Accessibility links

Дәрігерлердің қатесі үшін жазаны жеңілдеткен дұрыс па?


Инсульт орталығындағы жан сақтау бөлімі. Шымкент, 17 қазан, 2022 жыл.
Инсульт орталығындағы жан сақтау бөлімі. Шымкент, 17 қазан, 2022 жыл.

Қарағандыда ауруханада көз жұмған науқастың туыстары қайғылы жағдайға облыстық аурухана дәрігерлерін кінәлайды. Марқұмның жақындары екі жыл бойы дәрігерлерді жауапқа тартуға тырысып келеді. Әзірге еш нәтиже жоқ. Азаттық туысынан айырылған отбасының талабын тыңдап, денсаулық сақтау министрлігінің дәрігерлер қатесі үшін жазаны жеңілдетуге арналған бастамаларын шолып шықты.

56 жастағы Мәнсия Ысқақова кадет академиясында ағылшын тілі пәнінен сабақ берген. Ол екі жыл бұрын жоспарлы ем қабылдауға жатып, ауруханада қайтыс болды.

– Псориаздан анамның буындары ауыратын. Жылда көктемде ауруханаға жатып, ем алатын. Әдетте бәрі жақсы өтетін. Осы жолы да облыстық ауруханада емделетініне қуанды. Ауруханаға өз аяғымен барды. Оқу журналын алып кетіп, балаларды қашықтан оқытып жүрді. Оқушыларға тапсырма беріп, олармен де, бізбен де күнде байланысқа шығып тұратын. Бірінші күні жағдайы жақсы еді, – дейді мұғалімнің қызы Гүлзия Ысқақова.

Қарағанды ауруханасында қайтыс болған Мәнсия Ысқақованың отбасы архивіндегі фотосы.
Қарағанды ауруханасында қайтыс болған Мәнсия Ысқақованың отбасы архивіндегі фотосы.

Гүлзияның айтуынша, ертеңіне анасы жағдайы күрт нашарлағанын айтқан. Дәрігерлер ине салғаннан кейін науқастың аяқ-қолы ұйыған.

– Анам "Қандай дәрі салдыңыздар?" деп сұраса, "Преднизолон" депті. Басынан "Маған бұл дәріні салуға болмайды" деп ескертіп еді. "Ауруханадан алып кетіңдерші" деді. Барсақ, кіргізбеді. Ол кезде коронавирусқа байланысты карантин еді. Дәрігерлер "басқа палатаға ауыстырып, жақсы қараймыз" деп уәде берді. Кешке анам жылап хабарласты. Жағдайы нашарлап кетіпті. Кейін телефонға жауап бермеді. Ауруханаға бардық, "бәрі жақсы" деді. Үйге жеткенде анам қайтыс болды деген хабар алдық, – дейді Гүлзия Ысқақова.

Медициналық қорытындыда өлім себебі ми мен ми бағанасындағы ісік пен энцефаломаляция деп көрсетілген.

Туыстары марқұмның жағдайының нашарлауына дәрігерлер қателесіп салған дәрі себеп болды деп есептейді.

Марқұм Мәнсия Ысқақованың қызы Гүлзия Ысқақова. 18 мамыр, 2023 жыл.
Марқұм Мәнсия Ысқақованың қызы Гүлзия Ысқақова. 18 мамыр, 2023 жыл.

Ысқақованың адвокатының талабымен медициналық бақылау комитетінің департаменті жүргізген тексеру актісінде "Преднизолон салғаннан кейін науқас әлсіреп, аяқ-қолы ұйып, басы айналып, қандағы қант мөлшері артқан" деп жазылған. Департамент "бірреттік дәрі мөлшері дұрыс есептелмеген, науқасқа қосымша басқа препарат салынған, бұл нұсқаулыққа қайшы келеді және кері әсер туғызуы мүмкін" деген қорытындыға келген. Тексеру актісінде "Қант диабеті бар науқастың негізгі ауруын емдеу үшін дәрі-дәрмекті араластыруда абай болу керек еді" делінген.

Тексеріс кезінде аурухананың 179 орындық емдеу бөлімінде (Мәнсия Ысқақова сол жерде жатқан) жансақтау және қарқынды терапия бөлімі жоғы анықталды. Бұл "штаттық нормаларды" бұзады және дер кезінде жедел көмек беру мен науқастың өмірін құтқарып қалу мүмкіндігін азайтады. Демалыс күндері ауруханада реаниматолог, хирург болмаған. Стационар бойынша кезекші дәрігер науқасты қарамаған, медициналық мекеме консилиум өткізбеген.

Мәнсия Ысқақова (сол жақта тұр) кадет академиясында ағылшын тілі пәнінен сабақ берген. Отбасы архивіндегі фото.
Мәнсия Ысқақова (сол жақта тұр) кадет академиясында ағылшын тілі пәнінен сабақ берген. Отбасы архивіндегі фото.

Аурухана тексеру жүргізген департамент өкілдеріне "Кезекші дәрігер хирург пен реаниматологті шақырған, бірақ өзара консультация өткізбеген. Невропатолог кеш консультация берген, өлімге әсер еткен негізгі фактор – осы" деп түсіндірген.

ТӨРТ РЕТ ЖАБЫЛҒАН ІС ЖӘНЕ ЖОҒАЛҒАН АЙҒАҚТАР

Мәнсия Ысқақованың қызы анасының қазасынан кейін бірден полицияға арыз берген. Олар істі тіркеп, кейін тоқтатып тастаған. Прокуратура наразылық білдірген. Полиция медициналық қызмет сапасына кезектен тыс тексеру жүргізді. Марқұмды емдеген дәрігер "өз еркімен" жұмыстан босатылды. Полиция қаулысына сәйкес, дәрігер жұмыстан шығып кеткендіктен, оған қарсы шара қолданылмайды.

Полиция медицина қызметкерлерінің әрекетінде "кәсіби міндетін дұрыс атқармау" бабында қарастырылған қылмыс белгілері жоқ деп есептейді. Тергеу науқастың денесінде зорлық белгілері жоқ дегенді алға тартады.

Бірақ марқұмның туыстары мен адвокаты науқас зорлықтан қайтыс болды деп отырған жоқ. Олар медицина қызметкерлері міндетін дұрыс атқармағанын дәлелдегісі келеді.

– Істі ешқандай бапсыз, кісі өлімі бойынша қозғады. Негізі "өз міндетін тиісінше орындамау" бабы бойынша қозғауы керек еді. Денсаулық сақтау министрлігі бұйрығының көп бөлімі бұзылған, – дейді адвокат Аманжан Ахметов.

Полиция "қылмыс құрамы жоқ" деп, істі төрт рет тоқтатқан. Прокуратура біресе келісіп, біресе істі қосымша тергеуге жіберіп отырған.

Медициналық бақылау комитетінің департаменті кешенді сот-медицина сараптамасын жүргізуге кеңес берген. Полиция бас тартып, "Медициналық құжаттар мен препараттар жоғалып кеткен, сондықтан сот-медицина сараптамасын жүргізу мүмкін емес" деп түсіндірді. 2022 жылы айғақтарды жоғалту фактісі тіркелді. Қызметтік тексеру жүргізіліп, айғақтар жоғалып кеткені расталды. Полицияның жауабында айғақтарды жоғалтқан қызметкерге сөгіс берілгені айтылады.

Қарағанды облыстық прокуратурасының пікірінше, кешенді сот-медицина сараптамасын жүргізу мүмкін емес. Өйткені "полиция департаментінде зерттеу жүргізетін салалық мамандарды тартуға қаржы қарастырылмаған". Адвокат мұны ресми сылтау деп есептейді.

Адвокат облыс прокурорына арналған хатында "Бұрын прокуратурада істеп, ауыр және аса ауыр санаттағы қылмыстық істерді тергеп, ішкі істер органдарының үстінен қараған адам ретінде қазіргі жағдайға жүрегім ауырады" деп жазды.

ТЕКСЕРУ ЖҮРДІ, БІРАҚ ДӘРІГЕРЛЕР ЖАУАПҚА ТАРТЫЛҒАН ЖОҚ

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы медициналық құпияны алға тартып, Азаттықтың "Мәнсия Ысқақова ауруханаға қандай шағыммен түсті?" және "Неден қайтыс болды?" деген сұрақтарына жауап бермеді.

Денсаулық сақтау басқармасы медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің департаменті тексеру жүргізгенін, ауруханаға ескерту берілгенін растады.

– Медициналық көмек беру кезінде анықталған заңбұзушылықтарды жоюға қатысты іс-шаралар жоспары бекітілді. Қызметкерлерге тексеріс нәтижесі мен іс-шаралар жоспарын таныстырдық. Өтініш ішінара негізделген деп танылған соң (анықталған ұйымдастыру-тактикалық заңбұзушылық түрлері мен диагностикадағы кемшіліктерді және өлімге тікелей әсер етпеген гистологиялық препараттарды қайта қарау нәтижесін ескеріп), аурухана қызметкерлері тәртіптік жауапкершілікке тартылмады, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Қанат Абзалиев.

Облыстық аурухана науқастың өліміне қатысты ішкі тексеріс жүргенін, комиссия отырысы өткенін хабарлады. Бірнеше айдан кейін емдеу корпусындағы бөлім жұмысы жанданған. Қазір бөлімде алты төсек-орын ғана бар.

ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ ДӘРІГЕРЛЕР ҚАТЕСІ ҮШІН ЖАЗАНЫ ЖЕҢІЛДЕТКІСІ КЕЛЕДІ

Биыл сәуірде денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният науқастың денсаулығына залал келтіріп не оның өліміне себепкер болған дәрігерлердің жазасын жеңілдетуді ұсынды. Ол мәжілісте өткен денсаулық сақтау туралы заңнамаға, оның ішінде Қылмыстық кодекстің 317-бабына ("медициналық немесе фармацевтикалық қызметкердің кәсіби міндетін тиісінше атқармауы") өзгертулер енгізу жөніндегі жұмыс тобының отырысында осындай бастама көтерді. Жұмыс тобында науқастың денсаулығына зиян келтірген дәрігерге салынатын айыппұл көлемін 1,5-2 есе азайту, қоғамдық жұмыс сағатын, бас бостандығын шектеу мен түрме жазасының мерзімін қысқарту мәселесі талқыланып жатыр.

Алматы қаласындағы ауруханалардың бірінің дәлізінде жүрген адамдар.
Алматы қаласындағы ауруханалардың бірінің дәлізінде жүрген адамдар.

Қазіргі заңға сәйкес, кісі өліміне себепкер болған дәрігерді бес жылға дейін бас бостандығынан айырады және бұл қызмет түрімен айналысуға тыйым салады. Жаңа заң жобасын талқылау кезінде бұл жазаны төрт жылға дейін бостандығын шектеу шарасына ауыстыру ұсынылған. Екі не одан көп адамның өліміне себеп болған дәрігер бұрын 3-7 жылға бостандығынан айырылатын болса, енді 6 жылға дейін бостандығы шектелуі мүмкін.

Денсаулық сақтау министрлігі бұл ұсыныстарды наурыздың аяғында жаңа шақырылымдағы парламенттің бірінші сессиясында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "дәрігерлер құқығы заңмен қорғалуға тиіс" деген сөзінен кейін дайындаған. 2022 жылы желтоқсанда министрлік дәрігер қатесі үшін жазаны жеңілдетуді қайта ұсынып, акушер-гинеколог, хирург, травматологтер жұмысында кісі өлімі тіркелу қаупі жоғары екенін түсіндірген.

Денсаулық сақтау саласы бойынша сарапшы Марат Мамаевтың пікірінше, дүниежүзіндегі кәсіби қоғамдастық науқастың денсаулығына абайсызда зиян келтіру немесе өлтіріп алу фактілерін болдырмауға медицинаның даму деңгейі жетпейтінін мойындайды.

– Қылмыстық жауапкершілікке тартумен қорқыту нәтиже берген жоқ. Мәселенің себебімен күресудің орнына оның салдарын жоюға тырысу медициналық көмек беру тәжірибесін дамыту мен 200 мың медициналық қызметкердің құқықтық қорғалуына кері әсер етіп отыр, – дейді сарапшы.

Мамаев министрлік ұсынған өзгерістерді қарап шыққан. Ведомство ұсыныстарының арасында науқастың денсаулығы мен өміріне зиян келгені үшін өтемақы төлейтін институт енгізу мәселесі де бар. Олар мұны медицина қызметкерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру механизмі арқылы жүзеге асырмақ болған. Сарапшы бұл шара медицина қызметкерлерін қорғамайды дейді. Мамаевтың пікірінше, бұл модель әдейі жеңілдетілген, медициналық көмек сапасын бақылау институтын дамытудың маңызы мен дәрігерлер жұмысының қиындығы дұрыс бағаланбаған.

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, Қазақстанда жыл сайын дәрігерлердің үстінен 300 қылмыстық іс қозғалады. Әр қатенің артында біреудің тағдыры мен жақынынан айырылған адамдар тұр.

Екі жыл бұрын анасын жер қойнына тапсырған Гүлзия Ысқақова науқастардың өлімі үшін жазаны жеңілдетуге қарсы:

– Жұмысқа немқұрайды қарайтын сауатсыз дәрігерді жауапқа тарту керек. Ол ең құнды нәрсе – адамның денсаулығы мен өміріне жауапты ғой. Осылай жалғаса берсе, медицинаға сенім қалмайды. Мұндайға көз жұма қарауға болмайды. Дәрігерлердің кесірінен ең қымбат адамымыздан айырылдық. Ал олар тіпті көңіл айтуға да жараған жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG