Accessibility links

Қытай мен Ресей пропагандасы пандемия кезінде қалай өзгерді?


"Қытайға қарағанда Ресейдің жалған ақпараты Мәскеуді шетел аудиториясына жақсы қылып көрсетуге көп бағытталмаған" дейді Еуропа саясатын талдау орталығының қызметкері Эдвард Лукас.
"Қытайға қарағанда Ресейдің жалған ақпараты Мәскеуді шетел аудиториясына жақсы қылып көрсетуге көп бағытталмаған" дейді Еуропа саясатын талдау орталығының қызметкері Эдвард Лукас.

Еуропа саясатын талдау орталығы Қытай мен Ресейдің коронавирус пандемиясы кезінде қандай жалған ақпарат таратып, қалай пропаганда жүргізгенін зерттеді. Баяндамада не айтылған?

Қытай мен Ресей коронавирустың пайда болуы, ауруды емдейтін дәрі мен вакциналардың тиімділігі жайлы жалған ақпарат таратқан. Оны шетелдегі аудиторияға бағыттап, Батыс үкіметін қаралауды мақсат еткен. Жаңа зерттеу авторлары екі ел бұл науқанды Ухань қаласында коронавирус табылғаннан бастап екі жыл бойы жүргізіп келген дейді.

Еуропа саясатын талдау орталығы (CEPA) 2 желтоқсанда жариялаған зерттеуінде Қытай және Ресей саясаткерлері мен мемлекеттік баспасөз құралдары қолданған стратегияға назар аударады.

Зерттеу Қытай да, Ресей де коронавирус жайлы жалған ақпарат таратып, пропаганда жүргізгенін, бірақ екеуінің әртүрлі стратегия таңдағанын көрсетті. Сондай-ақ жуырда екі ел бір-бірінің тәжірибесіне жүгіне бастағанын мәлімдеді.

Зерттеушілердің сөзінше, Пекин мемлекеттік БАҚ, әлеуметтік медиа, шенеуніктер мен онлайн басылымдарды пайдаланып, коронавирустың таралуына Қытайдың кінәлі емесін және Пекин вируспен күресуде сенімді серіктес бола алатынын насихаттауға тырысқан. Ал Ресей жалған ақпарат арқылы АҚШ-тың коронавируспен күресіне күмән туғызып, шиеленіс туғызуға талпынған.

"Ресей шетелдегі қоғамда шиеленіс туғызу үшін бұрынғы сценарийіне жүгінген" деп жазылған баяндамада. "Қытай кей амалдарды Ресейден алып, оны басқа мақсатта пайдаланған. Жалған ақпарат таратып, жаһандық деңгейдегі қастандық теориясын алға тартқан".

Бүкіл әлемде үкіметтер мен жеке адамдар вакцина мен вирустың шығу тегі жайлы жалған ақпарат таратып жатты. Ал біршама зерттеу Қытай мен Ресей саяси жағынан тиімді қастандық теориялары мен коронавирустың шығу тарихы жайлы жалған ақпарат таратуда алдында жан салмағанын көрсетті.

CEPA баяндамасының мақсаты – бұрынғы зерттеу нәтижелеріне сүйене отырып, осы елдердің пандемия кезіндегі әрекеттерін түсіну. Баяндама авторлары 2020 жылғы наурыз бен 2021 жылғы наурыз аралығында шыққан 144 мың материалдан тұратын деректер базасын құрған. Оған Қытай мен Ресей мемлекеттік баспасөз құралдарында жариялаған мақалалар мен шенеуніктердің әлеуметтік желілердегі жазбалары кірген.

"Қытай Ресей амалдарын таңдап пайдаланған, бірақ өзінің де жолдары болған" дейді CEPA бас қызметкері, баяндама авторларының бірі Эдвард Лукас Азаттыққа. "Қытай сенімді болып көрінуге тырысып, [Коммунистік партия] мүмкіндіктері жайлы жүйелі хабарламалар таратты. Ал Ресей науқан кезінде Кремльдің ресми нұсқасына келсін-келмесін, хаос туғызуға талпынды".

ЖАЛҒАН АҚПАРАТ

2016 жылдан бастап Ресей жалған ақпарат тарататын ел ретінде көзге түсті. Осы кездері Мәскеудің АҚШ-тағы сайлауға ықпал етуге талпынғаны айтылды.

Бірақ коронавирус пандемиясы кезінде Қытай алға шықты. Вирустың таралуы жайлы ақпарат таратып, имиджін жақсартуға тырысты.

Қытай президенті Си Цзиньпин видео байланыс арқылы Ухань ауруханасындағы науқастарға қол бұлғап тұр.
Қытай президенті Си Цзиньпин видео байланыс арқылы Ухань ауруханасындағы науқастарға қол бұлғап тұр.

Қытай қолданған пропаганда мен жалған ақпарат Батысты сынаудан басталып, Пекиннің вируспен күресу саясатын қорғауға, басқа елдерге вакцина мен қорғаныш құралдарын жіберу шешімін мадақтауға дейін барады. CEPA баяндамасында Қытай хабарламалары "көбіне жағымды сипатта болғаны", Қытайды көбірек назарға алып, мемлекет қолдауындағы сауда орындары мен дипломаттар арасындағы ауызбіршілікті көрсетуге тырысқаны жазылған.

Бірақ ерекше жағдайлар да болған. Мысалы, Қытайдағы Wolf Warrior дипломатиясы аясында жеке елшіліктер мен дипломаттар Батыс саясатына агрессиялы түрде қарсы шығып, қастандық теориясы жайлы ақпарат таратқан.

Зерттеу нәтижесіне сенсек, Қытай мұндай тактикасын АҚШ президенті Дональд Трамп мен Америка консерваторлары "коронавирус Қытай зертханасынан тараған болуы мүмкін" деп айтқанда күшейте түскен. Ал президент Джо Байден барлау қызметіне Сovid вирусы қайдан пайда болғанын тексеруді тапсырып, Ухань зертханасының бұған қатысы бар-жоғын анықтауды тапсырған соң айқын көріне бастаған.

Бұған жауап ретінде Қытай мемлекеттік баспасөз құралдары мен шенеуніктер вирустың қайдан шыққаны жайлы әртүрлі ақпарат таратуға көшті. Қытай сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Чжао Лицзянь "вирус Американың Мэрилендтегі Форт-Детрик қаласындағы әскери лабораториясынан тараған болуы әбден мүмкін" деп дәлелсіз нұсқа ұсынған.

Қытай сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Чжао Лицзянь
Қытай сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Чжао Лицзянь

Ресей жалған ақпараттарында Форт-Детрик ұзақ уақыт назарда болды. Бірақ Пекин оны Қытай мен Батыстағы пікірталастардың өзегіне айналдырды.

Ақпанда Associated Press тоғыз айға созылған зерттеу нәтижесін жариялады. Онда Қытайдың "АҚШ коронавирусты биоқару ретінде жасаған" дегенге саятын жалған ақпарат науқаны жайлы айтылған.

Лукастың сөзінше, Ресейдің жалған ақпарат тарату науқаны бұдан өзгешеленеді. Ол Мәскеу Батыс вакцияналарын қаралап, "Спутник V" вакцинасын қорғауға тырысты дейді.

Мысалы, мамырда Франция мен Германиядағы ықпалды медиа Лондонда орналасқан, Мәскеу бақылайтын топ Pfizer-BioNTech вакцинасы жайлы жалған ақпарат тарату үшін ақша ұсынғанын хабарлаған. Тағы бірде Ресейдің мемлекеттік баспасөз құралдары мен шенеуніктері Батыс баспасөзіне қарсы науқан бастаған. Оларды фармацевтикалық корпорациялар бақылайтынын айтып, Спутник V вакцинасы жайлы жағымсыз ақпарат таратқанына айыптаған.

"Қытайға қарағанда Ресейдің жалған ақпараты Мәскеуді шетел аудиториясына жақсы қылып көрсетуге көп бағытталмаған" дейді Лукас. "Мәселе Батыста бар қоғамды бөлектеуде, поляризацияны қолдауда болып тұр және Ресей мұны біршама жыл бойы істеді".

ТАКТИКА ЭВОЛЮЦИЯСЫ

CEPA баяндамасында Қытай мен Ресейдің амалы үнемі өзгеріп отыратыны айтылады.

Pew Research маусымда жарияланған сауалнамасында пандемия кезінде Қытай жайлы жағымсыз көзқарас өршігенін, ал коронавирус жылдам тарап, өлім көбейген, халқы вакцина алудан қашқақтаған Ресей хабарламаларын өзгерткенін анықтады.

Бірақ Пекин мен Мәскеудің жалған ақпарат тарату науқаны жалғасып жатыр.

Facebook пен Instagram кіретін Мета компаниясы 1 желтоқсанда Қытайға байланысы бар 600-ден астам аккаунтты өшіргенін мәлімдеді. Бұл аккаунттар АҚШ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына ықпал етіп, коронавирустың шығуына Қытайды кіналау үшін қысым көрсетті дегенін айтты.

Лукас Қытай мен Ресей әріптестігінің анық дәлелі аз екенін, бірақ екі ел бір-бірімен тактика алмасып, жалған ақпарат пен пропаганда науқанын күшейтуі мүмкін екенін айтады.

Ол Батысқа емес, дамушы елдерге, әсіресе, Африкаға көбірек назар аудару керек дейді. Ол Қытай көп жыл бойы континенттегі медиа операцияларға инвестиция салғанын, Ресей де осы жаққа назар аудара бастағанын айтады.

Коронавирустың жаңа штамдары шыққан, вакцинасы жоқ Африка Қытай мен Ресей пропагандасына "жақсы алаң" болып отыр дейді Лукас.

"Африка мен Азияның кей жерлерінде вакцинаның баяу тарауына, Батыстың вакцинаға қолжетімділікті бақылауына наразылық бар" дейді Лукас. "Бұл нағыз проблема және бірдеңе дұрыс болмаса, адамдар сырттан келетін хабарламалар мен әңгімелерге еруге дайын болады".

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG