Accessibility links

"Маған жеті жыл кесіңіз, сонымен бітсін". Әлнұр Ильяшевты қалай соттап жатыр?


Белсенді Әлнұр Ильяшевты қолдауға келген азаматтар Медеу аудандық №2 сотының алдында тұр. Алматы, 12 маусым 2020 жыл.
Белсенді Әлнұр Ильяшевты қолдауға келген азаматтар Медеу аудандық №2 сотының алдында тұр. Алматы, 12 маусым 2020 жыл.

Үш айдан бері қамауда отырған алматылық белсенді Әлнұр Ильяшевты "төтенше жағдай кезінде көрінеу жалған ақпарат тарату" айыбы бойынша соттап жатыр. Карантинге байланысты онлайн режимде өтіп жатқан процесс кезінде белсенді мен адвокаттары "видеобайланыстың сапасы нашар екенін", судьяның, прокурордың, бір-бірінің дауысын естімейтінін айтып шағынды.

"МАЗАҚҚА" ҰҚСАЙТЫН ОНЛАЙН РЕЖИМ

17 cәуірден бастап қамауда отырған Әлнұр Ильяшев (осы күні белсендіні полиция ұстап, артынша оның туыстарының пәтеріне арнаулы жасақ барып, балаларды қорқытып, үйдегі ересек адамдарды еденге жатқызған) сот отырысына өзі барып қатысу мүмкіндігі туғанша уақытша тергеу изоляторында айлап болсын отыруға дайын екенін айтады. Қазір сот отырысына уақытша тергеу изоляторында отырып, видеобайланыс арқылы қатысып жатқан Ильяшевқа судьяның сұрақтары, адвокаттардың өтініші мен прокурордың сөзі естілмейді.

Белсенді Әлнұр Ильяшев (оң жақта) қағаздарды қарап тұр. Алматы, 30 маусым 2019 жыл.
Белсенді Әлнұр Ильяшев (оң жақта) қағаздарды қарап тұр. Алматы, 30 маусым 2019 жыл.

Заң саласында жоғары білімі бар, 43 жастағы белсенді қазіргі жағдайға көңілі толмайтынын жасырмайды. Ол 12 маусымда өткен алдын-ала сот отырысының бірінші күні наразылық белгісі ретінде видеокамераны өшіріп, тергеу изоляторындағы бөлмеден шығып кетті.

Ильяшевты қорғаушы үш адвокаттың бірі Виталий Воронов 15 маусым күні алдын-ала сот отырысы кезінде Facebook парақшасына "[Бұл] "әділ сот" пен процес қатысушыларын ашық мазақ қылу. Өте нашар процесс. Видеоконференцияның сапасы өте нашар", - деп жазды.

Ильяшевтың жақтастары да наразы. Сот процесі басталған күні жиырмадан астам адам Медеу аудандық №2 сот ғимаратының алдына #FreeAlnur деген жазу мен Әлнұрдың суреті бар плакаттар ұстап келіп, "Әлнұрға бостандық берілсін!" деп айқайлады.

"Барахолкалар, сауда орындары ашылып жатқанда, неге соттар онлайн өтеді? Пандемияны репрессия жүргізуге пайдаланбаңдар", - деді билікке қарата сөйлеген белсенді Даная Қалиева.

Ильяшев сот отырысын өзінің тікелей қатысуымен өткізуді сұрады. Бірақ сот "бұл мүмкін емес" деді. Судья Залина Махарадзе елдегі барлық сот отырыстары карантин шараларының себебінен онлайн өтіп жатқанын айтты. Сот Ильяшевтың процесті карантин шаралары біткенше шегере тұру туралы өтінішін қабылдаған жоқ.

ҰЗАҚ МЕРЗІМДІ ЖАЗА ҚАРАСТЫРЫЛҒАН БАП

Ильяшевқа тағылған айып бойынша Қылмыстық кодекстегі бапта жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ильяшев әлеуметтік желідегі билеуші "Нұр Отан" партиясын сынайтын екі жазбасы мен бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевты (ол былтыр отставкаға кетіп, президент қызметіне Қасым-Жомарт Тоқаевты қалдырғанымен, әлі де саяси сахна сыртынан билікке ықпал етіп отыр дейді сарапшылар) "лайықты демалысқа кетуге" шақырған видеоүндеуі үшін айыпталған. Тергеу бұл жазбалар төтенше жағдай кезінде "қауіпті" деген қорытындыға келген. Істе жәбірленуші тарап жоқ.

Адвокаттар Ильяшевты біреудің кепіл болуымен уақытша тергеу изоляторынан босатуды сұраған. Олар демікпесі бар белсендінің денсаулығы уақытша тергеу изоляторында одан әрі нашарлай бастағанын мәлімдеді. Адвокат Нұрлан Рахманов айыпталушы сенбі күні кездесуде қан аралас түкірік пайда болғанын айтқанын ескертті.

Судья изолятор қызметкерлерінің сөзіне сүйеніп, тұтқынның денсаулық жағдайы "қалыпты" екенін айтып, оны қамаудан босатудан бас тартты.

15 маусым күні сотта Ильяшевтың адвокаттары байланыс сапасының нашар болуына байланысты сот отырысын кейінге қалдыруды тағы да сұрады: адвокат Таир Назханов берген өтінішті оның әріптестері мен Ильяшев естіген жоқ. Бұл судья айыпталушыдан адвокаттың өтініші туралы не ойлайтынын сұрағанда белгілі болды.

"Ешкімді қинап, шаршатпау үшін маған бірден жеті жыл беріңіз, осымен тарқайық", - деді Ильяшев.

15 маусым күні прокурор айыптау актісін оқи бастады. Адвокат Виталий Воронов іс материалдарымен таныс емесін айтып, істі басқа судья қарауын талап етті.

ИЛЬЯШЕВТЫҢ БЕЛСЕНДІЛІГІ. ОНЫ БОСАТУҒА ШАҚЫРУ

Қылмыстық іске негіз болған жазбалардың бірінде Ильяшев Назарбаев басқаратын "Нұр Отан" партиясын "алаяқтар мен ұрылар партиясы" (бұл ресейлік оппозиционер Алексей Навальный бастаған, Ресейде билеуші "Единая Россия" партиясына қатысты қолданылатын танымал тіркес) деп атаған. Сараптама бұл мәтіндерде "Нұр Отан" партиясының беделіне нұқсан келтіретін негативті ақпарат бар деген қорытындыға келген. Әлнұр Ильяшев бұл істе "Нұр Отан" партиясын жәбірленуші тарап ретінде мойындауды ұсынған, бірақ оның ұсынысын ескермеген. Бұл өтінішті судья да қанағаттандырған жоқ.

Әлнұр Ильяшев былтыр қарашада Алматы соты Санавар Закирова, Марат Тұрымбетов пен өзін "абыройы мен қадір-қасиетін қорғау" негізінде берілген арыз бойынша "Нұр Отан" партиясының төрт мүшесіне жалпы алты миллион теңге (14 мың доллардан көп) төлеуге, Facebook желісіндегі жазбаларын теріске шығаруға міндеттегеннен кейін "Нұр Отан" туралы тағы бір жазба жариялаған.

Билік партиясы "қорлау" деп бағалаған жазбаларда Ильяшев, Закирова мен Тұрымбетов "Нұр Отан" партиясы 2019 жылы наурызда құрылтай съезі өтпей қалған (Закирова өзіне билік тарапынан қысым көрсетілгенін мәлімдеді, ал Тұрымбетов пен Ильяшевті съезд күні үйден шыққан жерінен ұстап әкеткен) "Наше право" партиясын құруға кедергі келтіріп отырғанын жазған. Үш белсенді сот шешіміне шағым түсірген, бірақ биыл қаңтар айында өткен апелляция соты үкімді күшінде қалдырған.

Полиция "Нұр Отан" үшін садақа сұраған белсендіге айыппұл салды. Алматы, 22 қараша 2019 ж.

Полиция "Нұр Отан" үшін садақа сұраған белсендіге айыппұл салды
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:41 0:00


Ильяшев биыл наурыз айының басында Алматыда партияның саяси кеңесі бюросының отырысы өткен күні "Нұр Отанды" басып ал" акциясын ұйымдастырды. Акцияға қатысушылар партия (оған көп шенеунік пен бюджеттік мекеме қызметкерлері мүше) ішіндегі жемқорлық туралы мәлімдемелерге қатысты түсініктеме беруді және Назарбаевтың партия төрағасы қызметінен кетуін талап еткен.

"Нұр Отанға" барған белсенділер "Назарбаев кетсін!" деп талап қойды. Алматы, 5 наурыз 2020 ж.

"Нұр Отанға" барған белсенділер "Назарбаев кетсін!" деп талап қойды
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:27 0:00


Әлнұр Ильяшев әлеуметтік мәселелер, адам құқығы мен бейбіт жиын еркіндігі тақырыбында өткен қоғамдық шараларға қатысуымен және қалалық әкімдікке қарсы берген арызымен танымал. Ол қала билігіне бейбіт митинг өткізуге 35 рет өтініш беріп, бір де бір рет рұқсат ала алмаған. Осыдан кейін ол әкімдікті сотқа беріп, жеңіліп қалған. Кейінірек оған митинг өткізуге рұқсат берген.

Жүздеген адамның басын қосқан бейбіт жиын өткізу еркіндігіне арналған акция былтыр 30 маусымда Алматының шетіндегі билік рұқсат етілген митингілер өткізу орны деп белгілеген "Сарыарқа" кинотеатрының артындағы шағын алаңда өтті. Акция қатысушылары қазақстандықтарды митинг өткізу үшін рұқсат алуға міндеттейтін заңды сынады.

Ел билігі биыл "Бейбіт жиын туралы" жаңа заң қабылдап, акция өткізу үшін енді тек ескерту формасы қолданылатынын мәлімдеді. Бірақ құқық қорғаушылар осы айда күшіне енген құжатты сынап, заңда шектеу көбін, оның халықаралық стандарттарға сай келмейтінін айтқан.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан билігін Ильяшевты босатып, оған тағылған барлық айыпты алып тастауға шақырған.

Сәуір айында Human Rights Watch Қазақстан билігі карантин кезінде жұмыс істеп тұрған заңдарды пікір білдіру еркіндігін басып-жаншу үшін пайдаланды деген мәлімдеме жасады. HRW Еуропа мен Орталық Азия бойынша директоры Хью Уильямсон Азаттыққа берген сұхбатында үкімет пандемия кезінде азаматтар құқығын шектеп отырғанын айтып, Қазақстанда билікті сынайтын белсенділердің ұсталуын "өте қауіпті белгі" деп атаған.

Human Rights Watch ұйымының Орталық Азия бойынша аға зерттеушісі Мира Риттман 12 маусымдағы мәлімдемесінде "қазақстандық белсенділер сөз бостандығы құқығын пайдаланғаны үшін қамауға алынбауы керек" деп жазды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG