Accessibility links

Каспийдегі сарбаздар өлімі жайлы сұрағынан кейін Ulysmedia аккредитациясыз қаласың деген ескерту алған

Құрылтайдағы баспасөз брифингі. Астана, 10 қыркүйек, 2026 жыл (көрнекі сурет)
Құрылтайдағы баспасөз брифингі. Астана, 10 қыркүйек, 2026 жыл (көрнекі сурет)

Қазақстандық Ulysmedia онлайн-басылымы редакциясы өз тілшісі Әсем Ғұмарова Каспий теңізіне батып қаза тапқан 14 әскери қызметші туралы сұрақ қойғаннан кейін Құрылтай кеңсесінен ескерту алды. Басылым мұны 6 қазанда хабарлады.

Редакцияға Құрылтай аппараты басшысының орынбасары Болат Кальянбековтен келген хатта журналист Әсем Ғұмарова іс-шараның күн тәртібіне қатысы жоқ екі сұрақ қойып, регламентті бұзғаны айтылған. Егер тағы да тәртіп бұзған жағдайда тілші алты айға аккредитациядан айырылуы мүмкін екенін ескерткен.

Бұл хатқа 30 қыркүйекте Киберқылмыс туралы конвенцияны ратификациялау бойынша өткен брифинг себеп болған. Депутат Үнзила Шапақ пен ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов қатысқан жиында Ғұмарова Шапақтан депутаттар жинаған 146 миллион теңге қаза тапқан сарбаздардың отбасыларына қашан берілетінін сұраған. Тілші вице-министр Әділовке Threads әлеуметтік желісінде сыни пікір жариялаған адамдарға постыларын өшіруді талап етіп қоңырау шалғандар туралы сұрақ қойған.

"Ақпаратты растамаймыз. Полиция қызметкерлері қоңырау шалған жоқ" деп жауап берген 30 қыркүйекте Санжар Әділов.

"Әділ сөз" сөз бостандығын қорғау қорының президенті Нәзира Дәрімбет күн тәртібінен тыс сұрақтар қойғаны үшін аккредитациядан айырыласың деп сес көрсету қауіпті прецедент тудырады және өзін-өзі цензуралауға ықпал етеді деп мәлімдеді. Оның пікірінше, ішкі ережелер сөз еркіндігі мен ақпарат алу құқығына берілген кепілдіктерді алмастырмауы керек.

Құрылтай ғимаратында депутаттарға өз бетінше сұрақ қоюға тыйым салынатыны 31 тамызда белгілі болған. БАҚ өкілдеріне ғимаратта депутаттармен тек ұйымдастырылған баспасөз жиынында және тек белгіленген күн тәртібі туралы сөйлесуге рұқсат етіледі деген жаңа талап енгізілді. Парламент қызметкерлері ол талаптар журналистерді аккредиттеу ережелері мен БАҚ туралы заңға сүйеніп қабылданғанын айтты.

Журналистерді қорғау комитеті (CPJ) мен сөз бостандығын және адам құқықтарын қорғайтын қазақстандық ұйымдар бұл шектеулерді алып тастауды талап етті. CPJ жаңа шектеулер қолданыстағы аккредиттеу ережелерінде немесе парламенттегі БАҚ жұмысын реттейтін басқа да ресми құжаттарда бекітілмеген деп мәлімдеді.

24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Каспий теңізіндегі әскери жаттығу кезінде қайықтан түсіп бара жатқанда толқын ағызып әкеткен 17 әскери қызметшінің 14-і қазаға ұшырады. Бейбіт заманда жас азаматтардың ажал табуы қоғамды үлкен резонанс туғызып, әлеуметтік желіде жұрт билік пен әскери басшылықты сынға алды. Осыдан кейін Қазақстан президенті қорғаныс министрлігі басшылығын түгел ауыстырып, әскери салаға кешенді тексеру жүргізуді тапсырды. Сарбаздар қазасына себеп болған оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, бес әскери шенеунік күдікті ретінде ұсталды.

Айдар
​
XS
SM
MD
LG