Қазақстандық журналист Динара Егеубаева өзіне жүйелі түрде қысым көрсетіліп жатқанын мәлімдеп, әлеуметтік желілерде ұлына бағытталған қудалауға толымды тексеру жүргізуді мемлекеттік органдардан талап етті.
Динара Егеубаева 18 тамызда Instagram-парағында жариялаған мәлімдемесінде қоғамдық және кәсіби қызметі үшін өзіне қарсы қысымның күшейгенін, кейінгі уақытта әлеуметтік желілердегі шабуылдар нысанасына өзінің жұмысына еш қатысы жоқ ұлы алынғанын айтқан.
"Ең осал тұсты әдейі нысанаға алып отыр"
Ол мұндай жағдай алғаш рет емес екенін, 2023 жылы Қазақстан парламенті депутаттығына кандидат ретінде өзін ұсынған кезде ұлына қарулы шабуыл жасалғанын және оны баласының өміріне қастандық жасау деп бағалайтынын мәлімдеді. Журналист ол оқиға бойынша тергеу аяқсыз қалғанын, оған қатысы барлар сол күйі анықталмағанын еске салған.
Мәлімдеме авторы ұлының өміріне, денсаулығына, қауіпсіздігіне немесе бостандығына қатысты кез келген әрекетті өзіне қарсы жүргізіліп жатқан қысым науқанының жалғасы ретінде қабылдайтынын жеткізді. Журналист мұндай арандатулардың салдары болса, ол үшін жауапкершілікті осы науқанды ұйымдастырған деп санайтын адамдарға жария түрде жүктейтінін мәлімдеді.
Егеубаева ұлы Литва Республикасының азаматы екенін, Литваның Қазақстандағы елшілігіне болған жағдай мен қауіпсіздікке төнеуі мүмкін қатерлер туралы хабарлағанын айтты.
Бұған қоса Егеубаева өзінің және ұлының жеке деректері олардың келісімінсіз таралып жатқанын мәлімдеді. Ол мұны әлеуметтік желідегі қудалаудың бір бөлігі ғана емес, Қазақстанның жеке деректерді қорғау туралы заңын бұзу деп бағалады.
Журналист балаларды қоғамдық тұлғаға қысым көрсету құралы ретінде пайдалану "жол беруге болмайтын тәжірибе" екенін айтып, мұндай әрекеттердің артында тұрғандар адамдардың ең осал тұсын әдейі нысанаға алып отыр деп мәлімдеді.
Динара Егеубаева Қазақстанның құқық қорғау органдарынан өзін және ұлына қарсы әлеуметтік желілерде ұйымдастырылған қудалау фактілеріне толық тексеру жүргізіп, шабуылдарды ұйымдастырған, үйлестірген және іске асырған адамдарды анықтауды талап етті. Сонымен бірге мемлекеттік органдар кез келген заңсыз әрекетті жан-жақты тергеуді қамтамасыз етуге міндетті екенін мәлімдеді.
Мәлімдеме авторы атаған жайттарға байланысты Қазақстанның құзырлы органдары әзірге ресми түсініктеме берген жоқ.
Жол-көлік оқиғасы, іс қозғау және әлеуметтік желідегі қысым
Бұған дейін Динара Егеубаева Алматы полициясы өзіне қатысты іс Қылмыстық кодекстің 345-бабының 1-бөлігі бойынша қозғалғанын мәлімдеген. Ол бапта жол ережесін бұзып, абайсызда адам денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келтірген көлік жүргізушінің жауапкершілігі қарастырылған. Журналист 31 шілде күні жеңіл көлігімен ауладан көшеге шыға бергенде жолдың қарсы бағытында келе жатқан велосипедші қатты жылдамдықпен машинасына соғылғанын хабарлаған еді.
"Әділ сөз" сөз бостандығын қорғау қоры Қазақстанның ішкі істер министрлігі мен прокуратураны тәуелсіз журналист Динара Егеубаеваға қатысты істі ашық тергеп, журналистке қарсы ұйымдасқан жалған ақпарат тарату фактілеріне құқықтық баға беруге шақырған.
Қор мәліметінше, жол-көлік оқиғасынан кейін журналистке қарсы үйлестірілген ақпараттық шабуыл басталған. Әлеуметтік желілерде велосипедшінің "қаза тапқаны", "ауыр жарақат алғаны" туралы жалған ақпарат таратылып, Егеубаеваның жақындарына агрессивті сипаттағы жүздеген хат-хабар жіберілген.
Полиция мен прокуратура әзірге бұл мәселе бойынша ресми түсініктеме берген жоқ.
Динара Егеубаева Қазақстандағы саяси жүйені реформалауды ашық талап ететін медиа-тұлға ретінде танымал. 1990 жылдары қазақстандық "Хабар", "КТК" телеарналарында жаңалықтар бағдарламасын жүргізген ол кейін медиа саласында түрлі жобалармен айналысқан.
Қазақстанда кемінде 238 адамның қазасына апарып соққан 2022 жылғы Қанды Қаңтар оқиғасынан кейін Динара Егеубаева әлеуметтік желілерде Қаңтарда зардап шеккендердің құқығын қорғап, тікелей эфирлер мен сұхбаттар жүргізді.
2023 жылы Егеубаева бір мандатты сайлау округінен парламент мәжілісі депутаттығына өзін-өзі ұсынып, саяси бәсекеге түсті. Өткір мәлімдемелері мен кәсіби қызметіне байланысты журналист бірнеше рет түрлі қысымға тап болды. Мәселен, 2023 жылдың басында белгісіз біреулер оның автокөлігін өртеп кетті, кейіннен ол ұлына да қоқан-лоқы жасалғанын мәлімдеді.
Кейінгі кезде журналистің әлеуметтік желідегі парақшалары түрлі қиындыққа тап болған. Шілде айында Meta компаниясы Динара Егеубаеваның Instagram аккаунтын бұғаттап тастаған. Кейін журналист YouTube платформасындағы арнасына да шабуыл жасалғанын, әлдекімдер оның аты-жөнін пайдаланып, жалған аккаунттар ашып жатқанын да мәлімдеген.