Accessibility links

"Анна Политковская - адамгершілік камертоны"


Анна Политковская
Анна Политковская

12 жыл бұрын өз үйінің кіре берісінде "Новая газета" журналисі Анна Политковская қастандықпен өлтірілді.

Политковская өлімі бойынша Сергей Хаджикурбанов пен Лом-Али Гайтукаев өмір бойы бас бостандығынан айрылды. Соңғысы белгісіз себеппен былтыр маусымда колонияда қайтыс болды.

Тағы үш адам: Рустам, Ибрагим және Жабраил Махмудовтар түрлі мерзімге сотталды. Политковскаяның туыстары мен жақындары адам өлтіруге кім тапсырыс бергенін анықтап, оны сотқа беруді талап етті. Бірақ бұл талап орындалмады.

Видео: Анна Политковская тірі болғанда 60 жасқа толар еді... (Орыс тілінде)

Адам құқығы жөніндегі еуропалық сот биыл шілдеде Анна Политковскаяның отбасына 20 мың еуро өтемақы тағайындады. Сот Ресей билігінің журналиске қатысты өмір сүру құқығын бұзғанын мойындады.

Анна Политковская атында көп құқық қорғау және кәсіби журналистік сыйлықтар бар. Олардың бірін Reach All Women in War ("Соғыстағы әр әйелге көмектесу") халықаралық әйелдер құқығын қорғау ұйымы тағайындайды.

Биыл бұл сыйлықты беларусь жазушысы, әдебиет бойынша Нобель сыйлығының иегері Светлана Алексиевич алды.

Светлана Алексиевич
Светлана Алексиевич

Светлана Алексиевич: - Менің ойымша, Аня біз үшін және біздің қоғам үшін адамгершілік камертоны болды, болып қала да береді. Бірақ қоғам оны естімейді және мойындамайды, журналистер арасында да бұндай стандартты ұстанбайтындар бар. Себебі, өмірде әлі сол проблемалар, сатқындық пен түңілу бар. Өткен мен қазіргінің айырмасы аз. Сондықтан Аня тірі сияқты.

Азаттық: – Қазір онымен сөйлесуге және өміріміз жайлы айтуға мүмкіндік болса, не дер едіңіз?

Светлана Алексиевич: – Бұл әңгіме бір кездері Ослода кездескен кезіміздегі әңгімеге ұқсар еді деп ойлаймын. Таң қаларлығы ол кезде де қазіргідей, достарым үйіме жиналған кезде айтатындай ойлар айтылды - торығу мен бекіністі бұзудың қиындығы туралы айттық. Біз неліктен әлсізбіз - барған сайын жеке атомға бөлініп барамыз, одан әрі дәрменсіз бола бастадық. Адамдар қарсылық танытып, топ болып шығуға сенбейді. Әрине, оған түңілу себеп болып тұр. Тіпті атауы да өзгерген жоқ. Шешенстанда соғыс болған еді, қазір Украина мен Сирия, бәрі сол қалпы.

Азаттық: - Ослодағы әңгіме туралы айтыңызшы.

Есімде ерекше қалғаны –жақсылықты құптайтын адамдар елімізде біз ойлағаннан әлдеқайда көп.

Светлана Алексиевич: – Өткен әңгіме туралы айту қиын. Оның бәрі құбылмалы, адамның көңіл-күйіне қарай туындайды. Ол Шешенстан туралы көп айтты. Екі сағаттай отырдық, соның жартысын Шешенстан тақырыбына арнадық. Есімде ерекше қалғаны – жақсылықты құптайтын адамдар елімізде біз ойлағаннан көп, олар өздерін атамайды.

Бірақ бойларында батылдық бар, әлдене болған кезде, олардан бірдеңе қажет болса әрекетсіз қалмайды. Сол адамдар оған Шешенстанда көмекке келді, сол үшін көбі өмірін, отбасын, үйін, дүние-мүлкін құрбандыққа шалды. Осы сөзі айрықша есімде қалыпты.

Содан соң ашынғанын байқадым (тағы да Шешенстанға барғалы жүрді ғой деймін). Ашыну мен батылдық қатар байқалды. Оған дейін басынан көп жағдай өткен еді – есірткі салып жіберді, тұтқында болды, көрмегені жоқ. Бұндай адамдардың қасында (олар саусақпен санарлық) өзіңнің тыңдырғаның аз екені еске түсіп, ұялып кетесің. Өз әсерім есімде: ол түбіне жетті, ал біз... олай істей алмадық, себебі бізде сенім мен күш, ашыну жоқ.

Анна Политковскаяға арналған Мәскеудегі мемориалдық тақта
Анна Политковскаяға арналған Мәскеудегі мемориалдық тақта

Азаттық: ​– Анна соғыс кезіндегі адамның жапа шегуін көрсете алды. Адам өмірінің құны жоқ деген сәттегі адамның күйзелісін айқын көрсетті. Оның Шешенстан туралы әңгімесін естіген кезде сондай әсерде болдыңыз ба?

Светлана Алексиевич: – Иә, адамдар қалыпты өмір сүріп жатқан еді. Кенет біз өскен ірі мемлекетте адамдар ойына келгенін істейді, бір-біріне қиянат жасайды. Бұған қалай күйзеліп, қайғырмайсың? Аня оған қатты қапаланды деп ойлаймын. Адам мәдениетінің бір сәтте қалай құлдырайтыны туралы сөйлестік. Адамда еш қорғаныс жоқ, аң тәрізді бірдеңе атып шығады, содан соң топтасқан құбыжықтар пайда болады. Бұл адамдар бір-біріне ортағасырлық әрекет жасайды. Оны қазір Украинадан да көріп отырмыз. Сондықтан мен Анна туралы айтқанда... Қазір оның бейнесін, жұмысын көркемдеп беретіндер бар. Жоқ, ол өте сұмдық жұмыс болатын.

Санкт-Петербургтегі ескерткіш
Санкт-Петербургтегі ескерткіш

Азаттық: – Сіз ештеңе өзгермеді, тіпті негізгі тұлғалар сол қалпы қалды дедіңіз. Неліктен?

Еркін елді еркін адамдар жасайды. Ал біз алаңда жүгіріп, "Еркіндік! Еркіндік!" деп айғайладық

Светлана Алексиевич: - Бұл сұрақ бәрімізге арналады. Ешкімде оған жауап жоқ сияқты. Өзіне осындай сұрақ қоятындар, жақсылықты қолдайтындар осы сауалға жауап іздейді. Эмоция деңгейінде, қалауымыз тұрғысынан бұл сұрақ әлі қойылмады. 1990 жылдары бәріміз романтик едік, ертең жақсы өмір болады деп сендік. Неліктен ертең? Өмір бойы лагерде болып, оның есігінен енді шыққан адам ертесінде еркін адамға айналмайды ғой. Оның бар білетіні – лагерь мен соғыс.

Еркін елді еркін адамдар жасайды. Ал біз алаңда жүгіріп, "Еркіндік! Еркіндік!" деп айғайладық, оның не екенін ешкім білмеді. Оның сондай қыруар шаруа екенін сезінбедік. Қазір оны батысқа, Америкаға қарсылық дейді. Сондай көзқарас қалыптасты, бұның бәрі үміттің агрессияға айналғанын көрсетеді. Жеке басымыздың тәуелсіз болмауы, азаттық үшін қаншалықты көп жұмыс атқару керектігін түсінбегеніміз осындай алшақтауға, жеккөруге алып келді.

Саясат туралы айтсақ, олардың әрекеті - бұл қылмыс, біздің қандай заманда өмір сүретінімізді, қандай құндылықтарды қалайтынымызды мүлдем түсінбеу. Қалай болғанда да, бұл құндылық өсіп келеді, философия деңгейінде емес, ашынған адамдар деңгейінде қалыптасып келеді.

Адамдар адам болып қалғысы келеді, қандай да бір әскери мүдденің, әскери түсініктің көлеңкесі болғысы келмейді. Саясаткерлердің басында басқа мәдениет, басқа түсінік те жоқ. Күн сайын бос мақтанға толы дүниелерді: крейсер, танк немесе ұшақты көргенде, "міне, біз орыстар қандаймыз, Америкадан артықпыз, мына зымыран адамды бәленбай мың километрден өлтіре алады" дегенді естігенде жаным түршігеді. Адамдардың жеткен жері осы ма? Қанша кітап жазылды, қанша ой айтылды, қан төгілді, бәрібір осындай жағдайда отырмыз.

Жақында менің үйімде екі әйел қонақ болды, біреуі профессор. Бір кезде ол даусын көтеріп: "Білесің бе, Светлана, Путинде осындай қару бар!" деді. Мен сұмдық күйге түстім, әп-әдемі әйел белгісіз біреулерді өлтіретін темірді мақтан тұтып отыр. Бұл індет сияқты, адамның миын жаулап алады: фашизм, коммунизм, путинизм, лукашизм, сталинизмнен соң адамдар есін жинайды... Қазір сол сұмдықты көрсеткен Сталин қайда? Өмірдің қамшы сабындай қысқа екені өкінішті, - дейді Светлана Алексиевич.

Анна Политковская атындағы бірінші сыйлықты Reach All Women in War ұйымы 2007 жылы ресейлік журналист әрі құқық қорғаушы Наталья Эстемироваға берді.

(Азаттықтың Орыс қызметінің тілшісі Ирина Лагунинаның сұхбаты орыс тілінен аударылды)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG