Accessibility links

Қазақстандағы бірнеше ғылым институтының ғалымдары қаржының үш-төрт айға кеш түсетінін, гранттық бағдарламалар тиісті уақытта жарияланбайтынын айтады. Бірақ білім және ғылым министрлігі мұны жоққа шығарады.

Мемлекеттік зерттеу институтында қызмет атқаратын ғалымдардың әлеуметтік мәселесін ашық көтеріп, көп алдында сөз қозғауы сирек болатын оқиға. Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты директорының бұрынғы орынбасары Нұрлан Атығаев өзінің Facebook парақшасында ерікті түрде қызметтен кеткенін жазды. Ғалым: "Институттан бұдан былай мұндағы жұмыстардың сапасына кепілдік бере алмайтындықтан кеттім. Қызметкерлер жыл басынан жалақы ала алмай отырғанда, сапа жайлы қандай әңгіме болуы мүмкін? Олар көбіне жұмысқа жететін ақша таба алмай қалады" деп жазды. Атығаев Білім және ғылым министрлігіне қарайтын Ғылым комитеті бекіткен жоба жұмыстары шілдеде басталғанын, бірақ қазанның соңында аяқталуы тиіс жоба құжаттарына қарашаның басында әлі қол қойылмағанын мысал етті. Қарашаның 7-сінде жарияланып, ондаған адам лайк басқан әрі бөліскен постың соңындағы комменттерінде тарихшы институттағы "қаржылық қиындықтың" кесірінен бөлек жол апатынан кейін өзінің және балаларының "денсаулығын сақтауға" ден қойғанын да жазған.

"ҒЫЛЫМДЫ КОММЕРЦИЯЛАНДЫРУ"

Азаттық тілшісімен сөйлескен ғалым қаржы жетіспеушілігі институтта "кейінгі жылдары болып жүрген жағдай" екенін айтады.

- 2013 жылы "Халық тарих толқынында" бағдарламасы жарияланды. Кейін ақша уақтылы түспей, қаржыландыру дұрыс болмай, бағдарламаның аяғы сұйылып кетті. Бұл – содан бері келе жатқан жағдай, - дейді ол.

Математика, химия, өндіріс саласын коммерцияландыруға болады. Бірақ гуманитарлық ғылымдар бұған келмейді ғой. Оның басты өнімі – кітап. Тарих, қазақ тілі, әдебиет – әлемде жоқ нәрселер

Нұрлан Атығаев "ғылым комитетінде ғылымның мәнін түсінетін, ғылыммен айналысқан адамдардың барлығына" күмән келтіреді. Оның айтуынша, әдетте үш жылға созылатын бағдарлама 2015 жылы аяқталған, содан бері жаңа бағдарлама ашылмай, конкурс тек 2017 жылдың соңында жарияланған. Ғалым "бағдарлама жарияламағандықтан, ақша да болмайтынын" айтады. Ол "жұмыс дұрыс ұйымдаспаған: жыл бойы ақша бермейді де, жылдың соң үлкен қаржы бере салады, соны игеруің керек" дейді. Маманның сөзінше, мұндай жағдай Тарих және этнология институтында емес, барлық зерттеу институттарында бар мәселе.

- Мемлекет ғылымды коммерцияландыруға тырысып жатыр, арнаулы заң да қабылдады. Математика, химия, өндіріс саласын коммерцияландыруға болады. Бірақ гуманитарлық ғылымдар бұған келмейді ғой. Оның басты өнімі – кітап. Тарих, қазақ тілі, әдебиет – әлемде жоқ нәрселер. Оған назар аударылмайды, - дейді ғалым.

Тарихшы 20 жыл еңбек етіп алатын ғылым докторы деген атағы бар ғалым айына 100-120 мың жалақы алатынын айтып, ғалымдар жалақысының аз екеніне меңзеді.

- Бізде ғылым білімнің артында қалып қойды. Ғылымға (жалпы ішкі өнімнен - ред.) 0,16 пайыз қаржы бөлінеді. Дүние жүзі бойынша бұл (ғылымға бөлінетін қаржы - ред.) 3-4 пайызға жетеді. Бөлінгеннің өзінде ол бізге жетпей қалады. Себебі коррупция бар, - дейді Нұрлан Атығаев.

Ал постының соңында ғалым: "Институт пен ондағы қызметкерлердің қаржылық мәселесін Ғылым комитетіне бірнеше рет ескерттім, тіпті комитет төрағасына да мұны хабарлап айттым, бірақ бұл ешкімді қызықтырған жоқ. Мәселені шешудің орнына олар институт директоры арқылы маған ықпал етуге тырысты. Осы және өзге жағдайларды ескеріп, жұмыстан кету туралы арыз өткіздім" деп жазды.

ҒЫЛЫМ КОМИТЕТІНІҢ УӘЖІ

Институт қарайтын Ғылым комитеті төрағасының орынбасары Рахымжан Сайлауұлы тарихшы Нұрлан Атығаев айтқан жағдайларды жоққа шығарып, "базалық қаржыландыруды тоқтату болған емес" деді. Оның сөзінше, "заң бойынша осы айдан (қаңтар – ред.) бастап (базалық) қаржыландыру жүреді - қаражат бар, ешқандай қиындық я шектеу жоқ".

- Қаржыландырудың басқа түріне қатысты айтсақ, конкурс өткен жылы жарияланған, ұлттық ғылыми кеңестер қазір (жобаларды) қарап жатыр, шешім айтылады. Оған біршама уақыт керек. Біздің ойымызша, қаңтардың 25-іне дейін оның да нәтижесі шығады, - деді комитет өкілі.

Азаттық Білім және ғылым министрлігіне ғалымның жазбасындағы жағдайларға қатысты сұрау салған. Министрлік те "орындалған жұмыстар актісіне қол қойылып, жобаны орындаушыға қаржы кеш аударылған кездер болған емес" деп, Нұрлан Атығаевтың қызметтен кетуіне "қаржы мәселесі себеп болмағанын" жеткізді. Ведомство "2017 жылдың қарашасында Нұрлан Атығаев директорға және институт қызметкерлеріне денсаулығының нашарлауына байланысты жұмыс істей алмайтынын айтып, өз еркімен жұмыстан босатылған" деп жауап берді. Білім және ғылым министрлігінің жазуынша, Атығаевтың алдында институттың берешегі жоқ, жалақысы уақытылы және толық төленген.

Ал "комитетке институттағы қаржы мәселесі туралы бірнеше рет айтқан" ғалымның уәжі министрлікке "жетпеген" болып шықты. Білім және ғылым министрлігі Азаттықтың "Ғалымдардан осы күнге дейін қаржының мәселесіне қатысты қандай да бір арыз келіп түсті ме?" деген сұрағына "Ақшаның кеш түскені жайлы ғалымдардан келген арыз-шағым болған емес" деп жауап берді.

"МӘСЕЛЕ ШЕШІЛІП КЕЛЕ ЖАТЫР"

Ал Азаттық сөйлескен басқа ғалымдар Нұрлан Атығаев айтқан мәселенің барын жоққа шығармады. Зерттеу институттарының бірінде қызмет істейтін, аты құпия қалғанын қалаған ғалым әріптестері "гранттық конкурсқа зерттеу жобасымен қатысатынын, ол жобасы өтсе, жалақы алып, өтпесе ақшасыз қалатынын" айтады.

- "Мақсаттық-бағдарламалық қаржыландыру" деген бар, оған жеке адам емес, түгел институт ұжымы қатысады. Институт өтпесе, қаржысыз қалады. Біздің институт осы үшеуімен де қаржыландырылып көрді. Үшеуінде де жалақының кешіктірілуі жылдың басында болады, - дейді ғалым.

Институт қызметкері "мұндай мәселе мемлекеттік тапсырыспен орындалатын жобаларда туындайтынын" айтады.

- Мәселен, жуырда бір жобаны жасаумен айналысқанда президенттің мақаласы шыға сала, көп тапсырма алдық, конкурстарға қатыстық. Сонымен жобамыз мемлекеттік тапсырыстан қаржыландыралатын болды. Сонда да ақшамызды кеш алдық, - дейді ол.

Бірақ зерттеуші Білім және ғылым вице-министрі қызметіне "Асланбек Әмрин келгелі бұл мәселе шешіліп келе жатыр" деп санайды. Оның пікірінше, бұрын министрлік ғалымдардан жалақы алуға қажетті құжаттарды "кеш сұратса, биыл қаңтардан бастап уақтылы талап етіп жатыр".

- Қаңтардан бастап жалақы алып қалармыз, - дейді ол.

Асланбек Әмрин өзінің Facebook парақшасында қаңтардың 9-ы күні "Ғылым комитеті жаңа жылды белсенді бастап отырғанын" хабарлап, қаңтардың 8-інен бастап "ғылыми институттарды базалық қаржыландыруға келісімшарттарға қол қою басталғанын", институттар "жылдамдатылған режимде барлық қажетті материалдарды ұсынулары керек екенін" жазған.

"БҰРЫННАН БАР ЖАҒДАЙ"

Бірақ кейбір зерттеуші-ғалымдар Білім және ғылым вице-министрі жазған базалық қаржыландырудан ғылыми зерттеу институты ғалымдары қаржы ала алмайтынын айтады. Олардың сөзінше, 2011 жылы қабылданған Ғылым туралы заңның 25-бабына сәйкес, базалық қаржыландыру ғылыми инфрақұрылымды және мүлікті, оның ішінде ғимараттарды, жабдықтар мен материалдарды қамтамасыз етуге, әкімшілік және қызмет көрсету персоналының еңбекақысын төлеуге жұмсалады.

Қаңтар, ақпан, наурызға дейін ақша алмаймыз. 50-60 мың жалақы алатын ғылыми атағы жоқтар қарызға батып, жол ақысын таппай жүреді

Азаттық сөйлескен және бір ғалым Айгүл Ісмақова – Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының профессоры. Оның сөзінше, Нұрлан Атығаев қаржының кешіктірілуі жайлы келеңсіздікті ашық көтеріп отырған алғашқы ғалым болғанымен, бұл – "бұрыннан бар жағдай".

- Институтта істегеніме 30 жыл болды, [ақшаның кеш түсуі] соңғы 20 жылдан бергі жағдай. Қаңтар, ақпан, наурызға дейін ақша алмаймыз. 50-60 мың жалақы алатын ғылыми атағы жоқтар қарызға батып, жол ақысын таппай жүреді, - дейді ол.

Айгүл Ісмақованың сөзінше, институттағы жағдай оның басшысына да байланысты. Зерттеуші кейбір жағдайда мемлекеттік тапсырысқа ғана қарап отырған, жаңашыл ғылыми жобалары жоқ мекемелердің қаржысыз қалуы заңдылық деп біледі.

- Мәселен, бізге жаңа басшы келді. Ол кісі министрліктермен сөйлесе алады, шенеуніктердің тілін біледі. Биыл институттағы он шақты бала жас ғалым ретінде үй алып жатыр. Таңқалып жатырмыз. Ал директорының өзі жалақы ала алмай отырған институттар да бар. Үндемейді, айтуға намыстанады, - деді ғалым Азаттыққа.

Білім және ғылым министрлігінің хабарлауынша, 2016 жылы ғылымды қаржыландыруға 38,1 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Бұл – жалпы ішкі өнімнің 0,15 пайызына тең. Азаттыққа 2017 жылы бұл салаға қанша ақша бөлінгені туралы деректері әлі дайын болмағанын айтқан министрлік 2018 жылы ғылымды қаржыландыруға 36,7 млрд теңге қарастырылғанын хабарлады.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG