Accessibility links

Қандас мәртебесі, азаматтық алу, "Қазақ картасы". Үкімет тұжырымдамасы неге сынға қалды?


Түркіменстаннан тарихи отанына оралған қазақтар туыстарымен қауышып тұр. Маңғыстау облысы, 16 мамыр 2021 жыл.
Түркіменстаннан тарихи отанына оралған қазақтар туыстарымен қауышып тұр. Маңғыстау облысы, 16 мамыр 2021 жыл.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің көші-қон комитеті дайындаған тұжырымдамада Қазақстанға қоныс аударғысы келетін шетелдегі қазақтарға "қандас" мәртебесін көшпей тұрып беру көзделген. Шенеуніктер азаматтық беру тәртібін қатаңдатқан жөн дейді. Қандастар мәселесімен айналысатын белсенділер мұнымен келіспейді.

"Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы" заңда шетелден келген және Қазақстан аумағында заңды негізде тұрақты тұратын қандастардың Қазақстан азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен алуға құқы бары көрсетілген. Заңның 16-1 бабына сәйкес, қандастардың азаматтық алу туралы материалдары өтініш берілген күннен бастап үш ай ішінде қаралуы тиіс.

Ал Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің көші-қон комитеті әзірлеген көші-қон саясатының 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасында "Қазақстан азаматтығын алу үшін қоныс аударушыларды және қандастарды қабылдаудың аймақтық квоталары аясында үкімет айқындаған өңірлерде тұрақты тұрудың міндетті шартымен "қандас" мәртебесін беру тәртібін қайта қарау қажет" деп жазылған.

Қоғам талқысынан өткен, үкімет бекіткен құжат 2023 жылдың үшінші тоқсанынан бастап жүзеге аса бастамақ.

Комитет өкілдерінің айтуынша, алдағы жылдан бастап "қандас" мәртебесі шетелдегі қазақтарға өзі тұрып жатқан елден көшіп келмей тұрып берілуі мүмкін. Шетелден тарихи отаны – Қазақстанға қоныс аударған қазақтарға "қандас" мәртебесін (оған дейін оралман деп аталатын) 2020 жылдың мамыр айынан бастап заңға енгізілген.

Құжат азабын шеккен қандастар (4 мамыр 2022 ж.)

Құжат азабын шеккен қандастар
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:24 0:00

"ҚҰҚЫНА ҚОЛ СҰҚПАУ КЕРЕК!"

Әуелгіде Көші-қон комитеті жариялаған тұжырымдама жобасында қандастарға Қазақстан аумағында бес жыл тұрақты тұрғаннан кейін ғана азаматтық беріледі деп жазылған еді. Қоғам наразылығынан кейін "тұрақты тұрудың міндетті шартымен "қандас" мәртебесін беру тәртібін қайта қарау қажет" деп өзгертілді. Бірақ комитет өкілдері азаматтық беру тәртібін қатаңдатқан жөн дейді. Қандастар мәселесімен айналысып жүрген белсенділер онымен келіспейді.

Мәселен, Қытайдағы қандастар мәселесін жиі қозғап жүрген Ауыт Мұқибек керісінше, "шетелден келген қазақтарға керісінше, екі айдың ішінде азаматтық беру керек" деген пікірде. Ол 2014 жылы үкімет ұсынысымен заңға Қазақстан азаматтығын алуға өтініш берген қандастардың материалдарын қарау мерзімі төрт жыл болсын деген толықтыру енгізілген кезде қоғамда наразылық туғанын еске салды. Үкімет шетелден атамекенге көшіп келген қандастар жеті аймаққа – Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарына қоныстанса, оларға көмек көрсетілетінін айтқан.

– Шетелден атамекенге қоныс аударған қазақтардың көшін үкімет айқындаған жеті облысқа қарай бұру – мемлекеттік саясат. Бірақ мемлекеттік саясат адамдардың құқына қол сұқпауы керек. Қандастардың Қазақстанға көшіп келуі, атамекендегі қонысын өзі таңдауы, азаматтық алуы – олардың заңды құқығы, – дейді Мұқибек.

"Жебеу" қоғамдық ұйымының өкілі Рақым Айып үкімет әзірлеген тұжырымдама Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кейінгі жолдауындағы "қандастардың көшіп келуіне және ішкі миграцияға байланысты саясат түбегейлі өзгереді, демографиялық және экономикалық үрдістер ескеріледі" деген сөзіне қайшы келеді деп санайды.

– Президент жолдауын біз түсінбедік пе, әлде көші-қон комитетіндегілер түсінбеді ме, білмейміз, – дейді ол.

"ҚАНДАС" МӘРТЕБЕСІН БЕРУ ТӘРТІБІ ТАҒЫ ӨЗГЕРЕ МЕ?

Тұжырымдаманы дайындаған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көші-қон комитетінің өкілі Дастан Айтқұлов Мұқибек айтқан 2014 жылы заңға енгізілген толықтырулар қоғамда қарсылыққа тап болғаннан кейін шетелден келген қандастарға азаматтық бір жылдан соң берілетін болып өзгергенін айтады. Оның сөзінше, үкімет енді шетелде тұратын "қандас" мәртебесін атамекенге қоныс аудармай тұрып беруді ұсынып отыр.

– Тұжырымдама жобасында "Егер басқа өңірлерге көшкен жағдайда ол адамдарға жалпы тәртіп бойынша (бес жылдан кейін азаматтық беру) беріледі" деген ой болған. Мемлекет айқындаған облыстарға, жұмыс күші жетпейтін аймақтарға барған қандастарға азаматтық бір жылдан кейін берілуі керек. Бірақ тұжырымдаманың соңғы жобасында ол туралы айтпадық. Тек "Қандас мәртебесін беру тәртібі өзгереді" деп қана жазылған. Әзірше біз ұсынысымызды бердік. Себебі, қатаңдату жөніндегі ұсынысымыз қолдау таппады. Бірақ тағы да енгізіп көреміз. Қазір "қандас" мәртебесін шетелден беруді көтеріп жатырмыз. Келесі ұсынысымыз сол болады. Егерде қолдаса, [басқа мемлекеттен атамекенге қоныс аударғысы келетін қазақтарды] шетелдегі елшілік арқылы өтінішін беріп, елімізде тұратын өңірін айқындап алғаннан кейін бір-ақ Қазақстанға көшіру мәселесін көтермекпіз, – дейді көші-қон комитетінің өкілі Дастан Айтқұлов.

Қытайдан Қазақстанға ұшып келген қазақтарды туыстары әуежайдан күтіп алды. Алматы, 6 мамыр 2022 жыл.
Қытайдан Қазақстанға ұшып келген қазақтарды туыстары әуежайдан күтіп алды. Алматы, 6 мамыр 2022 жыл.

Шенеуніктің сөзінше, үкімет шетелден көшіп келген қандастарды бірден Қазақстанның солтүстік өңірлеріне орналастыруды көздеп отыр. Айтқұлов биыл Түркіменстаннан қоныс аударған қандастардың барлығы Маңғыстау облысын таңдап отырғанын, бірақ ол жерде жұмыссыздық көрсеткіші 5 пайыздан асатынын айтады. Үкімет белгілеген аймақтардан басқа жерді таңдағандар квотаға ілінбейді дейді комитет өкілі.

– Егер мемлекет бекіткен өңірлерге келіспеген жағдайда қандас мәртебесін алып, өзі қалаған өңірде тұра береді. Бірақ оларға ешқандай квота бөлінбейді. Ал айқындалған өңірлерге қоныстанушыларға тұрғын үй сатып алуға я салуға арнайы сертификат беріледі. Мысалы, егер 10 миллион теңге қажет болса, соның елу пайызын сертификат арқылы үкіметтен, қалған 5 миллионын банктен алады, – деп түсіндірді шенеунік.

Бұған дейін қандас мәртебесін беру жергілікті атқарушы орган құзыретінде болған: шетелден келген қазақтардың отбасы мүшелерінің қандас мәртебесін беру туралы өтінішін тіркелген күннен бастап төрт жұмыс күні ішінде қабылдап, үш жұмыс күні ішінде жүзеге асырып келген.

"Асар" қоғамдық бірлестігі жетекшісі Қайрат Бодаухан шетелден көшіп келген қандасқа Қазақстан азаматтығын бір жылдан кейін беруді қолдайды. Оның пікірінше, мемлекеттен әлгіндей көмек алған адам сол жерде бір жылға дейін тұруы керек.

– Егер бір жылдың ішінде тұрақтап қалатын болса, онда ары қарай азаматтық алуға мүмкіндік береді. Көп жағдайда, мәселен, оңтүстіктен солтүстікке көш бағдарламасы бойынша барып, үкімет көмегін алғаннан кейін қайта көшіп кетіп жатқандар көп қой. Мұндай жағдай квота алған қандастар арасында да бар. Сондықтан мұны солтүстікке тұрақтандырудың бір тетігі ретінде қарастыру қажет, – дейді "Асар" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі.

"ҚАЗАҚ КАРТАСЫ"

Тұжырымдамадағы алты бағыттың бірі "Қазақ картасы" деп аталады. 2019 жылы "Отандастар" қоры ұсынған "Қазақ картасы" жобасының алғашқы нұсқасында мұндай құжат шетелдегі қазақтарға күнделікті өмірде саясаттан басқа барлық салада – білім алу, дәрігерге қаралу, бизнеспен шұғылдану, жұмыс істеу, т.б. Қазақстан азаматтарымен бірдей құқық беруді көздейтін. Тұжырымдаманың кейінгі нұсқасында "Қазақ картасын" беру шарттары түбегейлі өзгерген.

Көші-қон комитетінің өкілі "Қазақ картасын" АҚШ-тың Green Card-ымен салыстырады. Оның айтуынша, "Қазақ картасы" шетелде тұратын кез-келген қазақ азаматына берілмейді. Ол картаны алғысы келетін қандастың айналысып жүрген жеке кәсібі болуы және сол кәсіпті Қазақстанға келіп үйретуі шарт.

– Бізге алыс-жақын шетелден келіп жатқан қандастарымыз өте көп. Алайда Еуропада тұратын қазақтар атамекенге келгенімен, өзі тұрып жатқан елдің азаматтығынан бас тартқысы келмейтінін айтады. Сондықтан бұл құжат шетелде тұратын, жеке кәсібі немесе қолөнермен айналысатын адамдарды елге шақырып, олардың кәсібін үйренуге шетелден келген жастардың Қазақстанда оқуына мүмкіндік беру үшін жасалып отыр, – дейді Айтқұлов.

"Қазақ картасына" ие адам Қазақстанға бөгетсіз кіріп-шығуға, медициналық көмекті де тегін алуға құқылы болмақ. Бірақ карта саны шектеулі: 2023 жылы – 5 адамға, 2024 жылы – 10 адамға, 2025 жылы – 15 адамға, 2026 жылы – 30 адамға, 2027 жылы – 40 адамға беріледі деп көрсетілген.

Үкімет белгілеген аймақтарға қоныстанатын қандастарға арнайы көмек беріледі. Атап айтқанда, отбасының әр мүшесіне 70 АЕК көлемінде біржолғы төлем (214 мың теңгеден астам немесе қазіргі валюта бағамымен 450 доллар шамасында), сонымен бірге 12 айға үйді жалға алу және коммуналдық қызмет түрлерін төлеуге әр шаңыраққа 15-тен 30 АЕК-ке дейінгі мөлшерде субсидия беру қарастырылған.

Бұған қоса қандас мәртебесін алған қазақтар жеке мүлкіне (ел аумағына кірген көлік құралдарын қоса алғанда) кеден төлемін төлеуден босатылады; мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алуға өтініш бере алады.

Ресми дерек бойынша, жыл басынан 1 қазанға дейін Қазақстанға шетелден 13 мыңнан астам қазақ қоныс аударып, қандас мәртебесін алған. 1991 жылдан бері елге 1 млн 99 мың қазақ оралған.

Көш: үміт пен күдік
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:26:03 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG