29 қыркүйекке қараған түні Маңғыстау облысы Түпқараған ауданында Каспий теңізіне қатты жел айдап әкеткен үрмелі қайықта болған үш адам құтқарылған.
Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, түнде ауа райы күрт нашарлап, қатты жел тұрған. Оның екпіні үш адам мінген үрмелі қайықты ашық теңізге қарай ағызып әкеткен.
ТЖМ құтқарушылары жедел іздестіру шаралары барысында теңізден қайықты тауып, үш адамды аман-есен жағаға жеткізген. Олар медициналық көмекке мұқтаж болған жоқ деп хабарлады төтенше жағдай қызметі. Министрлік жұртқа судағы қауіпсіздік ережелері талабын сақтауды, қатты жел кезінде суға жүзу қауіпті екенін ескертті.
24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Каспий теңізіндегі әскери-теңіз жаттығулары кезінде ауа райы нашарлап, жел күшейіп, теңізде жағалауға жақын тұста қайықтан теңізге түскен 17 әскери қызметкердің 14-і суға батып қаза болған.
Бейбіт заманда 14 сарбаздың қазаға ұшырауы Қазақстан қоғамында резонанс туғызып, қорғаныс министрі Дәурен Қосанов қызметінен кетті. Көп адамның қазасына себеп болған оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, әскери-теңіз күштерінің бірнеше лауазымды офицері күдікті ретінде ұсталды. Билік әскери салаға кешенді тексеру жүргізілетінін жариялады.