Accessibility links

Шымкентке қоныс аударушылар көбейді


Жер асты өткелдері. Шымкент, 16 тамыз 2017 жыл

Тұрғын саны миллионнан асып, биыл республикалық маңызы бар қала мәртебесі берілген Шымкентке басқа аймақтардан көшіп келушілер жерсіну мен жұмыс табудың қиындығы бар екенін айтады. Ал жергілікті билік көшіп келушілерге қандай да бір арнайы көмек берілмейтінін ескертеді.

35 жастағы Арина Сыдықованың алты баласымен Түркістан облысы Кентау қаласынан Шымкентке көшіп келгеніне екі ай болған. Қазір алты баласымен тұрып жатқан екі бөлмелі жалдамалы үйінде өздерінен бөлек тағы сегіз туысы бар.

Азаттық тілшісіне қалаға орналаса алмай жатқанын айтқан көп балалы әйел екі аптаның ішінде жалдамалы үй тауып, бөлек шығудың қамымен жүр.

- Үлкен қызым – 15 жаста. Кіші балам – бір жасар. Алты баламның төртеуі мектепке барады. Қалаға тіркеуге тұра алмай жүргендіктен қай мектепке оқуға алып баратынымды да білмей отырмын. Осы мені қинап барады. Екі ай ішінде жалға алу үшін 50 шақты үй көрдім. Тар, бір бөлмелі кепеге балаларыммен сыймаймыз. Екі бөлмелі тамдар (үйлер – ред.) кездескенімен жалдау ақысы қымбаттау. Айына 15-20 мың теңге сұрап жатыр. Оған ай сайын коммуналдық төлемді қоссақ, көбейіп кетеді. Бізге ары кетсе,15 мың теңгеге жалдамалы үй табу керек болып тұр. Үй иелерінің көбі тіркеуге тұрғызудан қашады, - дейді Арина Сыдықова.

​Күйеуімен ажырасқан Арина Сыдықова алты баласымен мемлекет есебінен кәмелет жасқа толмаған балалар үшін төленетін 10 мың теңге жәрдемақы мен зейнеттегі анасының азын-аулақ қаржылай көмегімен күн көреді. Екі айдың ішінде балаларының жағдайы кетіп, жүдеу тартқаны байқалады. Жас ана тіркеуге тұрып, жалдамалы үй тауып алса жұмыс іздеуге кіріспек.

- Білімім – орта. Бұған дейін табылған жұмысты істедім. Жалдамалы үй мен тіркеу жағы қинап тұр. Балаларды мектепке орналастырсам, еден жусам да, жұмыс істейтін едім. Қалай да балаларымды аш қалдырмай, күнімізді көретін едік, - дейді көпбалалы ана.

Шымкент қаласындағы жұмыс жәрмеңкесі
Шымкент қаласындағы жұмыс жәрмеңкесі

«МИГРАНТТАРҒА АРНАЛҒАН ОРТАЛЫҚ КЕРЕК»

Шымкенттегі көші-қон мәселесімен айналысатын «Сана сезім» құқықтық орталығының өкілі Лилия Халиулина шағын қала, аудандардан Шымкентке көшіп келушілердің алдынан бірінші кезекте әлеуметтік, экономикалық мәселелер шығатынын айтады. Оның пікірінше, ең басты мәселе – жұмыссыздық. Көшіп келушілердің ішінде ресми тұрақты жұмысқа бірден орналасатындар аз. Көбі жалдамалы жұмыстарда еңбек келісім-шартсыз жұмыс істейді.

- Шағын қалалар мен ауылдардан ірі қалаларға көшіп келудің негізгі себебі – экономикалық ахуал. Жағдайын түзеу үшін, отбасын асырау үшін ірі қалаларға келетіндер көп. Көшіп келушілердің барлығының бірдей баспана сатып алуға жағдайы жоқ. Жалдамалы пәтерлерде өмір сүреді. Келген бойда тіркеуге тұру мәселесі туатыны да содан. Қалада жақын туыстары болмаса, тұрақты тіркеуге тұру қиын. Бұл мәселе Шымкентте де бар. Соңғы уақытта жалдамалы пәтерде тұратын Қазақстан азаматын уақытша тіркеуге қою заңмен міндеттелді. Тұрақты емес, уақытша болса да, тіркеуге тұрғызу ішкі мигранттар үшін үлкен көмек болды, - дейді ол.

Оқи отырыңыз: Шымкент базары сүрілерде бірнеше адамды полиция ұстады

Лилия Халиулина көшіп келушілердің ірі қаланың тіршілігіне сіңісіп кетуі әр адамның жеке басына байланысты екенін айтады. Кейбір адамдарға қала өміріне икемдену үшін бір ай жеткілікті болса, кейбіріне ұзақ уақыт кетеді.

- Тұрғылықты тұрғындармен салыстырғанда жаңадан көшіп келушілер үшін қаланың саяси, әлеуметтік, мәдени өміріне бірден араласып кетуі екіталай. Олардың көбі уақытын, мысалы, саяси оқиғаларға қатысу немесе театрға баруға емес, жұмыс істеуге, күн көруге, баспана алуға арнайды. Меніңше, қиын жағдайға тап болған адамдарға, әйелдерге және мигранттарға арналған дағдарыс орталықтары мен әлеуметтік бағдарламалар керек. Мұндай орталықтар олардың тым болмағанда қаланың нарықтық жағдайымен танысуына септесер еді, - дейді Халиулина.

«АРНАЙЫ ЖЕҢІЛДІК ЖОҚ»

Республикалық маңызы бар қала атанып, бюджеті ұлғаятын болған соң Шымкенттен жұмыс іздеушілер көбейе түсетіні байқалады. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Жанат Өтебаева шағын қалалар мен аудандардан көшіп келушілерге арналған қандай да бір арнайы мемлекеттік бағдарлама жоқ екенін айтады.

- Көшіп келушілер қалаға тұрақты немесе уақытша тіркеуге тұрған соң қала тұрғындарына көрсетілетін барлық мемлекеттік әлеуметтік көмекті алуға хақылы. Қала, аудандардан көшіп келушілерге арналған жеңілдіктер қарастырылмаған, - деді ол Азаттыққа.

Шымкент қалалық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің Азаттыққа хабарлауынша, Шымкент қаласына Қазақстанның басқа қала, аудандарынан көшіп келген азаматтарға тіркеуге тұру үшін өзгеше талаптар мен міндеттер қойылмайды. Қолданыстағы нұсқауларға сәйкес тек тұрғын үй иесінің жазбаша келісімі қажет.

ВИДЕО: Облыс орталығының Шымкенттен көшуі

Биыл Оңтүстік Қазақстан облысын Түркістан облысы етіп қайта құрып, облыс орталығын Түркістан қаласына көшірген кезде бұрынғы орталық Шымкентке халық саны бір миллионннан асқаны ескеріліп республикалық маңызы бар қала мәртебесі берілген.

2016 жылдан бері Қазақстанның басқа қала, аудандарынан Шымкентке көшіп келіп, тұрақты тіркеуге тұрғандар саны 333 мың адамға, уақытша тіркелгендер саны – 80 мың адамға жуықтаған. Тек биылғы қаңтар-шілде айларында шет аймақтардан Шымкент қаласына көшіп келіп тұрақты тіркеуге тұрғандар саны 93 мыңнан, уақытша тіреуге тұрғандар 12 мыңнан асып кеткен.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG