Accessibility links

Тасаға тығылған тас мүсіндер. Қазақстандағы совет ескерткіштері


"Сарыарқа" кинотеатрының сыртындағы алаңда тұрған совет идеологиясының ескерткіштері. Алматы, 28 мамыр, 2023 жыл.
"Сарыарқа" кинотеатрының сыртындағы алаңда тұрған совет идеологиясының ескерткіштері. Алматы, 28 мамыр, 2023 жыл.

Қазақстанда коммунистік идеологияның ескерткіштері Совет Одағы кезіндегіден әлдеқайда азайғанымен, әлі де кездеседі. Тоталитаризм мен отаршылдық символы іспетті бұл ескерткіштерден арылу керек дейтіндер де, кейінгі ұрпақ сабақ алуы үшін қалғаны дұрыс деп есептейтіндер де бар.

ТОЗҒАН ЛЕНИН БЕЙНЕСІН БЮДЖЕТ ЕСЕБІНЕН ЖӨНДЕУ

Таяуда Шығыс Қазақстан облысы Алтай аудандық мәслихаты Алтай қаласының орталығындағы Ленин ескерткішін жөндеуге бюджеттен 1,5 миллион теңгеге жуық ақша бөлуді мақұлдағаны әлеуметтік желіде пікірталас туғызды. Кейбірі өткен тарихтың ескерткіштеріне де құрметпен қараған дұрыс десе, енді біреулер 20-ғасырда миллиондаған адамның тағдырын тәлкекке салып, саяси қуғын-сүргін, Ашаршылық тәрізді зұлмат пен нәубетті қолдан жасаған совет режимі мен оның символдарын ардақтау артық нәрсе деп біледі.

Шығыс Қазақстан облысы Алтай қаласындағы Ленин ескерткіші. Фотосурет yk-news.kz сайтынан алынды.
Шығыс Қазақстан облысы Алтай қаласындағы Ленин ескерткіші. Фотосурет yk-news.kz сайтынан алынды.

Алтай аудандық мәслихатының хатшысы Лариса Гречушникованың уәжіне қарағанда, 1962 жылы орнатылған Ленин ескерткішін жөндеу туралы бастамаға ол жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізімінде тұрғаны себеп болған. "Сондықтан оған қалай болса солай қарауға болмайды. Саяси немесе басқа да астары жоқ. Ескерткіш "Қазмырыш" кәсіпорнына жақын көпшілік жүретін жерде тұр. Оны апат жағдайында қалдыруға болмайды" деді ол.

Шығыс Қазақстан облысы бойынша ондай тізім 2008 жылы жасалған. 2014, 2017 және 2021 жылдары өзгерістер мен толықтырулар енгізілген.

Бұрын Алматы қаласы әкімдігінің мәдениет басқармасында жұмыс істеген тарихшы Нұрлан Атығаев Алтайдағы Ленин ескерткіші әлі күнге тізімнен алынбағанын естігенде таңғалды. Оның айтуынша, 2007 жылдары мәдениет министрлігі Қазақстандағы барлық ескерткішті қайта қарап, тарихи мәнін анықтау жөнінде тапсырма берген.

– Осыдан кейін барлық облыстың мәдениет басқармалары бүгінде маңызы қалмаған ескерткіштерді тізімнен алып тастады. Соның ішінде Ленин ескерткіші секілді совет идеологиясының белгілері де келмеске кеткен. 2010 жылы барлық облыс жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізімін бекіткен, – дейді ол.

Тарихшының сөзінше, ескерткіштердің құқықтық статусы болады. Шағын архитектуралық формалар ескерткіштер тізіміне кірмейді. Ескерткіштердің тарихи мән-маңызын мәдениет басқармаларының жанынан құрылатын комиссия анықтайды.

Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі бекіткен жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізімінде Питер коммунарларына арналған ескерткіш (1983 ж.), Чапаевтың мүсіні (1968 ж.), большевик қайраткер Сергей Кировтың (1938 ж.), совет үкіметін орнату үшін күрескен басқа да адамдарға қойылған ескерткіштер бар.

Теміртау қаласының шетінде тұрған совет көсемі Владимир Лениннің ескерткішін фотоға түсіріп жатқан адам. Қарағанды облысы, 8 қараша, 2022 жыл.
Теміртау қаласының шетінде тұрған совет көсемі Владимир Лениннің ескерткішін фотоға түсіріп жатқан адам. Қарағанды облысы, 8 қараша, 2022 жыл.

Жақында мәдениет және спорт министрлігінің дерегіне сүйенген Halyq Uni сайты қазір елде совет көсемі Владимир Лениннің 109 ескерткіші мен мүсіні барын жазды. Ең көбі Павлодар облысында – 42. Ақмола облысында 39, Қостанай облысында 11, Абай облысында тоғыз, Жетісу облысында үш, Батыс Қазақстан облысында екі, Атырау, Жамбыл, Ақтөбе облыстарында бір-бірден ескерткіш қалған.

Алайда мәдениет және спорт министрлігі мәдениет комитетінің мәдени мұра басқармасының басшысы Жанат Сейідәлиеваның Азаттыққа айтуынша, Ленин ескерткіштері деп жалпылама аталғанымен, оның бәрі бірдей тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімінде бар дегенді білдірмейді.

– Қазір мемлекеттік тізімде республика бойынша Лениннің 2-3 ескерткіші ғана қалды. Оларды да алып тастау жөнінде ұсыныс түсіп жатыр. Бірақ ескерткішті тізімнен алудың процедуасы өте күрделі, бірнеше мекеменің ортақ жұмысы мен комиссияның шешімі керек. Баспасөзде айтылған Лениннің 109 ескерткішіне келетін болсақ, олардың статусы – жай монументтік өнер құрылыстары. Ондай туындыларды жергілікті әкімдіктер өз шешімімен алып тастауына болады. Алып та жатыр. Ал мемлекеттік тізімдерде бар ескерткіштерді алып тастауға хақы жоқ, – дейді шенеунік.

Тарих және мәдениет ескерткіштері тізімінен Ленин мен оның серіктеріне, ұжымдастыру мен кәмпескелеуді жүргізгендерге, Ашаршылықтан шыбындай қырылған жылдары өзге елдерге үдере қашқан халықты қуалап атып, қырғын жасаған чекистерге қойылған ескерткіштер де кезігеді.

МИТИНГ ӨТЕТІН ЖЕРДЕГІ КЕШЕГІ КӨСЕМДЕР

Алматыдағы "Сарыарқа" кинотеатрының сыртында, жұрт демалатын шағын алаңда кезінде миллиондаған адамның қанын төккен коммунистік режимді дәріптеген, советтік идеологияда басты рөл атқарған қайраткерлердің ескерткіштері тұр. Қала әкімдігі бұл жерді Алматыда митинг өткізетін санаулы орынның бірі ретінде белгілеп қойған. Жергілікті билік митинг өткізуге келісім сұраған қоғам белсенділеріне, оппозицияға әдетте орталықтан алыс жатқан осы жерді ұсынады.

Бір заманда қаланың орталық бөлігінде тұрған, Қазан төңкерісінің көсемі Владимир Лениннің, оның жақын серіктерінің бірі Михаил Калининнің ескерткіштерін қазір осы алаңнан табасыз.

1920-30 жылдары коммунистік биліктің айрықша қолдауына ие болған, совет әдебиетінің негізін қалаған пролетариат жазушы атанған Максим Горькийдің, Жетісу бойында совет өкіметін орнатуға белсене атсалысқан революционер Павел Виноградовтың, 1920 жылдары Алматы қаласында қызылдарға қарсы көтерілісті күшпен басқан большевик, әйгілі Василий Чапаевтың серігі Дмитрий Фурмановтың, Қызыл армия қолбасшыларының бірі Михаил Фрунзенің және Қазан төңкерісі ардагерлеріне арналған ескерткіштер де осында. Соңғысының тұғырына "Өшпес ерліктерің разы ұрпақ жүрегінде мәңгі жасайды. Октябрь, 1967 жыл" деп жазылған.

"Сарыарқа" кинотеатрының сыртындағы алаңда орыс совет жазушысы Максим Горькийдің, совет мемлекетінің көсемі Владимир Лениннің, революционер большевиктер Павел Виноградовтың, Дмитрий Фурмановтың, Михаил Фрунзенің мүсіндері мен совет өкіметін орнату үшін күрескендерге арналған ескерткіш орналасқан. Алматы, 28 мамыр, 2023 жыл.
"Сарыарқа" кинотеатрының сыртындағы алаңда орыс совет жазушысы Максим Горькийдің, совет мемлекетінің көсемі Владимир Лениннің, революционер большевиктер Павел Виноградовтың, Дмитрий Фурмановтың, Михаил Фрунзенің мүсіндері мен совет өкіметін орнату үшін күрескендерге арналған ескерткіш орналасқан. Алматы, 28 мамыр, 2023 жыл.

Совет мемлекетінің негізін қалаған большевиктердің ескерткіштерін алып тастау туралы әр кездегі түрлі бастамалар мен оған қарсылықтардан кейін билік компромисс ойлап тауып, қаладағы коммунизм идеологиясының белгілерін күресінге біржола лақтырмай, осы алаңға жинаған тәрізді.

Большевиктердің ескерткіштері оларды дәріптейтіндердің де, коммунистік идеологияны тәрк еткендердің де көзіне түспейді. 1960 жылдары салынған тұрғын үйлердің арасында, тасада тұр.

Жексенбі күні "Сарыарқа" театрының жанында жүрген бірен-саран жастан ескерткіш қойылған адамдар кім екенін сұрап көрдік. Көбі "кім екені белгісіз, түсініксіз ескерткіштер" деп жауап берді.

Алматы әкімдігі жергілікті белсенділерге Ресейдің Украинаға басқыншылығына қарсы митингіні "Сарыарқа" кинотеатрының сыртындағы совет ескерткіштері тұрған алаңда өткізуге рұқсат еткен. Алматы, 6 наурыз, 2022 жыл.
Алматы әкімдігі жергілікті белсенділерге Ресейдің Украинаға басқыншылығына қарсы митингіні "Сарыарқа" кинотеатрының сыртындағы совет ескерткіштері тұрған алаңда өткізуге рұқсат еткен. Алматы, 6 наурыз, 2022 жыл.

ҰҚК ДЗЕРЖИНСКИЙДЕН БОЙЫН АУЛАҚ САЛУҒА ТЫРЫСАДЫ

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шығыс Қазақстан облыстық басқармасы ғимаратының алдындағы гүлзарда Лениннің серігі әрі совет өкіметінің жазалаушы органы ретінде атышулы ВЧК (Контрреволюциямен және саботажбен күрес жөніндегі бүкілресейлік төтенше комиссия, кейін ГПУ, НКВД, КГБ болып өзгерген) ұйымының негізін қалаған Феликс Дзержинскийдің 1984 жылы қойылған мүсіні тұр.

Дзержинский совет билігі "чекистердің өкіл әкесі" ретінде айрықша қастерлейтін тұлға болатын. Совет мемлекеті тарағанына 30 жылдан астам уақыт өтсе де, Дзержинскийді ұмытпағандар, оны құрмет тұтып еске алатындар оған қайтадан ескерткіш орнатқан Ресейде ғана емес, Қазақстанда да, әсіресе күш құрылымдары өкілдері арасында әлі бар.

Совет заманында Феликс Дзержинский атындағы көшеде Қазақ ССР мемлекеттік қауіпсіздік комитеті (КГБ) орналасқан ғимараттың қасында оның ескерткіші тұрған. Қазір ол ескерткіш жоқ. Сол жердегі гүлзарда 2017 жылы совет кезіндегі Ашаршылық құрбандарына ескерткіш орнатылған. Суретте: азаматтық белсенділер советтік саяси қуғын-сүргін мен Ашаршылық құрбандарын еске алып, ескерткішке гүл қойды. Алматы, 31 мамыр, 2023 жыл.
Совет заманында Феликс Дзержинский атындағы көшеде Қазақ ССР мемлекеттік қауіпсіздік комитеті (КГБ) орналасқан ғимараттың қасында оның ескерткіші тұрған. Қазір ол ескерткіш жоқ. Сол жердегі гүлзарда 2017 жылы совет кезіндегі Ашаршылық құрбандарына ескерткіш орнатылған. Суретте: азаматтық белсенділер советтік саяси қуғын-сүргін мен Ашаршылық құрбандарын еске алып, ескерткішке гүл қойды. Алматы, 31 мамыр, 2023 жыл.

Былтыр Қаңтар оқиғасынан кейін Қостанай қаласындағы тергеу абақтысында күдікті ретінде қамауда болған 27 жастағы жергілікті белсенді Диас Нұрмағамбетов өзін Дзержинскийдің үлкен портреті ілінген кабинетте бетперде таққан үш адам шатынан теуіп, басына пластик қапшық кигізіп тұншықтырғанын, естен тандыра ұрып-соққанын айтқан.

Қостанай қаласының №2 соты "жалған ақпарат тарату" айыбы тағылған жергілікті тұрғын Диас Нұрмағамбетовтің бостандығын бір жылға шектеді. Дәрігерлер оның екі тісі сынып, денесіне зақым келгенін растағанымен, тергеу орындары азаптау туралы "фактілер анықталмағанын" хабарлаған.

Совет кезінде мемлекеттік қауіпсіздік комитеті (КГБ) Дзержинскийді "чекистер пірі" ретінде айрықша қастерледі. Совет Одағымен бірге КГБ да тарағаннан кейін, 1992 жылғы 17 шілдеде тәуелсіз Қазақстанда ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) құрылған.

Дзержинскийдің тұлғасы мен ескерткіші туралы Азаттықтың сұрағына ҰҚК "қазіргі кезде Дзержинскийдің есімі мен рөлі ұлттық қауіпсіздік органдарының тәрбие жұмысында қолданылмайды, оның Өскемендегі ескерткіші 2017 жылы ШҚО әкімшілігіне тапсырылған" деп жауап берді.

ӨҢІРЛЕРДЕГІ ЛЕНИН, ФУРМАНОВ, ЧАПАЕВ ЖӘНЕ ӨЗГЕЛЕР

Қазақстанда жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізімі облыстар мен республикалық маңызы бар қалаларда соңғы рет осыдан екі жылдай бұрын толықтырылған. Ел аумағындағы мыңдаған ескерткішті қамтитын бұл тізімде совет идеологиясының белгілері сирек те болса кездеседі.

Жамбыл облысының Алға ауылында Дмитрий Фурмановтың келуіне орай орнатылған мемориал тақта, Тараз қаласындағы №3 орта мектеп жанында Азамат соғысында қаза тапқан қызыл гвардияшылар ескерткіші тұр.

Павлодар облысының Железин ауданында "Ленин саябағы" деп аталатын орын, облыс орталығында Павлодар большевиктерінің басшысы Семен Теплов (1880-1918 жылдары) құрбан болған орындағы стела бар.

Калачи ауылындағы Ленин ескерткіші. Ақмола облысы, 28 шілде, 2020 жыл.
Калачи ауылындағы Ленин ескерткіші. Ақмола облысы, 28 шілде, 2020 жыл.

Қарағанды облысы Қарқаралы қаласының орталық алаңында "Ақ бандылардың қолынан қаза тапқан 78 коммунардың бауырластар зиратындағы мемориал ансамблі", Қарағанды қаласында "Ленин кинотеатры" тұр.

Ақтөбе қаласындағы Жеңіс даңғылында Ленин ескерткіші, Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармонияның сыртындағы алаңда Фрунзе ескерткіші, Тахауи Ахтанов көшесінде Ақтөбе уездік жұмысшышаруа депутаттары кеңесінің бірінші төрағасы Василий Зинченконың мүсіні, Пушкин саябағында "Революция күрескерлеріне арналған ескерткіш" тұр.

Ақтөбе облысы Хромтау ауданы Ақжар ауылында "Кировтың келуіне арналған мемориал тақтайша" ілінген. Осы облыстың Қобда аудандық сот ғимаратының қарсысында "1922 жылы совет үкіметін орнатуда қаза тапқан батыр чекистер Д.И. Клейменов, И.Е. Перевезенцев, К.Н. Иванов, П.А. Ткачук, Е.Ф. Пятыхтарға арналған ескерткіш" тұрғаны тізімде көрсетілген.

Ленин ескерткішінің тағы бірі Қостанай қаласының Жеңіс саябағына 1967 жылы қойылған. Осы облыстың Рудный қаласындағы Ленин және Горняков көшелерінің қиылысына 1964 жылы "Коммунистік еңбектің энтузиастары" деп аталатын мүсіндер композициясы қойылған. Бұлар да мемлекет қорғауындағы ескерткіштер тізіміне енгізілген.

Василий Чапаевтың ескерткіші. Батыс Қазақстан облысындағы Чапаев ауылы, 24 сәуір, 2018 жыл.
Василий Чапаевтың ескерткіші. Батыс Қазақстан облысындағы Чапаев ауылы, 24 сәуір, 2018 жыл.

Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласында Назарбаев даңғылының бойындағы "1919 жылы Василий Чапаев болған" үй (қазір тұрғын үй), теміржол вокзалы алдындағы Чапаев алаңында Чапаев ескерткіші, осы облыстың Бөкей ордасы ауданы Хан ордасы ауылындағы "Комсомол комитетінің ғимараты" (қазір тұрғын үй) тізімге алынған.

Қазақстанның көптеген облысында "Совет үкіметін орнату үшін күресушілердің бауырластар зираты" секілді ескерткіштер жиі кездеседі. Солтүстік Қазақстан облысында "Большевик венгрлердің бауырластар зираты" деген де ескерткіш бар.

Азаттық сөйлескен тарихшылар ескерткіш ретінде қалған қорымдарға идеологиялық насихаттың емес, тарихи оқиғаның белгісі ретінде қарауға болады дейді.

Алматы облысы Райымбек ауданында тұрған "Басмашылармен күресте қаза болған шекарашы-жауынгерлер жерленген жер" деп аталатын ескерткіште С.Кузьмин мен Е.Петров 1931-32 жылдары өлгені көрсетілген. Бұл кезде қазақ даласындағы кәмпескелеу мен жаппай ашаршылықтан қашып, Қытайға қарай ауа көшкендерді большевиктер ізіне түсіп жүріп атқаны, Қытайға өтіп, туыстарын әкетпек болғандарды "басмашылар" деп атағаны тарихтан мәлім.

Алматы – Қапшағай тасжолының 22-шақырымында тұрған "Азамат соғысының комсомол батырларын есте қалдырудың архитектуралық ансамблі" де – сондай нысандардың бірі.

Алматы облысында Калининнің екі ескерткіші тұғырынан түсті (17 маусым, 2019 жыл)

Калининнің екі ескерткіші тұғырынан түсті
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:18 0:00

ДАУЛЫ ТҰЛҒАЛАР ЕСКЕРТКІШІ

Жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері тізімінде кездесетін кейбір тұлғалар туралы қоғамда әртүрлі, кейде кереғар көзқарас қалыптасқан.

Мысалы, Ақтөбе облысы мен оған іргелес жатқан Қостанай облысында революционер Әліби Жангелдиннің бірнеше ескерткіші бар. Ақтөбе облысының Шалқар ауданында "Әліби Жангелдин бастаған интернационал отрядтың Шалқар қаласына келген орны, 1918 жыл" деп аталатын ескерткіш мемлекет қорғауына алынған.

Ырғыз ауданындағы Алтынсарин көшесіндегі бұрын аудан әкімдігі отырған ғимаратқа "Лениншіл революционер Әліби Жангелдиннің қызметі туралы мемориал тақтайша" ілінген. Қазір әкімдік басқа ғимаратқа көшкен.

– Ол тақтайша тарихи оқиғаны ғана еске салады, – деді аудан әкімдігінің мәдениет бөлімінің қызметкері Азаттыққа.

Әліби Жангелдиннің ескерткіші Ақтөбе қаласында да тұр. Өзге де қалаларда бар, оның аты берілген көшелер де жиі кезігеді. Қазіргі Қостанай облысы Жангелдин ауданының орталығы Торғай ауылында 1958 жылы Жангелдин мүсіні қойылған.

Революционер большевик Әліби Жангелдиннің мүсіні. Қостанай облысы Қабырға ауылы, 8 маусым, 2015 жыл.
Революционер большевик Әліби Жангелдиннің мүсіні. Қостанай облысы Қабырға ауылы, 8 маусым, 2015 жыл.

Большевиктер идеясын насихаттаушы, 1917 жылы Ленин басқаратын совет билігі Торғай облысының төтенше комиссары етіп тағайындаған Әліби Жангелдин тұлғасын сынаушылар да, мадақтаушылар да табылады.

1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін большевиктерге қызмет еткен Әліби Жангелдинмен бірге Абдолла Розыбакиев, Ораз Жандосов ескерткіштері де мемлекет қорғауына алынған. Ескерткіштер тізімінде өткен ғасырдың бірінші жартысында большевиктер жағына шығып, Қазақстанда совет өкіметін орнықтыруға атсалысқан өзге де жүздеген тұлғаның аты-жөні бар.

Парламент сенатының бұрынғы депутаты, республикалық ономастика комиссиясының мүшесі Мұрат Бақтиярұлы мен тарихшы, профессор Хангелді Әбжанов әлгіндей тұлғалардың арасында елге пайдасы тигендер аз емес дейді.

Совет өкіметінде жоғары лауазымда болған Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов сияқты қайраткерлер коммунизмнің белсенді құрылысшылары аталғанымен, "коммунистік ілімді індетіп оқыған да, түсінген де жоқ, оған теориялық, методологиялық тұрғыдан үлес қосқан да жоқ. Олар коммунизм халықты қанамайды деген идеяны ұстанды" деп түсіндіреді Әбжанов. Тарихшы қоғамда айтыс-тартыс туғызатын кейбір тұлғалардың атқарған ісі мен тарихтағы орны туралы сөз болғанда олардың қазаққа тигізген пайдасы мен зиянын салыстырып екшеу керек деген пікірде.

– Әрине, олардың көптеген кемшілігі болды. Бірақ Алаш қайраткерлері істей алмағанды кейде солар істегенін де жоққа шығармауымыз керек. Олар коммунистердің жалауын көтеріп жүріп, елдің игілігіне жұмыс істеді. Оны ажырата білу керек, – дейді ғалым.

Әбжанов тарихи ескерткіштер қатарынан большевиктердің әсіребелсенділеріне қойылғандарын ойланбай алып тастау керек деп есептейді.

– Жангелдинге коммунисшілдік өтіңкіреп кеткені рас, оны Сәкен, Тұрарлармен қатар қоюға болмас. Білімінің аздығына қарамастан, әсіреқызылданды, бірақ халыққа қызмет еткенін де түбегейлі жоққа шығара алмаймыз, – дейді тарихшы.

Мұрат Бақтиярұлының сөзінше, совет ескерткіштерінің бәрін сыпыра алып тастағаннан гөрі кейінгі ұрпақ сабақ алатын тарихи оқиғаның белгісі ретінде қалдырған дұрыс.

Бақтиярұлы да, Әбжанов та Қазақстанда тарихи ескерткіштерден гөрі жер-су, көше, елді мекен атауларында большевизм белгілері көп екеніне назар аударады.

ДЕКОММУНИЗАЦИЯДАН ТАРТЫНАТЫН ҚАЗАҚСТАН

Большевиктер билігі мен коммунизм идеологиясының белгілері деп есептелетін ескерткіштер мәселесі – постсоветтік елдерде жиі талқыланатын тақырыптардың бірі.

Балтық елдері мен Украина декоммунизация мәселесі бойынша түпкілікті шешім қабылдап, кей ескерткіштерді алып тастаған. Шығыс Еуропаның бірқатар мемлекеті, соның ішінде Польша да коммунизм мұраларынан арылу туралы заң қабылдаған.

Қазақстан билігі ондай қадамға барған жоқ. Әйткенмен жекелеген жергілікті биліктің шешімімен, қоғам белсенділерінің әрекетімен большевиктердің ескерткіштері біртіндеп алынып жатқаны байқалады.

Бір кездері социалистік лагерьде бірге болып, бауырлас атанған елдің 70 жылдан астам дәурен құрған совет билігі тұсында орнатылған ескерткіштерден арылғанын жақтырмайтын көзқарас әсіресе Ресейде қатты сезіледі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр қарашада Мәскеуге барғанда Ресей президенті Владимир Путин екеуі екі ел арасында дипломатиялық қатынас орнағанына 30 жыл толуына орай декларацияға қол қойған. Құжатта Мәскеу мен Астана "ортақ тарихты бұрмалауға, қайта жазуға, қаралайтын талпыныстарға жол бермейтіні", бұған қоса, "Екінші дүниежүзілік соғыс туралы, көпұлтты Совет Одағы халқының нацистік Германияны талқандаудағы рөлі туралы тарихи шындықты қастерлеп, сақтайтыны" айтылған.

Мұндай құжат совет ескерткіштерін алып тастауға кедергі келтіре ме?

Тарихшы Хангелді Әбжанов бұл декларация Ресей мүддесіне қызмет етеді деп есептейді. Бірақ оны "айналып өтудің" жолы барын айтады.

– Билік декоммунизация туралы арнаулы қаулы қабылдаудан сескенсе, коммунизмге қарсы шыққан Алаш қозғалысы туралы, халықтың большевиктерге, коммунизмге қарсы көтерілістері туралы, Ашаршылық, қуғын-сүргін туралы қаулы қабылдауы керек. Сонда декоммунизация шыға келеді. Бірақ биліктің ондай қадам жасауға ықыласы байқалмайды, – дейді ғалым.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG