Қазақстанда оппозиция өкілдері жауапқа тартыла бастады. Егер де осы уақытқа дейін экс-депутат Төлен Тоқтасынов, саясаткер Әміржан Қосанов сынды оппозиция басшылары жауапқа тартылса, енді “Әділетті Қазақстан” қозғалысы президиумының мүшелері Болат Әбілов пен Ораз Жандосовқа қатысты да істер қаралды. Атап айтқанда, 17 қазан күні кешке төрт полиция қызметкері Болат Әбіловке “Заңсыз шеруді ұйымдастырды” деген құжатты табыс етіп, Алматы қаласындағы ауданаралық әкімшілік сотқа жеткізген. Баспасөз өкілдері жіберілмеген үш сағатқа созылған соттан кейін, Болат Әбілов айыпты деп танылып, оған ең кіші 50 айлықтың көлемінде айыппұл салынған.