Accessibility links

"Аяққа тұрғым келеді". Қоларбадағы чемпионның күреске толы өмірі


Пара-армрестлингтен әлем чемпионы, қарағандылық Никита Ермаков (оң жақта) қол күрестіріп жатыр.
Пара-армрестлингтен әлем чемпионы, қарағандылық Никита Ермаков (оң жақта) қол күрестіріп жатыр.

Қарағанды тұрғыны, мүмкіндігі шектеулі адамдар арасындағы қол күрестен екі дүркін әлем чемпионы Никита Ермаков – темірдей тәртіп пен өмірге құштарлықтың жарқын үлгісі. Қоларбаға таңылған азамат спортта жетістікке жетумен шектелмей, мүгедектігі бар балалар мен ересектерді жаттықтырумен де айналысады. Никитаның күнделікті өмірі физикалық, материалдық, бюрократиялық және тұрмыста кездесетін қиындықтармен күреске толы. Жақында ол халықаралық турнирлерде жеңіске жеткен мүмкіндігі шектеулі спортшыларға неге қаржылай сыйақы берілмейді деген мәселе көтерген.

ТАҒДЫРҒА МОЙЫМАУ

Бес жыл бұрын Никита Ермаков биіктен құлап, омыртқасы сынған. 25 жастағы жігіт оқыс жағдайдан кейін жүре алмай қалды. Дәрігерлер Никитаға "енді аяққа тұра алмайсыз" деген.

– Алғашқы жарты жылда 15 минут сайын кезекпен бір жағыма қарай аунатып жатқызатын. Екі жыл өте ауыр өтті, денемнің жартысы жансызданып қалды. Көп қимылсыз жатқаннан шашым өспеді. Ауруханадан шықпадым. Өмір сүру емес, жай күн өткізу еді. Шұлық кию, төсектен арбаға ауысып отыру сияқты іс-қимылдың бәрін қайтадан үйренуге тура келді. Әпкем қолынан келгенше күтіп-бақты, – дейді Никита.

Екі жылдан кейін Никита таныс жаттықтырушыға барып, спортпен айналыса бастаған. Бастапқы кезде ауыр болған, бірақ Никита түрлі қиындыққа мойымай, жаттығудан қалмауға тырысқанын айтады. Ол кезде Никитаға үйден шығудың өзі мұң болыпты.

– Жетінші қабатта тұрамын, подъезде пандус жоқ, көбіне лифт жұмыс істемей қалады. Басында жоғарыда төменге жамбасыммен сырғып түсетінмін, көршілерім мен достарым көмектесетін. Бұрын көшеге жалғыз шығу мұң еді. Достарым келгенде ғана шығатынмын, – дейді Никита.

Бірақ Ермаков күресін тоқтатпаған. Жаттығудан қалмаған. Жеңіл атлетика, найза мен ядро лақтыру, қоларбамен жарысу, штанганы шалқадан жатып серпе көтеру, пауэрлифтинг, үстел теннисі сияқты ондаған спорт түрін байқап көрген. Ақырында қол күресті таңдапты. Бір жылдан кейін жарысқа қатысып, дені сау спортшылар арасында да бақ сынаған.

Никита Ермаков үй ауласындағы спорт алаңында жаттығу жасап жатыр.
Никита Ермаков үй ауласындағы спорт алаңында жаттығу жасап жатыр.

"Ақырындап спортпен айналыса бастадым, біртіндеп физикалық күйім жақсарды, денем шымырлана түсті" дейді Никита. Ермаков достарымен бірге өзі тұратын тұрғын үйдің кіреберісіне цемент құйып, пандус жасаған. Подъезд ішіне сүйенетін темір жақтау мен жиналатын пандус орнатқан.

Бірінші топ мүгедегі Никита қоларбада отырған адамдар да спортпен айналысып, жеңіске жете алатынын осылайша дәлелдеген. Ол мүгедектер арасындағы қол күрестен екі дүркін әлем чемпионы, Қазақстан мен Азия чемпионаттарының жеңімпазы болған.

– Бастысы, өзіңе ұнайтын спорт түрін табу. Көбі бастауға жүрексінеді, бірақ одан адамға еш зиян жоқ. Мүгедектерге спортпен айналысуға болмайды деген сөзді мүлде тыңдамау керек. Спорттың арқасында шынығып, денсаулығым түзелді. Қазір бөлме ішінде темірге сүйеніп, қозғала аламын. Дәрігерлер мүлде жүре алмайсың деген еді. Соған қарамастан, орнымнан тұрып, қадам басуды үйрендім, – дейді Никита Ермаков.

Ол әртүрлі оңалту орталықтарында болып, көп нәрсе үйренген. Былтыр әлем чемпионы болғаннан кейін оны спорт-сауықтыру кешенінде реабилитолог болып жұмыс істеуге шақырған. 30 жастағы спортшы тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар мен ересектерді жаттықтыруға кіріскен. Никита көбіне қоларбамен жүретін адамдармен жұмыс істейді. Арасында дені сау жігіттер де бар, оларға қол күресті үйретеді.

– Бір қарағанда, бәрі жақсы көрінуі мүмкін: жұмыс істеймін, спортпен айналысамын, бірақ бұған қанша күш жұмсалатынын сөзбен айтып жеткізу қиын. Кешке үйге келгенде әл-дәрменім болмайды, мүгедек адаммын, күнде ауруымды ұмытып, тырмысып, еңбек етуге тура келеді. Бірақ жаттығуға келген балаға "Кешір, сені көтере алмаймын" дей алмаймын. Ешкімнен көмек сұрамай, бір амалын тауып, өзім тұрғызамын. Кешке бүкіл денем ауырады, бірақ бұл жанға жағымды шаршау ғой, – дейді Никита.

Пара-армрестлингтен әлем чемпионы, қарағандылық Никита Ермаков тірек қозғалыс аппараты бұзылған балалар мен ересектерді жаттықтырады.
Пара-армрестлингтен әлем чемпионы, қарағандылық Никита Ермаков тірек қозғалыс аппараты бұзылған балалар мен ересектерді жаттықтырады.

"МАҚСАТЫМ – ОРНЫМНАН ТҰРЫП, ЖҮРІП КЕТУ"

Никита мүмкіндігінше оңалту шарасынан да қалмауға тырысады. Ол қоларбасын тастап, өз аяғымен жүргісі келеді. Қазір Никита жұмысы мен жаттығуын уақытша тоқтатқан: 25 қарашада Никитаға көптен күткен ота жасалды.

– Омыртқаға ота жасатпаса болмайтынын түсіндім. Өзімді не күтіп тұрғанын білемін. Біраз уақыт төсек тартып жатуға тура келеді. Бірақ жақсы нәрселер ойлауға тырысып жүрмін. Арманым бар, ол үшін аяққа тұруым керек, – дейді Никита.

Ота қыркүйекте пара-армрестлинг бойынша әлем чемпионатының алдында жасалуы керек болған. Бірақ Никита әуелі жарысқа қатысып, жеңісі үшін төленетін сыйақыны оңалту шарасы мен емге жұмсаймын деп ұйғарыпты.

– Әлем чемпионатына барып, жеңімпаз болдым. Бірақ бұл үшін ешқандай сыйақы берілген жоқ. Екі жыл бойы ұлттық құрамаға ілінсең, сыйақы аласың деп айтып жүрді. Ұлттық құрамаға кірдім, бір жыл жаттығып, әлем чемпионы болдым. Бәрібір сыйақы төлеген жоқ. Қапаланасың, әрине. Былтыр қоларбамен жүретін ерлер арасында пара-армрестлингтен медаль алған алғашқы қазақстандық болдым. Бірден алтын алдым. Бірақ мемлекет спортшыларды бағаламайды, – дейді Никита.

Пара-армрестлингтен әлем чемпионы Никита Ермаков (ортада) Қазақстан туын көтеріп ұстап отыр.
Пара-армрестлингтен әлем чемпионы Никита Ермаков (ортада) Қазақстан туын көтеріп ұстап отыр.

"СЫЙАҚЫ ТӨЛЕНБЕЙДІ"

Қарашаның басында Никита Ермаков Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі спортшыларға әлем чемпионатында жеңіске жетсе де өтемақы неге төленбейді деген мәселе көтерген. Бұл – Ермаковтың ғана емес, параспортпен айналысып жүрген көп спортшының жанайқайы. Бірақ осы мәселені қоғам назарына шығарып, ашық мәлімдеме жасаған адам жоқ. Никита жергілікті билік пен спорт министріне хат жазған. Қоғамдық резонанстан кейін билік сыйақы мәселесі алдағы жылы шешіліп қалуы мүмкін деген.

Азаттық мәдениет және спорт министрлігіне хат жолдады. Ведомство қазіргі үкімет қаулысында паралимпиадалық спорт түріне жатпайтын бағыттар бойынша сыйақы қарастырылмағанын айтып жауап қатты. Бұл мәселе республикалық бюджет комиссиясының қарауына беріледі. Бірақ комиссияның қандай шешім қабылдайтыны белгісіз.

Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Бекболат Байжановтың Азаттыққа жіберген жауабында "Қаулыға паралимпиадалық емес спорт түрлері бойынша халықаралық спорт жарыстарында жүлделі орын алған спортшыға бір реттік қаржылай сыйақы беру туралы бөлім қосу жоспарланып отыр. Бұған республикалық бюджеттен қосымша қаржы бөлінуі керек. Ол үшін республикалық бюджет комиссиясы, қаржы министрлігі, ұлттық экономика министрлігінің шешімі қажет" деп жазған.

Қазір жазғы және қысқы Олимпиада ойындары, паралимпиада және сурдлимпиада ойындары, Азия және паралимпиадалық Азия ойындары, Бүкіләлемдік универсиада, жастар арасындағы Олимпиада ойындары, Олимпиадалық және паралимпиадалық спорт түрлері бойынша Азиада, жастар арасында олимпиадалық және паралимпиадалық спорт түрлерінен әлем чемпионаты, олимпиадалық спорт түрлері бойынша рекорд орнату, ересектер арасында олимпиадалық, паралимпиадалық және сурдлимпиадалық, олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша әлем чемпионаты сияқты халықаралық шараларда жүлделі орын иеленген спортшыға ғана сыйақы төленеді. Ермаковтың айтуынша, соңғы олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша сыйақы төлеу мәселесі даулы болып тұр. Министрлік Азаттықтың Ермаков мәселесіне байланысты сұрақтарына тура жауап берген жоқ.

Никита Ермаков.
Никита Ермаков.

Қазақстанның пара-армрестлинг бойынша ұлттық құрамасында 56 спортшы бар.

"БИЛІК ТЫМ БОЛМАСА ОСЫ МӘСЕЛЕГЕ НАЗАР БҰРСЫН"

Никита мүгедектігі бар адамдардың мәселесі шаш-етектен дейді. Оны спорт мекемелерінің, жаттығу залдарының, фитнес-орталықтардың жоқтығы алаңдатады. Никита мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасалған спорт кешендері жоғын айтады.

– Мүгедектігі бар адамдар спортпен айналыса алмайды: ондай мүмкіндік жоқ. Олар дені сау адаммен бірге жаттығып, өзін оқшау сезінбеуі керек. Қоларбадағы адам да, көзі нашар көретін азамат та спортпен еркін айналыса алатындай жағдай жасалуы тиіс. Билік тым құрығанда осыған назар бұрсын. Мұндай адамдарға қалада жүрудің өзі қолайсыз. Бұл – өз алдына бөлек әңгіме. Оны айтуды қойдым. Біздің елде бұл мәселе ешқашан шешілмейтін сияқты, – дейді Никита.

Никита Ермаковтың сөзінше, мүмкіндігі шектеулі жандарға суға түсуге арналған арнайы орындығы бар бассейндер, еркін кіріп-шығатын киім ауыстыратын орын, әжетхана және мүгедек адамға бейімдеп жасаған душ, санитарлық қоларба, ыңғайлы пандустар керек. Никита мүгедектерге арналған жеке спорт кешенін салудың қажеті жоқ, қазіргі спорт кешендерін бейімдеп берсе де жеткілікті дейді.

Ресми дерек бойынша, Қазақстанда бес мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі спортшы бар.

Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Олимпиада ойындарына дайындық туралы сөзінде "спортта жақсы жетістіктерге жету үшін көп қаржы бөліп, спортшыларға жағдай жасап, қолдау көрсетіп жатырмыз" деген. Абаев айтқандай, Қазақстанға жаңа жеңістер керек. Никита Ермаков елге алтын әкеліп жүрген өзі сияқты спортшылар мемлекет назарынан тыс қалмас деп әлі де үміттенеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG