәрігері қойған. Ал ауырғандардың 40 пайыздан астамы өз-өзіне диагноз қоюға мәжбүр болған.

Диагноздардың 13 пайызы ғана ПТР тесті, 9 пайызы компьютерлік томографияның нәтижесінде қойылған, ал антидене анализі тек 3 пайызына жасалған. "Бұл, өкінішке қарай, Қазақстанда диагностика құралдарының жетіспейтінін және оның көп жағдайда сенімсіз болып шығатынын дәлелдейді" дейді авторлар.

Сұралғандардың басым бөлігі ПТР тест тапсырудың, компьютерлің томография жасатудың өте қиын, тіпті мүмкін емес болғанын айтқан. Халықтың көбі бұл қызмет түрлерінің өте қымбат екенін айтқан.

Жаздағы қиын кезеңде әлеуметтік желі қолданушылары ауру симпомдарын, қолданған дәрі-дәрмегін жазып, бір-бірімен көп ақпарат алмасқаны есте. Тіпті жоқ дәріні қайдан іздеу керегін де әлеуметтік желіден анықтап білгендер көп болы. Ғалымдардың зерттеуі де жұрттың медицина мекемелері немесе құзырлы органдар емес, әлеуметтік желіге көбірек сүйенгенін растайды. Сұралғандардың төрттен бірі ақпаратты әлеуметтік желіден алдық десе, 21 пайызы телевидениедегі ақпаратқа сүйенгенін айтқан. Дәріхана мен медицина мекемелеріне қарағанда, интернет пен көрші-қолаңның ықпалы көбірек болған. 1406 телефон нөмірі мен далада ілінген билбордтардың көмегі өте аз болған. Сондықтан сарапшылар көп ақша шығындап, көшеге үлкен ақпараттық билборд ілудің қажеті жоқ деп санайды.

"ӘР ОТБАСЫ КАРАНТИНГЕ ДЕЙІНГІ ТАБЫСЫНЫҢ ЖАРТЫСЫН ЖОҒАЛТҚАН"

"Сандж" зерттеу орталығының болжамына қарағанда, Қазақстандағы әр отбасы карантинге дейін алып келген табысының жартысынан айырылған. Әсіресе республикалық деңгейдегі қалалардағы тұрғындардың кірісі күрт азайған. Табысын көп жоғалтқандар арасында кәсіпкерлер, жекеменшік компанияларда істейтіндер, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар бар. Күнкөрісі нашарлағандар үлесі бойынша Ақтөбе (сұралғандардың 71 пайызы табысым азайды деген), Жамбыл (66,4%) облыстары және Нұр-Cұлтан қаласы (69,6%) алдыңғы орында тұр.

Маска таққан жігіт коронавирус пандемиясы кезінде азық-түлік жәрмеңкесінен бір қап пиязды әкетіп барады. Алматы, 17 қазан 2020 жыл.
Маска таққан жігіт коронавирус пандемиясы кезінде азық-түлік жәрмеңкесінен бір қап пиязды әкетіп барады. Алматы, 17 қазан 2020 жыл.

Кірісі азайған жұрттың дәрі-дәрмекке жұмсайтын ақшасы ұлғайған. Сөйтіп, ем-дом шығындары отбасы бюджетінің қомақты бөлігін иеленген. Ауырған адамдар бар бір әулет бір адамға орта есеппен 46,4 мың теңгеден қаржы жұмсаған. Қазақстан бойынша орта есеппен алғанда бұл отбасының жалпы табысының үштен біріне дейін жеткен. Жамбыл, Түркістан, Қостанай облыстарында әулеттің жалпы табысының басым бөлігі коронавирустан емделуге кеткен отбасы көп болған.

"САНДЖ" ЗЕРТТЕУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ ЖАНАР ЖАНДОСОВА: "ІНДЕТТІ БАҚЫЛАУ ҮШІН ӘЛЕУМЕТТАНУ ҒЫЛЫМЫНА КӨБІРЕК ЖҮГІНУ КЕРЕК"

"Сандж" зерттеу орталығының жетекшісі Жанар Жандосова. Архив суреті.
"Сандж" зерттеу орталығының жетекшісі Жанар Жандосова. Архив суреті.

Азаттық: Зерттеу нәтижесіне сенсек, Қазақстанда 3,7 миллиондай адам коронавируспен ауырған. Ал ресми мәлімет бойынша, бұл зерттеу жүрген тұста 100 мыңнан астам ғана науқас тіркелген. Бұл цифрды қандай әдіспен анықтадыңыздар? Бұған қаншалық сенуге болады?

Жанар Жандосова: Әлеуметтанушы ретінде айтар болсам, басқа статистикалық мәліметтерге қарағанда, осындай сауалнамалар арқылы алынған нәтиже нақтырақ болып шығады. Себебі ауруханаға елдің барлығы бармайды. Мен өзім де, айналамдағылар да ауырдық, ешқайсымыз ауруханаға барып қаралған жоқпыз. Денсаулық сақтау жүйесі бізді "көрген" жоқ. Өзіме компьютерлік томография жасаттым, симптомдарымды байқап, өзіме өзім дәрі-дәрмек тағайындадым. Өз бетіммен емделдім. Ауруханаға тек тыныстауы қиындағандар, қатты ауырғандар барды.

Статистика мен шынайы жағдай арасындағы айырмашылықты көрген соң осындай сауалнама жасайық деп шештік.

Азаттық: "Мемлекет мұнша адамның ауырғанын байқамай қалуы мүмкін емес" деп, сіздердің зерттеудің ғылыми дәлдігіне күмән келтіріп жатқандар бар. Жұмыста қателік кетті деп ойламайсыздар ма?

Жанар Жандосова: Статистикада іріктеме қаншалық көп болса сәйкессіздік соншалық аз болады деген түсінік бар. Біздің мәлімет бойынша, Covid жұқтырғандардың жартысында ауру жеңіл өткен, оларда тек жеңіл-желпі симптомдар болған. Көбі жөтеліп, аздап қызуы көтерілгенін, тынысы сәл тарылғанын айтады. Көпшілігі ауырдым деп ойламады, дәрігерге де қаралмады. Кейін анализ тапсырғанда Covid-ке антидене бар болып шыққан, олар ауырмаса антидене қайдан болады? Осының барлығы ауырғандар анағұрлым көп екенін аңғартты.

Біздің мәліметтер экономистер, түрлі дәрігерлер жасаған өзге де болжамдарға біршама жақын. Мәселен, Қайырғали Көнеев (медицина ғылымдарының кандидаты – Ред.) тіпті бұл цифр аз дейді, оның болжауынша Қазақстанда коронавируспен 4-5 миллион адам ауырған. 2,9 миллион адам ауырды деген де долбарлар бар. Мәселен, Айдын Рахымбаев (BI-group құрылыс холдингінің басшысы – Ред.) өз компаниясындағы қызметкерлердің 16 пайызы ауырғанын айтып, мұны бүкіл Қазақстанға көшіріп есептеді. Бірақ, оның компаниясы репрезентатитвті емес, себебі онда көбіне жастар жұмыс істейді, ал ауырғандардың көбі қарт кісілер. Ал біз сауалнамада қарттарды, жалғызбасты қарияларды ескеруге тырыстық. Сондықтан, біздің зерттеуге сенуге болады.

Байқасаңыз, біз зерттеуде Covid, певмония, жедел респираторлық вирустық инфекция диагноздары қойылғандарды, дәрігерлер диагноз қоя алмағандарды, мүлде тексерілмегендерді, барлығын бөлек есептедік.

Өзімнің де күмәнданған кездерім болды. Басында өзге бір себептен туындаған пневмония болуы мүмкін ғой деген ой болды. Бірақ, эпидемиологтардың көбі үлкен бір эпидемия келгенде ол басқа індеттерді ығыстырып шығаратынын айтады. Яғни, коронавируспен бәсекеге түсетіндей басқа аурулар болуы екіталай. Яғни, эпидемия келгенде көбі бір аурумен ауырады. Тіпті жедел респираторлық вирустық инфекция, диагнозы белгісіз аурулар мен өлімнің арасындағы корреляцияның өзі мұның барлығы коронавирус деген тұжырым жасауға негіз болады.

Азаттық: Зерттеу әдістеріне нақтырақ тоқталсаңыз, қандай әдістер қолданылды, сауалнама қалай жүрді?

Жанар Жандосова: Алдымен анкета көмегімен сауалнама жүргіздік. Бір адамға хабарласып, оның өзі туралы ғана сұраған дұрыс емес, оның әулетіндегі жақындарын, яғни бір үй шаруашылығын толық сұрастыру керек. Сауалнамаға жауап берген адам отбасының барлық мүшелері туралы айтады. Сауалнамада үй ішінде кімнің қалай, қанша уақыт ауырғаны, олардың жасы, жынысы бәрі сұралады. Біз ұялы телефонмен хабарластық, ал базамызда қарт кісілердің телефон нөмірі аз болды. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін сауалнамаға қатысқандардан "бөлек тұратын үлкен кісілер бар ма?" деп сұрадық. Үйінде бірге тұрмайтындарды атамай кетуі мүмкін, сондықтан біз бөлек тұратын қарттарды да қамти алдық. Қазақстандағы балалардың, жастардың, орта және қария жастағы адамдардың жалпы үлесі мен біздің іріктемедегі үлесі шамалас болып шықты.

Жұмыс дұрыс жүріп жатыр ма, жоқ па, соны тексеру үшін үнемі басқа көрсеткіштермен салыстырып отыру керек болды. Біздің іріктемедегі адамдар саны жалпы Қазақстандағы тұрғындар көрсеткішімен сай келе ме, ерлер мен әйелдер саны, олардың жасы, сауалнамаға қатысқан зейнеткерлер саны, басқа параметрлері толық тексерілді. Қайтыс болғандардың саны бойынша біздің цифрлар болып жатқан жағдайға өте ұқсас болды. Бұл біздің мәліметтер репрезентативті екенін байқатады. Сондықтан індеттің таралуын бақылау үшін әлеуметтану ғылымына көбірек жүгіну керек деп ойлаймын.

Коронавирустан қайтыс болғандарды жерлеуге арналған зират. Қараой ауылының маңы, Алматы облысы, 25 мамыр 2020 жыл.
Коронавирустан қайтыс болғандарды жерлеуге арналған зират. Қараой ауылының маңы, Алматы облысы, 25 мамыр 2020 жыл.

Себебі ПТР тестілері ауылды былай қойғанда, барлық облыста жеткілікті болған жоқ әрі тест тым сенімсіз болды, аурудың белгілі бір кезеңінде алынбаса, олар ештеңе көрсетпейді. Сондықтан ресми статистикаға ғана сүйене алмаймыз. Бәрібір адамның жай-күйіне, оның ауырған жеріне қарап ем жасайды, осы тұрғыдан алғанда біз ең алдымен адамның өзіне, оның пікіріне, яғни әлеуметтану зерттеулеріне құлақ асуымыз керек. Ол статистикаға айналса, өте сенімді болады, себебі ол субъективті ғана емес, ол үлкен сандар заңына бағынады, оның өз дәлдік критерийлері бар.

Азаттық: Сіздердің зерттеулеріңізге сенсек, коронавирус Қазақстанға былтыр желтоқсанда-ақ келген сияқты...

Жанар Жандосова: Иә, жауап бергендер арасында желтоқсанда осындай симптомдармен ауырдым дегендер болды. Бірақ олар өте аз. Қаңтар, ақпан айларында олар 1 пайызға әзер жетті. Наурызда 4-5 пайызға, ал шілдеде 46 пайызға жетті. Қыс айларында өз бетімен ауырғандарды ешкім байқаған жоқ, ешкім оларға ондай диагноз қойған да жоқ.

Азаттық: Үкіметке, шешім қабылдайтын органдарға қандай ұсыныстар бар?

Жанар Жандосова: Біз медициналық қызметтің сапасы, 42 500 теңгелік әлеуметтік көмек туралы да сұрадық. Бұған қоса, "[көп адамның ауырғаны үші] жауапкершілік кімнің мойнында?" деген де сауал қойдық. Жауап бергендердің басым бөлігі орталық үкімет толық ойластырылмаған шешімдер қабылдады деді. Орталықтандырылған мемлекет болғандықтан, билікте қабылданған басты шешімдер денсаулық сақтау саласындағы басшылыққа да, жергілікті үкіметтерге де көп ықпалын тигізеді.

Наурыз-тамыз айларында Қызылорда, Жамбыл сияқты көп адам өзін өзі еңбекпен қамтыған аймақтарда табысынан айырылғандар өте көп болды, кейде тіпті олардың дәрі-дәрмекке жұмсайтын ақшасы табысынан асып түсті. Есесіне, ресми жұмыс орындары көбірек Павлодар облысы, Нұр-Сұлтан қаласы жәрдемақыны көп алды. Үкімет осы жағдайдан сабақ алуы керек.

Жамбыл облысында жәрдемақы алғандар аз болды әрі олар басқалардан ұзақ ауырды. Бұл екі жағдайдың арасында байланыс бар. Бұл облыста адамдар 2 аптадан көп ауырған, арасында 1-1,5 ай ауырғандар көп болған. Олардың дәріге ақшасы болмады, тамақтары да жетпеді, витаминге бай жеміс-жидек жей алмады. Себебі олардың жақсы тамақтануға мүмкіндігі болмады. Індеттің келесі толқынында осы жайттан сабақ алған жөн.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG