Accessibility links

"Абайды Назарбаевқа айырбастамаймыз". Кешен мен көшеге экс-президенттің атын беруге қарсылық


"Абай арена" спорт кешені жанындағы автобус аялдамасы. Семей, 18 наурыз 2021 жыл.
"Абай арена" спорт кешені жанындағы автобус аялдамасы. Семей, 18 наурыз 2021 жыл.

Қазақстанда тағы бір нысан мен көшеге экс-президенттің есімін беру туралы бастама қарсылыққа тап болды. Нұрсұлтан Назарбаев президент болып тұрған кезде облыс орталығы мәртебесінен айырылып, Шығыс Қазақстан облысы құрамындағы қала болып қалған Семейде "Абай арена" деген спорт кешенінің атауын "Елбасы аренаға" айырбастауға келіспейтіндер шығып отыр.

БАСТАМАНЫҢ АТЫ АТАЛҒАН ЖӘНЕ АТАЛМАҒАН АВТОРЛАРЫ

Кейінгі күндері Семейдегі Қарағайлы деп аталатын жаңа ықшамаудандағы сырты әйнектен жасалған спорт кешені интернеттегі қызу талқының негізгі тақырыбына айналды. Бұған екі жыл бұрын Семейде ашылған, Шығыс Қазақстан аймағында туып-өскен әйгілі қазақ ақыны Абай Құнанбайұлының құрметіне "Абай арена" деп аталған спорт кешенінің атауын "Елбасы арена" деп өзгерту туралы ұсыныс себеп болған. "Елбасы" немесе "ұлт көшбасшысы" – Қазақстанды отыз жылға жуық басқарып, 2019 жылы 19 наурызда мерзімінен бұрын президенттік қызметінен кеткен Нұрсұлтан Назарбаевқа берілген ресми титул.

"Белгілі спортшылар мен халыққа еңбегі сіңген қайраткерлер" бастап, жергілікті билік қоштаған ұсыныс ел ішінде қолдау таппады. Халық спорт кешені орналасқан Қарағайлы ықшамауданындағы аты жоқ көшені Назарбаев даңғылы деп атауға да қарсы.

"Абай арена"спорт кешені. Семей, 18 наурыз 2021 жыл.
"Абай арена"спорт кешені. Семей, 18 наурыз 2021 жыл.

– Бұрынғы президент облысымызды жойып жіберді, Семей полигонынан зардап шеккен адамдарға өтемақы төлеп, ерте зейнетке шығуға көмектесетін 1992 жылғы үкімет қаулысын тоқтатып қойды. Осыдан кейін тіпті кішкентай көшенің өзіне оның атын қалай береміз? – дейді семейлік белсенді Кенжебек Сұлтанбеков.

Сұлтанбеков – 17 наурызда спорт кешені мен көше атауын ауыстыруға қарсы петиция жариялау мәселесін талқылауға жиналған қоғам өкілдерінің бірі. Ол жиналғандармен бірге әкімдік, мәслихат, Назарбаев басқаратын билік партиясы "Нұр Отанға" хат жазды. Хат авторлары спорт кешені мен көше атауын өзгертпеуді талап еткен.

Бір күн бұрын Семей қалалық мәслихаты әлдебір "бастамашыл топтан" Назарбаевтың мемлекет құрудағы еңбегін ескеріп, спорт кешені мен көшеге елбасының атын беру туралы хат келгенін хабарлаған. Жергілікті өкілдік орган мәслихаттың алдағы сессиясында бұл ұсынысты қарап көретінін, депутаттар бұл мәселені жиынның күн тәртібіне қосуды бірауыздан қолдап, талқылауға онлайн және оффлайн он мың адам қатысқанын мәлімдеген.

Кенжебек Сұлтанбеков "10 мың адам қайдан шықты?" деп таңғалады.

– Қаланың қоғамдық өміріне белсенді қатысатын спорт ардагерлері, жазушылар, журналистер, белсенділер, қоғамдық кеңес мүшелері сияқты адамдардың бәрінен сұрадым. Ешкім бұл туралы білмейді, олар да бұл бастамаға қарсы. Неге бәрі құпия жүріп жатыр? Кімнің пайдасы үшін? – дейді Кенжебек Сұлтанбеков.

"ҚОЛДАЙМЫН" ДЕГЕН БІРДЕЙ ПІКІРЛЕР

Бастама ұсынылған кезде Facebook әлеуметтік желісіндегі Семейдің әлеуметтік мәселелері талқыланатын "ЖКХ Семей" тобында спорт кешені мен "көше атауын ауыстыруды қолдаймын не қарсымын" деген дауыс беру басталды. Нәтижесі – 50/50. Ұсынысты негізінен Семей қаласы әкімдігінің қызметкерлері, депутаттар, Никольск ауылдық округі, Шығыс Қазақстандағы Зайсан, Шемонаиха, Күршім, Глубокое, Бесқарағай және өзге де аудан мен қала әкімдіктерінің ресми парақшалары қолдаған. Одан бөлек, "Facebook-тегі жаңа парақша" деген белгісі бар бос парақшалардан көп дауыс берілген. Пікір қалдырған азаматтар осыған назар аударып, дауыс берушілердің көбін "боттар" деп атады.

Жаңадан салынған Қарағайлы ықшамауданы. Семей, 18 наурыз 2021 жыл.
Жаңадан салынған Қарағайлы ықшамауданы. Семей, 18 наурыз 2021 жыл.

Әлеуметтік желідегі мұндай олқылықты семейлік белсенді Нұрбек Рахимов та байқаған. Ол қала әкімдігінің Instagram-дағы ресми парақшасында спорт кешені мен көше атауын ауыстыру туралы жаңалықтың астына Семейде тұрмайтын көп адам ұсынысты қолдап, пікір жазғанын айтады.

"Бізде тағы да біреу әлеуметтік желіде позитивті пікір жазу бойынша лот ұтып алған ба?" дейді Рахимов әзілдеп.

Жазбаның астында бірдей "Қолдаймын" деп жазылған 200-ден астам пікір бар.

Азаттық тілшісі пікір алу үшін Семей қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Айбек Саматқа хабарласып көрді. Ол телефон тұтқасын көтерген бойда бірден мәслихатқа хабарласуға кеңес берді. Бөлім басшысы қала, аудан, округ әкімдіктері қызметкерлерінің дауыс беріп, ұсынысты жақтайтын пікір жазғаны туралы сұрақты соңына дейін тыңдамай, телефонын "күту" режиміне ауыстырып қойды. Осыдан кейін Айбек Саматпен байланысу мүмкін болмады.

Аталған бастаманың авторы саналатын мәслихат депутаты Айбек Нұғымаров "уақыты жоғын" айтып, Азаттық тілшісінің сұрағына жауап беруден бас тартты. Ол осыған дейін жергілікті ақпарат құралына берген сұхбатында мәслихатқа жіберілген хатқа "қаладағы белсенділердің бәрі қол қойды" деген, бірақ нақты ешкімнің атын атамаған.

Екі жыл бұрын Қазақстан қалаларында көшелерге Назарбаевтың атын беру науқаны жүрген кезде Семейде ешқандай өзгеріс болмаған. Ол кезде Назарбаевтың орнына билікке келген Қасым-Жомарт Тоқаев президент қызметіне кіріскен бойда Астана атауын Нұр-Сұлтан деп өзгертіп, облыс орталықтарындағы бас көшелерге Назарбаевтың атын беруді ұсынған. Жергілікті атқарушы органдар президенттің сөзін бұлжытпай орындап, көп ұзамай Достық, Бейбітшілік, Жібек жолы деген көшелердің атауы "Назарбаев" болып өзгерген.

1997 жылы өңірдің (Семей облысы жойылып, Шығыс Қазақстан облысының құрамына кірді) әкімшілік орталығы мәртебесінен айырылған Семей бұл шаралардан тыс қалды. 320 мың халқы бар қалада бұрынғы президентке ескерткіш қойылмаған, оның аты берілген мұражай мен көше де жоқ. Қаладағы белсенді тұрғындардың "Мына ессіздік пен жағымпаздықтың шеті мен шегі жоқ па?", "Назарбаевшылдықты үрлеуді қоятын кез жеткен шығар?" деген пікірлеріне қарағанда, олар да көше мен нысанға бұрынғы президенттің есімін беруді қолдамайтын сияқты.

"Абай аренаны" "Елбасы арена" деп ауыстырған жөн бе? Депутаттар пікірі

Семейде "Абай арена" атауын "Елбасы арена" деп ауыстырған жөн бе? Депутаттардан сұрадық
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:37 0:00

"ЕЛБАСЫ" ДА "ҚАРСЫ"

Семей тұрғындарының қарсылығы мен әлеуметтік желідегі сыни пікірлерден кейін бұрынғы президент Назарбаевтың баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Twitter-ге "Елбасы үнемі өзіне қарата айтылған осындай "құрметке" қарсылық білдіреді. Н.Назарбаевтың пікірінше, спорт алаңы қазақтың ұлы ақыны әрі философының атында қалуы керек" деген хабарлама жариялады.

Үкібай Назарбаевтың көшелерге өзінің атын беруге қалай қарайтыны туралы ештеңе айтқан жоқ.

Қазақстанда көшелерден басқа, астанадағы халықаралық әуежай, университет, мектептер, спорт мекемелері Назарбаевтың атымен аталады. Бірнеше қалада бірінші президент саябағы, астанада бірінші президент кітапханасы, бірінші президент мұражайы мен Назарбаев орталығы бар. Бұған қарсы азаматтар елде Назарбаевтың жеке басына табыну қалыптасқанын, бұрынғы президент отставкаға кеткенімен, кең құзыреті мен мемлекеттік аппаратқа ықпалын сақтап қалғанын айтады.

Бұрын Назарбаев қоғам алдында еңбегінің елеп-ескерілгенін ұнататынын бірнеше рет айтқан. Сәуірде өткен бір отырыста мінберден сөйлегендер бұрынғы президентті мадақтап жатқанда ол "30 жыл бекер тер төкпей, бірнәрсе істеген екенмін деп ойлаймын. Адамбыз ғой, бәрібір жағымды [естіледі]" деген.

"Сізді көрсем, жүрегім жиі соғады". Назарбаевты мақтап, қызметі өскендер

"Сізді көрсем, жүрегім жиі соғады". Назарбаевты мақтап, қызметі өскендер
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:25 0:00

– Назарбаев – өте мәнсапқұмар адам. Сондықтан маңайындағылар оның осы әлсіздігін пайдаланады. Қаланың, әуежайдың, мектеп және көше атын ауыстыру дәстүрге айналды. Назарбаевтың айналасында отырған адамдар өзіне қандай да бір жеңілдік сұрап немесе бұрынғы президенттің көңіліне жағу үшін осындай бастамалар көтереді. "Айналамда жеке басқа табынушылықтың болуына жол бергім келмейді" деген [үндеу] айтылғанымен, көше атауына қатысты пікір берілген жоқ, бұл – тактикалық кері шегініс. Спорт кешенінің атауы өзгермесе, бұл олардың аталған мәселеде асыра сілтемеуге тырысқанын көрсетеді. Бірақ ерте ме, кеш пе, мұндай бастамалар басқа қалаларда да көтеріледі. Өйткені саяси элита мен Назарбаевтың айналасындағылар оның әлсіздігін пайдаланатын болады. Жеке тұлғаға бағытталған авторитарлы диктатура орнаған мемлекетте мұндай бастамалар бәрібір болады, – дейді қазақстандық саясаттанушы Димаш Әлжанов.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG