Accessibility links

Тұрғын қалдық қоймасынан күмәнданады


Балқаш қаласы маңында көлден балық аулап тұрған адам. (Көрнекі сурет.)
Балқаш қаласы маңында көлден балық аулап тұрған адам. (Көрнекі сурет.)

Шығыс Қазақстан облысында тұрғындар Ақтоғайдағы химиялық қалдықтар қоймасы экологияға зиян тигізіп отыр деп шағымданды. Қоймаға иелік ететін "KAZ Kazminerals Aktogay" компаниясы "қауіп жоқ" десе, жергілікті билік органдардың жауаптары бір-біріне қайшы шығып отыр.

ОБЛЫС ӘКІМІНЕ ШАҒЫМ

Шығыс Қазақстан облысындағы Аягөз ауданы тұрғыны Ерлан Қалиев "KAZ Kazminerals Aktogay" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің иелігіндегі Ақтоғай тау-кен байыту комбинатының химиялық қалдық сақтайтын қоймасы аймақтың флора мен фаунасын ластап отыр деп билікке шағымданды. Облыс әкімі Даниал Ахметовке қарашаның 5-і күні жолдаған хатында Ерлан Қалиев "қойма салынған кезде технологиялық процедуралар сақталмаған, экологиялық қауіпсіздікті сақтаудың халықаралық стандартына сәйкес қолданылуы тиіс геомембрана төселмеген" деп жазған.

"Геомембрананың жоқтығы сульфид зауытында ұсақталған кенді байыту үшін қолданылатын реагенттердің жерге сіңіп, осы аймаққа жапсарлас бес көлдің (Балқаш, Сасықкөл, Алакөл, Жалаңашкөл және Қытайдың Эбинур көлі) ластануына апарып соғады. Ақтоғай аймағының жері тас болғандықтан химиялық заттар жерге сіңіп кетеді. Сульфид кенін өндіру кезінде флотация процесінен кейін өзге де байытылған қалдықтармен бірге қоймаға жиырма түрлі ауыр металл түседі. Аталған жағдай Арал теңізі сияқты ғаламдық экологиялық проблемаға апарып соғады" делінген хатта.

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

"Ақтоғай кенішін игеру жобасы" бойынша қарашаның 1-і күні Аягөзде өткен қоғамдық тыңдаудың видеосы интернетте жарияланды. Онда жергілікті тұрғындар Ақтоғай тау-кен байыту комбинатына тиесілі қалдық қоймасының жұмысына наразылық білдірген. Кейбірі халық арасында жүрек, рак тәрізді аурулардың көбейгенін де қалдық қоймасымен байланыстырған. Тұрғындар компания өндіріс салдарын азайту мақсатында жасылдандыру, су тарту тәрізді елдің әлеуметтік жағдайын жақсартуға қатысты алған міндеттерін де атқармай отыр деп сынайды.

Қалдық қоймасы жайлы тыңдаудан видео:

Ақтоғай ауылында 32 жылдан бері тұрып келе жатқан Ерлан Қалиев сульфид зауытының қалдық қоймасы ашылғалы бері ауылда ауа сапасы нашарлап кетті деп шағым айтады.

- Әсіресе жаз кезінде оның әсері қатты сезіледі. Неше түрлі дерт пайда

Үш-төрт ай болғандықтан беті цемент сияқты көгеріп жатыр екен. Ақшыл көк түсті қар сияқты.

болып жатыр. Аллергия деген бар, қаншама адам рактан қайтыс болып жатыр, - дейді ол.

Ерлан Қалиев бұған дейін тіпті зауыттың "сыртына төгіп тастаған қалдықты көргенін" айтады.

- Мен естіген соң барып өзім видеоға түсіріп алғам. Үш-төрт ай болғандықтан беті цемент сияқты көгеріп жатыр екен. Ақшыл көк түсті қар сияқты, - дейді ол.

"Жергілікті билік те, компания да бұл мәселеге көз жұма қарап отыр" дейді тұрғын. Ерлан Қалиев қалдық қоймасы жерасты суына да кері әсер етіп жатқан болуы мүмкін деп күдіктенеді. Ол облыс басшысына хатында бұл мәселе бойынша тәуелсіз сараптама тағайындап, тиісті зерттеу жүргізуді, мәселенің анық-қанығына жеткенше сульфид зауытының жұмысын дереу тоқтатуды талап еткен.

Шығыс Қазақстан облысы әкімі аппаратынан Ерлан Қалиевке келген жауапта тұрғынның "облыс әкімі Даниал Ахметовтің аты-жөнін" дұрыс жазбағаны себепті хаты кері қайтарылғаны айтылған.

"АЙЫППҰЛ САЛЫП, ЗАҢҒА БЕРДІК"

Шығыс Қазақстан облыстық экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Ермак Делдашұлының Азаттыққа айтуынша, Ақтоғай тау-кен байыту комбинатына тиесілі қалдық қоймасы биыл екі рет тексерілген. Екі жолы да кәсіпорынға айыппұл салынған.

- Ақпан айындағы тексеру кезінде шамамен 312 миллион теңгеге зардап келтіргенін есептеп, айыппұл салынды. Қойманың пайдалануға берілмеген учаскесіне көлемі 442 мың 223 текше метр қалдық төгіп тастаған. Оның аумағы үш шақырымға жеткен, - дейді Ермак Делдашұлы.

Қойманың пайдалануға берілмеген учаскесіне көлемі 442 мың 223 текше метр қалдық төгіп тастаған. Оның аумағы үш шақырымға жеткен,

Ол жуырда жүргізілген тағы бір тексерудің нәтижесімен әлі танысып үлгермегенін, бірақ онда да “7-8 айыппұл бар” екенін айтады. Тұрғындар көтерген геомембрана жайлы мәселеге байланысты ол:

- Құрылыс салынып жатқанда соның барлығын қолдану туралы ұсыныс айтылды. Олар жерге ешқандай зиян келмейтіндей етіп "қойылтқыш" жаңа технология қолданатындарын айтқан. Соның бір бөлігі сақталып жатыр, бір бөлігі сақталмай жатыр. Меніңше, қазіргі кезде технологиялық регламент сақталмай отыр, - дейді Ермак Делдашұлы.

"Сонда бұл осылайша жалғаса бере ме?" деген сұраққа ол:

- Біз қылмыстық іс қозғауға сәуір айында ішкі істер органына өтініш бергенбіз. Құжат жүзінде өз қызметтік міндеттерімізді атқарып отырмыз. Қылмыстық іс болғаннан кейін сараптамалар көп болады. Іс жүзінде дәлелдеу керек қой. Соларды жасап жатқанға ұқсайды, - деді.

Азаттық тілшісі Шығыс Қазақстан облыстық экология департаментінің өтініші бойынша істің жайын білу үшін Аягөз аудандық ішкі істер бөліміне хабарласқанмен ешқандай жауап ала алмады.

АУДАН ӘКІМДІГІНІҢ ЭКСКУРСИЯСЫ

Интернетте қалдық қоймасына қатысты даулы видео жарияланып, жұрт арасында "экологиялық қауіп" туралы хабар тарап, үрей пайда болғаннан кейін жергілікті билік қараша айының ортасында Ақтоғай тұрғындары үшін комбинатқа арнайы эксурсия ұйымдастырған. Аягөз ауданы әкімінің орынбасары Болат Сүлейменовтің сөзінше, жиырма шақты тұрғын комбинаттағы жағдаймен танысқаннан кейін "халықтың күдігі басылған".

Облыстан келген радиология орталығының мамандары, экологтар халыққа радиация қаупі жоқ екенін дәлелдеді.

- Пайдалы қазбаны жарылыс жасап алған кезде қаншама шаң көтеріледі ғой. Облыстан тиісті құрылғыларымен келген радиология орталығының мамандары, экологтар соның бәрін тексеріп, халыққа көрсетті. Радиация қаупі жоқ екенін дәлелдеді. Комбинаттың барлық технология талаптарын сақтап отырғанын айтты. Экскурсия таңертеңнен кешке дейін созылды. Халыққа ешқандай қауіп-қатер жоқ, - дейді ол.

Оның айтуынша, бұған қоса Ақтоғай ауылындағы мәдениет үйінде түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Әкім орынбасары "мәселені ушықтырып отырған бір-екі адам ғана" дейді.

- Жұрт түрлі сөзге сене береді емес пе. Өздері маман емес қой, - дейді билік өкілі.

“ХАЛЫҚҚА АҚПАРАТ ЖЕТПЕЙ ОТЫР”

Қарағанды облыстық экология музейінің даму бойынша директоры Дмитрий Калмыков “қалдық қоймасының жобасы мен мемлекеттік сараптама нәтижесін көрмей, қауіп бар-жоғын айту қиын” дейді. Оның пікірінше, интернетте жарияланған видеолар компанияның халыққа қажетті ақпарат бермей отырғанын көрсетеді.

Радиация мөлшерін өлшеп тұрған маман. Бұрынғы Семей полигоны аумағы, 13 қазан 2011 жыл. (Көрнекі сурет.)
Радиация мөлшерін өлшеп тұрған маман. Бұрынғы Семей полигоны аумағы, 13 қазан 2011 жыл. (Көрнекі сурет.)

- Қазақстан БҰҰ-ның Орхус конвенциясына қол қойған. Оған сәйкес, халық экологиялық ақпараттан хабардар болып отыруы тиіс. Тұрғындардың реакциясына қарасаң, оларда үрей мен қауіп басым. "Кәсіпорын айналаны былғап жатыр" деген түсінік қалыптасқан. Оларға кәсіпорын ақпарат беріп отырған жоқ. Билік кәсіпорынды сонымен айналысуға мәжбүрлемеген, түсіндіру жұмыстарын жүргізбеген, - дейді Дмитрий Калмыков.

Оның пікірінше, тұрғындар өздері тұрып жатқан жердің суы мен ауасына қатысты деректер сұрап, денсаулық сақтау министрлігіне сауал жіберуі тиіс. "Тек сонда ғана мәселе анықтала түседі" дейді эколог.

КОМПАНИЯ ЖАУАБЫ

Тау-кен өндірісі саласындағы мыс өндіруші "KAZ Kazminerals Aktogay" компаниясы Азаттыққа жолдаған ресми жауабында иелігіндегі Ақтоғай тау-кен байыту кешені нысандарының барлығы экологиялық талаптарға сай екені туралы айтылған.

"KAZ Minerals Aktogay" ЖШС байыту фабрикасының флотация қалдықтарының сапалық құрамы мен қауіп деңгейін анықтауға арналған ғылыми-зерттеу жұмысының қорытындысына сәйкес, флотация қалдықтары улану индексінің жиынтық шамасы бойынша қаупі азға (мемлекетаралық стандарт бойынша төртінші класс) жатады. Шығыс Қазақстан облыстық экология департаменінің тексеру қорытындысы бойынша, қалдық қоймасынан қоршаған ортаға әсер ететін қауіпті элементтер табылған жоқ" делінген жауапта.

Геомембрана жайлы сауалға қатысты компания:

“Қазақстан Республикасының санитарлық норма-ережелеріне сәйкес, топыраққа сіңу коэффициенті тәулігіне 0,01 метр болған кезде улы қалдықтарды сүзгіге қарсы экранды (қоршаған ортаны зиянды заттардан қорғау мақсатында төселетін қабат) қолданбай да көмуге болады. Ақтоғайда бұл коэффициент тәулігіне 0,01 метрді құрайды, сондықтан фильтрге қарсы экран қажет емес" деп хабарлаған.

Қалдық қоймасының жиі тексеріліп тұратынын да атап көрсеткен компания Азаттыққа комбинаттың қоршаған ортаға әсері туралы 2017 жылы наурызда Қазақстан энергетика министрілігінің экологиялық реттеу және бақылау комитетінің жүргізген мемлекеттік экологиялық сараптамасын да жіберген.

"KAZ Minerals Aktogay" компаниясының хабаралуынша, Ақтоғайдағы технологиялық қалдық қоймасының жобалық көлемі жылына 24,7 мың тонна қалдық жинауға арналған.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG