Сейсенбі күні Қазақстанның Жоғарғы Сотында қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлы және оның көмекшілерінің өліміне қатысы бар деп сотталғандардың апелляциялық арыз-шағымына байланысты сот отырысы басталды. Алматы облыстық соты кісі өлтіруге тапсырыс беруші деп Ержан Өтембаевты 20 жылға, үш адамды өлтірген деп Рустам Ибрагимовті өлім жазасына және қылмыстық іске қатысы бар деген Виталий Мирошников, Алымжан Газиев, Еділ Абикенов, Нұркен Едигеев, Расхан Еспембетов, Ерлан Ералиев, Асылан және Ерғали Касымовтар әртүрлі жазаға тарту туралы үкім шығарған болатын. Жоғарғы Сотта өткен сот отырысының алғашқы күні жәбірленуші жақ, мемлекеттік айыптаушы және сотталушы жақтардың өтініштері қаралды.