Accessibility links

Беларусь технологиясы. Қазақстанда сайлауды бақылайтын ІТ жобаларды әзірлеп жатыр


Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтетін күннің қарсаңында сайлау учаскесін дауыс беруге дайындап жатқан адам. Кейін Батыс бақылаушылары осы сайлауда жаппай заң бұзу фактілері болғанын мәлімдеген. 8 маусым 2019 жыл.
Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтетін күннің қарсаңында сайлау учаскесін дауыс беруге дайындап жатқан адам. Кейін Батыс бақылаушылары осы сайлауда жаппай заң бұзу фактілері болғанын мәлімдеген. 8 маусым 2019 жыл.

Қазақстандық белсенділер келесі жылы өтуі тиіс парламент сайлауында дауыс беру және оларды санау барысын бақылауда технологияны қолданып, доданың барынша әділ өтуіне ықпал етуге тырысып жатыр. "Азаматтық қоғам жұмыла кіріссе, бұл жобалар сайлаудың таза өтуіне көп әсер етеді" дейді сарапшылар.

Халықаралық ұйымдар Қазақстандағы сайлаулар демократия талаптарына сай өтпейді деп жиі сынайды. Батыс бақылаушылары әсіресе сайлау бюллетендерін санау, хаттамаларды толтыру және нәтижелерді жинақтау процесі ашық еместігін көп айтады.

Қазақстанда 2019 жылы өткен кезектен тыс президент сайлауында тәуелсіз бақылаушылардың ерекше белсенділігі байқалған. Бірақ олар ақпаратты бір базаға жинап, жұмысты үйлестіретін платформа жасалмағандықтан, ресми нәтижеге қарсы қоятын жүйелі жауап болмады дейді. Олқылықтың орнын толтыру үшін жергілікті белсенділер сайлаушы дауысын қорғауға көмектесетін бірнеше сайт әзірлеп жатыр.

БЕЛАРУСЬ БАҚЫЛАУШЫЛАРЫНЫҢ ТӘЖІРИБЕСІ

Беларусьте тамыз айында өткен сайлауда тәуелсіз бақылаушылардың "Голос" бастамасының арқасында белсенділер оппозиция жетекшісі Светлана Тихановскаяның ресми қорытындымен салыстырғанда үш есе көп дауыс жинағанын анықтай алған. Олар елдегі сайлау учаскелерінің 32 пайызын (1310 сайлау учаскесі) қамтып, 1,9 млн-ға жуық сайлаушының берген дауысын есепке алған. Соның негізінде сайлау қорытындысының бұрмаланғанын дәлелдеген.

Қазақстандағы белсенді топ осы үлгі негізінде "Әділ сайлау" (шартты атауы) жобасын әзірледі. Беларусь мамандарынан кеңес алған жоба авторлары сайлаудың барынша әділ өтуіне ықпал еткісі келетінін айтады.

Жоба жетекшілерінің бірі, "Халыққа адал қызмет" қорының басшысы Тоғжан Қожалиеваның айтуынша, олар қазір екі сайт әзірлеп жатыр. Бірі – сайлаудағы заңбұзушылықтарды, өзге де деректерді тіркейтін ресурс болса, екіншісі бақылаушыларды тіркеуден өткізіп, олардың жұмысын үйлестіруге арналған сайт.

Белсенді Тоғжан Қожалиева (сол жақта) мен Беларусь IT маманы Павел Либер. 2020 жылдың қыркүйек айы. Жеке архивтегі сурет.
Белсенді Тоғжан Қожалиева (сол жақта) мен Беларусь IT маманы Павел Либер. 2020 жылдың қыркүйек айы. Жеке архивтегі сурет.

Интернет-ресурстың жұмыс істеу механизмі қарапайым: сайлаушылар жеке идентификациялық нөмірі (ИИН) арқылы сайтқа тіркеліп, сайлау күні учаскеде болған заң бұзу фактілері туралы фото, видео жүктей алады. Сайт арқылы тәуелсіз бақылаушылар тобына қосылуына мүмкіндік болады. Сайлау қарсаңында сайттың телеграм-боттары да іске қосылады дейді олар. Бұл ақпараттың бәрі жүйеде сақталып, сарапталып, сайлаудың ресми қорытындысы шыққаннан кейін көпке жария етіледі.

Белсендінің айтуынша, олардың бақылаушылар тобы былтыр оппозиция атынан президенттіктен үміткер болған Әміржан Қосановтың штабында жұмыс істеген. Олар сайлау учаскелерінен алынған дауыс беру бюллетендерінің көшірмелерін WhatsApp мессенджеріндегі чатқа жіберіп отырған.

– Бүкіл хаттамаларымыз ғайып болды. Бір сағатта WhatsApp-тағы барлық чат жойылды. [Президенттікке кандидат] Қосановтың штабы жиналған мәліметтің бәрін жойды. Қайта жинауға тырысқанымызбен бәрін жинақтай алмадық. Енді олай болмайды деп сенеміз, – дейді Қожалиева.

"БЫЛТЫРҒЫ САЙЛАУДАҒЫ ҚАТЕЛІКТЕРДІ ҚАЙТАЛАМАЙМЫЗ"

Былтырғы президент сайлауы кезінде бақылаушы болған белсенді, "Республика" қозғалысын құрушылардың бірі Бэлла Орынбетова бастаған топ та технология көмегімен сайлаудың әділ өтуіне үлес қосады деген жобаны қаңтардан бері өз күшімен жасап, дамытып жатыр.

Бэлла Орынбетованың айтуынша, олар әзірлеп жатқан baqylau.info сайтының үш функциясы бар: біріншіден, бақылаушы болам деген адамдар мен ұйымдарды біріктіріп, үйлестіреді. Екіншіден, сайлау учаскесінен ақпарат жинайды. Оған сайлауға қатысу белсенділігі, заң бұзу фактісі жайлы деректер кіреді. Бақылаушыларға арналған құқықтық көмек, нұсқаулықтар да болады. Үшіншіден, ең негізгі функциясы – хаттамалардың барлығын жинайды. "Былтыр сайлау кезінде кей бақылаушылар заңсыздықтар туралы айтқанымен, қолында айғақтайтын дерек болмады. Енді бұл жолы бақылаушылардың барлығының басын қосып, жинаймыз" дейді Орынбетова.

Baqylau.info сайтынан скриншот.
Baqylau.info сайтынан скриншот.

Сайлау кезінде азаматтық қоғамның жұмысын технология көмегімен ұйымдастыруды көздеп, осыған ұқсас жоба жасайтынын жариялаған басқа да адамдар бар.

Мәселен, жақында Аида Жексен есімді белсенді де осыған ұқсас жобаны бастайтынын мәлімдеген. Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында ол Беларусьтегі сайлау кезінде "бұрмалау мен шынайы нәтиже туралы ақпарат алуға мүмкіндік берген" "Голос" және "Зубр" платформаларын жасаған Павел Либермен келісімге келгенін жазды.

"Жұмысты бастап кеттік, бірақ адам жетпейді. ІТ мамандар, интернет агенттіктерінің иелері, сіздерге өзіңізді көрсетететін мүмкіндік туды демекпін. Сіздерге ақша ұсына алмаймын, бірақ бұл – пайдалы іс жасап көрудің зор мүмкіндігі" деп жазды ол.

Қазақстанда саяси партияға жетекшілік еткен белсенді Серікжан Мәмбеталин де Беларусьтегі сайлаушылар мен бақылаушыларға арналған "Зубр" платформасының кодын алып, соның негізіндегі Azamat.info деген қазақстандық жоба жасап жатқандарын жазды. Әзірге бұл сайттан Беларусьтің платформасы ашылып тұр. Онда "Сайлау картасы", "Оқиғалар", "Нәтиже туралы ақпарат" деген бөлімдер бар. Белсенділер осы платформа Қазақстанға бейімделеді деп отыр.

Халық арасында "Сайлауды бақылайтын сайт көбейсе, бақылаушылар күш біріктіре алмай, шашырап кетпей ме?" деген қауіп айтылған. Бірақ жоба авторлары бұл тұжырыммен келіспейді. Олардың пікірінше, мұндай бастамалардың көп болғаны жақсы, тәжірибе барысында ең өміршең деген жобалар іріктеліп шығады.

"ЖҰМЫЛА КІРІССЕ, ЖОБА СӘТТІ БОЛАДЫ"

Сарапшылар жоғарыда аталған идеяларды жүзеге асыруға болады, бірақ ол үшін көп күш-жігер қажет дейді.

"Ар.Рух.Хақ" қоғамдық қорының президенті Бақытжан Төреғожина "ең күрделісі – 10 мың сайлау учаскесінің (2019 жылғы президент сайлауында Қазақстанда 9970 сайлау учаскесі жұмыс істеген – ред.) барлығын, әсіресе мемлекеттік үгіт-насихат әбден сіңген шалғайдағы учаскелерді бақылау қиынға соғуы мүмкін, бірақ жұмыла кіріссе жоба сәтті болады" дейді.

Оған бір себеп – қоғамдағы әділетсіздікпен күрескісі келетін белсенді азаматтардың көбеюі болса, екіншісі – сайлау нәтижесін бұрмалауға қатысатындардың төзімі таусылған дейді Төреғожина.

– Сайлау комиссиясы бұрынғыдай "Нұр Отанның" ар жағында тұрған тас қамал емес. Барлығы наразы, барлығының шағымы бар. Олар да шаршаған, – дейді ол.

Кезектен тыс президент сайлауына дауыс беру аяқталған соң сайлау учаскесінде бюллетень санап жатқан сайлау комиссиясы мүшелері. Алматы облысы, 9 маусым 2019 жыл.
Кезектен тыс президент сайлауына дауыс беру аяқталған соң сайлау учаскесінде бюллетень санап жатқан сайлау комиссиясы мүшелері. Алматы облысы, 9 маусым 2019 жыл.

Төреғожинаның айтуынша, Қазақстан жағдайында сайлау процесін бақылайтын бірнеше сайттың ашылуы бақылау процесіне кедергі келтірмейді, керісінше билікке салмақ түсіріп, сайлау қорытындысын бұрмалауды қиындата түседі. Бұған қоса, бұл сайттар өзара іріктеліп, уақыт келгенде ресурс біріктіру қажеттігін түсінеді.

Сарапшының пікірінше, жобаны әзірлеп жатқан мамандар биліктің оларға қарсы түрлі әрекеттер жасайтынын ескергені жөн. Бақылаушылардың негізгі сайты бұғатталып қалған жағдайда, жұмыс тоқтамас үшін, қосымша сайт қатар әзірленуі керек дейді ол. "Әділ сайлау" жобасының жетекшесі Тоғжан Қожалиева мұндай қосымша сайттың да дайындалып жатқанын айтты.

IT маман, "Федя и Самат" компаниясының техникалық директоры Самат Ғалымовтың пікірінше, интернет-ресурсқа түсетін салмаққа төзу үшін жоба авторларына серверлерді жалға алуға тура келеді, бірақ оған сонша көп ақша кетпейді. Ал бұғаттаудан қашу үшін Ресей тәжірибесін қолдануға болады: онда оппозициялық саясаткер Алексей Навальный Google-дың Appstop платформасы арқылы бұғаттаудан қорғанады дейді сарапшы.

Шымкенттегі сайлау учаскесіндегі жәшікке топтап тасталған бюллетень. 9 маусым 2019 жыл.
Шымкенттегі сайлау учаскесіндегі жәшікке топтап тасталған бюллетень. 9 маусым 2019 жыл.

Қазақстандағы кибершабуылдарды тексеруді талдау орталығының (ЦАРКА) жетекшісі Олжас Сәтиевтің пікірінше, сайлау кезінде техникалық жағынан гөрі бақылаушыларға түсіндіру сияқты ұйымдастыру мәселелері көбірек туындауы мүмкін. "Ең басты мәселе – түскен ақпараттың растығын тексеру, себебі қазір суреттің өзін өзгерту қиын шаруа емес. Оның бәріне фактчекинг жасау керек болады" дейді Олжас Сәтиев.

Liberty қоғамдық қорының жетекшісі, азаматтық белсенді Ғалым Ағелеуов те идеяны жүзеге асыруға болады, тек ресми билік дерегімен салыстыру үшін неғұрлым көп хаттама жинау керек дейді.

– Билік әрбір сайлау учаскесі бойынша нәтиже жариялап жүрмейді, сол себепті қалалар мен облыстар бойынша деректі талдап, қорытындылау керек болады. Жалпы дерекпен салыстырып, қорытынды бұрмаланды ма, жоқ па, соны анықтау үшін мүмкіндігінше неғұрлым көп хаттама жинау керек, – дейді Ағелеуов.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG