Accessibility links

Нұр-Сұлтанда терроризм айыбы тағылған 14 адамның соты басталды


Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторында (ЕЦ 166/10) "ДАИШ террорлық ұйымына қатысты" деп айыпталған 14 адамның соты басталды. 22 қазан 2019 жыл.
Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторында (ЕЦ 166/10) "ДАИШ террорлық ұйымына қатысты" деп айыпталған 14 адамның соты басталды. 22 қазан 2019 жыл.

Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторында "террорлық ұйымға қатысты" деп айыпталған 14 адамның ісі бойынша сот процесі басталды. Айыпталушылар бұған дейін Қазақстанға Сириядан жеткізілген.

Қазанның 22-і күні таңертеңгі сағат онда Нұр-Сұлтан қаласында Таяу Шығыстағы қарулы жанжалға "ДАИШ (өзін "Ислам мемлекеті" деп атайтын экстремистік топтың араб тіліндегі атауының қысқартылған нұсқасы - ред.) террорлық ұйымы құрамында қатысты" деп айыпталған Қазақстанның 14 азаматының ісі бойынша сот процесі басталды.

Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне қарасты тергеу абақтысының (ЕЦ 166/10 мекемесі) сот залындағы айыпкер орындығында 13 адам отыр, ал арнайы емдеу мекемесіндегі тағы бір айыпталушының сот процесіне телебайланыс арқылы қатысатыны хабарланды. Айыпталушылардың ісі Нұр-Сұлтан қалалық қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соттың көшпелі отырысында қаралып жатыр.

Тергеу абақтысындағы сот процесіне қатысып отырған айыпталушылар. Нұр-Сұлтан, 22 қазан 2019 жыл.
Тергеу абақтысындағы сот процесіне қатысып отырған айыпталушылар. Нұр-Сұлтан, 22 қазан 2019 жыл.

Сот залына сыймаған бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері процесті басқа бөлмеден монитор арқылы бақылады.

Айып тағылған 14 адам - Таяу Шығыстағы жанжал аймағында болған, 25-50 жас аралығындағы ер азаматтар. Оларды Қазақстан арнайы қызметі биыл, 2019 жылдың басынан бері бірнеше рет ұйымдастырған "Жусан" операциясы аясында өзге жүздеген адаммен бірге елге ұшақпен жеткізген.

Сейсенбідегі сот тыңдауы барысында айыптаушы тарап қылмыстық іс бойынша айып тағылған қазақстандықтар Сирияда ДАИШ тобы құрамында содырлардың жазалушы операцияларына қатысқан деп мәлімдеді.

Өткен аптада, қазанның 17-і күні Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті Сирияда "ДАИШ террористік тобының құрамында болған" 14 адамның үстінен қозғалған іс бойынша тергеу аяқталғанын хабарлаған. Тергеу қорытындысына сәйкес, оларға "террористік топ әрекетіне қатысты", "терроризмді насихаттады" және өзге де ауыр қылмыстар жасады деген айып тағылған.

Ауыр қылмыс түрлеріне байланысты айып тағылып, сотқа тартылып жатқан 14 адамның аты-жөні:

1) Алтаев Данияр Қанатұлы (19 қыркүйек 1992 жылы туған);

2) Амангелді Абзал Маратұлы (17 қараша 1992 ж.);

3) Айыпқалиев Ермұқан Темірланұлы (1 қараша 1985 ж.);

4) Әбілқайыров Тұрлан Жалғасұлы (6 сәуір 1994 ж.);

5) Әжмәмбетов Жандос (5 маусым 1990 ж.);

6) Бақытжанов Ғазинұр Құлмашұлы (4 наурыз 1969 ж.);

7) Жансеңгіров Аманжол Алпамысұлы (29 қыркүйек 1986 ж.);

8) Ибраев Бақтияр Мәмбетұлы (8 желтоқсан 1984 ж.);

9) Қамалов Нұрлан Аманұлы (21 қараша 1978 ж.);

10) Қуанов Руслан Ерболұлы (18 тамыз 1991 жыл);

11) Нарботин Алмас Балғабайұлы (1 сәуір 1986 ж.);

12) Сәбитұлы Дәурен, (21 шілде 1988 жылы);

13) Сәдуақасов Думан Серікұлы (7 наурыз 1993 ж.);

14) Төреханов Данабек Маратұлы (11 қаңтар 1987 ж.).

Осы тізімдегі Ермұқан Айыпқалиев қазір арнайы емханада жатыр. Туыстары соғыс аймағында жараланған оның денесінің 30 пайызы ғана қимылға келетінін айтады. Айыпталушылардың жақын-жуығы БАҚ өкілдерімен сөйлесуге құлық танытпады.

Қарулы айдауылдар айыпталушы Аманжол Жансеңгіровті сот залына әкелген сәт. Нұр-Сұлтан, 22 қазан 2019 жыл.
Қарулы айдауылдар айыпталушы Аманжол Жансеңгіровті сот залына әкелген сәт. Нұр-Сұлтан, 22 қазан 2019 жыл.

Айып тағылған 14 адамның бірі - Аманжол Жансеңгіров есімді азамат туралы Азаттық "Таяу Шығысқа Қазақстаннан кеткендер" туралы алғаш ақпарат тараған кезде, 2013 жылы жазған еді.

Тағы бір айыпталушы Абзал Амангелді – 2015 жылы Қазақстаннан Сирияға тайлы-тұяғымен кеткен отбасының мүшесі. Азаттық Қазақстанның оңтүстігіндегі Қазығұрт ауданындағы мектеп мұғалімі Марат Мәуленовтің әйелі және ең кенжесі омыраудан шықпаған алты баласын алып Таяу Шығысқа аттанғаны туралы жазған. Сирияда жүргенде Мәуленов екі ұлымен бірге түскен видео-үндеуінде Қазақстан билігі мен сол кездегі ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа сес көрсеткен.

Туыстары Марат Мәуленов пен үлкен ұлы Сирияда қаза тапқанын айтады. Мәуленовтің әйелі мен бес баласын 2019 жылы мамырда Қазақстан билігі елге жеткізді. Үш баласы жауапқа тартылды. Сот 18 жастағы Диас Амангелдіні "терроризмді насихаттағаны" үшін алты жылға бас бостандығынан айырды. Оның 24 жастағы әпкесі Аида Амангелді биыл қыркүйектің 4-і күні "терроризмдi насихаттау", "қорқыту" "құқық қорғау органы қызметкерінің өміріне қол сұғу" айыптары бойынша бес жылға сотталды. Мәуленовтің бес және тоғыз жасар екі ұлы аналарымен бірге Түркістан облысында тұрып жатыр. Мәуленовтің әйелі Айгүл Нысанбаеваға Қазақстанда ешқандай айып тағылмаған.

Қазанның 17-інде ҰҚК жариялаған ақпаратта "Жусан" операциясы аясында 595 Қазақстан азаматының Сириядан елге қайтарылғаны, олардың 400-ден астамы - бала екені айтылған. Олар негізінен осыдан бірнеше жыл бұрын Ирак пен Сирияның ауқымды бөлігін басып алған ДАИШ террористік тобына қосылғандардың отбасы мүшелері. Халықаралық коалиция Сириядағы жанжалға араласқаннан кейін террорлық топ бақылауындағы жерден айырылып, содырларға қосылған қазақстандықтар мен олардың отбасы мүшелері тұтқынға түскен. Бірнеше лагерьде ұсталған оларды кейін Қазақстан үкіметі елге жеткізген.

Терроризм айыбы тағылған 14 адамның соты өтіп жатқан тергеу абақтысы ғимаратына кіретін есік. Нұр-Сұлтан, 22 қазан 2019 жыл.
Терроризм айыбы тағылған 14 адамның соты өтіп жатқан тергеу абақтысы ғимаратына кіретін есік. Нұр-Сұлтан, 22 қазан 2019 жыл.

Қазақстанға "Жусан" операциясы аясында Таяу Шығыстан жеткізілген бірнеше адам осыған дейін жауапқа тартылған. ҰҚК дерегінше, Сириядан елге оралған 10 ер және 5 әйел айыпты деп танылып, сот үкімі бойынша түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылған.

2018 жылы шілде айында ҰҚК Азаттыққа Сирия мен Иракта соғыс басталғалы Қазақстанның 800-ге жуық азаматы Таяу Шығысқа кеткенін хабарлаған болатын.

Қазақстан соты 2015 жылы ДАИШ ("Ислам мемлекеті") тобын террорлық ұйым деп танып, ел аумағында қызметіне тыйым салған. Оған дейін Орталық Азияның өзге елдері мен Ресей де бұл топты террорлық ұйымдар тізіміне қосқан.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG