Accessibility links

Телефон сатушы "терроризм айыбымен" сотталды


Бақытжан Ізтілеуовтің бірнеше жыл бұрын түскен суреті. Фото отбасы архивінен алынды.
Бақытжан Ізтілеуовтің бірнеше жыл бұрын түскен суреті. Фото отбасы архивінен алынды.

Шымкенттегі "Гарант" дүкенінде "терроризмді насихаттады" деп ұсталған "телефон сатушы" жігіттің ісіне қатысты сот шешімі шықты.

Сәуірдің 2-сі күні Шымкенттегі Әл-Фараби аудандық сотындағы соңғы отырысында айыпталушы 38 жастағы Бақытжан Ізтілеуовтің адвокаты Нұржан Төлегенов прокурормен процессуалдық келісімге келгенін мәлімдеді.

Прокурор Бағдат Мекенбаевтың айтуынша, айыпталушы Бақытжан Ізтілеуов процессуалдық келісім кезінде айыпты толық мойындап, үш жарым жылға бас бостандығынан айыру жазасына және мемлекетке 441 мың теңге төлеуге келіскен.

Судья Еркебұлан Төлешов "процессуалдық келісімге келуге не себеп болды?" деген сұрағына прокурор: "Айыбын толық мойындады және ісіне шын өкінеді" деп жауап берді. Ал адвокат айыпталушының кәмелет жасқа толмаған үш баласы және бірнеше жылдан бері төсек тартып жатқан бірінші топтағы мүгедек анасы бар екенін, бұрын сотталмағанын айтты.

Прокурор мен адвокаттың сөзін тыңдап болған соң судья айыпталушы Бақытжан Ізтілеуовке бұрылып: "Бұдан бұрын айыпты толық мойындамай келдің, енді не өзгерді?" деп сұрады.

"Бәрін мойындаймын, бәрін кешіремін" деді Ізтілеуов. Судья айыпталушыға процессуалдық келісімді тағы оқып беріп қайта сұрады. "Бала-шағаммен бір рет кездесуге рұқсат етсеңіз" деп көзіне жас алған Бақытжан Ізтілеуов отыра кетті.

"Сот біткен соң кездесуге арыз жазсаңыз, рұқсат береміз" деді судья. Сот залында айыпталушының туыстары мен әйелі және екі баласы үнсіз жылап тұрды.

Оқи отырыңыз: Шымкентте ұсталған «деструктивті ағым мүшелеріне» іс қозғады

Кеңесу бөлмесінен жарты сағаттан соң келген судья Еркебұлан Төлешов екі тараптың процесуалдық келісіміне сәйкес үкім шығарды. Сот Бақытжан Ізтілеуовті Қылмыстық кодекстің 174-бабы 2-бөлімі ("Жария түрде немесе ақпарат құралдары арқылы діни араздықты қоздыру") және 256-баптың 1-бөлімі ("Терроризмді насихаттау немесе терроризм актісін жасауға жария түрде шақыру") бойынша айыпты деп танып, үш жарым жылға бас бостандығынан айырып, жазасын орташа режимдегі түзеу мекемесінде өтеуге үкім етті.

- Жазасын өтеу мерзімі 2017 жылдың қыркүйегінің 19-ынан бастап есептелсін. 441 мың теңге мемлекет есебіне өндірілсін, - деді судья.

Судьяның: "Үкім түсінікті ме?" деген сұрағына сотталушы Бақытжан Ізтілеуов басын изеді. Ізтілеуов туыстарына қарап, ыммен қоштасты. Үкім оқу кезінде Бақытжан Ізтілеуовтің туыстары видео мен сурет түсірмеуді сұрады.

Соттан кейін судья Еркебұлан Төлешов Азаттыққа:

- Жаңа заң бойынша кез-келген күдікті прокурормен процессуалдық келісімге келе алады. Келісімді толық қарап шықтым. Ешбір заң бұзушылық болмады, - деді.

Бұдан бұрын Бақытжан Ізтілеуов тағылған айыпты ішінара мойындаған. Ол "Гарант" дүкендері аумағында телефон сатып жүргенде өз ұялы телефонына "Асыл арна" телеарнасында айтылған Құранды жүктегенін", "жария түрде немесе ақпарат құралдары арқылы діни араздықты қоздыру" айыбымен келісетінін айтқан. Бірақ "терроризмді насихаттау немесе терроризм актісін жасауға жария түрде шақыру" айыбын мойындамаған.

"Гарант" дүкендері аумағында жүрген телефон сатушылары мен жолаушылар. Шымкент, 20 қыркүйек 2017 жыл.
"Гарант" дүкендері аумағында жүрген телефон сатушылары мен жолаушылар. Шымкент, 20 қыркүйек 2017 жыл.

Бұл іс бойынша сот ақпанның 20-сы күні басталған. "Гарант" сауда үйінде телефон сатып жүрген Бақытжан Ізтілеуов 2017 жылдың қыркүйек айында ұсталып, қамалған. Бұған дейін оны қамаудағы уақыты бірнеше рет ұзартылған.

Бақытжан Ізтілеуовпен бірге Сарыағаш қаласында ұсталған Алпамыс Жүсіпбеков пен Жетісай қаласында ұсталған Самат Борашев Қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-бөлігімен ("Жария түрде немесе ақпарат құралдары арқылы діни араздықты қоздыру") айыпты деп танылып, үш жарым жылға бас бостандығынан айырылған еді.

«Халықаралық түрме реформасы» (Penal Reform International - PRI) ұйымының мәліметтері бойынша, Қазақстанда экстремистік және террористік айыптар бойынша сотталғандар саны көбейіп келеді. 2014 жылы елде экстремистік және террористік баптар бойынша 154 адам, 2015 жылы – 317 адам сотталған, ал 2016 жылы бұл көрсеткіш 554 адамға жеткен.

Қазақстан билігі елде "деструктивті ағым мүшелерінің" көбейгенін бірнеше рет хабарлаған. 2016 жылдың жазында Ақтөбе мен Алматы қалаларында болған қантөгіс шабуылдардан кейін тексеру күшейген. Билік оларды "радикал, дәстүрлі емес діни ағымдарды ұстанатындар" ұйымдастырды деп мәлімдеген. Қарулы шабуылдардан соң бірнеше айдан кейін Қазақстанда Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі құрылып, билік жастардың діни радикалдану проблемасы барын айтқан.

Видео: Бақытжан Ізтілеуовтің ұсталуы. 25 қыркүйек 2017 жыл.

Шымкентте ұсталған күдіктінің жақындары оны кінәсіз дейді
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:49 0:00

XS
SM
MD
LG