Accessibility links

Тіл институты Мәдениет министрлігіне өтуден қауіптенеді


Қазақстан ұлттық ғылым академиясы. Алматы, 22 сәуір 2014 жыл. (Көрнекі сурет.)
Қазақстан ұлттық ғылым академиясы. Алматы, 22 сәуір 2014 жыл. (Көрнекі сурет.)

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының зерттеушілері латын қаріпті қазақ әліпбиін ендіру науқанына бола ғылыми мекемені өзге министрлікке ауыстыру туралы ұсыныс түскеніне алаң. Жауапты министрліктер бұл мәліметті растаса да, әлі шешім қабылданбағанын айтады.

Қарашаның 20-сы кешкісін Facebook әлеуметтік желісінде "Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының Мәдениет және спорт министрлігіне қосылатыны туралы" бірнеше ақпарат жарияланып, көптің назарын аударды. Азаттық тілшісі сөйлескен институт маманы Нәзира мұндай хабардың "ғылыми зерттеу институтының өзінен тарағанын, қазір институт қызметкерлерінің алаңдап отырғанын" айтты.

Маманның сөзінше, "Тіл білімі бойынша ғылыми зерттеумен ұзақ жылдар шұғылданып келе жатқан салалық мекемені мәдениет саясатымен шұғылданатын министрлікке қосу қаншалықты қажет болды, бұл мәселе дәл қазір неге көтеріліп отыр?" деген сұраққа институт қызметкерлері жауап таба алмай дал. Институттың басқа да қызметкерлері және жауапты министрліктер бұл ұсыныстан хабардар болып шықты.

Тіл институты кімнің қарауына өтеді?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:34 0:00

"ТҮБЕГЕЙЛІ ҚАРСЫМЫЗ"

Алматыда орналасқан Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбектің айтуынша, мұндай ақпарат латын қаріпті қазақ әліпбиін енгізу бойынша жаңадан құрылған комиссияның премьер-министр Бақытжан Сағынтаев басқарған биыл қарашаның 16-сында өткен алғашқы отырысында белгілі болған. Бірақ отырыста талқыланбаған.

- Мен көрген хаттамада Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институты мен Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет институтын мәдениет және спорт министрлігіне уақытша беру туралы сөз болған. Біз оған түбегейлі қарсымыз. Ғылыми зерттеу институттары ғылымның бір саласы ретінде Ғылым комитетінде қалуы керек. Латын әліпбиін жасау аз уақытта өткізе салатын науқандық шара емес. Оның үстіне бұл институттардың латын әліпбиінен өзге де ғылыми зерттеулері бар емес пе? - дейді ол.

Институт директоры құрамында 100-ге жуық ғылыми қызметкері бар тіл білімі институты мәдениет министрлігінің қатардағы бір бөліміне айналуы мүмкін деп қауіптенеді.

Тіл білімі институтының қызметкері Қыздархан Рысберген "институтты Мәдениет және спорт министрлігінің құрамына беру арқылы Білім және ғылым министрлігі латын әліпбиіне байланысты жауапкершіліктен қашатын сияқты" деп болжайды.

Филология ғылымдарының докторы Қыздархан Рысберген.
Филология ғылымдарының докторы Қыздархан Рысберген.

- Қазақстан парламентінде латын әліпбиінің алғашқы нұсқасын таныстырған Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Шайсұлтан Шаяхметов атындағы Тіл орталығы бұл істі жылдам істеуге құлшынып отыр. Өйткені, латын әліпбиіне байланысты келер жылы қаржы бөлінеді. Өткен жылы археология институтын да Мәдениет және спорт министрлігіне бермекші болған. Қалыптасқан, жұмыс істеп тұрған нәрсені не үшін бұзатынын түсінбедік. Енді ұжымымыз президентке хат жазбақ, - дейді ол.

Азаттық тілшісі Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Уәлихан Қалижанмен де хабарласқан еді. Ол "ақпаратты естігенін, бірақ ресми құжат алмағанын айтып", сөйлеуден бас тартты.

Тіл институты ұжымын алаңдатып отырған хабар туралы видео:

Тіл институты Мәдениет министрлігіне өте ме?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:39 0:00

"ҚАБЫЛДАНБАҒАН ШЕШІМ"

Азаттық тілшісі қарашаның 21-інде Астанада үкімет отырысынан шыққан білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевпен, мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұловадан Тіл білімі институты туралы сыбыстың жай-жапсарын сұрады. Олардың сөзінше, бұл мәселе латын әліпбиін енгізуге қатысты көтерілген, "әлі шешім қабылданбаған".

Үкімет жиынында сөз болған. Бірақ оңай іске аса салатын мәселе емес. Құқықтық-нормативтік актілері көп.

Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық саяси жұмыс комитеті төрағасының орынбасары Ғалымжан Мелдешов біршама толығырақ жауап беруге тырысты.

- Үкімет жиынында сөз болған. Бірақ оңай іске аса салатын мәселе емес. Құқықтық-нормативтік актілері көп. Желтоқсанның 7-сінде өтетін үкімет отырысында белгілі болуы мүмкін, - дейді ол.

Мелдешов ғылыми зерттеу институтының қызметкерлерін алаңдамауға шақырады.

- Мәдениет және спорт министрлігінің жанында латын әліпбиін енгізуге байланысты орталық құрылуы мүмкін. Соған Тіл білімі мен Әдебиет және өнер институтынан зерттеушілер іріктеледі, олар орталық жұмысы жүйеленген соң өз жұмыстарына қайта оралуына болады, яғни "институттар Мәдениет министрлігіне өтеді" деген сөз емес. Бірақ бұл әзірге жоба ғана, - дейді ол.

"МИНИСТРЛІКТІҢ ЖЫЛДАМДЫҒЫ"

Институттың жетекші зерттеушілері алаңдамай отыруға негіз жоқ деп санайды. Олардың айтуынша, бұл жолы сөз өз мекемелерін Астанадағы Шайсұлтан Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық әдістемелік орталығына емес, Мәдениет министрлігіне қосу туралы болып отыр. Зерттеушілер институт министрліктің қарамағына берілсе, көп орталықтың біріне айналады деп қауіптенеді.

Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары Анар Фазылжанова.
Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары Анар Фазылжанова.

Тіл білімі институты директорының орынбасары Анар Фазылжанованың сөзінше, ғылыми мекемелерді Мәдениет және спорт министрлігіне не үшін қосу керектігін ешкім түсіндірмеген. Ол осыған ұқсас ұсыныстың бұрын да жасалғанына назар аудартады. 2016 жылдың басында сол кездегі вице-премьер Дариға Назарбаевадан Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты мен Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Шайсұлтан Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық әдістемелік орталығын біріктіру туралы мәселені қарастыру жөнінде шешім келген.

- Институт ұжымы хат жазып, "Шаяхметов орталығынан" айырмамызды ұзақ түсіндірдік. "Шаяхметов орталығы" тіл саясатын жүзеге асырады, ересектерге арналған тіл оқыту курстарын ұйымдастырады, әдістемелік базасын жасайды, ғылыммен шұғылданбайды. Тіл білімі институты тілдің ғылыми негіздерін зерттейді. Екеуінің функциясы екі түрлі, - дейді Фазылжанова.

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты соңғы кездері латын қаріпті жаңа қазақ әліпбиін енгізу мәселесіне байланысты жиі аталған еді. Жаңа әліпбиді қазақ жазуына бейімдеуді бірнеше жыл бойы зерттегенімен бұл ұйымның жобасы биліктің талқылауына ілінбеген. Қыркүйек айында парламентте Мәдениет министрлігіне қарасты Шаяхметов атындағы Тіл орталығы латын әліпбиінің диграфты нұсқасын таныстырып, кейін оның өзгертілген апострофты түрін президент Нұрсұлтан Назарбаев жарлығымен бекіткен.

Оқыңыз: Билік бекіткен жаңа әліпби нұсқасын сынаушы көбейді

Әлеуметтік желіде жиі талқыланып, қоғамның бір бөлігінің наразылығын туғызған бұл нұсқаларға Тіл білімі институты зерттеушілерінің көбі "өздерінің қатыстары жоқтығын" айтқан. Алайда латын қаріпті қазақ әліпбиінің нұсқаларын парламентте таныстыру және талқылау шараларына институт мамандары да қатысып, кейбірі қолдайтындай болып көрінген. Іле-шала институт директоры Ерден Қажыбек пен зерттеуші Әлімхан Жүнісбек зерттеушілеріне жоғарыдан қысым жасалғанын, сондықтан келіскен сыңай танытқандарын мәлімдеген.

Білім және ғылым министрлігіне қарасты институт өз жобасын өткізе алмағай жатқанда "Шаяхметов орталығының" белсенділігі күрт артқаны аңғарылған. Аталған орталық директоры Ербол Тілешов парламентте өз ұйымын "диграфты латын әліпбиін ұсынушы" ретінде таныстырған.

Шаяхметов атындағы тілдерді дамыту республикалық үйлестіру-методикалық орталығының директоры Ербол Тілешов (сол жақта) пен Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының аға ғылыми қызметкері, профессор Әлімхан Жүнісбек. Астана, 12 қазан 2017 жыл.
Шаяхметов атындағы тілдерді дамыту республикалық үйлестіру-методикалық орталығының директоры Ербол Тілешов (сол жақта) пен Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының аға ғылыми қызметкері, профессор Әлімхан Жүнісбек. Астана, 12 қазан 2017 жыл.

Осыған орай Тіл білімі институтының зерттеушілері Мәдениет министрлігінің жылдамдығына таңданып, "әріптің суретін салу бөлек те, оның негізгі жұмысы - емлесін жасау бір бөлек, оны Мәдениет министрлігі қалай жүзеге асырады" деп күмәнданған.

Латын әліпбиіне байланысты әлеуметтік желілердегі талқылауларда көптеген қолданушы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты мен Шайсұлтан Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық әдістемелік орталығы ұсынған жобалардың екі түрлі болып шыққанын байқаған еді.

Мақала әзірленіп жатқанда Тіл білімі институтының қызметкері Қыздархан Рысберген Facebook парақшасында: "Жақсы жаңалық! Тіл білімі мен Әдебиет институттары басқа министрлікке ауыспайтын болды!" деп жазды. Азаттықтың жазбаша сауалына Messenger арқылы жауап берген тіл маманы биліктің мекемені Мәдениет министрлігіне қосу туралы жоспары өзгергенін хабарлады.

Қыздархан Рысберген Азаттыққа: "Бүгін (қарашаның 21-інде – ред.) түсте [Тіл білімі институтының] директорына министр Е.Сағадиевтің өзі хабарласып, "ешқайда жазбаңыздар, пресс-конференция шақырмаңыздар" деп өтініпті. Сенбі күні институтқа келіп, ұжыммен кездесуді жоспарлап отыр екен" деп жазды.

Бұл ақпаратты Білім және ғылым министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Арман Жүнісов Азаттыққа растады. Оның айтуынша, "Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Білім және ғылым министрлігінің құрамында бұрынғыша қала береді".

Азаттық оқырмандарын Тіл білімі институтының ахуалы туралы хабардар етіп отырады.

(Редакция: Мақаланы әзірлеуге Азаттықтың Астанадағы тілшісі Өркен Жоямерген де қатысты.)

XS
SM
MD
LG