Accessibility links

"Кеудеден итеру". Назарбаевтың сөзі аналар мен оралмандарға ауыр тиді


Нұрсұлтан Назарбаев "Нұр Отан" жиынында отыр. 21 тамыз 2019 жыл.
Нұрсұлтан Назарбаев "Нұр Отан" жиынында отыр. 21 тамыз 2019 жыл.

Биліктегі "Нұр Отан" партиясының төрағасы, Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көп балалы отбасылар мен оралмандарды "биліктен көмек сұрай береді" деп сөккені елде қызу талқыланып жатыр. Шетелден келген қазақтар "Назарбаевтың сөзінен кейін елде оралмандарға деген теріс көзқарас қалыптаса ма" деп қауіптенеді. Ал көп балалы әйелдер "Назарбаев туу деңгейін көтерейік деген бұрынғы сөзіне қарсы шықты" деп санайды.

Назарбаев тамыздың 21-і күні "Нұр Отан" партиясы саяси кеңесінің жиынында көп балалы және тұрмысы төмен отбасыларды, шетелден келген қазақтарды биліктен көмек сұрай береді деп мінеді.

- "Маған бер, менің балам көп, айлығым аз" дейді. Сен не ойладың? Бұл – сенің мәселең ғой, сен бұрын мемлекетпен ақылдаспадың ғой... 1 миллион [шетел қазағын] шақырдық. Бұлай бірде-бір ел жасамады. Оларға балаларың үйленсін, өссін десек, маған бер дейді. Жұмыс істеңдер! Жұмыс істемесе, ештеңе болмайды" деді ол жиында.

"ШЕТТЕГІ ҚАЗАҚТАР ТЕК АЗАМАТТЫҚ СҰРАП ЖҮР"

Қытайдан келген қазақ, "Ел аманаты" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Ырысбек Тоқтасын Назарбаевтың "оралмандар бер деп сұрайды" деген сөзімен келіспейді.

- Елбасымыздың (Назарбаевтың Конституциямен бекітілген мәртебесі – ред.) айтқан сөзі бізге, сырттан келген ағайындарға, ауыр тиді. Себебі сырттан келген ағайындар қазір елден "ананы бер, мынаны бер" деп сұрап жатқан жоқ, тек азаматтық сұрап жатыр. Құжат алар кезде қиындық көріп жүр. Өзім жақсы білетін Қытайдан келген ағайындар сол жақтағы үй-жайын, малын сатып, осында келіп өз күнін өзі көріп жатыр. Мемлекеттен ешқандай атаулы әлеуметтік көмек, квота (мемлекеттің шетелден көшіп келгісі келетін қазақтарға беретін көмегі – ред.) алып жатқан жоқ. Квотаны алудың өзі бір машақат, қияметтің қиыны, қаншама құжат жинау керек. Сол себепті олар мемлекеттен берілетін квотаны да алып жатқан жоқ, - дейді ол.

Тоқтасын алдағы уақытта шеттен көшіп келген қазақтар бірігіп, Назарбаевтың сөзіне пікір білдіретінін айтады. Ол Назарбаевтың айтқанынан соң Қазақстанда оралмандарға деген теріс көзқарас, "қоғамда оралмандар сұрай береді, сырттан келетін қазақтарға емес, елдегі ағайындарға көмектесу керек" деген ой қалыптаса ма" деп қауіптенеді.

- Кезінде "келіңдер" деп отанға шақырды. Соның арқасында миллионға жуық қандасымыз келді ғой. Ол – шындық, факт. Енді дәл қазіргі қиын сәтте, Қытайдағы қандастарымыз қиыншылық көріп жатқан уақытта, елбасымыздың былай сөйлеуі сол қандастарымызды кеудеден итерген сияқты болды, - дейді ол.

"Үкіметтен азаматтықтан басқа ештеңе сұрап жатқан жоқпыз"
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:14 0:00

Шеттен келген қазақтарға көмек көрсетіп жүрген "Жебеу" ұйымының өкілі Рақым Айыпұлы Назарбаевтың сөзін "оралмандарға жасалған қиянат" деп бағалады. Ал Шыңжаңдағы қазақтардың қысымға ұшырағаны жайлы мәселе көтеріп жүрген Қытайдан келген қазақ Омарәлі Әділбек "Назарбаевқа маңындағылар ақпаратты дұрыс жеткізбеген" деп санайды.

"ҮЙ ЖОҚ БОЛСА, СИЫРДЫ ҚАЙДА АСЫРАЙМЫЗ?"

Назарбаев "Нұр Отан" жиынында "биліктен көмек сұрай беретіндерге" "жұмыс жоқ па, шағын кредит ал. Екі сиыр сатып ал да, өзіңді асыра. Артық сүтті сатып, ақша тап. Бау-бақша ек, тамағыңды тап та, қалғанын базарға апарып сат. Біліміңді ал да, [жұмыс] істе" деп ақыл айтқан. Бұрынғы президенттің бұл ақылы көп балалы әйелдер, мүгедек баласы бар аналардың көңіліне келген.

Назарбаев сөзіне нұр-сұлтандық әйелдер наразы
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:45 0:00

Биліктен баспана, әлеуметтік көмек талап етіп, Ақордаға, Нұр-Сұлтан әкімдігіне барған көп балалы әйел Гүлжанат Рүстемова көп баласы бар әйелдердің жұмысқа шығуға мүмкіндігі жоғын айтады.

- Бала-шаға, үй шаруасы, мектебі, балабақшасы бар, апарып-әкелу керек. Оның бәрі оңай емес. Баспанамыз да жоқ басымызда. Біз осы уақытқа дейін үкіметтен ештеңе талап еткен жоқпыз. Бес сәбидің өлімінен кейін (ақпанда Нұр-Сұлтанда бір отбасының бес баласы уақытша баспанада шыққан өрттен қайтыс болған – ред) осының бәрі басталды. Көзіміз ашылды, ояндық деуге болады. Өзімізге тиесіліні ғана сұрап жатырмыз, артық ештеңе сұрап жатқан жоқпыз. Басқа елдерде көп балалы әйелдерге көп жақсылықтар жасалады. Көзіміз ашық, оқып отырмыз. Үй кезегінде тұрғанымызға ондаған жыл болды. Кезек әлі келген жоқ. Қашан келетінін де білмейміз. Мәселемізді шешуге мемлекеттің мүмкіндігі бар. Бірақ соны бізге жеткізбей жатыр, - дейді "Күміс алқа" иегері.

Жалғызбасты ана Мәдина Ескенеева билік жағдайы жоқ отбасыларды баспанамен қамтамасыз етсе көп мәселе шешілер еді деп санайды.

- Бұрындары Назарбаев туу деңгейін көтеру керек деген еді. Енді барлық ананы жазғырып отыр. Қазір екі баламен отырмын. Күйеуім жоқ. Ұлым ДЦП-ға шалдыққан. Қызым кішкентай. Жұмысқа шыға алмаймын. Балаларымды жалғыз тастап қалай жұмысқа шығамын? Мемлекет көмектесіп жатыр, бірақ үй мәселесін шешсе дейміз. Кезегім бес мыңның айналасы. Ұзақ жылдан бері кезегімді күтіп отырмын, - дейді ол.

Шамалған тұрғындары Назарбаевтың айтқанына не дейді?

Екі сиырмен тұрмыс түзеу мүмкін бе?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:14 0:00

Ал бес баланың анасы Сәбира Есімханованың сөзінше, "көп баламен пәтер жалдап жүрген отбасылардың сиыр асырайтын жері жоқ".

- Біз көшеде қаңғырып жүрміз, сиырды қайда асыраймыз? Қазіргі заманда екі сиырдың өзін асырау керек. Оның шөбі, суы бар. Сиырдың өз шығыны өзіне кетеді. Бір литр сүт бес балаға жетпейді. Мен күніне бес балаға екі литр сүт, екі литр айран аламын. Мың теңге кетеді. Сиыр ондай тамақ бермейді. Бізді көп балалы деп бөлмесін. Бес балам бар, біреуі мүгедек. Қалай жұмыс істеймін? Мүгедек баламды қайда қалдырам, бізде олардың да құқығы қорғалмағаны ма? – дейді ол.

Назарбаевтың сөзіне әлеуметтік желідегі реакция

"Назарбаевтың Самұрық және Қазына деген екі сиыры бар"
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:35 0:00

Биыл ақпанда Нұр-Сұлтанда уақытша баспанада шыққан өрттен бір отбасының бес қызы қаза тапқан. Осыдан кейін елде көп балалы әйелдер, жалғызбасты әйелдер, мүгедек бала тәрбиелеп отырғандар биліктен жәрдемақыны өсіріп, баспана мәселесін шешуді талап ете бастады.

Сол кезде президент болып тұрған Назарбаев наурызда, керісінше бірнеше рет көп балалы және жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсету жайлы айтқан. Ол ақпанның 21-і күні үкіметті "тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсетпеді" деп отставкаға жіберген. Кейін наурызда жаңа тағайындалған үкімет мүшелерін қабылдағанда Назарбаев "мемлекет көмекке мұқтаж отбасыларға әрқашан көмек көрсетеді. Тұрмысы төмен және көп балалы отбасылар қашанда мемлекеттің қолдауын сезінуі тиіс" деген.

Ақпанның 27-і күні "Нұр Отан" партиясының съезінде Назарбаев көп балалы отбасылардағы әр балаға 21 мың теңге төленетінін мәлімдеген еді. Тұрмысы төмен отбасыларға да көмек көрсетілетінін айтқан. Осыдан кейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі сәуірден бастап тұрмысы төмен отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) төлей бастағандарын хабарлаған. АӘК туралы жарлыққа Назарбаевтың таңдауымен президенттікке келген қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған.

Бірақ әйелдер АӘК алу шартының қиындығына шағынады. Билік жағдайы төмен отбасыларға арнап "Бақытты баспана", "Берекелі отбасы" сынды баспана бағдарламасын да ұсынған. Қазір бұл бағдарлама бойынша құжат қабылдап жатыр. Кейбір әйелдер баспана бағдарламасына да құжат өткізу, оның шарттарына сай келу қиын болып жатқанын айтқан.

Қазақстанның әр өңірінде әйелдер оқтын-оқтын билікке барып, талаптарын әлі айтып жүр. Үкімет әр әйелдің талабының заңды-заңсыздығын тексеретінін жеткізген.

Мақаланы дайындауға Әсем Мұхитқызы мен Мәншүк Асаутай қатысты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG