Accessibility links

Анатол Статидің мүлкіне қатысты сот жалғасып жатыр


«ҚазМұнайТеңіз» компаниясының жол жөндеп жүрген жұмысшылары. Боранқұл ауылы, Маңғыстау облысы. 24 наурыз 2018 жыл
«ҚазМұнайТеңіз» компаниясының жол жөндеп жүрген жұмысшылары. Боранқұл ауылы, Маңғыстау облысы. 24 наурыз 2018 жыл

Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі апелляциялық алқасы «АзияТерминалСнаб» компаниясының өтінішімен Жоғары сот кері қайтарған Бейнеу аудандық сотының шешімін қайта қарай бастады. Анатол Статидің Маңғыстаудағы мүлкін сенімді басқаруға алған «ҚазМұнайТеңіз» Теңіз мұнай компаниясы» иелігіндегі мүліктің саудаға түскенін сотта растады. Сотқа қатысушы тараптардың бірі «Маңғыстаугеология» өкілі даудың анықталуы үшін сотқа Статиді шақыруды сұрады.

Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы молдовалық бизнесмен Анатол Статидің «Толқыннефтегаз» компаниясына тиесілі Бейнеу ауданындағы темір жолдармен жер учаскелерін өзара бөліске салған жеке меншік компаниялардың дауын қарай бастады. Оған Қазақстан Жоғары сотының азаматтық істер жөніндегі алқасының 2018 жылдың 25 сәуірінде жеке кәсіпкер В.Қарсақбаеваның жалпы ауданы 19.705 га болатын темір жол тұйығы орналасқан жер телімін сату- cатып алу туралы «Маңғыстаугеология» компаниясы мен Боранқұл селосы әкімі арасындағы 2004 жылы жасалған келісім шартты бұзу туралы өтінішін қанағаттандырған Бейнеу аудандық сотының 2017 жылдың қаңтарындағы шешімін кері қайтару туралы қаулысы себеп болып отыр. Апелляциялық соттың алғашқы отырысын судья Нұрсапа Примашев жүргізді. Сотқа Маңғыстау облысының судьялары Гүлажар Бахытжанова мен Сәуле Өмірболатова қатысты.

Сотқа қатысушы тараптар мүлікке қатысты құжаттарын сот алқасына көрсетіп жатыр Ақтау қаласы 18 шілде 2018 жыл
Сотқа қатысушы тараптар мүлікке қатысты құжаттарын сот алқасына көрсетіп жатыр Ақтау қаласы 18 шілде 2018 жыл

Молдовалық бизнесмен Анатол Статимен арадағы келісім шартты Қазақстан үкіметі 2010 жылғы шілденің 21-інде біржақты түрде бұзған еді. Сол кезде Статидың Маңғыстау аймағындағы игеріп жатқан Толқын, Боранқұл кеніштеріне қоса Бейнеу ауданындағы «Опорный» станциясындағы газ өңдеу зауыты «ҚазМұнайГаз» еншілес мекемесі «Қазмұнайтеңіз» Теңіз мұнай компаниясына» сенімді басқаруға өткен болатын. «Опорный» станциясындағы бұл газ өңдеу заводы территориясына №101 ауыстырым бағытынан басталатын және №103, №105, №107 ауыстырымдар арқылы депоға дейін созылатын теміржолдар мен жер учаскелері де енеді. Азаттық бұған дейін Стати мүлкінің бір бөлігі саналатын осытеміржолдар мен жер учаскелерінің бірнеше мәрте саудаға түсіп, күмәнді жолмен жеке меншікке өткені туралы жазған.

Оқи отырыңыз: Статидің Маңғыстаудағы даулы мүлкін кім иеленді?

«ҚазМұнайТеңіз» Теңіз мұнай компаниясының өкілі Сұлтан Медетов өздеріне басқаруға берілген мүліктің саудаға түскенін растап отыр.

- №101 ауыстырым бағытынан бастап №103, №105, №107 ауыстырымдарының темір жолдары да, учаскесі де біздің мүлкіміз, - деген ол бұл ауыстырымдарды жеке меншік мекемелер басып алған деп есептейді.

Стати мүлкінің қазіргі иесі оның бөгденің меншігіне өтіп кеткені туралы 2017 жылдың 24 тамызында Маңғыстау экономикалық сотындағы процесс үстінде шағым түсіргенімен судьяның оның қарамағанын айтты. Оның сөзінше, «ҚазМұнайТеңіз» жоғарыда аталған темір жол учаскелерін сатып алу туралы «ЖК Қарсақбаева» және «Бұрылтай» компанияларының сатып алу келісім шартын жарамсыз деп тану туралы 2018 жылы сәуірде Маңғыстау экономикалық сотына шағымданған. Бірақ сол кезде бұл мәселе Жоғары сотта қаралып жатқандықтан шағым уақытша тоқтатылған.

«ЖК Қарсақбаева» өкілі Арман Шалабаев сотта оның даулы темір жол мен жер учаскесінің заңды иесі екенін дәлелдеуге тырысты.

Боранқұл ауылындағы газ зауытының кіреберісі. Маңғыстау облысы. 24 наурыз 2018 жыл
Боранқұл ауылындағы газ зауытының кіреберісі. Маңғыстау облысы. 24 наурыз 2018 жыл

- Біз бірнеше мәрте соттастық. Бірақ талаптарымызды өзгерткен жоқпыз. Біз 2004 жылы Бейнеу ауданы Боранқұл селосы әкімі мен «Маңғыстаугеология» компаниясы арасында жасалған темір жол тұйығы орналасқан жер учаскесін сату-сатып алу туралы келісім шартты заңсыз деп танып, бұзуды сұраймын, - деді Арман Шалабаев.

Даулы темір жол телімінің иесінің бірі саналған «Маңғыстаугеология» мекемесі соттағы бұл дәйектермен мүлде келіскен жоқ. Мекеме өкілі Сұлтан Аманиязов жер телімінің өздеріне тиесілі бөлігіне ешкімнің дау айта алмайтынына сенімді екенін жеткізді. Оның сөзінше, 2015 жылғы 12 қазандағы Бейнеу аудандық сотының судьясы Б.Тоқабаев істі қарап, жер учаскелеріне өлшеу жасау арқылы дауға айналған №100, №101 ауыстырым бағыттарының «Маңғыстаугеология» иелігіне жататын жылжымайтын мүлік екенін көрсетіп, «ЖК Қарсақбаева» арызын қанағаттандырудан бас тартқан. Бірақ одан кейін қайта арызданған жеке кәсіпкердің арызын басқа соттар қанағаттандырып, соттың бұл шешімі мүлде өзгерген.

Maңғыстау облыстық сотының сыртқы көрінісі. Ақтау. 18 шілде, 2018 жыл
Maңғыстау облыстық сотының сыртқы көрінісі. Ақтау. 18 шілде, 2018 жыл

- Жаңадан ашылған мәліметтерге байланысты «Толкыннефтегазды» сотқа шақыруды сұраймын, басқа амал жоқ, - деді Сұлтан Аманиязов сот төрағасы Нұрсапа Примашевқа қарата қолын жайып.

«Жаңадан ашылған мәліметтердің» не екенін ол ажыратып айтқан жоқ және судьялар да нақтылаған жоқ.

Сот біткен соң Азаттыққа түсініктеме берген Сұлтан Аманиязов №100, №101 ауысым бағыттары «Толкыннефтегаз» зауытына апаратын бірден бір темір жол екенін айтты. Оның айтуынша, бұл бағыттағы темір жол бөлігі айтарлықтай ірі табыс көзіне айналып отыр.

"Маңғыстаугеология" компаниясының өкілі Сұлтан Аманиязов. Ақтау. 18 шілде, 2018 жыл
"Маңғыстаугеология" компаниясының өкілі Сұлтан Аманиязов. Ақтау. 18 шілде, 2018 жыл

- Сондықтан да оны бәрінің иеленгісі келетін түсінікті, - дейді ол.

- Шындығына келгенде, қазір «ҚазМұнайТеңізге» басқаруға беріліп отырған бұл темір жолдарды байырғы мекеме «Маңғыстаугеология» салған. Оның қашан, қайтып сатып алғанын тек «Толқыннефтегаз» ғана айта алады. Іске жарық сәуле түсіретін - тек сол, - деді ол Азаттыққа молдавалық бизнесмен Анатол Статиді меңзеп.

Сотта талап арыздың иесі ретінде сөз алған «АзияТерминалСнаб» компаниясының заңгері Амангелді Алтыбаев өздері даулы темір жол тұйығын жалға алған кезде душар болған заңсыздықтармен күресе келе молдавалық бизнесменнен алынған мүліктің жеке меншік компаниялар арасында саудаға түскеніне көз жеткізгенін айтты.

Амангелді Алтыбаев темір жол сызбаларын көрсетіп отыр. Боранқұл ауылы. Маңғыстау облысы. 30 наурыз, 2018 жыл
Амангелді Алтыбаев темір жол сызбаларын көрсетіп отыр. Боранқұл ауылы. Маңғыстау облысы. 30 наурыз, 2018 жыл

Оның сөзінше, жеке меншік компаниялардың заңсыз әрекеті салдарынан «Маңғыстаугеология» мекемесі құқы ғана емес, «Қазақстан теміржолы» және «Қазмұнайтеңіз» компанияларының да құқы бұзылып отыр.

- Бұл - бөтеннің мүлкін иеленуге жатады, - деді ол сотта.

Сот төрағасы Нұрсапа Примашев келесі процестің Бейнеу ауданына барып жүргізетінін, даулы учаскелердің қайтадан өлшенетінін айтты. Бірақ соттың нақты уақытын белгілемеді.

Молдовалық бизнесмен Анатол Статимен Қазақстан үкіметі арасындағы халықаралық соттардағы дау 2014 жылдан бері жалғасып келеді. Осыған дейін молдовалық бизнесмен Анатол Стати сотқа шағымданып, АҚШ банктердің бірі Қазақстан ұлттық қоры активтерін бұғаттаған еді.

Aнатол Стати
Aнатол Стати

2014 жылы қаңтарда Стокгольм арбитраждық соты Қазақстанды Энергетикалық хартиялар туралы келісімді сақтамады деп санап Статиге 520 миллион АҚШ долларын төлеуге міндеттеген. Ал Анатол Стати Қазақстанға салған инвестициясының қайтарымы ретінде 4 миллиард АҚШ долларын талап еткен еді.

Былтыр желтоқсанда New York Mellon банкі молдовалық бизнесмен Анатол Статидің Қазақстан үкіметіне қарсы арызы бойынша Қазақстан Ұлттық қорының 22 миллиард доллар қаржысын бұғаттағаны жария болған. Қаңтар айында Қазақстан билігі Нидерланд соты Қазақстан Ұлттық банкінің «Ұлттық қордың New York Mellon банкіне кастодиалды сақтауға салынған активін бұғаттан босату туралы» талап-арызын қанағаттандырғанын хабарлаған. Қазақстанның мұнай-газ саласына инвестиция салған Стати мемлекеттік органдар өзін «инвестициясын тым арзанға сатуға мәжбүрлеу үшін қыспаққа алғанын» айтады. Астана бұл айыптауды терістеп, Статиді «алаяқтық жасады» деп айыптайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG