Accessibility links

VIP залда Назарбаев маңайындағыларға да қызмет көрсетіле ме?


Нұрсұлтан Назарбаев әуежайы.
Нұрсұлтан Назарбаев әуежайы.

Үкімет елдің бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың айналасындағы шенеуніктерге әуежайдағы арнайы орындарда қызмет көрсетуге рұқсат беруді ұсынды. Бастама авторлары ұсынысты Назарбаев президенттік өкілетін тоқтатқаннан кейін пайда болған жаңа мемлекеттік құрылым – бірінші президент кеңсесінің құрылуынан туған қажеттілік деп түсіндіреді. Кей сарапшылар бастаманы "бұрынғы президенттің құзыреті мен мәртебесін арттыру үшін жасалған амал" деп бағалады.

Премьер-министр Асқар Мамин қол қойған қаулы жобасы және әуежайдың арнайы аймағында қызмет көрсетілетін тұлғалар тізімі индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің сайтында маусымның 17-сі күні жарияланды.

Қоғамдық талқылауға шығарылған құжатпен айдың соңына дейін (жарияланған уақыттан бастап екі апта бойы) оқып-танысуға болады.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің сайтындағы қаулы жобасының бір бөлігі.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің сайтындағы қаулы жобасының бір бөлігі.

​Әуежайдың арнайы орындарындағы қызметке қол жеткізе алатын тұлғалар қатарына қазірдің өзінде Қазақстан президенті, оның отбасы мүшелері мен қонақтары, премьер-министр, Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшілер, парламент депутаттары, Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен облыс әкімдері, басқа да шенеуніктер кіреді.

Енді бұл тізімге тұңғыш президент қорының атқарушы директоры, Назарбаев кеңсесінің басшысы және оның орынбасарлары, бірінші президенттің көмекшілері мен кеңесшілері, кеңсе бөлімшелерінің жетекшілері қосылады.

ҚАУЕСЕТ ПЕН УӘДЕ

Азаттық тілшісі бұл бастаманы көтерген индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне хабарласып, Назарбаевтың айналасындағыларға әуежайдан жаңа арнайы орындар құрылатыны жөніндегі "қауесетке" байланысты түсініктеме алуға тырысты. Тілшімен сөйлескен министрліктің ресми өкілі Руслан Иманқұлов "арнайы залдар ашылмайтынын", жалпы "мұндай идеяның бұрыннан барын" жеткізді.

- Бұл қазір әуежайда жұмыс істеп тұрған залдар [болады]. Оның үстіне халық шулайтындай ешқандай жеке құжат дайындалып жатқан жоқ. Бұл - 2011 жылы маусымның 3-і күні күшіне енген №625 "Қазақстан Республикасы әуежайларының арнаулы залдарында қызмет көрсетілетін тұлғалар туралы" деген қаулы. Құжаттағы тұлғалар тізімі сақталады, тек жаңа мемлекеттік құрылым – елбасы ("ұлт көшбасшысы" – Назарбаевқа берілген мәртебе. – Ред.) кеңсесінің құрылуына байланысты тізім толығады. Ешқандай жаңа зал, артық шу болмайды, - деді Иманқұлов.

Азаттық тілшісінің "Тізімді толықтыру не үшін керек болды?", "Неге бұл шенеуніктерге басқа жолаушылармен бірге қарапайым залдарда қызмет көрсетуге болмайды?" деген сұрақтарына Иманқұлов өз ведомствосы "премьер-министрдің бұйрығын орындаумен ғана айналысатынын" айтып, жауап берді. Ол елде "мемлекеттік маңызы бар тұлға" деген санат барын және бұл санат мұндай шараның қажеттігін дәлелдеп тұрғанын хабарлады. Иманқұлов "Қызмет көрсету ақылы бола ма?" деген сұраққа да нақты жауап бере алмады.

- Менің ойымша, ақылы. Қателеспесем, қандай да бір пайызы төленуі керек. Қаулыда осының бәрі көрсетіледі. Бюджеттен төленбейді ғой деймін. Мүмкін бұл жылдамдық үшін керек шығар – негізгі айырмашылық ұшу тәртібінің жеделдігі және тағы басқа басымдықтарда болса керек, – деді ол.

Нұрсұлтан Назарбаев атындағы халықаралық әуежайдың баспасөз хатшысы Тілеген Әбішев әуежайда тексерістен өту және ұшуға арналған екі "ерекше" зал: VIP залы (халықаралық рейстер мен ерекше санаттағы адамдар үшін) және CIP залы (ішкі рейстер мен коммерциялық мақсаттағы қолданыс үшін) барын айтты. Оның пайымдауынша, қаулы жобасы VIP залын меңзеген болуы мүмкін. Тілеген Әбішев "Ерекше санаттағы адамдарға кімдер жатады?", "Олар өзіне көрсетілген қызмет үшін ақы төлей ме?" деген Азаттық тілшісінің сұрағына жауап берген жоқ. Ол сұрақтарды жазбаша жіберуді сұрады. Әбішев VIP залына кез келген жолаушы өте алатынын айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайындағы VIP-аймақ.
Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайындағы VIP-аймақ.

- Сіз де VIP зонасын коммерциялық бағытта қолдана аласыз. Бұл туралы барлық ақпарат сайтымызда бар. Бір жолаушыға қызмет көрсету құны, бар қызметін қоса есептегенде, – 56 мың теңге, барды алып тастағанда - 43 мың теңге. CIP залында бір жолаушыға қызмет көрсету 15 мың теңге тұрады, – деді ол.

Әбішев "VIP зонасының артықшылығы" ретінде "артық кезектің болмауын" және "тексерістің жеңіл өтуін" атады. Ол сонымен бірге арнайы зона қонақтары бортқа басқа жолаушыларды отырғызу аяқталған соң кіріп, ұшақ әуежайға қонған кезде бірінші болып шығатынын айтты.

Бұрынғы президенттің баспасөз хатшысы Айдос Үкібай әуежайда шенеуніктерге арнайы орындарда қызмет көрсетеді деген ақпаратты жоққа шығарды. Үкіметтің талқылауға шығарылған қаулысы барын айтқан Азаттық тілшісіне Айдос Үкібай бұл туралы бірінші рет естіп тұрғанын жеткізді. Ол VIP залының қызметіне жүгінбестен, қарапайым зал арқылы ұшып жүргенін, сондықтан бұл тақырыпқа қатысты ештеңе алып-қоса алмайтынын айтты. Кейінірек бұрынғы президенттің баспасөз хатшысы бұл туралы әріптестерінен сұрағанын, олар да ештеңе білмейтінін хабарлады.

- Мен кеңсе қызметкерлерінен сұрадым. Ешкімнің хабары жоқ. Елбасының көмекшілері мен канцелярия қызметкерлері онымен бірге сапарға шықпайды. Олар оған тек жұмыс орнында ғана қызмет көрсетеді. Сондықтан олардың [арнайы зона арқылы] өткенін, не өтпегенін айта алмаймын. Мен тек VIP залды ақысын төлеген кез келген жолаушы қолдана алатынын білемін, – деді ол.

Азаттық тілшісі биліктің заң шығару тармағының өкілдеріне де хабарласты. Мәжіліс депутаты және "Ақ жол" партиясы парламенттік фракциясының көшбасшысы Азат Перуашев "қауесетке қатысты пікір айтпайтынын", тараған ақпараттың қаншалықты шындыққа жанасатынын білмейтінін жеткізді.

- Мен болған оқиғалар мен фактілер туралы сөйлегенді ұнатамын. Бұл әзірге жай әңгіме, қауесет қана. Қауесетті базардағы адамдар айтады. Мен парламент депутаты ретінде нақты құжаттар не бастама туралы ғана айтамын. Бұл құжат шықсын, сол кезде талқылаймыз, - деді Перуашев.

"ПРЕЗИДЕНТТІҢ ЖЕКЕ ҚАЛАУЫ"

Саясаттанушы және құқықтанушы Сәлім Өтен Назарбаев айналасындағы шенеуніктерге арналған арнайы зоналар туралы бастаманы бұрынғы президенттің "жеке қалауы" деп бағалады.

— Бұл тек Назарбаев үшін ғана жасалмайды, [олай жасаса] бірден көзге түседі. Тактикалық қадам. Шенеуніктер үшін жасалып жатқан сияқты көрінгенмен шын мәнінде барлығы Назарбаев үшін. Барлығы бұрынғы президентпен бірге ұшпайды ғой. Ол 1990 жылдары қол жеткізген билігіне әлі тоймай отыр. Ол барлық жерде осы билігін ашық көрсеткісі келеді, тіпті шағын дүниелерге келгенде де бұл мүмкіндікті жіберіп алмауға тырысады. Мемлекеттілік туралы барлық халықаралық нормаларды бұзып, президенттің үстінен қарайтын Қауіпсіздік қызметін (2018 жылы конституциялық орган мәртебесі беріліп, құзыреті кеңейген кеңесте Назарбаев төраға қызметін өмір бойы атқару құқығына ие болды – Ред.) құрғаннан кейін, арнайы орындар сияқты жаңалықтар ешкімді таңғалдырмайды. Әйтпесе, жеке ұшағы бар ғой: қоңырау шалса болды, ұшып кете береді. Ал бұл (арнаулы зоналар) – өз мүмкіндігін көрсетудің амалы ғана, – дейді ол.

Тактикалық қадам. Шенеуніктер үшін жасалып жатқан сияқты көрінгенмен шын мәнінде барлығы Назарбаев үшін.

Өтен бір жолы Ұлыбританияның сол кездегі премьер-министрі Тони Блэрмен бір ұшақта ұшқанын, оның "қарапайым жолаушылармен бірге бір ұшақта арнайы залсыз және жеке тексерусіз" ұшқанын еске алды.

Бұрын премьер-министрдің орынбасары қызметін атқарған, бұрынғы дипломат, Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалары бойынша елшісі болған Балташ Тұрсымбаев бұл бастама арқылы Назарбев өз айналасындағыларға басымдық алып беріп, олардың шені басқа аппарат мүшелерінен жоғары екенін көрсеткісі келеді деп есептейді.

- Назарбаев ешқайда кеткен жоқ. Керісінше, ол өз билігін нығайтты. Оның адамдарын тізімге не үшін қосты? Мен шенеуніктер қызметін жақсы білемін. Енді олар (бірінші президенттің айналасындағы шенеуніктер) басқаларға "Біз сендерден жоғарымыз, өз орындарыңды біліңдер. Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы – біздің бастығымыз, оның бұйрықтары сөзсіз орындалады" деп айтады. Көзге ілінбейтін дүние болып көрінгенімен, осындай шешімдерден шенеуніктердің дәрежесі көрінеді. Екінші президент пен оның аппараты, үкімет басшысы мен оның аппараты бар, жартылай өлі парламенттің де аппараты жұмыс істеп тұр. Олар үйде кім қожайын екенін көрсеткісі келеді, – дейді Тұрсымбаев.

Балташ Тұрсымбаевтың топшылауынша, алдағы уақытта Назарбаевтың жанындағы шенеуніктерге басқа да басымдықтар мен құзыреттер берілуі мүмкін.

- Әуежайда мен, сіз, басқа шенеуніктер арасында қандай айырмашылық бар?! Айырмашылық жоқ! Билетің болса, жалпы ережелер бар: тексерістен өт, ұшаққа отыр. Ұшып жеткен соң, сыртқа шық. Бұл жай сынақ үшін жасалған қадам. Ары қарай халықтың назарынан тыс қалатын басқа да артықшылықтар беріледі, - дейді ол.

Бұрынғы парламент депутаты және Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңесшісі болған Серік Әбдірахманов арнайы зона бірінші кезекте елбасының айналасындағыларға керек деп есептейді.

- Оның айналасындағылар Назарбаевтың атын қолданады. Назарбаев олар үшін мөрмен басылған белгі сияқты. Мен мұны осылай ғана түсінемін. Бұл оларға құрмет көрсету ме, әлде бақылауды алып тастау ма, қалай қарағанда да, бұлай жасау ақылға сыймайды.

Әбдірахмановтың пікірінше, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мұндай жобалар дайындаудың орнына өз саласындағы басқа мәселелерге назар аударуы керек.

- Индустрия министрлігі 30 жылда инновациялық-индустриялық кәсіпорын қатарына қосуға болатын бірде-бір зауыт салған жоқ. Арнаулы экономикалық аймақтардан ешқандай тиімділіқ жоқ. Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялары ондаған миллион долларды жеп қойды. Ештеңе құрылған жоқ, – дейді ол.

78 жастағы Нұрсұлтан Назарбаев билік басына 1989 жылы келіп, содан бері мемлекет басшысы қызметін үздіксіз атқарып келді. 2019 жылы наурыздың 19-ы күнгі халыққа арнаған мәлімдемесінде ол наурыздың 20-сынан бастап отставкаға кететінін хабарлады.

Президент қызметінен кеткен соң, Назарбаевтың қолында көп құзырет сақталып қалды. Ол Қауіпсіздік қызметін өмір бойы басқару құқығын иеленді. Парламентте көп орынға ие "Нұр Отан" партиясының төрағалығында қалып, "құрметті сенатор" лауазымын алды. Бірінші президентке заң жүзінде "елбасы" ("ұлт көшбасшысы") атағы берілген. Бұл Назарбаев пен оның отбасын кез келген азаматтық және қылмыстық қудалаудан, мүлкі мен банктегі есепшоттарын тәркілеуден қорғайды. Сондай-ақ бірінші президентке ел тарихында болмаған жеңілдіктер беріліп, оның пәтері, қала сыртындағы үйі, көлігі, күзеті мен медициналық сақтандыруы мемлекеттік бюджеттен төленеді.

Назарбаев биліктен кеткеннен кейін, оның құрметіне Қазақстан астанасының атауы Нұр-Сұлтан деп өзгертілді. Елдің бірнеше ірі қаласындағы орталық көшелерге Назарбаевтың аты берілді. Бірінші президент кеңсесінің құрылатыны жөнінде 2019 жылдың сәуір айында белгілі болды. Мәжіліс бұл мақсатта мемлекеттік бюджеттен бір миллиард теңге бөлу туралы ұсынысты мақұлдады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG