Accessibility links

Тәжік-Иран қатынасының "шырыны" таусылды ма?


Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон (оң жақта) мен Иран президенті Хассан Роухани. Душанбе, 10 қыркүйек 2014 жыл.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон (оң жақта) мен Иран президенті Хассан Роухани. Душанбе, 10 қыркүйек 2014 жыл.

Тәжікстанда Иран компанияларының өкілдіктері жабылып жатыр. Газ саудасына қатысты Түркіменстан-Иран, Каспийдің құқықтық мәртебесіне орай Қазақстан-Иран арасында алшақтық болғанымен, бұл елдерді транспорт, логистика саласындағы байланыс біріктіріп тұр.

29 маусымда Тәжікстанда Соғды облысының орталығы Хужанд қаласында Иранның қос бірдей өкілдігінің жабылғаны хабарланды. Азаттықтың Тәжік қызметінің хабарлауынша, қала орталығындағы қос қабаттағы ғимарат сыртында ілулі тұрған "ИИР (Иран ислам республикасы) елшілігінің сауда өкілдігі" және "ИИР елшілігінің мәдени орталығы" деген жазулары алынып тасталған. Иран мәдени орталығының аты-жөні атамауды өтінген қызметкері орталықтың Тәжікстан үкіметі талабы бойынша жабылғанын айтқан.

СОЛҒЫН ТАРТҚАН БАЙЛАНЫС

Мұның алдында Душанбеде трактор шығаратын "Тодж-Иран" біріккен кәсіпорыны жабылған. Кәсіпорын бұл әрекетін бәсекелестікке төтеп бере алмағанымен түсіндірген. "Тодж-Иран" басшысы Самад Дагипурдың айтуынша, Тәжікстанда "Беларусь" тракторы 8 мың доллардан сатылса, ирандық трактордың бағасы 10 мың доллардан айналған.

Душанбедегі трактор шығаратын "Тодж-Иран" біріккен кәсіпорынында. 16 маусым 2017 жыл.
Душанбедегі трактор шығаратын "Тодж-Иран" біріккен кәсіпорынында. 16 маусым 2017 жыл.

Тәжікстан өндіріс және технология министрлігінің мәліметінше, біріккен кәсіпорын бес жыл бойы салық төлеуден де босатылғанымен, Минскіден әкелінетін тракторлармен бәсекелесе алмаған. "Тодж-Иран" компаниясы да, Тәжікстан өндіріс және технология министрлігі де мәселенің саяси қырын жоққа шығарады.

"Парсы тілі - шырын тіл, түркі тілі – өнер тілі" деген мәтелдейтін Иран, Тәжікстан және Ауғанстан кезінде парсытілдес елдердің одағын құру жайында айтып, қатынасын күшейтуге мүдделі болғаны белгілі. Алайда соңғы жылдары одақ тұрмақ, тәжік-иран екіжақты қатынасының өзі де жылдан жылға азайып бара жатқаны байқалады. 2006 жылы Тәжікстан, Иран және Ауғанстан басшылары кездесуінде ортақ парсытілдес телеканал құрып, оның Иран техникамен жарақтандырады деген орталық студиясы Душанбеде орналасады келісілсе де соңы даулы болып кетті. Соңғы жылдары Иран Тәжікстандағы Ресей және Қытайдан кейінгі инвестор ретінде аталмайтын болды. 2013 жылы Тәжікстан-Иран арасындағы товар айналымы 292 миллион долларға жетсе, былтыр бұл көрсеткіш 114 миллион доллармен шектелген.

САЛҚЫНДЫҚ СЕБЕПТЕРІ

Екі арадағы салқындық 2013 және 2015 жылғы оқиғалардан кейін пайда болды. 2013 жылы Иранда жергілікті миллиардер Бабак Занджани ұсталды. Оның Тәжікстан экономикасына 2 миллиард доллар инвестиция құйғаны айтылады. Өлім жазасына кесілген Занджаниге тағылған айыптың бірі Тәжікстан ұлттық банкіне төленген Иран қаржысын айғақтайтын хатқа байланысты болып отыр. Алайда Тәжікстан банкі сол хаттың жасанды екенін айтқан. Иран шенеуніктері соған қарамастан Занджаниды мұнайдан түскен ақшаны жымқыру үшін Тәжікстан банктік жүйесін пайдаланды деп есептейді.

Тәжікстан исламдық жаңғыру партиясы басшысы Мухиддин Кабири (оң жақта) мен Иран ислам революциясының басшысы аятолла Әли Хаменеи. Иран, 30 желтоқсан 2015 жыл.
Тәжікстан исламдық жаңғыру партиясы басшысы Мухиддин Кабири (оң жақта) мен Иран ислам революциясының басшысы аятолла Әли Хаменеи. Иран, 30 желтоқсан 2015 жыл.

2015 жылы Тәжікстанда исламдық жаңғыру партиясына "террористік ұйым" ретінде тыйым салынды. "Қара тізімге" түсе салып партия басшысы Мухиддин Кабири Тегерандағы "Ислам бірлігі" конференциясына қатысып, соңынан Иран ислам революциясының басшысы аятолла Әли Хаменеидің қабылдауында болды. Осы оқиғадан кейін Тәжікстан сыртқы істер министрлігі Душанбедегі Иран елшісіне наразылық нотасын табыс етті. Тиісінше, көп ұзамай Ираннан келетін импорт та шектеліп, Иранның ірілі-ұсақты компанияларының Тәжікстандағы өкілдіктері жабылып, соңынан Иран азаматтарына Душанбе әуежайына қонғанда берілетін жеңілдетілген виза тәртібі де тоқтады. Бұдан кейін Тәжікстан транспорт министрлігі Иранның Қытай-Қырғызстан-Тәжікстан-Ауғанстан теміржолы желісі жобасына бөлмек бір миллион қайтарымсыз көмек береміз деген уәдесін толық орындамағанын жариялады. Соның салдарынан 2015 жылы екі ел арасындағы сауда айналымы 200 миллион долларға да жетпей қалды. Бұған дейін Иран Тәжікстанда құны 220 миллион долларды құрайтын Истиқлол тоннелі мен Сангтуда-2 ГЭС-ін салуға қатысқан және кітапханалар, басқа гидроқұрылыстар мен жол құрылыстарына атсалысқан еді.

Қазіргі жағдайда Тәжікстан үшін Иранның орнын Сауд Арабиясы толтыра бастағандай. Тәжікстандағы жол құрылысы, білім және медицина саласын қаржыландырады деген Эр-Рияд таяуда Душанбеде парламент және үкіметтік жаңа кешендерді салу үшін 200 миллион доллар бөлді.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯНЫҢ ӨЗГЕ ЕЛДЕРІ ЖӘНЕ ИРАН

Орталық Азия елдері тәуелсіздік алардан бірнеше жыл бұрын ғана, 1988 жылы Иран-Ирак соғысы аяқталды. Соғыстан кейінгі қайта құру кезеңінде Иран осы аймақпен экономикалық және байланысын арттыруға ден қойды. Штаб-пәтері Тегеранда орналасқан Экономикалық ынтымақтастық (ECО) ұйымы Орталық Азия және Кавказ елдерімен толықты. Оған дейін бұл ұйымға Иран, Түркия және Пәкістан ғана мүше болып келген. Алайда ұйым бұрын қандай қауқарсыз ұйым болса, әлі де сол оңалмаған күйінде қалды. Алайда екіжақты байланыстар тәуелсіздіктен кейінгі қиыншылық жылдары Иранның аймақпен қатынасын кеңейтуге себеп болды. Тәжікстандағы азамат соғысынан кейін Иран қақтығысушы тараптар ортасына араағайын болып үлгерді. Тәжікстандағы соғыс кезіндегі азық-түлік блокадасы, соғыстан кейінгі транспорт блокадасы кезінде Иран Тәжікстан үшін ірі құтқарушы болмаса да, үлкен саңылауға айналды.

Иран Орталық Азия елдерімен мәдениет саласында да байланысты арттыруға мүдделі болды. Алайда мәдени саладағы байланысты қолдайды деген Орталық Азиядағы ирандық қорлар кейіннен жабылып тынды. Әуелде ислам революциясын Орталық Азияға да "экспорттаудан" үміттенген Иран кейін бұл райынан қайтты.

Қытайдан Иранға келген алғашқы пойыз. Тегеран, 15 ақпан 2016 жыл.
Қытайдан Иранға келген алғашқы пойыз. Тегеран, 15 ақпан 2016 жыл.

Иран Орталық Азияда Түркіменстанмен газ саудасына қатысты кикілжіңге келіп қала береді. Түркіменстан ондайда Иранға экспортталатын газ құбырының құлағын жауып, қысымға алып жатады. Алайда ел ішінде газ құбыры мен темір жол желісі құрылысын жедел салып жатқан, өзі де газ экспорттайтын Иран таяу арада бұл мәселені дербес шешіп алатын түрі бар. Дегенмен 2014 жылы іске қосылған Түркіменстан, Қазақстан арқылы Қытай мен Иран арасын жалғайтын темір жол желісі тараптардың барлығы үшін маңызды болып қала береді. Үндістан мен Еуропа арасында "Солтүстік-Оңтүстік" дәлізі бойынша қатынас жолдарының дені Иран арқылы өтеді. Иран таяуда осы жобаға қатысты жол құрылыстарын аяқтайтын болады.

Тегеран Орталық Азияда Қазақстанмен Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін анықтауда көзқарас алшақтығына ие. Биыл Астанада өтуі жоспарланған Каспий теңізі жағалауы елдері басшыларының саммитінен де үлкен өзгерістер күтіліп отырған жоқ. Жағалаудағы Иран, Ресей және Түркіменстан теңіздегі кеніштерін игеруге асықпағанымен, Қазақстан мен Әзербайжан үшін Каспий мұнайы - негізгі кіріс көзі. Иран Орталық Азияда Қазақстан мен Қырғызстанға Қытаймен араны жалғайтын транспорт көпірі ретінде қарайды. Иран президенті Хасан Руханидың былтырғы Астана мен Бішкекке сапарында елдер арасындағы виза тәртібін жеңілдетілетіні хабарланған. Соның алдында Иран-Армения арасында да виза жеңілдетілген еді.

Иранның өзімен діндес Әзербайжаннан гөрі Армениямен және өзімен бір тілде сөйлейтін Тәжікстаннан гөрі басқа елдермен байланысты көбірек дамытуы да мұндайда назар аудартпай қоймайды. Алайда Иран-Тәжікстан арасындағы қазіргі салқындық кейін транспорттық желілер мен ірі жобалар іске қосылғанда екінші қатарға сырғитын түрі бар.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

XS
SM
MD
LG