Accessibility links

Тінікеевтің ширек ғасырлық депутаттығы


Мұхтар Тінікеев, Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты. Сурет депутаттың Facebook парақшасынан алынған.

Парламент мәжілісінің депутаты Мұхтар Тінікеевтің Қарағанды облыстық мәслихатының бұрынғы депутаты Николай Полевойды ұрып, балағаттаған видеосы, соңғысының «сіз мені депутат еттіңіз» деген сөзі әлеуметтік желіде жиі талқыланған тақырыптардың бірі болды.

Таяуда интернетте тараған даулы видеоға қатысты БАҚ-қа жауап берген Мұхтар Тінікеев мұны «екі жыл бұрынғы қалжың» десе, Николай Полевой «бала кезден досы Тінікеевпен екеуінің арасындағы жеке мәселе» деп түсіндірді. Кейбір жергілікті БАҚ «видеоның биылғы желтоқсанның ортасында түсірілуі мүмкін» екенін жазды.

Мұхтар Тінікеев (сол жақта), Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты. Сурет депутаттың Facebook парақшасынан алынған.
Мұхтар Тінікеев (сол жақта), Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты. Сурет депутаттың Facebook парақшасынан алынған.

Бірақ Полевойдың видеода «өзін депутат еткен адамды мойындауы» бір кездері басқа бір саясаткердің Тінікеевті «парламент мәжілісінің депутаттығын 100 мың долларға сатып алды» деп айыптағанын көптің жадында жаңғыртты. Сот айыптаушыны сол сөзі үшін Тінікеевке 5 миллион теңге моральдық өтемақы төлеуге міндеттеген еді.

Видео интернетте жария болған желтоқсанның 20-сынан соң бір күн өткенде Мұхтар Тінікеевтің «жүрегі сыр беріп, ауруханаға түскені» мәлім болды. Мәжіліс депутаты Глеб Щегельскийдің айтуынша, «денсаулығын тексерту үшін Германияға баруға дайындалып жүрген Тінекеев, сөйтіп ұшақ билетін қайта өткізуге мәжбүр болған». Депутат Қуаныш Сұлтанов мәжілістің этика жөніндегі комиссиясы бұл мәселені арнайы жиынында Тінікеевті қатыстыра отырып қарайтынын айтқан.

БАСТАМАШЫЛ ДЕПУТАТ

Совет Одағы ыдырар қарсаңда Қарағанды шахтерларының ереуілі кезінде белсенді ретінде ерекшеленіп, көп ұзамай Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутатына айналған Мұхтар Тінікеевті кейбір басылымдар «ең белсенді депутаттардың бірі» ретінде сипаттайды.

Баспасөзге берген сұхбаттарында өзін «қарапайым халықтан шыққан депутат» образында көрсететін Мұхтар Тінікеев 2000 жылдардың басында депутат құқығын қарапайым азаматтардың құқығынан бөле-жармау үшін заңда көрсетілген «депутатқа қол сұқпаушылықты» алып тастау жөнінде де бастама көтерген.

Мұхтар Тінікеев 2008 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күні қарсаңында Астана қаласының атауын «Нұрсұлтан» деп өзгерту жөнінде депутат Сәт Тоқпақбаевтың бастамасын қызу қолдап, Қазақстан президентін Санкт-Петербург қаласын салған Бірінші Петр патшаға теңеген.

Жол полициясының «заңсыз әрекеттері», жүргізушілерге салынатын айыппұл мен «Самұрық-Қазына» компаниясы қызметкерлеріне және шетелдік легионер спортшыларға төленетін жалақының тым көптігі жайлы пікірлері қарапайым халыққа ұнамды көрінген. Әлеуметтік желіні белсенді пайдаланатын ол танымал боксшы Геннадий Головкинмен түскен фотоларын жиі жариялайды, бірақ 2016 жылдың жазында Ақтөбеде болған экстремистер шабуылынан кейін әлеуметтік желілердің бірі «Вконтактені» Қазақстанда қолдануға тыйым салуды ұсынған.

Ол «үкімет орнынан кетсін» деп мәлімдеген сирек депутаттардың бірі. Бірақ бұл мәлімдемесі президент Нұрсұлтан Назарбаев саясатына қарсы еместігін ізінше түсіндіріп те үлгерген. Мұхтар Тінікеев 2008 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күні қарсаңында Астана қаласының атауын «Нұрсұлтан» деп өзгерту жөнінде депутат Сәт Тоқпақбаевтың бастамасын қызу қолдап, Қазақстан президентін Санкт-Петербург қаласын салған Бірінші Петр патшаға теңеген.

«АҚ ЖОЛМЕН» АРАЗДАСУ

Саяси сарапшылар Мұқтар Тінікеев парламентте ұзақ отырып, «кілем астындағы ойындарына қатысатын депутатқа» айналды деп суреттейді. 1990 жылдардың басында, парламенттің өкілеті күшті кезде Нұрсұлтан Назарбаев үкімет мүшелігіне ұсынған кейбір тұлғаларды бекіттірмеуге бір топ депутаттармен бірге қол жеткізе алатындай мүмкіндігі болды деп санайды.

Мұхтар Тінікеев Қазақстанның саяси сахнасында 2000 жылдардың бас кезінде оппозициялық «Ақ жол» партиясының тең төрасы Болат Әбілевпен соттасып көзге түсті. Өзімен бір учаскеден сайлауға түспек болған Болат Әбілевтің баспасөз бетінде «Мұхтар Тінікеев депутат мандатын алдыңғы сайлауда 100 мың долларға сатып алды» деген сөзі ұзаққа созылған дауға себепкер болған еді.

Оппозициялық күштер бұл дауды билік сайлау қарсаңында әдейі ушықтырды десе, Мұхтар Тінікеев «жалған ақпарат таратқан Болат Әбілевке кешірім сұрауға бір ай мерзім бергенін, саясаттың еш қатысы жоқтығын» айтқан. «Тек өзін ғана емес, Қарағанды облысындағы 145 мыңға жуық сайлаушысына да жалған ақпарат таратып, кір келтіріп отыр» деген ол ар-ождан залалын 10 миллион долларға бағалап сотқа жүгінген. Мұхтар Тінікеевтің талап-арызы бойынша Болат Әбілевтің үстінен екі іс қозғалды. Әбілевке 5 миллион теңге айыппұл салынып, бір жарым жыл бас бостандығынан шартты түрде айыру жазасы кесілді.

Болат Әбілев "Қарсылық жиынында" сөйлеп тұр. Aлматы. 28 қаңтар, 2012 жыл.
Болат Әбілев "Қарсылық жиынында" сөйлеп тұр. Aлматы. 28 қаңтар, 2012 жыл.

Мұхтар Тінікеев пен Болат Әбілевтің соты саяси өзгерістер тұсында маңызды саналғаны сол кездегі ақпарат министрі, «Ақ жол» партиясының мүшесі Алтынбек Сәрсенбайұлының «Ақ жол» партиясына тосқауыл ретінде бағалағанынан да байқалды. Ол «Болат Әбілевтің жалған ақпаратын» жариялағаны үшін сотқа тартылған бірнеше баспасөзді қорғай жазған хатында «Мұхтар Тінікеевтің жария саясаткер ретінде кей пікірлерге төзімді болуы тиіс» екенін айтқан еді.

2006 жылдың басында Алтынбек Сәрсенбайұлы қастандықпен өлтірілген соң мәжілістің сол кездегі депутаты Амалбек Тшан саясаткердің өліміне қатысты парламентте жабық тыңдау өткізу туралы ұсыныс жасағанда қарсы болғандардың бірі Мұхтар Тінікеев еді. Кей депутатар «халықты одан сайын дүрліктірмейік» десе, Мұхтар Тінікеев әріптестеріне «осыдан бір жыл бұрын Шахтинскіде 35 шахтер опат болған кезде неге осылай көтерілмедік? Неге парламенттік тыңдау өткізбедік?» деген еді.

Алайда арада екі жыл өткенде, 2008 жылы қаңтар айында Қарағанды облысындағы «Абай» шахтасында жарылыс болып, 30 шахтер қаза болғанда депутат Мұхтар Тінікеев мәжілісте мәселе көтермей, онысын БАҚ-қа «комиссия жұмыс істеп жатыр» деп қана түсіндірген.

«ПАРТИЯНЫҢ СОЛДАТЫ»

Азаттық тілшісі Николай Полевойдың шулы видеода Мұхтар Тінікеевке қарата «мені депутат еттіңіз» деген сөзіне орай «депутаттық қызметке қол жеткізу жолдары» туралы бірнеше сарапшыдан сұрастырып көрген еді.

Қарағандылық қоғам белсендісі, 2004 жылы Мұхтар Тінікеев пен Болат Әбілевтің сотына куәгер ретінде қатысқан Айтқожа Фазыл «депутат болу үшін жоғарыдан тірек керек екені қазір ешкімге құпия еместігін» айтады.

Белсенді Айтқожа Фазыл "Қарсылық жиынында" сөйлеп тұр. Алматы. 28 сәуір, 2012 жыл.
Белсенді Айтқожа Фазыл "Қарсылық жиынында" сөйлеп тұр. Алматы. 28 сәуір, 2012 жыл.

- Облыстық мәслихат депутаттары облыс әкімдігінің, ал парламент депутаттары президент әкімшілігінің тізімімен өтеді. Мұндай «полевойлар» мен «тінікеевтер» өте көп, - дейді ол.

Парламент мәжілісінің бұрынғы депутаты Серікбай Әлібаев Орталық сайлау комиссиясын ұзақ жылдар басқарған Зағипа Балиева 1999 жылғы мәжіліс сайлауынан кейін депутаттарға «Қалай келгендеріңді ұмытпаңдар!» деп ескерткенін еске алады.

- Ол кезде парламентке билік кедергісіне қарамастан он шақты депутат болса да, халық таңдауымен өтетін. Ал қазір мәслихаттарға да, мәжіліске де кездейсоқ адам депутат бола алмайды, - дейді ол.

Ал мәжілістің қазіргі депутаты Владислав Косарев Қарағанды облыстық мәслихатының бұрынғы депутаты Николай Полевойдың «мені депутат еттіңіз» деген сөзін «тура мағынада түсінбеу керек» деп санайды.

- Тінекеев тәжірибелі депутат болғандықтан саяси мектептен өткізіп, жұмысты қалай істеуді көрсетіп, шынықтыра алатындай жағдайы бар, -дейді ол.

Владислав Косарев әріптесі Мұхтар Тінікеевті «принципшіл, еңбекқор және ар-ожданын биік қоятын адам» деп сипаттайды. Азаттық тілшісі барынша хабарласуға тырысса да, депутат Тінікеевтен комментарий алу мүмкін болмады.

Кезінде «Нұр Отан» партиясының солдатымын» деп мәлімдеген Мұхтар Тінікеев Қазақстан парламентінде ширек ғасырға жуық депутат қызметін атқарып келеді.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG