Accessibility links

БҰҰ жоғарғы комиссарының Қытайға сапары неге сынға қалды?


БҰҰ-ның Женевадағы штаб-пәтері алдында БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары Мишель Бачелеттің Қытайдағы ұйғыр мен басқа да топтарға назар аудармай отырғанын сынап шеруге шыққан адамдар. Швейцария, 13 мамыр 2022 жыл.
БҰҰ-ның Женевадағы штаб-пәтері алдында БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары Мишель Бачелеттің Қытайдағы ұйғыр мен басқа да топтарға назар аудармай отырғанын сынап шеруге шыққан адамдар. Швейцария, 13 мамыр 2022 жыл.

БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары Мишель Бачелет Қытайға барды. Бірақ белсенділер мен Батыс елдері оны Пекиннің Шыңжаңдағы ұйғырлар мен басқа да мұсылмандарға жасап жатқан қылмысын заңдастыруы үшін "көзбояу сапарына" қатысқалы жатыр деп сынға алды.

Қытайға сапармен барған БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары Мишель Бачелет ол елде алты күн болады. Бірақ құқық қорғаушы топтар мен Батыстың кей елдері оның сапары Қытайдың солтүстік-батысында орналасқан Шыңжаң аймағындағы адам құқықтарын қалай көрсететініне алаңдап жатыр.

Сапарын Гуанчжоу қаласынан бастаған Бачелет Шыңжаңның Қашқар мен Үрімжі қалаларына да бармақшы. Бұл сапар Қытайдың адам құқықтары мәселелерін қамтымақ. Оның ішінде Қытайдың Гонконг пен Тибетке қатысты саясаты, Шыңжаңдағы мұсылман халықтарға арналған лагерь секілді мәселелерге басымдық беріледі деп жоспарланған.

БҰҰ жоғарғы комиссары 2005 жылдан бері Қытайға ресми сапармен алғаш рет барып отыр. Осы кезеңде Пекин мен БҰҰ арасында біршама келіссөз болған. Бачелеттің сапары, оның не істейтіні және қандай нәтиже көздейтіні жайлы ақпарат аз. Сарапшылар бұған наразылық білдіріп, Пекин осы сапарды адам құқықтарына байланысты айтылып жүрген сынды бәсеңдетуге пайдаланып кетеді деп алаңдап отыр.

Қытай жөніндегі парламентаралық альянс та алаңдайтынын білдірді. 20 мамырда ұйым 18 мемлекеттің 40 депутаты қол қойған мәлімдемеде Пекинді "көзбояу сапарын" ("Потемкин туры") ұйымдастырып жатыр деп айыптап, бұл Бачелетке деген сенімді сарқитынын айтты.

Қытай Шыңжаңда бір миллионнан астам ұйғыр, қазақ, қырғыз және басқа да мұсылмандарды қамауда ұстап отыр. Бұл аймақ Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстанмен шектеседі. Халықаралық қауымдастық Пекинді сол жерде адам құқықтарын өрескел бұзып, осы ұлттардың мәдени ерекшелігін жоюға тырысып жатыр деп жиі айыптайды.

"Қытай жоғарғы комиссарға көрсеткісі келмеген нәрсені көрсетпеуге тырысады немесе құқық қорғаушыларға, құрбандар мен олардың туыстарына онымен сөйлесуге мүмкіндік бермейді деген күдік бар" дейді Human Rights Watch ұйымының Қытай жөніндегі директоры Софи Ричардсон.

"Бачелеттің жоғарғы комиссар ретіндегі мұрасы оның кезінде жасалған адамзатқа қарсы қылмыс үшін алпауыт мемлекетті жауапқа тартуға қаншалық дайын болғанымен өлшенеді" деді ол.

ҚАНДАЙ КҮДІК БАР?

Құқық қорғаушылар, белсенділер мен Батыс шенеуніктері Пекин Чилидің бұрынғы президенті, БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары Мишель Бачелетке Шыңжаңдағы жағдайға байланысты дерек жинауға немесе тергеу жүргізуге қажет деректерді толық көруге рұқсат бермейді дейді.

БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары Мишель Бачелет.
БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары Мишель Бачелет.

БҰҰ жоғарғы комиссары кеңсесі Пекинмен Шыңжаңдағы жағдайды көруге "шектеусіз мүмкіндік" беру жайлы келіссөз жүргізіп келеді. Бачелет тобынан бес адам 25 сәуірде оның сапарын дайындық қамымен Қытайға барған. Бачелеттің сөзінше, сапар кезінде азаматтық қоғам өкілдерімен кездесу өтеді деп жоспарланған.

Бірақ Қытайдың сынға көзқарасы, белсенділерге жасап отырған репрессиясы мен олардың соңына шам алып түсуі мұндай талаптарды орындауға мүмкіндік бермейді деген күдік туғызды.

"Алдағы сапарға қатты алаңдап отырмыз" деді 20 мамырдағы баспасөз мәслихатында АҚШ мемлекеттік департаментінің баспасөз хатшысы Нед Прайс. Ол [Қытай билігі] Шыңжаңдағы адам құқықтарын бағалауға толық мүмкіндік бермейді деп санайды.

Сапар қарсаңында Азаттық радиосы Шыңжаңдағы ресми тұлғалар ұйғырларға шетелдіктермен сөйлесуге тыйым салғанын, Қашқар билігі полицияны БҰҰ сапарына дайындалу үшін "саяси сабақтарға" жіберіп жатқанын хабарлады.

Қашқар көшесінде жүрген Қытай полициясы. Шыңжаң өлкесі, 4 мамыр 2021 жыл.
Қашқар көшесінде жүрген Қытай полициясы. Шыңжаң өлкесі, 4 мамыр 2021 жыл.

23 мамырда, сапардың бірінші күні Мишель Бачелет Қытайдағы 70-ке жуық дипломатиялық миссия басшыларымен онлайн кездесу өткізді. Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, БҰҰ өкілі сапардан көп нәрсе күтпеу керек екенін байқатқандай болған. Ал бірнеше дипломат Пекин сапарды өз мақсатында пайдалануы мүмкін деп алаңдайтынын жеткізген.

Қытай шенеуніктері Бачелеттің сапары "тергеуге айналмауы" керек екенін, тек қана "достық пейілдегі сапарды" қолдайтынын бірнеше мәрте айтқан.

БҰҰ жоғарғы комиссарының кеңсесі үш жыл бойы дайындап жатқан баяндаманы жариялауды жоспарлап отыр. Оны дайындау барысында [Шыңжаңда] лагерьде болған адамдар мен ғалымдар сұхбат берген, сонымен қатар спутниктен түсірілген суреттер мен Қытай билігінің жария болып кеткен құжаттары пайдаланылған.

Шетелдік журналистер австралиялық талдау орталығы "қайта тәрбиелеу лагері орналасқан" деп көрсеткен ғимаратты қоршаудың сыртынан фото-видеоға түсіріп тұр. Қытай үкіметі бұл жерде ардагерлерге арналған үй орналасқан дейді. Тұрпан, Шыңжаң, 22 сәуір 2021 жыл.
Шетелдік журналистер австралиялық талдау орталығы "қайта тәрбиелеу лагері орналасқан" деп көрсеткен ғимаратты қоршаудың сыртынан фото-видеоға түсіріп тұр. Қытай үкіметі бұл жерде ардагерлерге арналған үй орналасқан дейді. Тұрпан, Шыңжаң, 22 сәуір 2021 жыл.

Жүздеген құқық қорғаушы топ бірнеше ай бойы Бачелеттен құжатты жариялауды сұрады. Бірақ баяндама әлі жарияланған жоқ. Қазіргі сапар сол зерттеу нәтижесін жасыруға ықпал ете ме деген де қауіп бар.

"БҰҰ-на куәлердің жария түрде айтқан мәлімдемелерін, биліктің мыңдаған бет құжатын, зерттеулер мен спутниктен түсірілген суреттерді ресми түрде мойындайтын уақыт келді" деп жазды адам құқықтары жөніндегі ұйғыр жобасының атқарушы директоры Омер Қанат The Diplomat басылымына. "Сапар пропагандалық іс-шарадан басқа түк емес".

ПЕКИНДЕГІ ЖАҺАНДЫҚ НАУҚАН

Қытай Шыңжаңдағы жағдайларға байланысты сын-пікірлерді жоққа шығарып, саяси астары бар өтірік деп атайды. Шыңжаңдағы қайта түзеу лагерьлері ұлтаралық және діни шиеленістің көзі болып отырған аймақтағы экстремизмді тыю үшін қажет дейді.

Қытайдың бұл саясатына әлем назары ауған соң АҚШ пен Батыс елдері Пекиннің әрекетін "геноцид" және "адамзатқа қарсы қылмыс" деп атады. Ал Пекин сынды бәсеңдету үшін саяси және экономикалық ықпалын пайдалануға көшті.

Пекин Шыңжаңда Қытаймен жақын байланысы бар Судан, Тәжікстан секілді елдердің дипломаттары мен шенеуніктерін қабылдады. Мемлекеттік және жергілікті БАҚ Қытай саясатын жоғары бағалайтынын айтумен болды.

Бұл ықпал БҰҰ секілді халықаралық ұйымдарға да жетті. Пекин бірқатар дамушы елді Қытай цензурасына қарсы дауыс бермеуге көндірді. Пекинге қарсы тарапта тек Қытай саясатына қарсы шыға алатын Батыс елдері ғана қалды.

Украина БҰҰ адам құқықтары жөніндегі кеңес құрамындағы қырықтан астам елге қосылып, 2021 жылғы маусымда Қытайды Шыңжаңдағы деректерді алуға шектеу қоймауға үндеген. Азаттық радиосы мен AP Пекин Киевке сол үшін сауданы тоқтататынын, COVID-19 коронавирусына қарсы вакцинасын алуға тыйым салатынын айтып сес көрсеткенін хабарлады.

Қытайдың Шыңжаңдағы саясаты оның көршілеріне, әсіресе Орталық Азия елдеріне қатты әсер етті.

Мысалы, 2017-2018 жылдары Пекинде лагерьлер жүйесі күшейгенде Шыңжаңдағы қазақтар мен ұйғырлар арасындағы отбасылық байланыстар Қазақстандағы белсенділікті күшейтті. Лагерьден босап, Қазақстанға барған адамдар сол туралы ашық айта бастады.

Ал ұйғыр ұйымдары Халықаралық қылмыстық сотқа Тәжікстанға қатысты шағым түсіретін болды. Олар Душанбе Қытай шенеуніктеріне бүкіл республика бойынша еркін әрекет етуге, ұйғырларды қайтаруға немесе ақпарат беріп отыруға мәжбүрлеуге жол берді дейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG