Accessibility links

Қазақстан қорларды Норвегия үлгісімен "біріктіруі мүмкін"


Солтүстік теңіздегі Норвегияның мұнай платформасы. (Мұрағаттағы сурет.)
Солтүстік теңіздегі Норвегияның мұнай платформасы. (Мұрағаттағы сурет.)

Батыс баспасөзінде Қазақстанның зейнетақы және ұлттық қорларын "ықтимал біріктіруге", қазақ-қырғыз қатынастарындағы "серпінге" қатысты комментарийлер жазған. Бұған қоса, БАҚ туралы заңға енгізілген "даулы" өзгерістерге де назар аударған.

НОРВЕГИЯНЫҢ ҮЛГІСІМЕН БІРІГЕ МЕ?

Ұлыбританиялық Reuters жаңалықтар агенттігі сайты "Президент Қазақстан мұнай және зейнетақы қорларын біріктіруі мүмкін деп мәлімдеді" деген мақаласында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттік зейнетақы қоры мен ұлттық қор бірігуі "мүмкін" деген жуырдағы мәлімдемесіне қатысты комментарий жазған.

Reuters Нұрсұлтан Назарбаевтың "Мысалы, Норвегияда жақсы тәжірибе бар – олар зейнетақы қорындағы ақшаны ұлттық қормен біріктірген, ондай қор бізде де бар. Екеуі бірыңғай қорға айналды, бұл жұрттың бәріне тиімді. Бәлкім, біз де осы тәжірибеге көшетін шығармыз" деген сөзін келтірген.

"Орталық Азияның мұнайға бай елі [ұлттық қордағы] активтерін басқару үшін көбінесе шетелдіктерді жалдайды, сондықтан тиімділігін арттыру үшін оны зейнетақы қорымен біріктіру ұтымды болуы мүмкін" деп жазған Reuters. Бұған қоса, агенттік биыл қордың бұрынғы басшысы Руслан Ерденаев пен өзге де басшы қызметкерлері қор қаржысын жымқыру және коррупцияға қатысты айыпталғаннан кейін көлемі 23 миллиард долларды құрайтын бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына деген "сенімге селкеу түсті, айырылды" деп жазған. "Қазақстан үкіметінің үстінен түскен талап-арызға байланысты активтерінің 40 пайызға жуығын New York Mellon банкі бұғаттап тастағаны туралы ақпарат тарағаннан кейін көлемі 57 миллиард долларды құрайтын ұлттық қор да жанжалға ілікті" деп жазған Reuters.

АҚШ тағы ақша туралы министрлер не дейді?
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:01 0:00

Қазақтан билігі ұлттық қор мен дербестендірілген есеп-шоттардан тұратын бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын (БЖЗҚ-да жұмыс істейтін қазақстандықтардың міндетті 10 пайыз зейнетақы жарнасы жиналады) қалай қоспақ екені әлі түсініксіз. Назарбаевтың мемлекеттік зейнетақы қоры мен ұлттық қор бірігуі мүмкін деген мәлімдемесінің ертеңінде Қазақстан ұлттық банкі төрағасы Данияр Ақышев "бұл мәселені зерттейтінін" айтты.

Қазақстандық БАҚ-тар Ақышевтің "[Норвегияда] бұл қалай іске асқанын, ол жақта қорлар шынымен біріктірілді ме – қарап көреміз. Біз ол жақта сәл өзгеше схема болған, өзіндік ерекшелігі бар деп ойлаймыз. Сондықтан бұл мәселені зерттейтін боламыз. Ал тиісті тапсырмалар берілетін болса, бұл мәселелерді үкіметпен пысықтауға дайынбыз. Бірақ меніңше, дәл қазір ондай нақты жоспар жоқ" деген сөзін келтірген болатын.

Норвегиялық қорға мұнай сатудан түскен кіріс жиналып, түрлі құралдарға салынады. Бұл қор ресми түрде мемлекеттік зейнетақы қоры деп аталады, бірақ ол зейнетақы жарналары негізінде емес, мұнай сатудан түскен қаржы есебінен түзіледі. Оның инвестициялық стратегиясы транспарентті, яғни ашық сипатта жүргізіліп, халыққа дұрыстап түсіндіріледі, қор жұмысы туралы есеп беріп тұрады, ал Қазақстанда кәсіпқой қаржыгерлер ұлттық қорды басқару саясаты ашық жүргізілмейді, бірыңғай зейнетақы қоры жабық құрылым деген мәселелерді жиі көтереді.

Биыл Норвегияның мұнай қоры активтерінің құны бір триллион доллардан асты. Әлемдік БАҚ-тар ғаламдық қаржы дағдарысы кезінде норвегиялық қор активтерінің жалпы көлемінің бір пайызына жетпейтін сомаға азайды деген деректер келтірген. Ал америкалық Wall Street Journal басылымы дерегінше, Қазақстан 2000-2016 жылдары ұлттық қордан 83 миллиард доллар алып жұмсаған. Мұнай бағасы 100 доллардан асып тұрған 2014 жылы ұлттық қор көлемі 77 миллиард доллар болған, қазір бұл көрсеткіш – 57 миллиард доллар.

"КІШІГІРІМ САУДА СОҒЫСЫНДАҒЫ СЕРПІН"

Жапонияда шығатын Diplomat газеті "Жээнбеков пен Назарбаев қырғыз-қазақ қатынастарын қалыпты арнаға бұрып жатыр" деген мақаласында "екі елдің қарым-қатынасындағы екі айға созылған кішігірім сауда соғысынан кейінгі серпін" туралы жазған.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) пен Қырғызстан президенті Сооронбай Жээенбеков. Астана, 25 желтоқсан 2017 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) пен Қырғызстан президенті Сооронбай Жээенбеков. Астана, 25 желтоқсан 2017 жыл.

Мысалы, 25 желтоқсанда Астанаға келген Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбековтің екі күндік сапарын "өткен айдың аяғында Минскіде басталған жақындасудың шарықтау шегі" деп атайды. Екі президент "қол алысып, әңгімелескеннен" кейін премьер-министрлер екіжақты ынтымақтастық туралы жол картасына іле-шала қол қойып, шекарадағы қазаннан бері алынбай тұрған қатал бақылау жойылды.

"Астана орнатқан әкімшілік кедергілерге тап болған қазақ-қырғыз шекарасы желтоқсанның басында қалыпты жұмысына тез оралды. Қазақстан шекарадағы бақылауды контрабандистер мен контрабандаға тосқауыл қою үшін күшейттік деп мәлімдеген, бірақ жағдайдың қалыпты арнаға шапшаң оралғаны сауда соғысы саяси сипатта болғанын көрсетеді" деп жазған Diplomat. Бұған қоса, мақала авторлары шекара бекеттеріндегі бақылау босаңсығаннан кейін желтоқсанда Қырғызстан Еуразия экономикалық одағы мен дүниежүзілік сауда ұйымына Қазақстан шекарада қатаң шаралар енгізгеннен кейін жолдаған шағымдарын қайтарып алғанына назар аударған.

"Бішкек пен Астананың татуласқаны олардың екі жақты мүддесі үшін де, аймақтық ынтымақтастық мәселелеріндегі Өзбекстан мүддесі үшін де жақсы жаңалық болды. Бірақ біреудің шамына тиіп кететін болса, мұндай жағдай қайталанбасына онша сенім жоқ" деп жазған Diplomat.

БАСПАСӨЗДІ ШЕКТЕУ

Үндістандық Business Standard газеті "Қазақстан баспасөз туралы даулы заң қабылдады" деген мақаласында "қатал бақыланатын мемлекетте жаңа заң сөз бостандығын тіпті шектей түседі деген қорқынышқа қарамастан, БАҚ туралы заңға бірқатар даулы өзгерістер" енгізуге қатысты комментарий жазған.

Мәжіліс БАҚ туралы даулы заң жобасын мақұлдады
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:20 0:00

Мақалада "журналистер мен азаматтық құқық белсенділерінің алаңдаушылығын туғызған өзгерістерге" жаңалық тарататын веб-сайттарды өз материалдарына комментарий жазған пайдаланушыларды анықтап, олар туралы деректерді үш ай бойы сақтауға міндеттейтін норманы, бұған қоса, журналистерді "жеке өмірі, отбасы, медициналық, банк, және басқа да заңмен қорғалатын құпиялары" туралы ақпаратты БАҚ-та жариялау үшін мақалаларда аты-жөні аталған тұлғалардың келісімін алуға міндеттейтін тармақты жатқызған.

Бұған қоса, мақалада қазақстандық "Әділ сөз" ұйымының жаңа заң "коррупционер шенеуніктерді қорғайтын заң" деген сөзін келтіріп, Қазақстан билігі журналистер мен белсенділерді заң жобасын талқылауға қатыстырды, бірақ "түптеп келгенде, олардың негізгі ескертпелерін елеген жоқ" деп жазған.

XS
SM
MD
LG