Accessibility links

Мирзияев сыртқы саясат мекемесін жетілдірмек


Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев

Өзбекстан президенті "Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі туралы" заң мен Сыртқы істер министрлігі жұмысын жетілдіру жарлығына бір күнде қол қойды. Жарлықта сыртқы саясат мекемесінің жұмысына сын айтылған.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев сәуірдің 5-і күні Сыртқы істер министрлігі (СІМ) жүйесін түбегейлі жетілдіру шаралары туралы жарлыққа қол қойды. Осы күні президент қол қойған құжаттың бірі – "Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі туралы" заң сәуірдің 6-сынан бастап күшіне енді.

ҚАУІПСІЗДІК ҚАМАЛЫ БҰЗЫЛДЫ МА?

Өзбекстан – Орталық Азияда ұлттық қауіпсіздік туралы заңды ең соңғы болып қабылдаған ел. Бұған дейін Қырғызстанда – 1994 жылы (соңғы өзгерістер 2017 жылы енгізілген), Тәжікстанда – 2008 жылы, Түркіменстанда – 2012 жылы, Қазақстанда 2012 жылы (2017 жылы өзгерістер енгізілді) ұлттық қауіпсіздік немесе ұлттық қауіпсіздік органдары туралы заң қабылданған.


Бұған дейін Өзбекстанда арнайы қызметтің жұмысын реттейін заң болмаған. Ислам Каримов дәуіріндегі қауіпсіздік қызметі туралы ереже 1991 жылы қабылданған еді. Сол ереже бойынша Өзбек ССР-і КГБ-сының базасында Ұлттық қауіпсіздік қызметі (СНБ) құрылып, онда осы органға шамадан тыс өкілеттік берілген болатын. Ислам Каримов билігі тұсында режимнің жазалаушы құралына айналған, наразылық атаулыны тұншықтыруымен аты шыққан бұл органның атауы биыл Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі (СГБ) болып өзгертілді.

Оқи отырыңыз: Қауіпсіздік қызметінен кеткендер басқа жұмыс іздейді

Қаңтарда Өзбекстанда Ұлттық қауіпсіздік қызметі басшысы Рустам Иноятов қызметінен босатылып, соңынан қауіпсіздік жүйесінде жаңа шаралар қолға алынған. Соның бірі – "Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі туралы" заң жобасы болды.

Өзбекстанның бұрынғы бас прокуроры Рашид Қадыров
Өзбекстанның бұрынғы бас прокуроры Рашид Қадыров

Қауіпсіздік қызметін қайта-қайта сынаған президенттің өзі оның жұмысын 1937 жылғы репрессияға теңеп жүрді. Иноятов қызметтен кете салысымен-ақ бұрынғы бас прокурор, қауіпсіздік саласында және ішкі істер жүйесінде басшылық қызмет атқарған белгілі тұлғалардың бірінен соң бірі ұсталғаны белгілі болды. Өткен аптада Иноятовтың бұрынғы орынбасары генерал Хаёт Шарифходжаев ұсталғаны хабарланса, іле-шала Иноятовтың ұлының шетелге шығуына тыйым салынды. Сонымен бірге Әндіжан оқиғасы кезінде ішкі істер министрі болған, кейін қызметтен кеткен Закир Алматов тәрізді тұлғаның биыл ішкі істер министрінің кеңесшісі болып тағайындалуы мүлде күтпеген оқиға болды.

Ал сәуірдің 6-сы күні күшіне енген "Мемлекеттік қауіпсіздік туралы" заңда осы саланың әдеткі міндеттеріне қоса ғылыми-техникалық, әлеуметтік, ақпараттық саладағы қауіпсіздік, мәдени-тарихи және рухани мұраны қорғау, коррупцияға қарсы күрес, телекоммуникация және транспорт саласындағы қауіпсіздік мемлекеттік мүдделерді қорғау мәселелері де қамтылған.

Өзбекстан қауіпсіздік қызметінің басшысы Ихтиер Абдуллаевтың бас прокурор кезіндегі суреті
Өзбекстан қауіпсіздік қызметінің басшысы Ихтиер Абдуллаевтың бас прокурор кезіндегі суреті

Төтенше жағдайдың алдын-алу, төтенше жағдай немесе әскери жағдай енгізілген кездегі қауіпсіздік мәселелеріне де назар аударылған. Заңда күш қолдану, арнайы құралдар мен қару және көлік құралдарын пайдалану тәртібі де қарастырылған. Осы заң бойынша президентке тікелей бағынатын мемлекеттік қауіпсіздік қызметі Сенаттың қорғаныс және қауіпсіздік комитетіне тұрақты түрде есеп беріп отырмақ. Аталған заңның орындалуын Бас прокурор және оған бағынышты прокурорлар бақыламақ.

Бір қызығы, Иноятов алынған соң оның орнына қауіпсіздік қызметінің басшысы болып тағайындалған Ихтиер Абдуллаев елдің бас прокуроры (2015-2018 жылдар арасында) қызметінен келді. Ал оған дейін (2000-2015 жылдар арасында) бас прокурор қызметін атқарған, қазір қамауда отырған Рашид Қадыров – қауіпсіздік саласының кадры.

СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІН ЖАРЛЫҚ АРҚЫЛЫ СЫНАУ

Президент Мирзияев қол қойған сыртқы істер министрлігі жүйесін түбегейлі жетілдіру жарлығы ресми түрде "Сыртқы істер министрлігі жүйесін түбегейлі жетілдіру, сыртқы саяси және сыртқы экономикалық қызметте басымдыққа ие бағыттарды жүзеге асырудағы оның жауапкершілігін күшейту туралы" деп аталады. Жарлықта Өзбекстанның ашық сыртқы саясатын белсенді жүруінің арқасында Орталық Азиямен қатынастың жаңа деңгейге көтерілгені және халықаралық ұйымдармен қоса сыртта тұратын өзбекстандықтармен байланыс орнағаны айтылған.

Өзбекстан тұңғыш президенті Ислам Каримовтің мүсіні алдында тұрған өзбек диаспорасы өкілдері. Түркіменабад қаласы, Түркіменстан, 7 наурыз 2017 жыл
Өзбекстан тұңғыш президенті Ислам Каримовтің мүсіні алдында тұрған өзбек диаспорасы өкілдері. Түркіменабад қаласы, Түркіменстан, 7 наурыз 2017 жыл

Президент Мирзияев осы жарлығы арқылы сыртқы саясат мекемесіне қатысты тоғыз мәселені сынаған. Оның арасында елдің жағымды имиджін қалыптастыру бағытындағы жұмыстардың қарқынды жүргізілмегені, сырттағы отандастармен байланыстың орнатылмағаны және "сандық дипломатия" құралдарының енгізу кенжелегені айтылады. Тоғыз тармақтан тұратын сыналған жайға қатысты Шавкат Мирзияев мәселені шешудің тоғыз жолын да ұсынған.

Мәселен, елдің жағымды имиджін қалыптастыруда "халықтық дипломатия" құралдарын белсенді қолдану, сырттағы Өзбекстан азаматтарын қорғау, қиын жағдайларға тап болған азаматтарға көмектесу туралы айтылған жарлықта СІМ қызметкерлерін ынталандыру үшін Дипломатиялық қызмет органдарын дамыту қорын құру көзделген. Білікті дипломат дайындау мәселесі де назарға алынған.

Оқи отырыңыз: Мирзияев Ауғанстан келіссөзін қолға алды

Сондайда "халықаралық экономика және менеджмент", "халықаралық журналистика" мамандықтары бойынша бакалавр әзірлеуде жаңа бағыттар енгізу жайы сөз болады. Президент Шавкат Мирзияев Министрлер кабинетіне осы мәселелерді шешу барысын тоқсан сайын "сыни түрде талқылауды" тапсырған.

Орталық Азия елдері басшыларының кездесуіне қатысқан (солдан оңға): Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон және Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев. Астана, 15 наурыз 2018 жыл
Орталық Азия елдері басшыларының кездесуіне қатысқан (солдан оңға): Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон және Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев. Астана, 15 наурыз 2018 жыл

Билікке келгеннен бастап Орталық Азия елдерімен байланысты басты мәселе ретінде қарастырған президент Мирзияевтің өзі сәуірдің 6-сы күні Ташкенттегі "Ашғабат" саябағын аралап көрсе, одан төрт күні бұрын қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығын кеңінен атап өту жөніндегі қаулыға қол қойды.

Ал наурыз айында Өзбекстанның Қазақстандағы жылының ашылу рәсіміне келер алдында Шавкат Мирзияев қазақ ақыны Абай мұрасын зерттеп, насихаттау туралы қаулы қабылдаған болатын.

Өзбекстан президентінің СІМ жұмысын жарлықпен сынауы бір жағы осы саланың жұмысына берілген баға да тәрізді.

Өзбекстан сыртқы істер министрі Абдулазиз Комилов
Өзбекстан сыртқы істер министрі Абдулазиз Комилов

Әзірге елдің сыртқы істер министрі қызметін СССР дипломатиялық мектебінің түлегі, Каримов дәуірінен қалған Абдулазиз Комилов атқарып келеді. 1994-2003 жылдар аралығында бір осы қызметке бір келіп кеткен Комилов 2012 жылы қайтадан министр болып тағайындалған еді.

2016 жылы қыркүйекте Өзбекстан тұңғыш президенті Ислам Каримов дүние салған соң, президент міндетін уақытша атқару Конституцияда көрсетілгендей Сенат төрағасына емес, соңғы 13 жыл бойы премьер-министр болып істеген Шавкат Мирзияевке жүктелген еді. Сол жылы желтоқсанда өткен кезектен тыс сайлауда, ресми мәлімет бойынша сайлаушылардың 88 пайыздан астамы қолдау білдірген Мирзияев ел президенті болып сайланған.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

XS
SM
MD
LG