Accessibility links

Аптаға шолу: Назарбаев мақаласы, Атамбаев сұхбаты, Әблязовті жазалау...


AzattyqLIVE қонағы саясаттанушы Мұхтар Сеңгірбай (оң жақта) және хабар жүргізушісі Қасым Аманжол. 23 қараша 2018 жыл

Соңғы бір аптадағы Қазақстандағы маңызды оқиғалар AzattyqLIVE тікелей эфирінде талқыланды. Студия қонағы саясаттанушы Мұхтар Сеңгірбай болды.

Апта басында Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев “Апрель” телеарнасына берген сұхбатында өзі басқарған тұста Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы жағдайдың нашарлауына Қазақстан билігінің "өзге елдің ішкі ісіне араласуы" себеп болғанын, бірақ Назарбаевты сынағанына өкінбейтінін айтқан.

AzattyqLIVE-ты көріңіз

"Назарбаевпен жеке қарым-қатынасым басқа мәселе" деген Атамбаев "Бай да қуатты көрші болсаң да, басқа әңгір таяқ орнатып, сайлауға араласуға, өзге елдің тәуелсіздігіне нұқсан келтіруге болмайды" деген.

Атамбаев 2017 жылы Қырғызстандағы президенттік сайлау науқаны барысында Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттіктен үміткер саясаткерлердің бірі Өмірбек Бабановты қабылдағанына наразы болып "Қырғызстанның ішкі ісіне араласып, өзіне ыңғайлы кандидатқа қолдау көрсетті" деп айыптаған еді.

Аптадағы тағы бір маңызды оқиға – Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа мақаласы. Ол қарашаның 21-і күні ресми баспасөзде "Ұлы даланың жеті қыры" атауымен жарияланып, бірден талқылауға ұласқан.

Мақалада Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан тарихын "жаңаша көзқараспен зерттеу", "нақты ғылыми деректерге сүйене отырып, жаһандық тарихтағы өз рөлімізді байыппен әрі дұрыс пайымдау" қажет дейді.

Назарбаев бұл мақаласын 2017 жылы сәуірде шыққан "Рухани жаңғыру" мемлекеттік бағдарламасының жалғасы деп атайды. Ол бағдарламаны іске асыруға 2022 жылға дейін бюджеттен 54 миллиард теңге (шамамен 160 миллионнан астам АҚШ доллары) қарастырылған.

Соңғы аптадағы және бір оқиға - Таразда Жамбыл облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында прокурор бұрынғы банкир Ержан Тәтішевтің өліміне қатысты айыпталған Мұхтар Әблязовті өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын сұрауы. Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, 22 қараша күні өткен сотта прокурор Ілияс Есқалиев Әблязовтің Тәтішевті өлтіруді ұйымдастырғаны "толық дәлелденгенін" айтты.

Мұхтар Әблязов 2009 жылдан бері шетелде тұрады, өзіне қатысты барлық айыптаулардың саяси себебі бар деп санайды. Қазақстан соты Әблязовті "қылмыстық топ құрды" және "ақша жымқырды" деп, 2017 жылы сырттай 20 жылға соттаған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG