Accessibility links

"Елдің Швейцариядан қайтқан қаржысы пропагандаға жұмсалған"


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

"Қазақстан халқынан ұрланды" деп Швейцарияда бұғатталып, кейін елге "халықтың мүддесіне" қайтарылған 48,8 миллион доллар қалай жұмсалды? Халықаралық ұйымдар жүргізген зерттеуде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен оның қызы Дариға Назарбаеваның да аты аталады.

Шілденің 10-ы күні интернетте жемқорлық ісіне байланысты Швейцарияда бұғатталған 48,8 миллион долларды Қазақстанға қайтарғаннан кейін қалай жұмсалғаны туралы зерттеу баяндама жарық көрді. Зерттеуді халықаралық "Еуразиялық демократиялық бастама" үкіметтік емес ұйымы, "Мемлекеттік қылмысқа қарсы халықаралық бастама" ұйымы (ISCI) және "Жемқорлық және адам құқығының бұзылуымен күрес бастамасы" ұйымы (CHRI) бірге жүргізген.

"ҮГІТ-НАСИХАТ МАҚАЛАСЫНА 1800 ДОЛЛАР ТӨЛЕГЕН"

2011 жылы Швейцария прокуратурасы Қазақстанда "халықтан ұрланды" деген 48,8 миллион долларды бұғаттаған. 2012 жылы Швейцария активті “Қазақстан халқының мүддесіне жұмсау үшін” қайтаратынын мәлімдеген.

Швейцарияның даму және әріптестік агенттігі ақшаны Дүниежүзілік банкінің қоры арқылы грант түрінде қайтарған. Дүниежүзілік банк ақшаның жұмсалуын бақылауды мойнына алып, Қазақстан билігімен меморандумға қол қойған. Келісімге сай, 48,8 миллион доллар Қазақстандағы "Энергияны үнемдеу" бағдарламасы мен "Жастар корпусы" бағдарламасына теңдей (әрқайсына – 21,76 млн доллар) бөлінуі тиіс еді.

12 беттік зерттеудегі дерек бойынша, 48,8 миллион доллардың шамамен жартысы "Жастар корпусы" жобасына бөлінген. Баяндама авторлары жоба үйлестірушісін таңдайтын тендерде білім саласында ұзақ жылдық тәжірибесі бар халықаралық IREX-тің өтінішін кері қайтарылып, билік құрған Үкіметтік емес ұйымдар концорциумы таңдалғанын (GONGO - Government-organized Non Government Organization) атап көрсетеді. Зерттеуде "GONGO - Қазақстан билігіне жақын әрі "Нұр Отан" партиясының серіктесі" деп көрсетілген. Бұл концорциумның басында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева құрған "Қазақстан жастарының конгресі" тұрғанын да жазған.

Бұған қоса, концорциум әріптесі ретінде жақында ғана жемқорлық дауына іліккен "Жасыл ел" ұйымы да аталады. 2017 жылы қарашада Қостанай облысында "Жасыл ел" ұйымының облыстық филиалының жетекшісі Қайрат Әбдіхалықов бағдарламаға бөлінген 16 милллион теңгені жымқырды деген айыппен сотталған. Оның мүлкі тәркіленіп, бес жылға бас бостандығынан айырылған.

"Жастар корпусы" туралы әлеуметтік желіде жазылған 150-ден көп лайк жинаған жарнамалық пост үшін 1500 доллар төленген

Құжат авторлары дәл осыған ұқсас “Бота” қоры жобасы кезінде әрбір жарнама мақалаға 90 доллар төленгенін жазып, ал "Жастар корпусы" өзі туралы жазылған әрбір мақала үшін 1800 доллардан қаржы төлегенін, әлеуметтік желіде жазылған 150-ден көп лайк жинаған жарнамалық пост үшін 1500 доллар жұмсалғанын да атап көрсеткен. Зерттеудегі дерек бойынша, "Жастар корпусы" ұйымдастырған тендерде "Нұр Отан" партиясының жастар қанаты "Жас отан" жеңіп, 8,6 миллиард теңге алған. Авторлар тендердің қалай ұйымдастырылғаны туралы ақпараттың жоқтығын жазған.

Зерттеу авторлары Швейцария қайтарған "халықтың ақшасы" қалай жұмсалғаны туралы ақпарат теріс берілгенін, Дүниежүзілік банк пен Қазақстан билігінің баспасөз хабарламаларындағы деректер бір-біріне сай келмейтінін де атап өткен.

Швейцария қайтарған ақша "Нұр Отан" партиясының жастар қанатының үгіт-насихат шараларына, пропагандалық материалдарына, партияның идеологиясын нығайтуға, билікті күшейтуге жұмсалған

Баяндама авторларының жазуынша, "Қазақстан билігі Дүниежүзілік банкпен келісімді бұзған. Екі жақты келісімге сай, бұл қаржы саяси мәселелерге жұмсалмауы тиіс еді".

Зерттеуде 48,8 миллион доллардың азаматтық қоғамға жұмсалмағанын, бұл ақшаны Қазақстан билігіне жақын ұйымдар алғанын да көрсеткен.

"Қайтарылған қаржы "Нұр Отан" партиясына, Қазақстан президентімен байланысы бар органдарға берілген. Швейцария қайтарған ақша "Нұр Отан" партиясының жастар қанатының үгіт-насихат шараларына, пропагандалық материалдарына, партияның идеологиясын нығайтуға, билікті күшейтуге жұмсалған" деп жазылған зерттеуде.

“ҰРЛАНҒАН АҚШАНЫ ЕЛГЕ ҚАЙТАРУДЫҢ МЕХАНИЗМІ КЕРЕК”

Баяндамамен танысып шыққан құқық қорғаушы Евгений Жовтис "Швейцария үкіметі мен Дүниежүзілік банктың ақшаны қайтару схемасын ашық деп атай алмайды, себебі ол қаражаттың мақсатқа сай жұмсалуына кепілдік бермейді". Оның ойынша, мұнда "Қазақгейтпен" салыстырғанда аса көп қаражат болмағандықтан Швейцария билігі қымбат та күрделі схемадан ("Бота" қорының жұмысы – ред.) қашып, ақшаны бірден қайтару жолын таңдаған.

- Менің ойымша, бұл - шетелде жемқорлық дауымен бұғатталған қаржыны қайтару механизмін жасап шығару керектігін дәлелдейтін жақсы мысалдардың бірі. Ақшаның қайдан келсе, сол елге қайтқаны жақсы. Бірақ оның өте ашық әрі анық болуы тиіс. Қаржыға қатысты күмән болмауы керек. Өкінішке қарай, баяндама көрсеткендей қаржының жұмсалуында күмән көп, - дейді Евгений Жовтис.

Жастар корпусы мәселесін зерттеуге біраз уақытын арнаған "Тең журналистер федерациясының" президенті Розлана Таукина баяндамада айтылған жайттармен келісетінін, оған өзі де зерттеу барысында куә болғанын айтады. Бірақ "заңнамалық кедергілердің кесірінен зерттеуді аяғына дейін жеткізе алмаған".

- Мен бұл мәселе бойынша толымды терең зерттеу жүргізе алмадым. Себебі қазіргі жеке бас мәліметті қорғауға қатысты заңнаманың журналистердің мүмкіндіктерін шектейтіні соншалықты туыстық байланыстардың бәрін сипаттап жеткізу мүмкін емес. Оларды бәрін жарияласаң сотты болғанмен пара-пар, - дейді Розлана Таукина.

Розлана Таукина,
Розлана Таукина,

Халықаралық "Еуразиялық демократиялық бастама" үкіметтік емес ұйымы, "Мемлекеттік қылмысқа қарсы халықаралық бастама" ұйымы (ISCI) және "Жемқорлық және адам құқығының бұзылуымен күрес бастамасы" ұйымы (CHRI) бірге жүргізген зерттеуге қатысты Азаттық тілшісі Білім және ғылым министрлігі мен Жастар корпусының сайтындағы телефондарға хабарласқанмен, жауап ала алмады. Азаттық осыған орай Білім және ғылым министрлігіне, Инвестициялар және даму министрлігіне, Жастар корпусы жобасын үйлестіру агенттігіне ресми түрде сұрау салып отыр.

Бұған дейін 2008 жылы Швейцария шығу тегі бұлыңғыр "Қазақгейт" ісімен байланысы бар 84 милллион долларды Қазақстанға қайтарған. Кейін Қазақстан, АҚШ және Швейцария үкіметтері 2007 жылы келісімге қол қойған. Нәтижесінде "Бота" қоғамдық қоры құрылып, жемқорлықтан түскен ақшаны қайырылымдылыққа жұмсау туралы шешім қабылданған. Қордың мақсаты - Қазақстандағы әлеуметтік жағдайы нашар отбасылардағы балалар мен жастардың әл-ауқатын, яғни денсаулығын, білім алу мен әлеуметтік жағдайын жақсарту.

Оқи отырыңыз: "Бота" қоры және "Қазақгейт" ісі

Аталған қор үш бағдарлама бойынша жұмыс жасап, 2014 жылы маусымда "қордың ақшасы таусылғандықтан" жабылған. Қоғамдық қор өкілдері аз уақытта көп жобаға жәрдем еткенін айтқан. Қор қаржысына Қазақстанда жүздеген балаға университетте оқуға грант берілген.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG