Accessibility links

Түк өзгерткісі келмейтін кандидат тартымды ма?


Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан президенттігіне кандидат.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан президенттігіне кандидат.

Нұрсұлтан Назарбаев наурызда өкілеттігін тоқтатқанда билік бейбіт әрі тиімді түрде Қасым-Жомарт Тоқаевқа тие қалатындай көрінген. Бірақ күтпеген кедергі де пайда болған сияқты.

Наурыздың 19-ында басталған билік транзиті кезеңінің басында Қазақстан үкіметінің бұған байланысты анық жоспары бардай көрінген.

Келесі күні Сенат төрағасы, Назарбаевтың сенімді саяси серігі Қасым-Жомарт Тоқаев уақытша президент ретінде ант берген. Тоқаев Назарбаевқа саяси жетекшілігі үшін мадақ жаудырып, Астана қаласына бірінші президенттің атын қоюды ұсынған. Тоқаев қызметіне кіріскеннен кейін үш күннен соң қала атауын Нұр-Сұлтан деп өзгерту туралы жарлыққа қол қойды.

Сәуірдің 9-ында президент сайлауының 2020 жылы емес, мерзімінен бұрын биылғы маусымның 9-ында өтетіні жарияланды.

Екі аптадан соң билік басындағы "Нұр-Отан" партиясы Назарбаевтың ұсынысы бойынша Тоқаевты президенттікке кандидат ретінде ұсынды. 600 жүз делегат Тоқаевқа түгел дауыс берді. Билік дайындаған бас кандидатпен бәсекеге түсетін қалған алтаудың сайлауда жеңіп шығуы неғайбыл.

Бірақ биліктің жоспарында жоқ төтенше оқиғалар да көріне бастағанға ұқсайды. Қазақстанның кей азаматтары таңдау еркі шектеулі сайлауға наразылық білдіріп, көшеге шыға бастады.

Билікке наразылық білдіріп жиналған адамдар. Алматы, 1 мамыр 2019 жыл.
Билікке наразылық білдіріп жиналған адамдар. Алматы, 1 мамыр 2019 жыл.

Қазақстанда президент бірінші рет ауысқалы жатқанымен Орталық Азияның кейбір елдері үшін бұл - әдеттегі жағдай.

Орталық Азия елдеріндегі саяси жетекшінің ауысу оқиғалары мен Қазақстандағы қазіргі жағдайдың ұқсас тұстары бар. Президенттің мұрагерін таңдап алу дәстүрі билік транзитін күтпеген жағдайға душар етуі мүмкін екені байқалады.

Қазақстанның мысалын Тәжікстан мен Түркіменстан сияқты отбасы мүшесіне билік тапсыру механизмін сынап көріп жатқан режимдер жіті бақылап отырса керек.​

БАСҚА ЕЛДЕРДЕ ҚАЛАЙ ЖҮЗЕГЕ АСТЫ?

Тәуелсіздік алғалы бергі 28 жыл ішінде Орталық Азияда екі-ақ мәрте билік президенттен мұрагеріне бейбіт түрде ауысты.

2010 жылғы сәуір төңкерісінен соң Роза Отунбаева Қырғызстанның уақытша президенті болып сайланды. Отунбаева әуел бастан уақытша президент екенін, 2011 жылғы қарашадағы сайлауға түспейтінін ескертіп, ерекше мысалға айналды. Ол сол жылғы желтоқсанның 1-інде билікті халық сайлаған президент Алмазбек Атамбаевқа тапсырды.

2010 жылғы конституция нормаларына сәйкес, Қырғызстан президенті бір-ақ мәрте алты жылға сайланады. Атамбаев мерзімі біткен соң биліктен кетсе де, өзі қалаған кандидаттың сайлануына қол жеткізді. Бұл Орталық Азияда жоғарыдан жоспарланған алғашқы билік транзиті еді. Бірақ қырғыз моделінің соңы жақсы болмады.

Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев жаңадан сайланған президент Сооронбай Жээнбековтің (сол жақта) ант беру рәсімінде. Бішкек, 24 қараша.2017 жыл.
Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев жаңадан сайланған президент Сооронбай Жээнбековтің (сол жақта) ант беру рәсімінде. Бішкек, 24 қараша.2017 жыл.

Атамбаев өзінен кейінгі президент болып Сооронбай Жээнбековтің сайлануына күш салды. Ош облысының бұрынғы губернаторы Жээнбеков Шу облысының тумасы Атамбаевқа елдің оңтүстік-солтүстік болып жіктелуіне жол бермейтін баланс сақтаушы тұлға болып көрінген. 2016 жылы Атамбаев Жээнбековті өзі басқаратын Социал-демократиялық партияның атынан әуелі премьер-министр қылған. Үгіт-насихат кезеңінде Жээнбековтің өз саясатын жалғастыратынын меңзей сөйлеген. Атамбаев Жээнбековті құрал етіп билік басында қала береді деп қауіптенгендер де болған.

Егер Атамбаев расымен сондай жоспар құрса, қатты қателескенге ұқсайды. Жээнбеков 2017 жылғы қарашадағы президент сайлауында жеңіске жетті. Алты-ақ айдың ішінде Атамбаевтың кезіндегі топ шенеуніктерді әкімшіліктен түгел шығарып тастады, олардың біразы істі болып, қамауға алынды. Атамбаев Жээнбековті 2018 жылғы наурыздан бастап бірнеше рет сынады, ақыры Социал-демократиялық партия екіге бөлініп тынды.

Жақтастары Жээнбековтің Атамбаев қолдана қоятындай құрал емес екенін айтады. Салыстырмалы түрде ұстамды Жээнбековтің де президент қызметіне көңілі толатындай.

Түркіменстан мен Өзбекстанда билік ұзақ уақыт ел басқарған саяси жетекшілері дүние салған соң ауысты.

2006 жылы желтоқсанда Түркіменстанның бірінші президенті Сапармұрат Ниязов қайтыс болған соң көпке белгісіз денсаулық сақтау министрі Гурбангулы Бердімұхамедов орнын басты. Бұл транзиттің қайтіп жүзеге асқаны әлі күнге дейін жұмбақ.

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов (сол жақта) пен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев. Өзбекстан, Хорезм аймағы, 24 сәуір 2018 жыл.
Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов (сол жақта) пен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев. Өзбекстан, Хорезм аймағы, 24 сәуір 2018 жыл.

2016 жылы қыркүйекте Өзбекстанның бірінші президенті Ислам Каримов көз жұмды деп хабарланған соң премьер-министр Шавкат Мирзияев те жабық процесс арқылы билікке жетті.

Бердімұхамедов те, Мирзияев те әуелгі президенттерге қызмет қылғандарымен анық мұрагер ретінде қарастырылмаған еді. Президент сайлауы кезінде бұл екі саясаткер де жеңетінін біле тұра халықтың шынайы ықыласын алғысы келетіндей үгіт-насихат жүргізіп баққаны сондықтан болар. Сайланып алған соң бұрынғы президент тұсындағы жоғары лауазымды шенеуніктерді түгелге жуық қызметтен кетірді.

Қырғызстандағы алғашқы екі транзит 2005 және 2010 жылдардағы төңкерістің нәтижесі еді. Биліктен қуылған Асқар Ақаев та, Құрманбек Бакиев те отбасы мүшелерін билікке тартамын деп халық наразылығына ұшыраған еді. Ақаевтың қызы Бермет пен ұлы Айдар 2005 жылы парламент мүшесі болып сайланған. Ал Бакиевтің ұлы Максим Қырғызстанның экономикалық саясатына қатты ықпал етті.

Төңкерістен кейін билікке жеткен саясаткерлер өздеріне дейінгі басшыларды сынап-мінеп, елдің саясатын өзгерту туралы уәде үйіп-төккен.

ТОҚАЕВТЫҢ БАСЫНДАҒЫ ҚИЫНДЫҚ

Қасым-Жомарт Тоқаевтың жағдайы басқаша. Біріншіден, Қазақстан конституциясына бұдан 15 жыл бұрын енгізілген өзгерістерге сәйкес, елдің бірінші президентіне шексіз билеу өкілеті берілген. Тоқаев президент болып сайлануы мүмкін, бірақ "елбасы" Назарбаев әлі тірі, негізгі саяси билік те соның қолында.

Екіншіден, алдағы мамырдың 17-сінде жасы 66-ға шығатын Тоқаевтың өтпелі кезең басшысы екені, бұл қызметті болашақта шын билікті қолына алатын адамға дайындап жатқаны көрінеді. Нақ мұрагері ретінде Назарбаевтың бірнеше туысының аты аталған. Үшіншіден, һәм ең бастысы, Тоқаев Назарбаевтың саясатын жалғастыра бермек. Яғни түк те өзгертпейді.

Бердімұхамедов, Мирзияев, Бакиев пен Атамбаев сайлау кезінде елдің қолдауын алғысы келіп, көп өзгеріс жасауға уәде берген. Сайланған соңғы алғашқы айларда бұлардың бәрі де біраз игі өзгеріс жасауға тырысқан. Назарбаевтың көзі тірісінде Тоқаевтың қандай да бір үлкен өзгеріс қылуға ұмтылмасы анық. Өйткені бұл әрекеті Назарбаевтың саясатын түзеу болып шықпақ. Ештеңе өзгерткісі келмейтін кандидаттың Қазақстанның кейбір жастарына тартымды болмай тұрғаны сондықтан шығар.

Алматыдағы наразылық кезінде "Нұр-Cұлтан менің астанам емес, АЭС-ке қарсымын, Дариға менің спикерім емес, Тоқаев менің президентім емес" деген плакат ұстап тұрған адам. 1 мамыр 2019 жыл.
Алматыдағы наразылық кезінде "Нұр-Cұлтан менің астанам емес, АЭС-ке қарсымын, Дариға менің спикерім емес, Тоқаев менің президентім емес" деген плакат ұстап тұрған адам. 1 мамыр 2019 жыл.

Қазақстандағы әлеуметтік желі қолданушылары "Нұр-Сұлтан астанам емес, Тоқаев президентім емес, Дариға Сенат төрағасы емес" және "Шал, кет!" деген ұран көтерді.

Сәуірдің 21-інде Алматы марафоны кезінде "Шындықтан қашып құтылмайсың" деген және бір баннер пайда болды. Қала көшелерінің бірінде "Биліктің қайнар көзі - халық" деген конституция үзіндісі көзге шалынған.

Орталық Азияда тұрғындардың көп бөлігі тұрмыс-тіршілігін жақсартатын өзгерістерден үмітін үзбегенде ғана биліктің байыппен ауыса алатыны осыған дейінгі тәжірибеден байқалған.

Назарбаевтың қызы Дариға немесе немере інісі Самат Әбіш мұрагер болуы мүмкін деген әңгіме де шыққан. Назарбаевтың туысына деген наразылық Тоқаевқа қарсы көңіл-күйден де күштірек болар ма еді.

Орталық Азиядағы біраз жұрт үшін жоғарыдан жоспарланған билік транзитінің "бай байға құяды, сай сайға құядының" бір түрі болып көрінері анық.

Қасым-Жомарт Тоқаев зор қиындыққа ұшырап тұр. Түркіменстан мен Тәжікстанда әкелерінің өкшесін басып келе жатқан Сердар Бердімұхамедов пен Рустам Эмомалидің де басына кейін осындай қиындық түсуі мүмкін.

1995 жылдан бері Орталық Азиядағы халықтан естіп келе жатқаным - билік ауысқан соң жоғары жақта толтыратын бос қалта қайта көбейеді деген сөз. Қазір де ахуалдың өзгергені шамалы. Билік басында ұзақ отырғандар да, оларды төңіректеген топтар да қалтасы үлкенірек жаңа киім сатып алып жатыр.​

(Автордың көзқарасы мен Азаттық редакциясының ұстанымы сәйкес болмауы мүмкін.)


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG