Accessibility links

Түркияға ұшуға рұқсат ала алмаған жолаушы "өз-өзіне қол салған"


Ашғабат әуежайындағы жолаушылар. Көрнекі сурет.
Ашғабат әуежайындағы жолаушылар. Көрнекі сурет.

Дашогуз тұрғыны Ашғабад әуежайынан Түркияға ұшуға үш рет рұқсат ала алмағаны үшін суицид жасағаны хабарланды. Түркіменстанда жұмыс іздеп шетке кетпек болған тұрғындарды елден шығармау оқиғалары жиілеген.

Азаттықтың Түркімен қызметі – Азатлык радиосының Дашогуздағы тілшісінің қолында бар дерегінше, "Дашогуз облысы Ақдепе ауданының тұрғыны Түркияға үш мәрте ұшуға тырысып көрген, бірақ бұл әрекетінен түк шықпаған. Кейін "ешқашан елден шықпайсың" дегенді естіп, түн ортасында үйінің жанында өсіп тұрған ағашқа асылып қалған".

"ҚАРЫЗЫН ҚАЙТАРА АЛМАЙ ШАРАСЫЗ ҚАДАМҒА БАРДЫ"

Азаттықтың Түркімен қызметіне жақында ғана белгілі болған оқиға биыл сәуірдің ортасында болған. Азаттықтың Түркімен қызметі қауіпсіздік үшін марқұмның аты-жөні мен дербес деректерін жарияламауды ұйғарды.

Марқұмның жақындарының Азаттық тілшісіне айтуынша, "ол Түркияға кету үшін қарызға билет сатып алған. Кейін қарызын қайтара алмай шарасыз қадамға барған".

"Ол ауыр материалдық жағдайға тап болып, бала-шағасына бір мезгіл талғажау ететін тамақ тауып бере алмай қиналған. Балалары сабаққа ескі-құсқы киіммен баруға мәжбүр болған. Мұның бәрін көріп ол не істерін білмей үлкен пайызбен қарызға кірген. Түркияға кету үшін тиісті құжаттарын әзірлеген. Бірақ оны елден шығармай қойған. Қарызын қайтару үшін тіпті сататын да ештеңесі болмаған. Әбден амалы таусылған ол қандай да бір жұмыс тапса да қарызының өсімін де қайтара алмайтынын түсініп, өз-өзіне қол салған" деп хабарлайды Азаттықтың Дашогуз облысындағы тілшісі.

Туыстарының сөзінше, марқұм жұмыссыздық пен жоқшылықтан әбден қажығанын айтып хат қалдырған.

Ертеректе Азаттықтың Түркімен қызметі тілшілері аймақта тұратын халықтың тұрмысы нашарлап кеткенін, азық-түлік тапшылығы мен жұмыссыздықтан шетелге кетіп жатқандар көбейгенін бірнеше мәрте жазған. Елден кеткісі келетіндердің ішінде фермерлер мен мемлекеттік мекеме қызметкерлері де көбейгені хабарланған.

"Кейбір дайхан (дихандар) бірлестіктерінде мақта өсірушілердің бәрі дерлік жерлерін тастап, елден кетіп қалды. Қазір облыста өңделмеген, мақта егілмеген алқаптар бар. Кей адамдар бүкіл отбасымен кетіп жатыр. Бюджет саласы қызметкерлері де кете бастады" дейді Азаттықтың Түркімен қызметінің тілшісі.

ЕЛДЕГІ ДАҒДАРЫС ЖӘНЕ МИГРАНТТАРДЫ ҚАЙТАРУ ШАРАСЫ

Мамырдың аяғында Азаттыққа тағы бір қайғылы оқиға мәлім болған. Ашғабад халықаралық әуежайында Түркияға ұшқалы тұрған рейске отыруға рұқсат ала алмаған әйел жүрегі қысылып, қайтыс болған. Бұл жайлы Азаттықтың Түркімен қызметіне бір-бірін танымайтын бірнеше дереккөз айтқан.

Азаттыққа белгілі болғандай, жыл басынан бері Ашғабат халықаралық әуежайында жолаушыларды елден шығармай қойған ондаған оқиға болған.

Ашғабад әуежайындағы кедендік тексеру бекеті (Көрнекі сурет).
Ашғабад әуежайындағы кедендік тексеру бекеті (Көрнекі сурет).

​Түркіменстан билігі азаматтардың шетелге шығуына жол бермеу амалдарымен қатар, шетелде жүрген мигранттарды қайтару шараларын да күшейткені хабарланды.

Қазір шенеуніктер "ескі төлқұжаты бар" азаматтарға небәрі үш апта ішінде жаңа құжат жасап беруге, шетелде жүргенде құжатының жарамдылық мерзімі өтіп кетіп, көші-қон заңдарын бұзған азаматтарды жауапқа тартпауға уәде еткені айтыла бастады. Түркіменстан үкіметі шетелде жүріп, уақытында биометрикалық төлқұжат ала алмай, сол себепті көші-қон заңдарын бұзған азаматтарды да жазаламайды деп хабарланған.

Оқи отырыңыз: Түркіменстанда тағы қайталанған тапшылық

"Генгешликтерде (елдімекен – ред.) мигранттарды елге қайтару тақырыбына жиындар толассыз өтіп жатыр. Елге оралғандарға үш аптаның ішінде жаңа төлқұжат беруге, көші-қон заңдарын бұзғандарды жауапқа тартпауға, бұған қатысты президент жарлығы шығады деген уәде беріп жатыр" деп хабарлады Азаттықтың Түркімен қызметінің тілшісі 11 маусым күні.

Бірақ мигранттарды Түркіменстанға қайтару және көші-қон тәртібін бұзған азаматтардың құжат алуын жеңілдету шаралары жөнінде ресми мәлімдемелер Түркіменстанның ресми баспасөзінде жарияланбады. Түркіменстанның көші-қон қызметі сайтында да ақпарат жоқ.

Түркіменстан билігі жан бағу үшін халықты экономикалық дағдарыс күшейіп тұрған кезде елге не үшін қайтаруға тырысып жатқаны белгісіз.

Түркіменстандықтар күнкөріс қамымен көбінесе Түркияға кетіп жатыр. Қазір Түркияда ескі үлгідегі төлқұжатпен қанша түркіменстандық азамат жүргені белгісіз. Түркия көші-қон қызметі дерегінше, 2016 және 2017 жылдың өзінде 30 мыңға жуық түркімен мигрант тіркелген.

Кейінгі кезде Түркіменстан азаматтары Қазақстан, Өзбекстан және Әзербайжан сияқты көрші елдерге де көптеп кетіп жатқаны да хабарланды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG