Accessibility links

Жаңаөзендіктер бастаған "Қытай экспансиясына қарсы" акция бірнеше қалада жалғасты


Алматыдағы "Қытай экспансиясына" қарсы наразылық шарасы. 4 қыркүйек, 2019 жыл.
Алматыдағы "Қытай экспансиясына" қарсы наразылық шарасы. 4 қыркүйек, 2019 жыл.

Қыркүйектің 4-і күні Қазақстанның кемінде алты қаласында "Қытай экспансиясына қарсы" наразылық шаралары өтті. Билік өкілдері "Рұқсат етілмеген жиын өткізуге болмайды" деп жұртты таратуға тырысқанмен, олардың ескертуіне ешкім құлақ аспады. Қазақстандағы Қытай елшісі оқиғаға байланысты пікірін айтты.

Қыркүйектің 4-і күні Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Ақтөбе, Семей, Қарағандыда "Қытай экспансиясына" қарсы наразылық шаралары өтті. Бүгінгі шара жаңаөзендіктердің кешегі "Қытай жобаларына қарсы акциясының" өзге өңірдегі жалғасы болды және кешегіден гөрі оған әлдеқайда көп адам қатысты.

Барлық акция кезінде билікке ортақ талап айтылды: "Қытай зауыттарының жұмыс істеуіне тыйым салынсын!", "Билік халықпен санассын!".

Нұр-Сұлтандағы наразылық. 4 қыркүйек, 2019 жыл.
Нұр-Сұлтандағы наразылық. 4 қыркүйек, 2019 жыл.

Наразылық шарасына қатысқан азаматтар Қытай жобалары туралы ақпараттың өте аз екенін алға тартып, Қазақстандағы қытайлық компаниялар туралы деректі де талап етті.

Наразылық акциялары кезінде "Қытай жаулауы" ғана емес, билік транзиті, халықтың әлеуметтік жағдайы, маусым айында болған президент сайлауы кезіндегі "заңбұзушықтар", саяси тұтқындар, көп балалы аналар жағдайы сияқты қоғамда қызу талқыланып жатқан мәселелер айтылды.

ӘКІМДІКТЕН БАСТАЛЫП, ШЕРУМЕН АЯҚТАЛҒАН АКЦИЯ

Ондаған адам қатысқан Алматыдағы акция түске дейін де, түстен кейін де жалғасты. Ондаған адам қатысқан шарада азаматтар ел экономикасының барған сайын Қытай экономикасына тәуелді болып бара жатқанын айтып, ұлт қауіпсіздігі, азық-түлік қауіпсіздігі сияқты мәселелерді көтерді. Азаматтардың бірі "Қытайдан тәуелсіз болып өмір сүруге шамамыз да, ақшамыз да жетеді" деді.

- Қандай супертехнология болмасын, бізге 55 Қытай зауытын салудың қажеті жоқ. Шетелдік офшорларда жасырын жатқан ақшаларды алып келсек, әр облыста тіпті он зауыт салуға жетеді, - деді Алматыдағы әкімдік алдында өткен наразылық шарасына келген азаматтардың бірі.

Тұрғындар шикізатқа тәуелді Қазақстанның өндіріс орындарын ашпай, Қытай өнімдеріне әлі күнге дейін кіріптар болып отырғанын айтып сынады.

"Елде әлдеқандай зауыттың ашылып, лентасы қиылып жатқанын естиміз. Қайда сол зауыттар? Неге олар өнім шығармайды?" деді акцияға келгендердің бірі.

Жиналғандар алдына шыққан Алматы қаласы әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев "Қазақстанда тек Қытай ғана емес, өзге ел инвесторлары да жобаларын жүзеге асырып жатқанын" айтып, "қытайлық инвестицияның ел экономикасы үшін маңыздылығын" түсіндіруге тырысты.

- Елде 55 зауыт қана іске асырылып жатқан жоқ, одан да көп зауыт бар. Тек ірісіне тоқталсақ, қазір 185 жоба іске асырылып жатыр. Оған қазақ кәсіпкерлері де, неміс кәсіпкерлері де үлес қосып жатыр. Қазір дүниежүзінде инвестиция тарту бойынша бәсекелестік өте жоғары. Бес жыл бұрынғыдай емес. Егер бәрін жауып тастап, өзіміз ғана жұмыс істесек, біздің дамуымыз күткендегідей болмайды, - деді Сапарбек Тұяқбаев.

Тұрғындар сұрақтарына жауап беріп тұрған Алматы қаласы әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев. Алматы, 4 қыркүйек 2019 жыл.
Тұрғындар сұрақтарына жауап беріп тұрған Алматы қаласы әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев. Алматы, 4 қыркүйек 2019 жыл.

Ол сөз арасында даулы 55 зауыттың арасында Түркістан облысында өткен жылы ашылған түйе сүтін өңдейтін цех та барын атап өтті. Ол бұл өңірде бұған дейін ашылған жобалардың бәрі түрлі себеппен жабылып қалғанын, ал жаңа инвесторлардың оған 20 миллион доллар ақша құйғанын атап өтіп, "бұл Орталық Азия бойынша ең ірі жоба, олар 150 адамды жұмыспен қамтып отыр" деді әкімнің орынбасары.

Ал жиналғандар билік өкілінің сөзіне көңілі толмай, талаптарын қайталаумен болды. Күні бойы әкімдік алдында ұран көтеріп, талап айтқан азаматтар кешке қарай қаладағы орталық көшелерімен шерулерін жалғастырды.

Алматы әкімдігі алдынан көшеге қарай жылжып бара жатқан наразы топ. 4 қыркүйек 2019 жыл.
Алматы әкімдігі алдынан көшеге қарай жылжып бара жатқан наразы топ. 4 қыркүйек 2019 жыл.

ҚЫТАЙҒА ҚАРЫЗДЫ КІМ ҚАЙТАРАДЫ?

Ал Нұр-Сұлтанда қалалық әкімдігі алдына қолдарына "Мен Жаңаөзенді қолдаймын, сен ше?", "Қанша жұмыс орны ашылды?", "55 зауыт Қытайға қайтарылсын", "Қытайға қарызды кім қайтарады және қалай?" деген жазуы бар плакат көтеріп шыққан тұрғындар билікке талап айтып, оларды кінәлады. Белсенділер жүйедегі жемқорлықты айыптап, биліктің ауысуын талап етті.

- Тоқаев президент сайлауын қайта жариялап отставкаға кетуі керек. Парламент те кетуі керек. Халық кедейленіп, бейшара күй кешіп жатыр. Нұр-Отан халық мүддесіне жұмыс істемейді. Назарбаев пен Тоқаев халық алдына шығып есеп берсін, - деді Нұр-Сұлтан тұрғыны Аслан Құрманбаев.

Нұр-Сұлтандағы наразылық. 4 қыркүйек 2019 жыл.
Нұр-Сұлтандағы наразылық. 4 қыркүйек 2019 жыл.

Ол қазақстандықтарды "Қытайдың 55 зауытына жол жоқ!", "Жер сатылмасын!", "Барлық саяси тұтқындар оның ішінде Арон Атабек, Мұхтар Жәкішев босатылсын!", "Көп балалы отбасыларға тегін баспана берілсін!" деген идеялар төңірегінде топтасуға шақырды.

Қарағанды мен Семейде де он шақты адам қала орталығына жиналып, пікірлерін айтқан. Қарағандыда белсенділер облыстағы вольфрам-молибден кенішіне байланысты мәселе көтерген.


- Көлемі жағынан әлемде екінші орын алатын кеніш қытайлықтарға берілді. Көкейімде бірнеше сұрақ бар: нақты жағдайда Қазақстан және Қарағанды облысына осындай инвестициядан пайда бар ма? Неге қазақстандықтар жұмыс істей алмайды? Біз арабтардан нашар тұрмауымыз керек еді. Шикізат байлықтарынан түскен қаражат өте тиімді жұмсалуы керек. Инвестиция тарту керек, бірақ қазақстандықтардың құқықтары сақталуы керек, - деді қарағандылық белсенді Әлия Садырбаева.

Акция өткен қалалардың басым бөлігінде билік "бұл - рұқсат етілмеген акция" деп жұртты таратуға тырысты. Бірақ халық олардың ескертулеріне құлақ аспады.

Бүгін, 4 қыркүйекте Ақтөбеде кеше акцияға шыққан екі белсендіні полицияның ұстап кеткені туралы ақпарат тарады. Белсенді Әлібек Молдин Азаттық тілшісіне өзін полиция бөлімшесінде "профилактика мақсатында үш сағат" ұстап, босатып жібергенін хабарлады. Ал екінші белсенді Берік Ноғаевтың ұсталғанын оның бауыры Facebook парақшасында жазды. Полиция әзірге жауап бермеді.

Ақтөбедегі наразылық. 4 қыркүйек 2019 жыл.
Ақтөбедегі наразылық. 4 қыркүйек 2019 жыл.

ҚЫТАЙ ЕЛШІСІ: "ҚАНДАЙ ДА БІР САЯСИ КҮШТЕР ТҰР"

Елде Қытай жобаларына қарсы наразылық шаралары өтіп жатқан кезде жергілікті ақпарат құралдары Қазақстандағы Қытай елшісінің митингілерге байланысты пікірін жариялады.

Қазақстандағы Қытай елшісі Чжан Сяо митингілердің екі ел басшыларының кездесуі алдында өтіп жатқаны кездейсоқ емес екенін алға тартып, мұндай наразылықтың ар жағында "қандай да бір саяси күштер" тұр деп айтқан.

"Мен бір жайтқа назарыңызды аударғым келеді: ресми ақпарат бойынша, Қытай Қазақстан экономикасына инвестиция құйған алғашқы үш ел қатарына да кірмейді. Ендеше "Қытай Қазақстанды жауап алады", "мұнда халқын шоғырландырғысы келеді" деген сияқты тұжырымдарды неге сүйеніп айтқан? Бұл бос сөз. Шын мәнінде қазақстандық нарықта жұмыс істеп жатқан ірі мұнай-газ компаниясы бар. Ол бұл жаққа бәрінен бұрын келіп, осы уақыт бойы бәрінен көбірек асап, әлі күнге дейін өзгелерде жоқ артықшылықтарға да ие. Осының бәріне көз жұма қарау қызық екен. Бұл сізді ойландырмай ма?" деген елші.

3 қыркүйекте Жаңаөзеннің екі жүзден астам тұрғыны қаладағы орталық алаңға жиналып, Қытайдың Қазақстандағы жобаларын тоқтатуды талап еткен еді. Нұр-Сұлтан, Ақтөбе және Шымкентте де белсенділер "Қытай экспансиясына қарсы" акция өткізген.

Қазақстанда Қытайға қарсылық қалай күшейді?

2016 жылы көктемде Қазақстанда өткен жаппай жер митингісінде наразылардың көбі «шетелдіктерге жер сататын заң қабылданса, Қазақстандағы жерлердің көбін қытайлар сатып алады» деген қауіптерін ашық жеткізген. 2016 жылы Атырауда жер митингісін ұйымдастырды деп айыпталған Макс Боқаев (2016 жылы бес жылға сотталып, қазір түрмеде отыр) пен Талғат Аянның (2016 жылы бес жылға сотталып, былтыр шартты жазамен босап шықты) сотында Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері «жерді Қытайға немесе қытай компанияларына, азаматтарына сату жоспары» болмағанын айтқан. Кейін Қазақстан билігі қарсылыққа ұшыраған жер заңына мораторий жариялады.

2017 жылы Қытайдың Шыңжаң аймағындағы қазақтардың лагерьлерге қамалып жатқаны жайлы ақпарат тарады. Қазақстандықтардың кейбірі Шыңжаңға кеткен жақындарының шекарадан өте алмай отырғанын айтып шағымданған. Бұл жағдай да Қазақстандағы қарсылықты күшейтті.

2018 жылы Қазақстан Қытайдан екі миллиард 62 миллион юань көлемінде кредит алды. 2019 жылы сәуірде Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев Пекинде өткен «Бір белдеу – бір жол» форумына барып, Қытайдың Қазақстандағы 55 ірі жобасының 15-і жұмысын бастағанын, 11 нысан биыл пайдалануға берілетінін айтты.

Форумнан кейін қытайлық журналистерге сұхбат берген Назарбаев «Қытай ешкімге шарт қоймайды. Біз секілді өмір сүріңдер деп ешқашан айтпайды. Батыс елдері «біз сендерге көмектесеміз, сендер біз сияқты болыңдар» дейді. Қытай олай жасамайды. Қытайдың осы саясаты ұнайды» деген.

Қазақстанның Қытайдан алған кредиті мен Назарбаевтың зауыт туралы сөзі халық арасында сынға ұшырады.

Елде Қытай-Қазақстан қатынасына қарсылық күшейген тұста ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Пекинге ресми сапармен бармақ. 11-12 қыркүйекке жоспарланған сапарда Тоқаев пен Қытай басшысы Си Цзиньпин екі ел арасындағы қарым-қатынасты талқылайды. Тоқаев Қытайға сапарына он күн қалғанда, қыркүйектің 2-сі күні халыққа жолдау жариялап, «шетелдіктерге жер сатылмайтынын» мәлімдеді.

Қытай – Қазақстанға ең көп инвестиция құятын - төртінші, ең көп қарыз беретін үшінші ел. Қазақстанға инвестиция салу бойынша Нидерланды, АҚШ және Швейцария алғашқы үштікте тұр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG