Accessibility links

Қағазда қалған федерализм


Қазандағы татар тілі сабағында.
Қазандағы татар тілі сабағында.

Ресей бас прокуратурасы ұлттық республика мектептерінде Ресей халықтары тілдері ішінен таңдалған ана тілі мен республикалардың мемлекеттік тілдерін ерікті түрде оқып, үйренуге қатысты жүргізілген тексеру қорытындылары бойынша әзірлеген есебін президент Владимир Путинге жолдады.

Білім туралы заң талаптарын бұзу фактілері бүкіл ұлттық республикаларда тіркелгенімен, қадағалау ведомствосы жұртшылықты қорытынды ақпаратпен сол күйі таныстырған жоқ.

Федералды шенеуніктер "әбден таразыланған, өте парасатты мемлекеттік ұстанымдары үшін" және аймақ заңдарын ретке келтіргені үшін аймақ басшыларына алғыс айтып үлгерді. Азаттықтың Орыс редакциясы Путиннің шілдедегі мәлімдемесіне дейін және прокурорлық тексерулерден кейін ұлттық республика мектептерінде мемлекеттік тілдер мен ана тілі қалай оқытылғанын зерттеп шықты. Дайджест мақалада ашық дереккөздер - ресми ведомстволардың сайттары, БАҚ-тар пайдаланылды.

Калмыкияда мемлекеттік тіл – қалмақ және орыс тілдері. Жергілікті ұлт халықтың басым бөлігін (57 пайыз) құрайды. Сондықтан мектептерде қалмақ тілі жергілікті ұлт балалары үшін 1-11 сыныптар бойы, ал қалғандары үшін 1-9 сыныптарда міндетті пән болған. Мәскеудің пікірінше, бұл жағдай федералдық заң талаптарын бұзады

2010 жылғы санаққа сәйкес, Коми республикасында 202 мың коми (жалпы халық санының 22,4 пайызы) тұрған. Оның 76 пайызы ұлттық тілді меңгерген. Мектептерде коми тілі осыған дейін орыс тілімен қатар міндетті пән ретінде оқытылып келген. Биыл қазанда республиканың білім және ғылым министрлігі шенеуніктерді оқушылардың ата-аналарынан 17 қарашаға дейін баласының ана тілі ретінде қандай тіл оқытылатыны туралы өтініштер жинауға міндеттеген бұйрық шығарған болатын. Әлгі бұйрыққа сәйкес, оқу мекемелері желтоқсанның 1-іне қарай жаңа пәндер - «Ана тілі және әдебиет» (орыс тілі) және "Ана тілі және әдебиет" (коми тілі) бойынша оқу жоспарларын құруы тиіс болған. Республикада коми тілін қолдауға шақырып тұрғындардан қол жиналған, митинг өткен. Осыдан кейін аймақ басшысы Сергей Гапликов білім министрлігі бұйрығының күшін уақытша тоқтатқан. Коми республикасы прокуратурасының сайтында мектептерді тексеру нәтижелері туралы ақпарат жоқ.

Карелия республикасында мемлекеттік тіл біреу - орыс тілі. Халықтың 7,4 пайызы ғана (45,5 мың адам) өздерін карел санайды. Жергілікті заңдарға сәйкес, балалар карел, вепп және фин тілдерін ана тілі немесе шет тілі ретінде оқи алады. Карел тіліне мемлекеттік тіл мәртебесін беру туралы пікірталастар қызу болмаса да өтіп тұрады. Төрт айдың ішінде прокуратура тіл мәселесіне қатысты ешқандай ақпарат жариялаған жоқ.

Адыгей республикасы тұрғындарының төрттен бір бөлігі - адыгейлер (109 мың адам). Білім туралы аймақтық заңда "жергілікті ұлт өкілдері үшін адыгей тілі де бірінші сыныптан бастап міндетті пән ретінде бағдарламаға енгізіледі" деп көрсетілген. Орыс тілді оқушыларға адыгей тілі немесе орыс тіліндегі адыгей әдебиетінің біреуін таңдау еркі берілген. Тіл мәселесі тақырыбын аймақтық БАҚ-тар да , прокуратура да қозғаған жоқ.

Буддизм діні уағыздалатын Калмыкияда мемлекеттік тіл – қалмақ және орыс тілдері. Жергілікті ұлт халықтың басым бөлігін (57 пайыз) құрайды. Сондықтан мектептерде қалмақ тілі жергілікті ұлт балалары үшін 1-11 сыныптар бойы, ал қалғандары үшін 1-9 сыныптарда міндетті пән болған. Мәскеудің пікірінше, бұл жағдай федералдық заң талаптарын бұзады, бірақ Калмыкия прокуратурасының позициясы белгісіз болып тұр.

Дағыстан конституциясында орыс тілі және республиканы мекендейтін барлық халықтардың тілдері (авар, дарғын, лезгин, цахур және өзге де тілдер) "мемлекеттік тіл" деп жазылған. Ресейдің ең көп ұлтты республикасында мектептерде қай тілде білім беруді "білім беретін ұйымның ішкі нормативті актілері белгілейді". Бірақ ана тілі міндетті түрде оқытылады (нақты бір тіл таңдалады). Орыс тілі түрлі ұлт өкілдері арасындағы қарым-қатынас тілі саналады. Аймақтың ерекшелігіне қарамастан, қадағалау органдарына оқушылардың ата-аналарынан белгілі бір тілді мәжбүрлі түрде оқытуға қатысты шағым түспеген. Прокуратура аймақтың білім саласындағы ахуалға қатысты бағасын жария түрде мәлімдеген жоқ.

Ингушетияда мемлекеттік тіл – орыс тілі мен ингуш тілдері. Мектептерде екеуі де міндетті пән, бірақ ингуш тілін сол ұлт өкілдері ғана оқиды. Республикада ингуш тілін орыстар да оқи алады, ал шешендер өз ана тілін оқиды. Моноэтникалық (тұрғындарының 94 пайызы - ингуштар) аймақта ингуш тілін міндетті түрде оқытуға қатысты наразылық болуы екіталай. Республика прокуратурасы Ресей бас прокуратурасының тапсырмасы бойынша тексеруді жабық режимде жүргізген.

Кабардин-Балқар республикасының мемлекеттік тілі - кабардин, балқар және орыс тілдері. Халықтың жартысына жуығы - кабардиндер (48 пайыз), орыстар – 31 пайыз, балқарлар – 10 пайызға жуық. Мектептерде балкар немесе кабардин балалар үшін ана тілі міндетті пән саналады. Республиканың білім және ғылым министрлігі тексеру нәтижелеріне сәйкес, тіл мәселесіне қатысты федералдық заң талаптары бұзылмаған деп жариялады. Бірақ арнайы комиссия республикалық заңдағы анықтама-тұжырымдарды федералдық заңға сәйкестендіруді ұсынды.

Қарашай-Черкесияда бес мемлекеттік тіл бар – абаз, қарашай, ноғай, орыс және черкес тілдері. Республика констиуциясына сәйкес, орыс тілі ұлтаралық және ресми іс қағаздарын жүргізу тілі саналады. Мектептерде ана тілі мен әдебиет жергілікті ұлт балалары үшін міндетті пән болған. 2017 жылғы қарашада республика прокуратурасы ана тілін оқытудағы заң бұзу фактілерін анықтады.

Солтүстік Осетия халқының көбі - жергілікті ұлт (64 пайыз), екінші орында – орыстар (20 пайыз), аймақта мемлекеттік тіл - осетин және орыс тілдері. Мектептерде осетин тілі міндетті пән саналады (өзге ұлт өкілдеріне пәнді жеңілдетілген нұсқада оқытады). 2017 жылғы жазда білім және ғылым министрлігі осетин тілін мәжбүрлі түрде оқытуға қатысты шағымдар көбейгенін, әсіресе республиканың Моздок ауданынан көп түсіп жатқанын хабарлаған. Федералдық шенеуніктердің пікірінше, айқын заң бұзу белгілеріне қарамастан, республиканың қадағалау органдары "тіл тартысы" созылған бес айдың ішінде жұртшылыққа өз позициясын бір рет те жариялаған жоқ.

Грозныйдағы соңғы қоңырау.
Грозныйдағы соңғы қоңырау.

Сарапшылар Ресейдің ең тәуелсіз аймағы санайтын Шешенстанда шешен және орыс тілдері мемлекеттік тіл ретінде танылған. Білім туралы республикалық заңда көрсетілгендей оларды мектептерде тең көлемде оқытады. Бірақ орыс тілді оқушылар шешен тілі сабақтарына қатыса алмайды. Аймақтағы халықтың жалпы санының 95 пайызы - шешендер, сондықтан республикада тіл мәселесіне қатысты дау жоқ деуге болады. 2017 жылғы қарашада Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров Instagram парақшасында тіл мәселесіне қатысты жағдайды "Мектептерде шешен тілі жеке пән ретінде оқытылады. Бұл - біздің ана тіліміз... Әр шешен өзінің ана тілін білуі, сауатты сөйлеп әрі жаза білуі, шешен тілінің грамматикасын білуі тиіс" деп сипаттаған. Аймақ прокуратурасы әзірге үнсіз.

Азды-көпті тәуелсіз этно-мәдени саясат ұстануға тырысатын Татарстанды Ресейдің ұлттық республикалары ширек ғасыр бойы үлгі тұтып келді. Қазір бұрынғы тәуелсіз позицияның жұрнақтары ғана қалды, бірақ орыстілді ата-аналардың шағымдарына қарамастан, мектептерде татар тілі міндетті пән болып келген. Тіпті Владимир Путиннің шілдедегі мәлімдемесінен кейін де Татарстан білім және ғылым министрлігі республикада мемлекеттік тіл екеу және оларды оқытуда проблема жоқ деп мәлімдеген болатын.

Ал прокуратура наразы ата-аналардан ақпарат жинап, республиканың барлық мектептерінде тексеру жүргізген әрі көптеген заң бұзушылықтарды анықтаған. Татарстан басшылығы мәселені ушықтырмай, татар тілі аптасына екі сағат міндетті пән болсын деп Ресей білім және ғылым министрлігі арқылы ымыраға келуге тырысқан . Бірақ федералдық шенеуніктер тек ерікті түрде ғана оқитын болады әрі мұның өзінде аптасына екі сағаттан аспауы тиіс деп көнбей қойған.

Башқұртстанда орыстар - 36 пайыз, башқұрттар – 29 пайыз, татарлар – 26 пайыз. Көршісінен айырмашылығы Башқұртстан Мәскеуден түсетін бұйрықтарды бұлжытпай орындайды. Сондықтан республика басшысы Рустэм Хамитов бірден «ел президенті пікірін құптаймын, білім беру жүйесіне тиісті өзгерістер енгіземіз» деп мәлімдеген. Бірақ Хамитов мемлекеттік тілі – башқұрт тілін сақтап, насихаттауға арналған жобаларға гранттар бөлген. 2017 жылғы қарашада Башқұртстан прокуратурасы тексеру кезінде заң бұзу фактілері анықталған жоқ деп хабарлады. Білім беру мекемелерінің оқу жоспарлары қазіргі заңдар мен федералдық білім стандарттарына сәйкестендірілді.

Удмуртия тұрғындарының 62 пайызы өздерін орыс деп атайды. Президент тапсырмасын орындауға қатысты аймақта проблема шыққан жоқ.

Мари Эл республикасында тұратын марилер, орыстар және татарлардың саны тең. Мемлекеттік тіл – орыс және мари тілдері. Мари тілі ана тілі және мемлекеттік тіл ретінде оқытылады. Ресей президентінің Поволжье федералдық округындағы құзырлы өкілі Михаил Бабичтің сөзінше, Мари Элде ешқандай проблема болған жоқ. Бабичтің сөзінше, "Аймақ заңдарында бәрі - азаматтардың тілді өз еркімен үйрену құқығы, ата-аналардың таңдау еркі талапқа сай анық жазылған, сағат саны Ресей Федерациясындағы жалғыз мемлекеттік тіл – орыс тілін үйрену құқығын ешбір бұзбайтындай етіп дұрыс бөлінген".

Мордовия тұрғындарының көбі - орыстар (53,4 пайыз). Биыл жазда білім және ғылым министрлігі мемлекеттік тіл – мордва тілі 2-7 сыныптарда оқушылар өз еркіне қарай оқиды деп мәлімдеген. Ұлттық мектептерде мордва тілі 11 сыныпқа дейін оқытылады. Прокуратура аудандардағы мектептердің көбінде мемлекеттік тіл – мордва тілі оқушылардың ата-аналарының жазбаша келісімінсіз оқытылатынын анықтаған. Соңғы мониторинг нәтижелеріне сәйкес, Мордовия астанасын Саранскіде ата-аналардың көбі ата тілі ретінде орыс тілін, ал аудандарда мордва тілін таңдаған.

Чувашия халқының 67 пайызы - чуваштар. Аймақ білім және ғылым министрлігі орыс тілін шеттету туралы кез-келген хабарламаны осыған дейін "біз чуваш тілі де мемлекеттік тіл деп көрсетілген Чувашия конституциясына сүйенеміз" деп тойтарып келген. 1-9 сыныптарда чуваш тілі, ал 10-11 сыныптарда чуваш әдебиеті міндетті пән болған. Қазанда Чувашия басшысы Михаил Игнатьев Путиннің пікірін толық құптайтынын білдіріп «Чуваш және орыс тілдерін оқытуда ешкімнің асыра сілтегісі келмейді. Әр мектеп ана тілін оқыту мәселесін қоғамдық ұйымдар, қамқоршылар кеңесімен ақылдасып және ата-аналармен келісіп қабылдайды» деп мәлімдеген. Бұдан кейін аймақтың білім министрлігі «...республикада балаларының қай тілді (орыс, чуваш және өзге тілді) ана тілі ретінде оқитынын таңдаған ата-аналардың пікірі жиналып жатыр» деп хабарлаған. Ал Чувашияның ақсақалдар кеңесі тым болмаса бастауыш мектепте сабақ чуваш тілінде жүргізілсін деп Путинге ашық хат жазған.

Удмуртия тұрғындарының 62 пайызы өздерін орыс деп атайды. Президент тапсырмасын орындауға қатысты аймақта проблема шыққан жоқ. Удмурт тілі республиканың мемлекеттік тілі ретінде бекітілгенімен, мектепте оны ерікті түрде оқытады. Удмуртия басшысы Александр Бречалов "Ұлттық тілдерді үйренгісі келетіндердің бәріне жағдай жасауға міндеттіміз деп талай айттым. Бірақ бұл міндетті пән емес, ерікті түрде оқитын пән болуы тиіс. Ұлттық тілді насихаттауымыз керек" деп мәлімдеген.

Якутия (Саха) республикасында сан жағынан якуттер бірінші орында (49 пайыз). Мемлекеттік орыс және якут тілдерінен бөлек, эвен, эвенк, юкагир, чукот, долга тілдері ресми тілдер деп танылған. 2017 жылғы күзде жүргізілген прокурорлық тексеру балаларды қай тілде оқыту мен тәрбиелеуді таңдау еркі негізінен қамтамасыз етілгенін анықтаған. Қадағалаушы орган тексеру қорытындысы бойынша аймақтың білім және ғылым министрлігіне жолдаған ұйғарымында "Алайда кей мектептерде ана тілі (якут) мен әдебиет, орыс тілі мен әдебиеті сияқты міндетті пәндердің сағатын қысқарту фактілері анықталды" деп көрсеткен.

Сунтар ауылындағы мектеп. Якутия.
Сунтар ауылындағы мектеп. Якутия.

Тұрғындарының 56 пайызын орыстар құрайтын Алтай республикасында мектептерде алтай тілі оқушылардың қалауымен оқытылады. Бұған қоса, ана тілін үйрену қарастырылған. Ертеректе жергілікті депутаттар балаларды алтай тілін үйренуге міндеттейтін заң қабылдаған. Бірақ прокуратура қарсылық білдіргеннен кейін заңның күші жойылған. Биылғы жылы аймақта ұлты алтай балаларды өзі тілінде оқуға міндеттеу керек деген ұсыныстар айтылған.

Төрт жыл бұрын Бурятия шенеуніктері бурят тілін міндетті пән ретінде оқыту туралы заң жобасын парламентке өткізуге тырысқан, бірақ прокуратура қайтарып тастаған. Сондықтан халқының 64 пайызын орыстар құрайтын республикада қазіргі нормативті-құқықтық актілерге сәйкес, бурят тілін ерікті түрде үйренуге болады. Республиканың білім және ғылым министрлігі статисткасына сәйкес, 132 мың оқушының жартысынан сәл көбірегі бурят тілін мемлекеттік немесе ана тілі ретінде таңдаған.

Татарстан балаларды мемлекеттік тілде оқыту талабын өткізуге ақырына дейін тырысқан жалғыз аймақ болып шықты. Аймақ билігі бұл мәселеге халықты, БАҚ-ты және тіпті экс-президент Минтимир Шаймиевті тартты. Бірақ бұл әрекеттерден түк шықпады.

Тыва – тілге қатысты тартыс болмаған республиканың бірі. Бұл тақырып БАҚ-тарда қозғалған жоқ, қадағалау органдарының тексеру қорытындылары да жоқ. Білім туралы республикалық заңға сәйкес, «Тыва республикасы территориясында тұрақты түрде тұратын Ресей Федерациясы азаматтарына ана тілін үйренуге тиісті жағдай жасалады және республикадағы білім жүйесі үһұсынатын мүмкіндіктер шегінде оқу тілін таңдау еркі беріледі». Бірақ Тываның Эрзин ауданы прокуратурасы орта білім беретін мекемелердің жарғысынан бастауыш және орта буында сабақ тыва тілінде жүргізіледі деген норма тапқан. Ескерту жасалғаннан кейін жарғыларға түзету енгізілген.

Хакасияда тұратын халықтың 81 пайызы – орыстар. Республикада хакас тілі - міндетті пән емес, оны факультатив сабақ ретінде оқытады. Хакас тілі біртіндеп жойылып бара жатқаны да көп талқыланбайды. Журналист Андрей Березиннің хакас тіліне "эвтаназия" жасау туралы ұсынысы үлкен жанжалға ұласқан. Оның үстінен іс қозғаған жоқ, бірақ мұндай сөздерді айтуға болмайды деп ескертілген.

Қорыта келгенде, Татарстан балаларды мемлекеттік тілде оқыту талабын өткізуге ақырына дейін тырысқан жалғыз аймақ болып шықты. Аймақ билігі бұл мәселеге халықты, БАҚ-ты және тіпті экс-президент Минтимир Шаймиевті тартты. Бірақ бұл әрекеттерден түк шықпады. Солай болатыны белгілі еді. Өйткені Ресейде федерализм қағаз жүзінде ғана қалғанын, ал Мәскеуден түсетін кез-келген нұсқауды аймақ басшылары бұйрық ретінде қабылдауы тиіс екенін Владимир Путин тағы бір мәрте көрсетті.

Желтоқсанның ортасында Ресей білім және ғылым министрлігі аймақтарға республикалардың мемлекеттік тілдерін оқытуға қатысты жаңа оқу жоспарын жолдады. Құжатта (Татарстан билігімен бірге әзірленген) оқулық «заңды екіұшты етіп түсіндіру әрекеттерін тоқтатуы тиіс» деп көрсетілген. Сондықтан енді мемлекеттік тілдер мен ана тілі ата-ананың өтініші бойынша ерікті негізде ғана оқытылатын болады.

(Азаттықтың Орыс қызметінің тілшісі Булат Мухамеджановтың мақаласы орыс тілінен аударылды).

XS
SM
MD
LG