Азаттық: Қазақстандағы Құрылтай сайлауы және елдегі сөз еркіндігінің ахуалы туралы айтыңызшы. "Әділ сөз" ұйымы сайлауда сөз бостандығына, баспасөз еркіндігіне қатысты қандай ерекшеліктерді байқады?
"Әділ сөз" сөз бостандығын қорғау қорының президенті Нәзира Дәрімбет
Нәзира Дәрімбет: Жеке тәжірибем бойынша байқағаным, сайлау тып-тыныш өтті. Өйткені сайлаудан үш-төрт ай бұрын дайындық жүрді. Өздеріңіз білесіздер, көп тәуелсіз журналист пен ақпарат құралының әлеуметтік желідегі парақшалары бұғатталды, оның ішінде сіздердің де парақшаларыңыз бар. Біраз адамның үстінен іс қозғалды. Лұқпан Ахмедияровтың, Динара Егеубаеваның, "ҚазТАГ" агенттігінің істерін айтсақ болады. Яғни сайлауда балама ақпарат тарататын ақпарат құралдары мен тәуелсіз журналистерден ақпарат кеңістігін тазалады. Журналистер мен ақпарат құралдарының кейбірі өзін өзі цензураласа, енді бірінің сайлаудан хабар таратуына мүмкіндік берілмеді.
Азаттық: Өзіңіз айтқандай, Құрылтай сайлауынан үш күн бұрын Азаттықтың Instagram-парағы бұғатталып, сайлаудың ертеңінде ашылды. Осындай сәттерде Meta, Google сияқты компанияларға сөз бостандығын қорғау ұйымдары қайырылып, осы мәселені шешуді сұрай ма? Олармен байланыс орнатып, бұл мәселеге назар аудартудың қандай да бір әдіс-тәсілі бар ма?
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Қазақстан соты неге журналистерді кәсібінен шеттетуге көшті?Нәзира Дәрімбет: Мәселен, мен үш жыл журналистердің құқығын қорғайтын "Шекарасыз тілшілер" (RSF) ұйымының Қазақстандағы тілшісі болып жұмыс істедім. Ол кезде де мұндай проблема болатын. Сол жерде мен мәселен "Азаттықтың парақшасы бұғатталды" деп хат жазсам, ол ұйымның арнайы бөлімі Meta сияқты платформа иелерімен тікелей байланысқа шығады. Жеке журналист емес, беделді халықаралық ұйым атынан хабарласып, хат жазса, ол мәселе шешіледі. "Шекарасыз тілшілер" ұйымы қазір бір бастаманы қолға алып жатыр. Олар парақшасы автомат түрде бұғаттамауы үшін журналист, құқық қорғаушы, саясаткер сияқты белгілі адамдардың тізімін жасап, Meta-ға береді.
Ал "Әділ сөз" тарапынан айтар болсақ, "Шекарасыз тілшілердің" парақшаларды бұғаттауға қатысты тәжірибесін енгізу жоспарда бар. Оған уақыт, қаражат және мамандар керек. Бұл – өте жақсы тәжірибе, бұл жөнінде "Шекарасыз тілшілердің" өзімен де сөйлестік, олар көмектесуге дайын. Оның техникалық және саяси бөліктері бар.
Азаттық: "Әділ сөз" қоры кеше Жоғарғы сотқа журналистердің кәсіби қызметіне тыйым салу туралы, атап айтқанда "Қылмыстық кодекстің" 50-бабын қолдану практикасын қайта қарауды сұрап хат жолдады. Хатта журналистердің кәсіби қызметіне тыйым салу цензураға айналғанын айтып, мұндай тыйымды "азаматтық өлім жазасының" бір түрі деп жаздыңыздар. Қалай ойлайсыздар, Жоғарғы сот сіздердің ұсыныстарыңызды ескереді деп ойлайсыз ба?
Нәзира Дәрімбет: Өзіңіз журналиссіз, жақсы білесіз. Журналист, құқық қорғаушы, саясаткерлер билікке, оның ішінде президентке, министрге, Жоғарғы сотқа талай үндеу жасап, ашық хат жазамыз, олар көрмей жатады, ресми де, бейресми де жауап қатпайды, реакция білдірмейді. Өкінішке қарай, Қазақстанда сондай үрдіс қалыптасқан. Сайлаудың қарсаңында Норвегия Хельсинки комитетімен, Нью-Йорктегі Журналистерді қорғау комитетімен (CPJ) және басқа ұйымдармен бірлескен мәлімдеме жасадық. Соған бір реакция болған сияқты. Өзіңіз де оқысаңыз керек, премьер-министрдің орынбасары, мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Facebook-та "парақшасы бұғатталып жатқандарға үкіметтің ешқандай қатысы жоқ" деген пікір білдірді.
Ол пікірге қатысты да біз "Әділ сөз" сайтында жаздық. Біз парақшаларды билік бұғаттатып жатыр деп айта алмаймыз. Бірақ, байқасаңыз, тек тәуелсіз журналистердің, тәуелсіз ақпарат құралдарының парақшалары өшіп қалып жатыр. Біз сөз еркіндігін қорғайтын ұйым ретінде мұндай жағдайларға қатысты мәлімдеме жасап, реакция білдіріп отыруымыз керек. Өйткені біз үндемей отыра берсек, бұл туралы ешкім білмейді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
"Билік бақылауды күшейту жолын таңдады": Әлеуметтанушы сайлау қарсаңындағы Қазақстанды сипаттадыАзаттық: Әрбір елдің дұрыс бағытта дамуына еркін сөз қажет екені даусыз. Алайда, әлемде болып жатқан геосаяси оқиғаларға байланысты көп сарапшы сөз бостандығына араша түсу қазір трендтен қалып барады деген де пікір айтып жүр. Шынымен солай ма, сөз бостандығын қорғаушыларға қазір қандай қауіп-қатер бар?
Нәзира Дәрімбет: Меніңше, құқық қорғаушылар мен журналистер үшін бұрын да қауіп болған. Сөз бостандығын қорғау бәсеңдеді деп айтпас едім. Мен "Әділ сөзге" келген соң кейбір әріптестеріміз хабарласып, "журналистикадан да, сөз бостандығынан да үмітімді үзген едім, енді кішкентай үміт пайда болды" деп айтып жатты. Қазақстанда құқық қорғау саласында жұмыс бәсеңдегеніне байланысты ел азаматтарында, журналистерінде сондай бір көңіл күй қалыптасқан шығар. Бірақ бүкіл әлемде мұндай тренд бар деп айта алмаймын. Қазақстандық құқық қорғаушылар жасамаған мәлімдемені шетелдік ұйымдар жасап жатыр, біз солардан үлгі алып, тәжірибесін пайдалануымыз керек.
Азаттық: Бүгін-ертең Құрылтай құрамына кімдер кіретіні анықталады. Солардың ішінде "Әділ сөз" ұйымын сіздің алдыңызда ғана басқарған Қарлығаш Жаманқұлованың да аты аталып жатыр. Бұл ұйымды ол кісі басқарғанда тәуелсіз журналистер сенімсіздік білдірді, бұрын БАҚ-тың сөзін сөйлейтін ұйым биліктің шырмауына түсті деген пікір айтылды. Сіз ұйымға келгелі бір ай болды. Нақты бағыт, жоба-жоспарларыңыз қандай?
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
"Шекарасыз тілшілер": Meta мен YouTube Қазақстан журналистеріне қысым жасауға жол бердіНәзира Дәрімбет: Құқық қорғау ұйымы ретінде "Әділ сөздің" өз миссиясы, мақсат-міндеттері бар. Ең бастысы – тек журналистер ғана емес, бүкіл азаматтардың сөз бостандығын қорғау. Мұны үш бағытта жүзеге асырамыз. Біріншіден, сөз бостандығы шектеліп, қудалауға ұшыраған азаматтарға құқықтық көмек көрсету. Екінші бағыт заңнамаға байланысты. Тамара Калеева басқарған тұста ұйым министрлікпен, басқа да мекемелермен пікірталасқа түсіп, заңдарды жақсартуға күш салатын. Қазақстанда БАҚ-қа, сөз еркіндігіне қатысты заңдар сөз бостандығын тарылтудың орнына оның аясын кеңейтуі керек. Бұл бағыт біз үшін өте маңызды. Сол бағытта жұмыс істейміз. Бұдан соң цифрлық қауіпсіздік, цифрлық сауат мәселелері бар. Қазір бұл да "Әділ сөздің" басты міндеттеріне кіреді. Бұған қоса, сөз бостандығына қатысты қандай өзгерістер болды, қандай заңбұзушылық жасалды, кімнің құқығы шектелді, соның барлығын тіркеп отыратын мониторинг жүйесі болған. Соны да қайта шығару ойда бар.