Accessibility links

Допинг дауы. Қазақстандық ауыр атлет Рахимов Рио олимпиадасының алтынын қайтарып береді


Нижат Рахимов Рио олимпиадасында. 10 тамыз 2016 жыл.

22 наурызда Спорттық арбитраж соты (CAS) қазақстандық ауыр атлет Нижат Рахимовтің допинг мәселесіне қатысты ісін қарап, Рио олимпиадасындағы алтын медалін қайтарып алу туралы шешім шығарды. Атлет сегіз жылға спорттан да шеттетілді.

CAS Рахимов "рұқсат етілмеген әдіс арқылы допинг ережесін бұзған" деген шешімге келген.

Рахимовтің 8 жылдық шектеу жазасы 2021 жылдың 18 қаңтарынан басталады. Сондай-ақ 2016 жылдың 15 наурызы - 2021 жылдың қаңтары арасындағы барлық нәтижесі жойылады. Рахимов екінші рет допинг ережесін бұзды деп айыпталғандықтан сегіз жылға спорттан аластатылды.

Әзербайжанда туып, Қазақстан азаматтығын алған атлет 2016 жылы тамызда Рио олимпиадасында 77 келіде чемпион атанған еді.

Былтыр 18 қаңтарда Халықаралық ауыр атлетика федерациясы (IWF) мен Халықаралық допинг сынағы агенттігі (ITA) Нижат Рахимовке 2016 жылдың ішінде антидопинг ережесін бұзып, "несеп анализін ауыстырған" деген айып таққан. Осы айыптан соң Рахимов бірден жарыстардан шеттетілген. Ал IWF Спорттық арбитраж сотына шағым түсірген. Рахимов желіге видеолар жариялап, барлық айыпты жоққа шығарып келген.

Рахимов Рио олимпиадасында жұлқа көтеруде 165 келі, серпе көтеруде 214 келі (сол кездегі әлем рекорды), қос жаттығу бойынша 379 келі еңсеріп, олимпиада чемпионы атанған еді.

Нижат Рахимов Рио олимпиадасында. 2016 жылдың тамызы.
Нижат Рахимов Рио олимпиадасында. 2016 жылдың тамызы.

Қазақстан Рио олимпиадасында үш алтын, бес күміс, он қола медальмен жалпы есепте 22-орын алған. Енді Рахимов алтынын қайтарып берсе, Қазақстанның Рио олимпиадасындағы нәтижесі екі алтын, бес күміс, он қолаға өзгеріп, жалпы есепте 31-орынға сырғиды.

Барлық сот процесі күшіне енген соң Рахимовтің Рио олимпиадасындағы алтыны қытайлық Люй Сяоцзюньге (Риода күміс алған) берілуі мүмкін. Риода қола иеленген египеттік Мохаммед Ахмед Махмуд күміс жүлдені, төртінші орын иеленген таиландық Чатупум Чиннавонг қола медаль алуы тиіс. Жүлдені қайта үлестіру жұмыстарын IWF пен Халықаралық олимпиада комитеті жүргізеді.

Қазақстан ауыр атлетика федерациясы, елдің ұлттық олимпиада комитеті CAS шешіміне қатысты әзірге ресми мәлімдеме таратқан жоқ.

"ҰСТАНҒАН ДІНІМ АРҚЫЛЫ ЖЕҢІСКЕ ЖЕТТІМ". НИЖАТ РАХИМОВ КІМ?

27 жастағы Рахимов Әзербайжанның Баку қаласында туған. Алғашында Әзербайжан құрамасының атынан халықаралық жарыстарға қатысып, 2010 жылы Сингапурде өткен жасөспірімдер олимпиадасында чемпион атанған.

Рахимов бұған дейін де допинг дауына ілінген. IWF Рахимовті "рұқсат етілмеген препарат қолданды" деп айыптап, екі жылға – 2013 жылы маусымынан 2015 жылдың маусымына дейін жарыстардан шеттеткен. 2014 жылы Рахимов Әзербайжан ауыр атлетика құрамасының бапкерлерімен жанжалдасып, Қазақстан азаматтығын қабылдады.

Рахимов 2016 жылы Рио олимпиадасына Қазақстан құрамасы атынан қатысып алтын алғанда батыс басылымдары оның жеңісіне күмән келтірген еді.

Риода қола иеленген египеттік Мохаммед Махмуд "допинг тексерістен кейін [медаль иегерлері бойынша] бойынша өзгеріс болуы мүмкін. Допинг шектеуінен оралып, қысқа уақыттың ішінде осындай салмақты көтеру мүмкін емес" деген. Сол кезде Рахимов Азаттыққа Египет атлетінің сөзін жоққа шығарып, "мен тазамын, басқа айтылып жатқан сөздерге сенбеймін". Бұған қоса, Рахимов батыс басылымдарына "жеңіске ең әуелі ұстанған дінім мен қатаң жаттығу кестелері арқасында жеттім" деп айтқан.

ҚАЗАҚСТАН АУЫР АТЛЕТИКАДАН АЛТЫНШЫ ОЛИМПИАДА АЛТЫНЫН ҚАЙТАРЫП БЕРМЕК

Қазақстан ауыр атлеттерінің допинг дауына байланысты олимпиаданың алтыншы алтынын қайтарып берді.

2016 жылы Халықаралық олимпиада комитеті 2008 жылы Пекинде және 2012 жылы Лондонда өткен олимпиаданың допинг сынамаларын қайта тексерген. Бұл тексеру кезінде 49 ауыр атлеттің анализінен допинг табылған. Олардың басым бөлігі - постсоветтік елдердің, Қытай, Болгария, Түркия атлеттері.

"Қайта тексеру" кезінде Пекин және Лондонда чемпион атанған қазақстандық ауыр атлеттер допинг қолданды деп айыпталып, жүлделерін қайтарып берген.

  • Илья Ильин 2008 жылғы Пекин және 2012 жылғы Лондон олимпиадасының алтынын қайтарды.
  • Мая Манеза Лондон олимпиадасының алтынын қайтарды.
  • Зүлфия Чиншанло Лондон олимпиадасының алтынын қайтарды.
  • Светлана Подобедова Лондон олимпиадасының алтынын қайтарды.
  • Мария Грабовецкая Пекин олимпиадасының қоласын қайтарып берді.
  • Пекин мен Лондон олимпиадасына қатысқан Владимир Седов пен Алмас Өтешов те допинг қолданды деп айыпталған.

IWF шешімімен Илья Ильин, Зүлфия Чиншанло, Мая Манеза екі жылға, Светлана Подобедова сегіз жылға спорттан шеттетілді. Төртеуінің де жазасы 2016 жылдың маусымынан басталып есептелді. 2018 жылы жаза уақыты аяқталған соң Ильин мен Чиншанло спортқа оралған. Бірақ Ильин 2020 жылы Токио олимпиадасы пандемияға байланысты кейінге шегерілген соң спорттан кететінін жариялады. Чиншанло Токио олимпиадасына қатысып, қола медаль иеленді.

Рахимов пен ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасының сол кездегі бас бапкері Алексей Ни Рио олимпиадасында. 10 тамыз 2016 жыл.
Рахимов пен ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасының сол кездегі бас бапкері Алексей Ни Рио олимпиадасында. 10 тамыз 2016 жыл.

Ұлттық құрамадағы допинг дауының көбі Алексей Ни бас бапкер кезінде болды. Сарапшылар мен жанкүйерлер спортшылардың допинг дауына ілінгеніне осы маманды айыптайды.

Олимпиадада алтын алған атлеттер, оның ішінде Нижат Рахимов те бар, мемлекеттен 250 мың доллар сыйақы, пәтер, автокөлік алған еді. Кейін олар допингпен ұсталған соң жұрт спортшылардан ақшаны қайтарып алуды талап еткен. Бірақ билік допингпен ұсталған спортшылардың сыйақысын қалдырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG