Accessibility links

Жеңілгенін мойындамаған Трамп президент қызметін өткізу рәсімін бастауға келісті


АҚШ президенті Дональд Трамп Стерлингтегі Ұлттық гольф клубында гольф көлігінде отыр. Вирджиния, 22 қараша 2020 жыл.
АҚШ президенті Дональд Трамп Стерлингтегі Ұлттық гольф клубында гольф көлігінде отыр. Вирджиния, 22 қараша 2020 жыл.

23 қараша күні АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі мемлекет басшысы қызметін 3 қарашадағы сайлауда жеңіске жеткен Джо Байденнің командасына өткізу процесін бастауға келісті.

Ақ үйдегі Жалпы қызмет әкімшілігінің басшысы Эмили Мерфи демократ Джо Байденге хат жолдап, 20 қаңтардағы президент инаугурациясының алдында президенттік лауазымды қабылдау процесін бастай алатынын мәлімдеді. Әкімшілік – президенттің ауысуын мақұлдайтын тәуелсіз федералды агенттік.

Енді Байденнің командасы үшін федералдық агенттіктерге жол ашылады, шенеуніктермен ресми байланыс орнатуға мүмкіндік беріледі және биліктің ауысуына қажет ақша бөлінеді. Сонымен бірге Байден мен оның вице-президенттікке ұсынған серігі Камала Харрис ұлттық қауіпсіздік жөніндегі шолуларды алып отырады.

БҰЛ ҚАДАМ ТРАМПТЫҢ САЙЛАУ НӘТИЖЕСІН МОЙЫНДАУЫН БІЛДІРЕ МЕ?

АҚШ-тың қазіргі президенті Дональд Трамп 3 қарашада өткен сайлаудың қорытындысын мойындаудан әлі де бас тартып отыр, бірақ Жалпы қызмет әкімшілігінің президенттікті өткізуді бастау туралы шешімімен келісетінін айтты.

"Мен елдің мүддесі үшін Эмили мен оның командасының бастапқы хаттамаға қатысты қажет шараларды қабылдауын ұсынамын және өз командама осыны істеуді тапсырдым" деп жазды Трамп Twitter-де.

Ал Эмили Мерфи Байденге жазған хатында оны сайланған президент деп атамаған. АҚШ-та қызметіне ресми түрде кіріспеген президенттер "сайланған президент" (president-elect – ред.) мәртебесімен аталады.

Reuters агенттігінің жазуынша, Сенаттағы демократтардың жетекшісі Чак Шумер "Бұл бәлкім президент Трамптың [жеңілгенін] мойындауына мейлінше жақын мәлімдемесі болар" деп айтқан.

Шешім Трамп заңгерлері дауласып отырған штаттардың екеуі – Пенсильвания мен Мичиганда сайлау нәтижесі Джо Байденнің пайдасына шыққаны расталған соң қабылданған. Бұл екі штат Байденді жеңімпаз жариялауда шешуші рөл атқарды. Пенсильванияда 20, Мичиганда 16 электор бар. Дауыс санауды өзгелерден кештеу аяқтаған бұл екі штатта басында Трамп алда келе жатқан, кейін Байден озып кетті. Сөйтіп демократ кандидат 36 электордың дауысын алды.

ПРЕЗИДЕНТ ҚЫЗМЕТІНІҢ АУЫСУЫ НЕ СЕБЕПТІ ҮЛКЕН МӘСЕЛЕГЕ АЙНАЛДЫ?

АҚШ-та төрт жыл сайын өтетін президент сайлауы биыл коронавирус індетінің өршуіне тұспа-тұс келді. Covid инфекциясын жұқтырғандардың жалпы саны жөнінен әлемде бірінші орында тұрған да – АҚШ. Дәл қазір әлемде 60 миллионға жуық адам вирус жұқтырса, оның 12 миллионнан астамы – осы елдің тұрғыны. Сайлау алдында індеттің өршуіне байланысты көптеген штат қашықтан дауыс беру құқығын жалпыға бірдей етті. Осыған дейін ерекше жағдайда ғана рұқсат берілетін бұл мүмкіндікті коронавирусқа байланысты кез келген азамат пайдалана алатын болды. Қашықтан дауыс беру көбіне бюллетеньді поштамен жіберу арқылы іске асырылады деп хабарланды. Трамп қашықтан дауыс беруге қарсы болып, штаттардың бұл шешіміне шүйлікті. Сарапшылар қашықтан дауыс беру кезінде демократтар дәстүрлі дауыс беруге қарағанда көбірек дауыс алады деп болжаған.

Сайлау 3 қараша күні өтті. Бірақ поштамен жіберілген хаттарды санау бірнеше күнге созылып, жеңімпаз тек 7 қараша күні бір-ақ анықталды. Сайлаудан бір күн өткенде дауыс санау нәтижесі белгілі болған штаттар бойынша Байден алда тұрды, бірақ шешуші штаттарда Трамп озып келе жатты. Сайлауға байланысты пошта қызметіне салмақ түсіп, хатпен жіберілген бюллетеньдердің бір бөлігі кешігіп жетті. Дауыс нәтижесі кейінірек шыққан штаттардың көбі сайлаудан кейін келген бюллетеньдерді де есепке алды. Сөйтіп ең соңында құбылмалы штаттарда Байден жеңіске жетіп, жалпы саны 306 электордың дауысын алды. Ал президент болып сайлану үшін оған 270 дауыс керек еді. Трампқа 232 электор қолдап дауыс берілді.

Трамп "дауыс ұрланды" деп бірнеше штатта сотқа жүгінді, Байденді жеңімпаз деп мойындаудан бас тартты. Ал оның әкімшілігі президент қызметін өткізу рәсімін бастаудан тартынып келді.

ПРЕЗИДЕНТТІКТІ ӨТКІЗУ РӘСІМІН УАҚТЫЛЫ БАСТАУДЫҢ МАҢЫЗЫ НЕДЕ?

Президенттікті өткізу рәсімі ресми басталған соң, Байден мен оның командасына ұлттық қауіпсіздік шолуларынан бөлек Ақ үйден орын беріледі және мемлекеттік электронды поштадан аккаунт ашуға жол ашылады. Сондай-ақ президенттікке қабылдап алу үшін 6,3 миллион доллар бөлінеді. Осыған дейін Байден қажет ақшаны науқан арқылы жинап жүрді.

АҚШ-тың жаңа сайланған президенті Джо Байден Делавэр штаты Уилмингтон қаласындағы транзиттік штаб-пәтерінен шығып барады. 23 қараша 2020 жыл.
АҚШ-тың жаңа сайланған президенті Джо Байден Делавэр штаты Уилмингтон қаласындағы транзиттік штаб-пәтерінен шығып барады. 23 қараша 2020 жыл.

Guardian басылымы жаңа сайланған президенттің қорғанысы мықты үкіметтік поштаны және байланыс құралдарын пайдалануы Ресей мен Қытайдан хакерлік шабуылдар күшейіп тұрған тұста аса маңызды деп жазады.

Жаңа президенттің командасы Ақ үйге келіп түсетін құпия не әлі жарияланбаған деректермен де таныса алады. Осыған дейін Байден Covid жөніндегі деректермен және вакцинация жоспарымен танысуға тезірек рұқсат берілуін сұраған.

ПРЕЗИДЕНТТІКТІ ӨТКІЗУ РӘСІМІ НЕЛІКТЕН КЕШІРЕК БАСТАЛДЫ?

Байденге жазған хатында Жалпы қызмет әкімшілігінің басшысы Эмили Мерфи шешімінің кешігуіне Ақ үйдің ықпал етпегенін, баспасөзде жазылғандай бойын үрей билемегенін, ешкім бұра тартпағанын айтты. Мерфи мемлекеттік игіліктерді жаңа сайланған президентке табыстау үшін "Президенттің ауысуы туралы" 1963 жылға заңға сүйенетінін, бірақ онда сайлау нәтижесі дауға қалған жағдайда не істеу керегі жазылмағанын мәлімдеді.

"Өзіңіз білетіндей, Жалпы қызмет әкімшілігі президент сайлауының жеңімпазын анықтамайды да, растамайды да. Аталған заң аясында, Жалпы қызмет әкімшілігінің рөлі өте тар: президенттің ауысуына байланысты ресурстар мен қызметтерді қолжетімді ету" деді Мерфи Байденге жазған хатында.

Мерфи бұл шешімге келмес бұрын осының алдындағы сайлауларда болған даулы жағдайларды қарастырғанын айтты. Guardian басылымының жазуынша, Мерфиді жақтаған республикашылдар 2000 жылғы сайлауды мысалға келтірген. Альберт Гор мен Джордж Буш тартысқа түскен сайлауда Флорида штатының нәтижесі даулы болған еді. Бірақ Байденнің командасы "ол кезде екі кандидаттың арасы 500 ғана дауыс болды, ал Трамп даулап отырған штаттарда Байден мыңдаған дауыспен алда тұр" деген уәж айтты.

ҚОЛ ҚУСЫРЫП ОТЫРҒАН БАЙДЕН ЖОҚ

Джо Байден Жалпы қызмет әкімшілігінің шешімі шықпай тұрып-ақ шешуші лауазымдарға кандидаттарын ұсына бастаған. АҚШ-тың 46-президенті мемлекеттік хатшы қызметіне Энтони Блинкенді ұсынып үлгерді.

Сенаттың мақұлдауын алған жағдайда Блинкен Трамптың төрт жыл бойғы "Бірінші кезекте Америка" саясатын өзгертіп, АҚШ-тың одақтастары мен бәсекелестерімен қарым-қатынастағы "түйткілдерді" шешіп, қалпына келтірумен айналысады.

Байден 24 қарашада алғашқы тағайындауларын хабарлай бастайды. Бұрынғы мемлекеттік хатшы Хиллари Клинтонның көмекшісі Джейк Саливан Байденнің ұлттық қауіпсіздік мәселелері бойынша кеңесшісі болады деп айтылды.

Бұрынғы мемлекеттік хатшы Джон Керри климат мәселелері бойынша президенттің арнайы уәкілі қызметіне ұсынылып отыр. Байден Климат жөніндегі Париж келісіміне қайта қосылуды көздеп отыр. АҚШ Трамптың билігі кезінде бұл келісімнен шығып кеткен.

Линда Томас-Гринфилд АҚШ-тың БҰҰ-дағы елшісі қызметіне, Аврил Хэйнс Ұлттық барлау қызметінің жетекшісі қызметіне ұсынылды. Хэйнс бұл қызметті атқаратын алғашқы әйел болмақ. Миграция мәселелерімен айналысатын Ішкі қауіпсіздік қызметінің басшысы қызметіне Алехандро Майоркас тағайындалмақ.

АҚШ президенті әкімшілігіндегі шешуші лауазымдардың барлығын сенат мақұлдауы тиіс.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG